Жақсылық жасауға жаны құмар арыстық - Жақсылық

Жалпы қоғамда болып жатқан құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жөнінде бірінші хабардар болып отыратын кезекші бөлімнің қызметкерлері. 102 арнасына келіп түскен әрбір  ақпарат бойынша өздерінің міндетін мүлтіксіз атқарып отыратын  тәжірибелі полицейлердің жұмысы қашанда қарбаласқа толы. Жақсылық Таттыбеков  бұл қызметтің қыр-сырын меңгерген білікті маман. Полиция старшинасы Арыс аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінде 3 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Өзі Арыс ауданының тумасы. Осыдан 8 жыл бұрын Ішкі істер саласындағы қызметін патрульді полицей лауазымынан бастаған Жақсылық, қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау саласында беделі артып, дәрежесі биіктей берді. Тіпті осынау еңбектері еленіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері атанған.

- « Біздің жұмыс бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Алайда қандай жағдай болмасын азаматтармен ең бірінші байланысқа біз шығамыз. Ол келіп түскен қоңырауларға жауап беріп қана қоймай, әрбір хабарламаға сәйкес, яғни отбасылық ұрыс-керіс болып жатса учаскелік инспекторларына, жол апаты болған жағдайда патрульді полицейлерге хабарлап, тиісті шара ұйымдастырып, нақты оқиға орын алған жерге жөнелтеміз. Бұл кезекші бөлімнің арнасына күндіз-түні тыным болмайды. Ал телефон әлсін-әлсін шырылдаған сайын, біздің де жанымыз жай таппайды. Себебі біздің жедел әрекетіміз қылмыстың ізін суытпай ашуда немесе көмекке мұқтаж азаматтардың өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады»,-дейді полиция старшинасы.

Бүгінде  2 қыз бен 1 ұлдың әкесі, жанұясының қорғаны болып жүрген Жақсылық өмірде де, қызметте де атына сай  тек жақсы жағынан көзге көрініп келеді. Оның Алматыда оқып, алғаш бітірген мамандығы теміржолшы болғанымен әскерде борышын өтеп қайтқан соң, мақсаты  түбегейлі өзгерген. Яғни әскерде «Қазақстанға адал қызмет етемін» деген антынан айнымаған патриот болашағын құқық қорғау саласымен байланыстырған. Ендеше білікті полицейдің өмірдегі өз жолын адаспай тапқанына бізде қуаныштымыз.

Еске сала кетсек, 2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қару-жарақ сақтайтын қоймада жарылыс болып, дүрбелең туғызған болатын. Осындай қысылтаяң сәтте өз орындарынан тапжылмай қызмет еткен санаулы полицейлердің  ішінде Жақсылық Пернешұлы да  бар. Ол өзіне қауіп төніп тұрса да болып жатқан жағдайды  көзімен көріп, басшы құрамға айна-қатесіз баяндап отыру міндетін абыроймен атқарғаны үшін  Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, ҚР Президентінің  қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін»  медалін алған болатын.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Облыста 130 келіге жуық есірткі тәркіленді

Түркістан облысының полицейлерімен есірткі қылмысына тосқауыл қою мақсатында жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Мәселен 2022 жылдың 5 айында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен 185 дерек пен 123 есірткі теріс қылықтары тіркелген. Оның ішінде есірткі контрабандасы-11, есірткі сату-24, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 9 жайт  анықталған. Сондай-ақ 17 есірткі өсімдігін егу деректері ашылып отыр.  Облыс сақшылары есірткі заттарын жарнамалау, насихаттау бойынша 1 деректі анықтады. Ғаламтор желісінде есірткіні насихаттайтын құқыққа қарсы контентті анықтау және мониторингілеу кезінде 143 «наркосайтты» анықтап, барлығына шектеу қойылды.

Бұдан бөлек Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен саябақтарға, аялдамаларға, мектептер мен ауруханаларға және т.б. қоғамдық орындарға «Есірткіге жол жоқ» және «Балаларыңызды есірткіден қорғаңыз» тақырыбында түсіндірме құралы ретінде дайындалған плакат жапсырмалары қабырғалар мен хабарландырулар тақтайшаларға жабыстырылды. Есірткі және нашақорлыққа қарсы барлығы 35 000 жуық оқушы мен студент жастар қатысқан 44 профилактикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде 2 акция, 3 семинар, 25 лекция, 3 дөңгелек үстел, 4 кездесулер, 1 спорттық жарыс (марафон) және басқа да 6 іс-шаралар бар.

 Мысалы 26 маусым Нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай 30 күнге жоспарланған шаралар бастау алды. Оның ішінде ауқымды «Есірткісіз болашақ» акциясы, таңғы жаттығулар, велосипедшілер шеруі, полицейлердің жауынгерлік дайындығы, жастардың спорттық өнерлері, бірыңғай флешмоб өткізілді. Мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері арасында марафон ұйымдастырылды. Одан бөлек маусым айының 1-інен бастап «Қарасора-2022» атты кең ауқымды республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл бойынша тәртіп сақшыларымен қыруар жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде есірткі қылмыстарын болдырмау және алдын алу мақсатында рейдтер ұйымдастыру, қажетті мамандар, соңғы үлгідегі техникалар мен  қызметтік-іздестіру иттерін жұмылдыру, жалпы қылмыстың жолын кесуге бағытталған жедел шаралар және жас буын өкілдерімен болатын кездесулер мен семинарларды атап өтсек болады.

Облыс полицейлері психикаға тікелей әсер етіп, одан әрі адам ағзасын құртып жіберуге әкелетін есірткі заттарына мүлдем жоламауды ескертеді. Егер заңмен тыйым салынған есірткіге қатысты қандай да бір қылмыс жасаған болсаңыз, қылмыстық кодекске сәйкес заң алдында ең ауыр қылмыстық жауапкершілікке тартылатыныңызды ұмытпаңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Кентаулық полицейлер өрттің түтініне уланған қызды аман алып қалды

13.06.2022 жылы сағат 12:47-де Кентау қалалық полиция бөліміне көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Ақпарат алысымен оқыс оқиға болған жерге бірінші кезекте патрульдік полиция тобының инспекторлары полиция аға лейтенанттары Мұрат Жүйрікбаев пен Асылбек Рақмет жеткен. Аталған тәртіп сақшылары келген бойда өрт болып жатқан пәтерге көтеріліп, оның темір есігін бұзуға әрекет етеді. Оларға басқа да тұрғындар көмектесіп, барлығы бірлесіп есікті құлатқан. Полицейлер пәтердің есігі ашылған бойда түтін болып жатқан үйге газдан қорғайтын аспапсыз кіріп кеткен. Мұндағы басты мақсаттары үйдегі тұрғындарды мүмкіндігінше аман алып қалу. Өздерінің денсаулықтарына кері әсері тиетініне қарамастан полицейлер қою көк түтіннің ішіне еніп, іштегі 10 жасар қызды алып шығады. Оны бірден сыртқа шығарып, жедел жәрдем көлігіне салып жібереді. Кіреберіске түтін жайлап жатқанын көрген полицей М.Жүйрікбаев, қолындағы қаруын пайдаланып, ыс шығып кету үшін терезесін сындырады. Осы сәтте қолынан жарақат алған. Десекте оған қарамай, жұмысын абыроймен атқарып шыққан. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Кентау ҚПБ-нің жеке құрамы толық жұмылдырылған. Өрт болған үйде ешкім жоқтығына көз жеткізген полицейлер көршілерінің де үйде қалып кетпеуін қадағалады. Осы мақсатта  полиция аға лейтенанты Хусан Исаев басқа пәтерлерді қайта қарап шығып, темір есік құлаған сәтте есігін ашып шыға алмай қалған көрші жас әйелді байқап, оны қауіпсіз аймаққа шығарады. Онымен қоса Х.Исаев өрт шыққан пәтердегі аса қауіпті газ баллонды алып шығып, қауіпсіздік орнауына қызмет етті. Бұл оқиғаның барлығы полицейлердің бейнежетонына жазылған. Өз кезегінде пәтер тұрғындарын құтқарып, өртті ауыздықтауға ат салысқан полицейлер: «Ақпаратты алысымен жедел, небары 2 минутта оқиға орнында болдық. Содан бірден 5-қабатқа көтеріліп, пәтердің есігін бұздық. Іштен қызды, басқа да бірнеше көршілерін алып шықтық. Қазіргі таңда қыздың жағдайы жақсы екенін естідік. Осы үшін қуанамыз. Ең бастысы адамдардың амандығы, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы. Осы бағытта шаршамай қызмет ете береміз. Алайда кішкентай ұл баланы құтқара алмай қалғанынымызға өкінеміз»-деп атап өтті.  Аталмыш үйдің басқа да тұрғындары  қауіпсіз жерге өз күштерімен шыққан. Тілсіз жаудың орын алуына электр жүйесінің тұйықталуы немесе балалардың отпен ойнауы себеп болуы мүмкін дейді тиісті орган. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Оқыс оқиға Кентау қалалық полиция басқармасына ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігімен  «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетсек, Кентау қаласында пәтерден өрт шыққан. Үйде 2 кәмелет жасына толмаған жасөспірім болған. Өрт болып жатқанын көрген жасөспірім ұл бала қорыққанынан 5-қабаттан секіріп кеткен. Ал үйдегі 10 жасар қыз ысқа уланып қалған. Екеуі де аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, 5-қабаттан секірген 8 жасар бала ауруханада қайтыс болған.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Кентау: Бассейнге барған әйелдің ұялы телефонын ұрлаған

 

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, қаладағы бассейндердің біріне қыдыруға барған сәтінде «Samsung A50» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 160 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден шықты. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, бейнебақылау камераларын тексеріп шықты. 

Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті Түркістан қаласының тұрғыны жас қыз болып шықты. Ол шомылу орнына демалу үшін барған. Содан үстел үстінде тұрған телефонға көзі түсіп, ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, телефонды жымқырған. Полицейлер күдікті жас қыздан айғақты зат ретінде ұялы телефонды тәркілеп алды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.   

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүлкін сақтауда қырағы болуға, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға кеңес береді. Сондай-ақ мүмкіндігінше тұрғын үйлерге, ғимараттарға, демалыс орындарына арнайы бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатуға кеңес береді.

 

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Төлебиде алаяқтық жасаған күдікті анықталды

Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Орта жастағы әйелдің айтуынша, оны танысы мүгедектікке шығарып беремін деп алдап кеткен. Сеніміне әбден кірген алаяқ одан 100 000 теңге ақша алған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. 

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын, тұрғылықты мекенжайын анықтады. Күдікті ретінде жұмыссыз жергілікті тұрғын анықталып ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Полиция қызметкерлері күдікті әйел адамның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға алаяқтың құрбаны болмауға шақырады.  Сенімсіз, күмәнді  қызмет ұсынатын адамдарға ақша бермеуге кеңес береді. Егер де, сіз, алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Түркістан: Олардың екеуі де капитан

Жалпы құқық қорғау саласына әке жолын жалғап, өмірлік жарын осында кездестіріп, полицейлер жанұясына айналған  қызметкерлер санаулы. Солардың бірі полицейлер әулетінен шыққан, қазақ полициясының құрдасы, полиция капитаны Көкаршын Жолбарысханқызы Қанат Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының жұмысын қадағалау және ұйымдастыру жөніндегі инспектор лауазымында қызмет атқарады. Ал оның жолдасы  полиция капитаны Дінмұхаммед Масатиков Түркістан қалалық Полиция басқармасы ЖПҚБ КТІЖ УПИ лауазымында жемісті еңбек етіп жүр. Екеуі де Оңтүстіктің тумасы. Қос капитан да   құқық қорғау органындағы алғашқы қызмет жолын  Астана қаласының Полиция департаменті Есіл аудандық полиция бөлімінде бастап, тергеу  саласында  бірге қызмет істеген. Мұндай жауапкершілігі мол жұмыста  маңызды міндеттер атқарып жүрген 30 жасар нәзік жанды капитан полицейлер династиясын құрған өз әулетін мақтан тұтады.

- Қанат ақсақалдың 11 баласы болған. Атамыз құқық қорғау саласында мүлдем қызмет атқармаса да, 6 бірдей баласы құқықтану мамандығын таңдап, Ішкі істер органында абыройлы қызмет атқарды. Алты баланың  ішінде менің әкем де бар болатын. Жолбарысхан Қанатұлы Пошатаев қызметіне адалдығын танытып, полицей деген атаққа кір келтірмей, көп ғұмырын ішкі істер саласына арнап,   полиция подполковнигі шенімен зейнетке шыққан.  Әкеміздің жолын қуып, өсе келе  інім екеуміз полицей боламыз деп шешім қабылдадық. Қанат атамыздың қалған балаларынан тараған біз сияқты құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүрген немерелері баршылық. Полицей болу біздің әулетте дәстүрге айналып кеткен сыңайлы. Жолдасым екеуміз   Есіл аудандық полиция бөлімінде бірге  қызмет етіп жүріп, сонда шаңырақ көтердік. 2021 жылы қызмет бабымен жұбымыз жазылмай Түркістан облысына да  бірге ауысып келдік.  

Қазіргі таңда 1 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты полицейлер  бұл дәстүрді жалғап, ұрпақ сабақтастығына айналдырып, келешек бүлдіршіндері  полицей боламын деп айтса, қуана-қуана  қос қолдап қолдайтындарын жеткізді. Себебі Дінмұхаммедтің әкесі де зейнет жасына дейін   ішкі істер саласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде тыңғылықты істер тындырған. Ол  ұлына антына адал, сертіне берік нағыз полицейдің жарқын бейнесін сомдап кеткен тұлға.  Өмірде де, қызметте де жұптары жазылмаған, әке жолын қуған қос капитанға табысты еңбек, абыройлы қызмет тілейміз!

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Ордабасылық бақташы нені сатып жіберген?

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның мал бағатын бақташыларының бірі сеніп тапсырылған асылтұқымды қойларының ішінен әрқайсысы 70 000 теңге тұратын 200-ден астам малын талан-таражға салған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 16 000 000 теңгеден асады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды.  Анықталғандай күдікті жәбірленушінің бақташысы, Арыс қаласының тұрғыны болып шықты. Сезікті 2021 жылдан бастап бағып жүрген малдарын, яғни бөтеннің мүлкін шетінен сата берген. Ол өзінің несиелері мен қарыздарын өтеу үшін қылмысқа барғанын мойындады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.  Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қырағы болуды және өз малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Егер сіз де, малыңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Облыста ҚР ІІМ Академиясының семинар-тренингі өтті

Түркістан облысы Полиция департаментінде ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Академиясымен бірлесіп ұйымдастырылған "Ішкі істер органдарын басқарудың тиімді жүйесін құру және полиция қызметінің негізгі міндеттерін жандандыру" тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шарағаТүркістан облысы ПД-нің барлық қалалық және аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің  басшылары қатысты.

Тәртіп сақшыларына арналған оқыту семинарын ҚР ІІМ М.Есболатов академиясының өкілдері өткізді. Дәріс өткізген білікті мамандар қатарында: ҚР ІІМ Академиясы бастығының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, полиция полковнигі Ержан Бимолданов, аға ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Лейла Құлтемірова және ІІО басшы құрамын даярлау факультетінің жоғары академиялық курстарының әдіскері, педагогика ғылымдарының кандидаты Талғат Туркеновтер бар.

Аталмыш Алматы академиясы Қазақстан Республикасында полиция кадрларын кәсіби даярлау, олардың сапасын арттыру бойынша ҚР Ішкі істер Министрінің тапсырмасын орындау мақсатында "Мобильді Академия" пилоттық жобасын әзірлеген, сондай-ақ оны таныстыру мақсатында Түркістан облысында алғашқы сабақ өткізді. Бұл жобаның мәні академияның мамандар тобы тікелей полиция департаменттеріне арнайы келіп, онда Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерінің, атап айтқанда орта басшы буынының кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыру шеңберінде тренинг-оқытуды жүзеге асырады.

Үш күнге созылған, яғни 13-16 маусым аралығында Түркістан қаласында өткен семинар кезінде полиция жұмысын жетілдіру және тиімділігін арттыруға қатысты мәселелер, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметін жобалық басқару, Стратегиялық менеджмент, түрлі модельдер мен тәсілдерді енгізу сияқты бағыттарды іске асырумен байланысты өзекті де заманауи әдістемелер қаралды. Академия өкілдері оқыту барысында бейнероликтер көрсетіп, түрлі көрнекіліктермен сүйемелдеді.

ҚР ІІМ Академиясы бастығының орынбасары Ержан Бимолданов өз сұхбатында: "Пилоттық жоба" тыңдаушыларға басқарушылық қызмет тұрғысынан қажетті дағдылар береді. Неліктен ІІО аумақтық бөлімшелерінің орта буын басшыларының осы санатына баса назар аударылады? Өйткені дәл осы менеджерлер халықпен тікелей байланыста болады. Бұл қызметкерлерге тұрғындармен алғашқы өзара әрекеттесу өкілеттіктері жүктелген. Болашақта "пилоттық жобаны" барлық аумақтық полиция департаменттерінде іске асыру жоспарлануда."- деп атап өтті.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат