Түркістан: Полицейлер «Заңсыз келуші» шарасы аясында 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады

ҚР ІІМ-нің тапсырмасы, Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің нұсқауына сәйкес облыс аумағында республикалық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған шара 10-17 қазан аралығында ұйымдастырылуда.

Профилактикалық шараның екі тәулігінде облыс полицейлері 205 құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 10 шетелдік сот шешімдерімен ел аумағынан аластатылды. 39 шетелдік жеке басын анықтау үшін қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды.

Ал шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 50 жергілікті тұрғын мен шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 7 Қазақстан Республикасының азаматына заң аясында шара көрілді. Осы ретте Түркістан облысының полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен жұмыс берушілерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескертулер жасауда.

Жалпы іс-шара өткізудің басты мақсаты-облыс аумағында шетелдіктермен немесе оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтарды алдын-алу және болдырмау, заңсыз жүрген шетелдіктерді елден шығару болып табылады.

Осыған орай, Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсаттары жоқ, сондай-ақ жұмысшы ретінде келіп, алайда заңдастырылмаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жергілікті көші-қон қызметі бөліністеріне барып, заңдастыру қажет екенін хабарлаймыз.

Мақтаарал: Велосипед ұрлаған күдікті анықталды

Мақтаарал полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, құрылысқа қажетті заттар сататын дүкеннің алдында құлыптаулы тұрған 70 мың теңгелік велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Мақтааралдық тәртіп сақшалары хабарлама келіп түскен бойда жедел іске кірісті. Ұрлықты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, күдікті анықталды. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті ішімдік алу үшін жеңіл жолмен ақша табуды көздеген. Велосипед айғақты зат ретінде алынып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері өздеріңіздің жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді.

 

 

 

ТҮРКІСТАН: ЖАСӨСПІРІМДЕР АТА-АНАНЫҢ ҚАРАУЫНСЫЗ ҚАЛМАҒАНЫ АБЗАЛ

Бүгінде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көңіл көтеретін орындарда сайран салып жүретіндері жасырын емес.

Осыны негізге алған Түркістан қалалық “Жастар ресурстық орталығы” мен Түркістан қалалық полиция басқармасымен бірлесе отырып түнгі рейд өткізді.

Дәстүрге айналдырған кезекті шара барысында ойын-сауық орталықтарында кәмелетке толмаған балалардың болмауын тағы бір тексеріп шықты.

Интернет клубтары түнгі мезгілде жасы 18-ге толмаған жасөспірімді кіргізбеуі керек. Ал, кафелерде жасөспірімдер ата-ананың қарауынсыз болмағаны абзал. Осы мәселелер кәсіпкерлік нысандарының иелеріне де ескертілді.

Ал, түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз жүрген жасөспірімдер анықталса, олардың ата-анасына айыппұл салынады.

Мұндай рейдтік шаралар Түркістанда тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

 

Түркістан: "Заңсыз - келуші Кордон " жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Түркістан облысы аумағында заңсыз көші-қонның алдын алу, шетелтіктер арасында құқықтық тәртіпті сақтау, сондай ақ Республиканың көші - қон заңнамасынан туындайтын басқа да міндеттерді қамтамасыз ету мақсатында қазан айының 10 - 17 күндері аралығында Түркістан облысы көлемінде "Заңсыз - келуші Кордон " жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс - шара барысында көші - қон заңнамасын бұзғаны үшін 7 шетелдік азаматтар анықталып, оларға қатысты заң аясында шара қолданылды!

Мақтаарал: Борышкер айыппұл өтеуді кейінге қалдырма!

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ТО ПД-ның нұсқауына сәйкес, бұрын анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша аудандық соттың және полиция бөлімінің қаулыларымен салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмысы деңгейін жақсарту мақсатында ағымдағы жылдың қазан айының 10 мен 19 аралығында "Борышкер" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс шара барысында Мақтаарал АПБ әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметі бөлімшелерімен аудан аумағында күнделікті рейдттік тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Белгіленген іс-шараларды жүзеге асыру бойынша аудандық полиция бөлімінде арнайы штаб құрылып, нақты атқарылатын жұмыстың жоспары әзірленіп, бұл тұрғыда қойылған тапсырмаларды барынша орындауға полиция бөлімінің жеке құрамы қызметкерлері жұмылдырылды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811 бабы 1-2 бөліктеріне сәйкес, анықталған құқық бұзушылық жасалған күннен бастап 7 (жеті) тәулік ішінде төленсе, өзіне салынған айыппұл мөлшерінің елу пайызы мөлшеріндегі айыппұлды төлейтіндігі көзделген.

Құрметті аудан тұрғындары сіздерден заңда көрсетілген жеңілдіктерді пайдалана отырып айыппұлдарыңызды уақытылы төлеулеріңізді сұраймыз. Салынған әкімшілік айыппұлды уақтылы төлемеген жағдайда, жоғарыда көрсеткендей борышкер тұлғаға қатысты арналған іс мәжбүрлі түрде өндіріп орындау мақсатында аймақтық жеке сот орындаушыларына жіберілетінін ескертеміз!

 

Сарыағаш: Қызметтік иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек Жолы» шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Пайк» атты қызметтік ит Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жолаушыға белгі береді.

Күдік тудырған азаматты тоқтатып, тексеру кезінде оның күртешесінің оң жақ қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «марихуана» есірткісі екені расталды.

Сондай-ақ ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңмен тыйым салынған есірткіге қатысты қатаң жаза көзделгенін ескертеді.

Түркістан облысында жыл басынан бері жол қауіпсіздігін сақтамаудың 440 мыңға жуық құқық бұзушылығы анықталды

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол-көлік оқиғаларын азайту үшін Түркістан облысының полицейлері жылдың қай мезгілінде болмасын қызмет атқаруда. Осынау тәуілк бойы атқарылған жұмыс нәтижесінде, жыл басынан бері 439 524 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған.

Оның ішінде көлік құралын мас халде басқарудың 760 жайты, ал жылдамдықты шамадан тыс асырудың 211 мыңнан астам дерегі тіркелген. Ал жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша 32 134 жайты анықталды.

Сондай-ақ талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғалары үй жануарларының қатысуымен де орын алуда. Себебі, мал жолға шығып, жүргізушілерге кедергі келтіреді, салдарын оқыс оқиға орын алады.

Мәселен, Түркістан облысында жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 16 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 24 адам жарақат алған. Бүгінгі таңда малдың қатысуымен болатын жол апатының алдын алу мақсатында, облыс бойынша жедел шаралар атқарылуда.

Сонымен қатар жол апаттарының алдын алу мақсатында құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын бейнебақылау камераларының саны артуда.

Ал «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасы бойынша айыптұраққа 1132 автокөлік қойылған. Жалған мемлекеттік тіркеу белгісін таққан 21 автокөлік, басқаруға құқығы жоқ 104 жайт анықталды.

Осы ретте көліктің қауіпсіздік белдігін тақпайтын, техникалық байқаудан өткізуге мән бермейтін жүргізушілер де көп екені даусыз. Сондықтан жол қозғалысы ережесін қатаң сақтаңыздар, мұның соңы қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін.

 

 

Қазығұрт: Көші қондық полицейлер 92 жастағы әжейге жаңа төлқұжат табыс етті

Қазығұрттық полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға, соның ішінде қарттарға, ҰОС ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға құжатын жасап беруге, ары-бері сандалтпауға үнемі көмек көрсетіп отырады.

Осы мақсатта полицейлерден құрылған мобильдік топ халық арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жеке куәлігінің мерзімі өткен, 1 ғасырға жуық өмір сүріп жатқан әжені анықтады.

Содан кейін ақ жаулықты ананы шаршатпастан қажетті құжаттарын жинақтап, үйіне барып, фото-бейнеге түсірді. Осылайша Қазығұрт ауданының тұрғыны Айымхан Түлтебаеваға жеке куәлігін қайта жасап беруге көмек беріліп, дайын құжаты табысталды. Қазіргі таңда 92-ге келген әжеміз 7 ұл 2 қыз өсіріп, одан 60 немере сүйіп, 43 шөбере, 4 шөпшек өсіріп отыр.

92 жастан асқан кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды. Ал ұлы, анасының құжатын жасап берген полицейлерге: «Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Әсіресе, Қазығұрт ауданы полиция бөлімінің көші қон қызметінің полицейлеріне рақмет айтамын! Үйімізге келіп, анамыз жеке куәлік алу үшін құжаттарды рәсімдеп, қысқа мерзім ішінде табыстағаны үшін!»-деп шынайы ризашылығын білдірді.