Бейсенбі, 12 Маусым 2025 13:20

Созақ ауданында шегіртеге қарсы күрес жұмыстары аяқталуға жақын

Созақ ауданы аумағында жыл сайынғы дәстүрге сай жүргізілетін шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінгі күнге дейін Жартытөбе ауылдық округіне қарасты «Таскөмірсай» маңындағы егістік алқап пен Құмкент ауылдық округіне қарасты Сарысу ауданымен шекаралас аумақта залалсыздандыру шаралары жүргізілді.

Жалпы көлемі 5 200 гектар аумақ зерттеліп, оның 1 250 гектарынан италиялық саяқ шегіртке түрі анықталған. Анықталған аумақ толықтай залалсыздандырылып, қажетті санитарлық жұмыстар атқарылды.Аталған жұмыстарға 5 штангалы бүріккіш трактор, 4 пикап көлігі, 5 арқаға тағылатын бүріккіш құрылғы (ранцевый аппарат), 2 су тасушы техника (водовоз) және 25 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда өңделген аумақтарда тазалау және бақылау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, маусым айының 5-і күні Құмкент ауылдық округіне қарасты Ақжар жайылымдық қамысты алқабында шегірткенің азиялық түрі анықталды. Мамандардың айтуынша шегірткенің бұл түрі тек қамыспен қоректенеді. Дер кезінде жүргізілген шаралардың нәтижесінде «АН-2» ұшағы арқылы 900 гектар алқап залалсыздандырылды. Қазіргі таңда зиянкестер анықталған аймақтар болжам орталығы мамандарының тұрақты бақылауына алынған. Шегіртке ошақтарының таралуына жол бермеу бағытында тиісті шаралар жалғасуда.

Жалпы, Түркістан облысында биыл 372 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы өңдеу шаралары жоспарланған болатын. Оның 192 мың гектары республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылса, қалғаны жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылуда. Шегірткеге қарсы күрес мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті қадағалауында және өзінің төрағалығымен өтетін мәжілістерде жұмыс барысы пысықталып тұрады.

«Жұмысшы топтар, техникалар, зиянкестерге қарсы дәрілер толық дайын болуы тиіс. Кешігуге болмайды. Бұл жұмыстардың артында диқандарымыздың, жүздеген отбасының мәселесі тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен істеңіздер. Дәрілеу, өңдеу жұмыстары сапалы атқарылуы керек», – дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков зиянкестерге қарсы күрес өз уақытында жүргізіліп жатқанын айтады. 2024 жылдың 31 желтоқсанда облыс әкімінің өкімімен «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізу» штабы құрылып, күнделікті дайындық жұмыстары атқарылуда. Мамандардың болжауынша, ауа райының қолайлы болуына байланысты шегіртке дернәсілдері сәуір айының алғашқы онкүндігінде шығады деп күтілуде.

Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жер алқаптарының 15 мың гектардан бөлінген картасы әзірленіп, жалпы 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшылары жауапты болып бекітілді. Өңдеу шараларына әр жұмысшы топқа 5 техникадан, жалпы 325 бүрку техникасын қатыстыру жоспарланған. 2000-нан аса адам жұмылдырылған. Мәселе облыс әкімдігінің қатаң бақылауына алынған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 29 рет