Жетісай: Тәртіп сақшылары күзгі терім кезінде қауіпсіздік қызметін күшейтуде

Малға жайлы, егінге қолайлы Түркістан өңірінде күзгі терім басталды. Осыған орай Жетісай ауданының полицейлері күзгі егінді жинап-теру кезеңінде, үлкен көлемдегі жүк көліктері, комбайн, түрлі тракторлармен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында, жол бойындағы тексерісті күшейтті. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырылды.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді: Құрметті жүргізушілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушылары жол жүру ережелерін қатаң сақтаңыздар, жолдарда абай болыңыздар

Ордабасы: Полицейлер жол бойын қараусыз жайылып жүрген малдардан тазартуда

Өткен сенбі-жексенбі күндері Ордабасы ауданында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шара кезінде түрлі құқық бұзушылық жасаған 60 тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар полицейлер жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында, Қараспан ауылы Темірлан-Арыс тас жолының бойында қараусыз жүрген малдарды (жақын жерде нақты мал қамайтын орын қарастырылмағандықтан) жылқыға мініп, жолдың жағасынан тоғайға қарай айдап шықты.

Сонымен қатар малдарын қараусыз, бос жібермеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 2 құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» әкімшілік хаттама толтырылды.

Түркістан: Сервистік полиция моделін енгізу бойынша құрылған топ қылмыстарды саралауда

Түркістан облысының полицейлері Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұстаздары мен студенттерін қатыстыра отырып, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша жиналыс өткізді. Мұнда пилоттық режимге енгізілген Түркістан қаласында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар айтылды. Кездесуде модератор ретінде Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыс әкімдігі жанында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов жүргізді.

Келелі кездесуде Түркістан қалалық Полиция басқармасының бірінші орынбасары полиция полковнигі Шералы Абдраманов, Түркістан облыстық Полиция департаментінің инспекторы полиция капитаны Көкаршын Қанат, Түркістан қалалық пробация бөлімінің инспектор-психологы әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай баяндама жасады. Полицейлердің баяндамасында көрсетлігендей, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша құрылған топ, қылмысты болдырмау және қылмыстың алдын-алу мақсатында, 2019-2021 жылдар аралығында тіркелген қылмыс түрлері бойынша талдау жүргізген. Яғни, топ мүшелерімен қылмысты талдау барысында, Түркістан қаласында соңғы 3 жылда «Ұрлық» қылмысы төмендеп, керісінше «Алаяқтық» қылмысы өскен.

Осы себепті жастарға алаяқтарға алданбау керектігі ескертіліп, тура жолмен жүруге кеңес берілді. Полицияны қорғаным деп біліп, кез келген мәселеде көмек сұрауға болатындығы айтылды. Сондай-ақ студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ашық әңгіме өрбіді.Жиын соңында "Біздің қазіргі басты мақсат - қаланың деңгейін көтеру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барынша ыңғайлы жағдай жасау және әлемге таныту",- деп қорытындылады ұйымдастырушылар.

Түркістан: Мемлекеттік қызметкерлердің басты қағидасы – халыққа адал қызмет ету

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Жүнісов Ержан Түркістан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында түсіндіру шараларын жүргізді.

 Көлеңкелі қылмысқа жол бермеуді көздейтін шарада Ержан Әліұлы парақорлық - ел әлеуетінің дамуына кері әсер ететін қауіпті індет екенін жеткізіп, мемлекеттік қызметшілерді бармақ басты әрекеттерден алшақ болуға және кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілеріне жол бермеуге шақырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жолдауы мен заңнамалық жаңалықтарды жан-жақты талқылап, сыбайлас жемқорлық фактілеріне ұшырасқан жағдайда 1424 сенім телефонына қоңырау шалу қажеттігін ескертті.

Шара соңында заңбұзушылықтар аясында әзірленген бейнероликтер көрсетіліп, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берілді.

Кентау: Алаяқтық жасаған әйел ұсталды

Түркістандық полицейлер алаяқтық қылмысының 3 жайтына қатысы бар әйелді анықтады.

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны таныс емес әйел алдап кеткен. Яғни алаяқ мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз 5 миллион ақшаны шығарып беретінін айтып сендірген.

Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 100 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 2 жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы әр сылтауды бір айтып уақытты создырып келген. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні анықтау үшін тәжірибелі кентаулық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті әйел анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 2 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,6 миллион теңге. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері кез-келген адамға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Ең бастысы күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болыңыз.

Түркістан полицейлері жоғалған жасөспірімді Алматыдан тапты

Жетісай полиция бөліміне түнгі сағат 03:00 шамасында Жылысу ауылының тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Айтуынша 13 жасар баласы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Анасы баласын іздеп жүргеніне 2 тәулік болған. Нәтиже шықпаған соң, полицейлердің көмегіне жүгінген.

Жетісайлық полицейлер хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Жоғалған баланы табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Аудан көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер тәулік ішінде баланы Алматы қаласындағы туысқанының үйінен тапты. Белгілі болғандай жоғалған бала отбасындағы дау-дамайға байланысты үйінен кетіп қалған.

Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана, баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

«Менің балам түскі уақытта белгісіз бағытқа шығып қайта оралмады. Өзім іздеп таба алмаған соң полицейлерден көмек сұрадым. Ал Жетісай ауданынынң полицейлері баламды дер кезінде тауып берді. Полиция қызметкерлеріне үлкен рақметімді айтамын»!

Сайрам: Полицейлер шөп артқан жүк көлігін өртеп жіберген күдіктіні ұстады

Кешке сағат 21:50 шамасында Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне ауыл көшелерінің бірінде шөп артып алған "ГАЗ 53" маркалы жүк көлігі жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден шықты.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, белгісіз біреу Бәйдібек ауданының тұрғынына тиесілі 280 пресі бар жүк көлігін өртеп жіберген. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 6 миллион теңгеге жуық.

Оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды, куәлардан жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер, жүк көлігіне келіп, ондағы шөпті өртеп жіберген күдікті адамның бейнесін тапты. Ол от қойғаннан кейін орындыққа отырып, өртті бақылаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Сайрам ауданының тұрғынын анықтады. Белгілі болғандай, ер адам мас күйінде белгісіз себептермен жәбірленушінің көлігін өртеп жіберген.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 202-бабы "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Мақтааралда 10 тракторға хаттама толтырылып, 2 көлік айыптұраққа қойылды

Мақтаарал АПБ Жергілікті полиция қызметінің полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында, әсіресе мақта терім науқаны алдында рейдтік-профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Мақта теретін комбайн, терілген мақтаны тасымалдайтын трактор және тіркемелеріндегі жарыққа шағылыс беретін арнайы белгілері бар-жоқтығын анықтау, сонымен қатар тіркемелерге терімшілерді отырғызбау жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталмыш рейдтік іс-шара кезінде, жалпы 51 комбайн, трактор және оның тіркемелері тексерілді. Құқық бұзушылық анықталған 10 трактор жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің түрлі баптарымен хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 2 трактор айыптұраққа қойылды.

Ақпарат ретінде айта кетсек, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері атқарған жедел шараларының нәтижесінде, 2022 жылдың 9 айында жол көлік оқиғасы 5,6% пайызға, ал қаза болғандар саны 22,2% пайызға төмендеген.

Тәртіп сақшыларының саралауы бойынша жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі, жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауының салдарынан болады. Мысалы автокөліктің жылдамдығын шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, елді мекендерде орнатылған жол белгілеріне назар аудармау, жаяу жүргіншілер өткелдерінде ережені сақтамау, автокөліктерін мас халде басқару, кешкі жарық шамдарын жақпау, бұрылыстар мен өткелдерде, жол ойықтарына назар аудармау, автокөліктердің техникалық ақауларына қарамау т.б.

Сондықтан құрметті Мақтаарал ауданының тұрғындары, шаруалар және жүргізушілер!

Сіздерден көлік басқару барысында жол ережелерін қатаң сақтап, жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймыз!