ТҮРКІСТАНДА ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Өңірде өмірлік қиын жағдайдан шығу бойынша көмек көрсету үшін қолайсыз отбасылардан шыққан кәмелетке толмағандар медициналық-әлеуметтік есепке алынады. Облыстағы қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға құқықтық-психологиялық көмек көрсететін орталық қызметін бастады. Онда психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі.

Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында балалардың панасыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу мен әйелдердің денсаулығын қорғау туралы мәселелер қозғалды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар туралы да айтылды.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, қылмыстың алдын алу мақсатында полиция тарапынан көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Тіркелген қылмыстарды сараптаған мамандар отбасындағы жанжалдың орын алуына көп жағдайда ішімдік себеп екенін айтады. Сотқа жолданған іс құжаттардың 64% екі жақтың татуласуына байланысты қысқартылған.

Облыс бойынша босану жасындағы әйелдер саны 444 мыңнан асады. Оның ішінде жүкті әйелдер саны – 32 303. Жыл басынан бері 37 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Әйел денсаулығын жақсартуға бағытталған барлық жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, ұрпақты болуға қабілетсіз деп танылған пациенттерге экстракорпоралдық ұрықтандыру әдістері ұсынылады. Биыл 670 квота бөлініп, 520 жұп арнайы медициналық орталықтарға жолданды.

Ана өлім-жітімін төмендету бойынша шаралар кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жарақтандыру, екпе егу, контрацепциялау, жүктілікке алдын-ала дайындау, цифрландыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтитын жоспарлар шеңберінде іске асырылуда.

САЙРАМ: «УЧАСКЕ» ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Сайрам ауданы аумағында 2022 жылдың 1 қазаны мен 1 қарашасы аралығында республикалық «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру жарияланғаннан кейін елге кіретін Ресей азаматтарының саны күрт өсуіне байланысты елдің жедел жағдайына, қылмыстық, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтардың өсуіне әсер етуінің алдын алу бойынша шараларды күшейту, заңсыз көші-қонның жолын кесу, сонымен қатар шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу тәртібінің қағидаларын бұзушылықтарды анықтау, азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату және аумақта қоғамдық-саяси жағдайды қадағалау мақсатында өткізіліп отырған «Учаске» ЖПІШ барысында жалға берілетін пәтерлер, азаматтық қару иелері, ІІО-да есепте тұратын тұлғалар, базарлар мен өзге сауда жасау орындары, жастар және кәмелетке толмағандар көп шоғырланатын жерлер, саяжай алқаптары, жертөлелер, мал қоралар, қасапханалар мен өзге де орындар тексеріледі.

Іс-шараның алғашқы 10 күнінде барлығы 770 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалға берілетін 12 пәтер, 18768 тұрғын массивтері, 51 шаруа қожалықтары, 45 сауда орындары мен базарлар, сонымен қатар ІІО-да есепте тұратын 128 тұлға мен 584 қару иелері тексерілді.

Аталған іс шара барысында Сайрам АПБ қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шара жалғасуда.

САЙРАМДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА ЖӘНЕ ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТАН ШЫҒАРЫЛҒАНЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ ІС-ШАРА ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына және әскери борышын өтеген азаматтардың Таулы Қарабақтан шығарылғанына 30 жыл толуына орай, аудан орталығында іс-шара өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты - ардагерлерге құрмет көрсету, ерлік жасаған ардагерлерді еске алу және жастарды отан қорғауға шақыру.

Республикалық Қарабақ этносаралық ұрыс қимылдарының төрағасы, облыстық төрағалар, «Түркістан облысы Таулы Қарабақ этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркістан облысы Таулы Қарабақ этномәдени бірлестігінің төрайымы, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшылары мен өкілдері, аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев, аудан прокуроры Даулет Тлемисов, "AMANAT" партиясы Сайрам ауданы филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Абдикадиров, Таулы Карабах этносаралық қақтығына ауданнан қатысқан жауынгер ардагерлер қатысты.

Ақсукент ауылындағы Орталық саябақта батырларға тағзым етіп, 1 минуттық үнсіздік жариялап, рухтарына арналған құран бағышталды. Екінші дүниежүзілік соғысында мерт болған сарбаздардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.

Мұнан кейін аталған іс-шара Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде жалғасты.

Іс-шараға келген қонақтар мен ардагерлер Таулы Карабах этносаралық қақтығысында әскери борыштарын өтеген жауынгерлердің ерліктері аталып, Әзербайжан елінің Шуша қаласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер Ж.Төлегенов және Е.Барынбетовтерді құрметпен еске алып, үнсіздік жарияланды.

Облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілдерінің ұйымдастыруымен Карабақтағы бейбіт халықтың өмірі мен этноаралас қақтығыстың басталуы туралы көрініс сахналанып, «Гарабах» би ансамблінің «Гарабах» биі орындалды.

Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, «Таулы Карабах ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Базарбаев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Ж.Урманов құттықтап, ардагерлерді алғыс хаттармен марапаттады.

Облыстық Таулы Карабах этносаралық ұрыс қимылдары қорының төрағасы М.Дәрібаев, аудан прокуроры және Таулы Қарабақ этносаралық қақтығысының ұрыс қимылдарының Сайрам ауданы бойынша төрағасы Бахтияр Батаев ардагерлердің ерліктері жастарға үлгі екенін айтып, ізгі тілектерін жеткізді. Өз кезегінде Түркістан облысының «Гарабах» әзербайжан ұлттық этномәдени бірлестігінің төрайымы Рамиля Мустафаева Әзербайжан елінен арнайы жолданған алғыс хатты Б.Батаевқа тапсырды.

Шара Жеңіс күні және сарбаздардың құрметіне арналған концерттік бағдарламада ұласты. Ән аясында таулы Карабахтағы қақтығыс туралы бейнероликтер көрермендерге ұсынылды.

 

Сайрам ауданы аумағында «Қарасора-2022» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде

Сайрам ауданы аумағында үстіміздегі жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында «Қарасора-2022» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Шараның мақсаты – есірткі құралдарының, психотроптық заттардың заңсыз айналымы фактілерін анықтау, жолын кесу, есірткі притондарын жоюға бағытталған жұмыстар жүргізу, жастардың жаппай демалу орындарында есірткі құралдарын таратуды болдырмау, көпшілік орындарда рұқсатсыз фармацевтикалық жұмыспен айналысатын жеке тұлғаларды анықтау.

Құрамында есірткі заттары бар және тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік, есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заңсыз егістер мен өсетін жерлер, құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктер анықталған жағдайда, құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.

Қазығұрт: «Жүргізуші куәлігін жасап беремін» деген алаяқ анықталды

Қазығұрт полициясына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде хабарлап, шағым түсірді. Әйелдің айтуынша, оған танысы жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендірген. Осыдан соң ол танысына 100 000 теңге берген. Алайда 2 ай ішінде бітеді деген жалған уәде 1 жылға созылады. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар жұмыссыз жергілікті тұрғын, ер адам анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, күдікті азамат жәбірленуші әйелдің ақшасын алып, бас пайдасына жаратып жіберген.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді, кез келген адамның күмәнді ұсынысын қабыл алмаңыздар.

ОТЫРАР: Учаскелік полиция инспекторы тұрғынның жоғалған сиырларын тауып беріп алғыс арқалады

Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, ауыл маңындағы мал жайылымнан 3 бас сиыры түнгі уақытта белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін жеткізген. Жоғалған сиырларын табу үшін мал иесі, полицейлерден көмек сұрады.

Аталған ақпаратты алысымен отырарлық тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Осы аймақты жетік білетін полицейлер, айналаны толық шолып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде, жоғалған сиырлар 25 шақырым жердегі егістік алқаптан табылды.

Осы орайда малдарының аман-есен табылғанына қуанған мал егесі полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді: «Мен Құрбанова Сәрсенкүл Шәмші Қалдаяқов ауылының тұрғынымын. Осыдан екі апта бұрын 3 бас сиырымнан айырылып учаскелік испектор Жасұлан Пірімжанов сол жоғалған сиырларымды тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!».

Сарыағаш: Шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік қамауға алынды

Cарыағаш аудандық полиция бөліміне шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Кольт» атты қызметтік ит Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жолаушыға белгі береді.

Полицейлер күмән тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Осы сәтте күдікті азаматтың күртешесінің оң жақ қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «марихуана» есірткісі екені расталды.

Ұсталған орта жастағы азаматтың Тәжікстан елінің тұрғыны екені анықталды. Күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан: Полицейлер жоғалған 330 бас малды иелеріне тауып берген

Түркістан облысында жыл басынан бері 204 дерек мал ұрлығы тіркелсе, оның 67-сі қорадан ұрланып, 137-сі жайылымнан кеткен. Сонымен қатар түркістандық тәртіп сақшыларының жедел шараларының нәтижесінде, жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 14 қылмыстық топ құрықталды. Олардың 76 дерекке қатыстылығы анықталды. Жалпы облыс бойынша ағымдағы жылы 868 төрт түлік ұрланса, оның ішінде 330-ы табылып, өз иелеріне қайтарылған.

Жоғарыдағы статистикалық мәліметтен көріп отырғандарыңыздай, мал ұрлығының басым көпшілігі тұрғындардың салғырттығынан орын алады. Яғни жайылымдарға қараусыз жіберілген үй жануарлары ұрылардың оңай олжасына айналады. Сондай-ақ құжатсыз мал тасымалдайтын көліктер де мал ұрлығы қылмысының орын алуына себепкер болып жатады.

Осыған байланысты облыс полицейлері қылмыстардың алдын алу үшін рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізіп, тіпті мал тасымалдайтын жүк көліктері мен автокөліктерді, мал сойып ет өңдейтін орындарды да тексеруді назардан тыс қалдырған емес.