Жетісайлық алаяқ әйел құрықталды

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, өзінің танысы «Кәсіпкерлікті қолдау қорынан қайтарымсыз 1 000 000 теңге алып беремін» - деп, сеніміне кіріп, 200 000 теңге ақшасын алған. Алайда берген уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай 1 жыл бойы созбалыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жан-жақты іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдіктінің жүрген жері анықталып, Жетісай аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Күдікті әйел жәбірленушіден алған ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Күдіктінің бұдан басқа қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуда немесе жұмысқа орналасуда күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ осындай алаяқтық қылмысына куә болсаңыз, дереу полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Сейфудин -- Жылдың үздік полицейі

Сейфудин Әмірбайұлы Айтбаев дүниеге келген жыл Қазақстан полициясының құрылуымен тұспа-тұс келген болатын. Жастайынан өзін полиция формасында елестететін бала Сейфудин Келес ауданындағы мектептің 9 жылдығын аяқтап, Шымкент қаласында Манап Өтебаев атындағы колледжге құқықтану мамандығы бойынша оқуға түседі. Және мұнымен тоқтап қалмай, колледжді бітірген бойда Шымкент университетіне барып, құқықтану саласын тереңірек зерттеп оқиды. Алайда алға қойған мақсаты бірден орындала қоймады. Өз дегеніме қалай да болса жетпей қоймаймын деген талапшыл жігіт Түркістан облыс орталығына айналған жылы құқық қорғау саласындағы алғашқы еңбек жолын бастады. Ол Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығында 1 жылдан астам нәтижелі жұмыс атқарды. Содан соң Келес ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі патрульді полиция тобының инспекторы болып, яғни өзінің туған жеріне қызметке орналасты.

– Әрбір полиция қызметкерінің өз қызметіне сай мойнына жүктелген міндеті бар. Сол секілді азаматтардың жол ережесін сақтап жүруін бақылауда ұстау менің жұмысым. Бұл біріншіден тұрғындардың өз өмірлерінің қауіпсіздігі, екіншіден маған берілген қатаң тапсырма. Қазіргі таңда жол бойында орын алатын апатты оқиғалардың алдын алу бойынша нақты жоспарлармен іске кірісудеміз. Тіпті ереже бұзған азаматтарға жауапкершілік пен жаза күшейгені белгілі. Әрине мұндай жасалып жатқан әрекеттер әрбір адамның өміріне алаңдаушылықтан жасалып жатыр.

Өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға дағдыланған құқықтық сауаты өте жоғары лейтенант үнемі белсенділік танытып жүреді. Және осы еңбегі еленіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы «Жылдың үздік полициясы» номинациясының иегері атанған болатын. Бұдан бөлек облыс, аудан атынан алған марапаттары жетерлік. Қазіргі таңда 1 қыз бен 1 ұлдың әкесі атанып отырған Қазақстан полициясының құрдасы орда бұзар отызға аяқ басты. Ендеше жол жүрісінің тұрақтылығы, сақшының қырағылығы болған соң лейтенанттың қызметтегі дәрежесі биіктей берсін демекпіз. Осыдан 4 жыл бұрын жаңа облыстың жап-жаңа полицейі атанған Сейфудиннің Түркістанмен бірге түлеп, халықтың алғысына бөленіп, Республика мен облыстың «жылдың үздік полициясы» номинацияларын жеңіп алуына тілектеспіз!

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Келестік азамат ғашығының сиырын сатыпты...

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адам өз арызында жақын танысының жеке мүлкін иемденіп алғанын көрсеткен. Яғни жәбірленуші жайылымда мал бағатын танысына 1 бас сиырын сеніп тапсырған. Алайда бақташы азамат өзіне сеніп тапсырылған өзгенің малын сатып жіберген. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы 1-бөлігі «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды. 

Полиция қызметкерлері орын алған қылмысты ашу мақсатында жедел іздестіру шарасын ұйымдастырды. Осы қылмыстық іс бойынша жергілікті тұрғын анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Анықталғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің жасырын ғашығы болып шықты. Оған жәбірленуші сиырын сеніп тапсырған. Алайда күдікті сеніп тапсырылған мүлікті сатып, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Күдіктіге қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін аудандық сотқа жолданды.

Нәтижесінде, Келес аудандық сотының үкімімен ұсталған ер азамат ҚР ҚК-нің 189-бабы 1-бөлігі «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Арыста полиция қызметкерлері қайырымдылық жасады

Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, халық арасында ашықтықты қамтамасыз ету, полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және балаларға қамқорлық жасау сынды адами қасиеттерді бірінші орынға қойған. Ал жеке құрам бас полицейдің тапсырмасын орындап, бастамаларына қолдау білдіруде. Осы ретте Түркістан облысы ПД ЖПҚБ Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Балаларды қорғау күні» қарсаңында Арыс қаласында орналасқан Адами әлеуетті дамыту басқармасының "Т. Тәжібаев атындағы Отбасы үлгісіндегі Балалар ауылына" арнайы барды. Негізінде полицейлер әрбір мерекеде осы мекемедегі жас достарын ұмытпай, жағдайларын сұрап келіп тұрады. Тәртіп сақшылары бұл жолы да әдеттегідей тұрмыста бірінші кезекте қажетті азық-түлік апарып, қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Полицейлер уақытпен санаспайтын жұмыстары болса да, балаларға кереметтей көңіл-күй сыйлауға асықты. Өз кезегінде ел қорғандарынан жылулық сезінген аталмыш ұйымның білім алушылары, мұғалімдері Түркістан облысы ПД қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдірді. Тәрбиеленуші ұл-қыздар қонақтарға өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, би биледі. Осылайша Түркістан облысы Полиция департаменті ЖПҚ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қайырымдылық жасап, игі іс арқылы балаларды қуантып қайтты.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Мақтаарал: Үйге ұрлыққа түскен...

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйел адамның айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, алтын алқасын, болгарка, еттартқыш, массаждық матрасын жасырын түрде ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі 850 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. 

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілердің мекенжайы анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Полицейлер күдіктінің бірін құрықтап, полиция бөліміне жеткізді. 

Анықталғандай күдікті екеу түнгі 01:30 шамасында, ешкім тұрмайтын үйге ұрлыққа түскен. Жас жігіттер терезені күшпен ашу арқылы ішке кіріп, алтын бұйымдар мен тұрмысқа қажетті заттарды ұрлаған. Оңай жолмен келген заттарды сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға тұрғын үйлеріңізге, дүкендеріңізге, ғимараттарға бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Сарыағаштық "алаяқ" 5 000 000-ға жуық ақша алған...

Сарығаш аудандық полиция бөліміне жергілікті екі бірдей әйел адам арызданды. Олардың айтуынша, сырттай танысы «Даму бағдарламасы бойынша қайтарымсыз ақша алып беремін» - деп, сенімдеріне кіріп, біреуінен 2 600 000 теңге, екіншісінен 2 200 000 теңге ақша алған. Алайда, жарты жылдан астам уақыт өтсе де, күдікті берген уәдесін орындамаған. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 4 800 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. 

Тәртіп сақшыларының жедел іс-шаралар жүргізуі барысында, күдікті әйелдің жеке-басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті жеңіл жолмен ақша табу мақсатында осындай қадамға барған. Ол жәбірленушілерден алған қаражатты жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуда немесе жұмысқа орналасуда күмәнді қызметтер ұсынатын адамдарға сенбеуге кеңес береді.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Сарыағаш: Ауласында көкнәр еккен...

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ірі көлемдегі есірткі егістігін жойды.

Бұл дегеніміз республика көлемінде өткізіліп жатқан «Есірткісіз болашақ» атты 1 айға жоспарланған іс-шарада атқарылған ең нәтижелі, ауыз толтырып айтарлық іс болды. Полиция полковнигі Қ.Сахов: «Бізге ПД-нің полицейлеріне Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Есірткіге қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрдық. Бірден Сарыағаш ауданына іссапармен шығып, жан-жақты тексеру жүргіздік. Осылайша жинақталған ақпарат көздеріне сүйене отырып, күдіктіні анықтадық. Оның үйіне тінту жұмыстарын жүргіздік. Осылайша егде жастағы ер адамның үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктерді таптық. Айғақты зат ретінде күдіктіден 2720 түп өсімдікті тәркілеп, оларды сараптамаға жібердік. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты. Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабымен "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" СДТБТ-ға тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда», -деді.

Айта кетейік, осы жылдың 1 маусымы мен 30 қазан аралығында есірткі қылмыстарын болдырмау және алдын алу мақсатында «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескерте отырып, есірткінің адам өмірі үшін аса қауіпті болғандықтан оған еліктемеуге және мүлде тұтынбауға, есірткінің зияндылығы туралы жиі айтып, насихаттауға және жаман әдеттерден сақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Отырарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері Отырар аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында жеке құрам қызметкерлеріне жемқорлықтың алдын алу мақсатында жиын өткізді. Шараға полковник Ержан Жүнісов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, полиция полковнигі Ерлан Шамшат, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ержан Оралбай мен жеке құрам қатысты. 

Жиында облыс көлемінде орын алған қылмыстар сараланып, баяндама жасалды. Баяндамада сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен анықтау шаралары да кеңінен талқыланды. Осыдан кейін арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ заңсыз сыйақы әрекеттеріне қомақты айыппұл салынатындығы да ескертіліп, барша қызметкерлерді жемқорлыққа жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» жолдауына қолдау білдіріліп, сұрақ-жауаптар айтылды. Кездесуге қатысушылар өзара тақырыпқа қатысты талқылау жасап, мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығына уағдаласты.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат