Бейсенбі, 11 Мамыр 2023 23:21

Отырар ауданында «Судағы қауіпсіздік шаралары және Орман дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі» жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Отырар ауданы ТЖБ және 9 ӨСБ қызметкерлері аудан тұрғындарына және Алтынбеков каналының жағалауындағы тұрғындарға «Судағы қауіпсіздік шаралары және Орман дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыптарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қатаң ескертіп, жадынама парақшаларын таратты.

Жаз мезгілінің басталуына санаулы ғана күндер қалды. Балалардың демалысы басталысымен су айдындарында, бассейндерге шомылу үрдісі көбейетіні айтпаса да түсінікті. Десекте, қай жерде шомылсаңызда ешқашан судағы қауіпсіздік ережелерін естен шығармауымыз тиіс. «Кейбір жағдайларда шомылу маусымында су қауіпті болуы мүмкін. Әсіресе балаларды суға шомылуға жалғыз жібермеу қажет, шомылуға тыйым салынған жерлерде мүлдем суға түспеу керек» дейді Отырар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары.

Осыған байланысты Алтынбеков каналының жағалауында аудан тұрғындарына Отырар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, күнделікті рейдтік іс-шараларын жүргізуде.

«Құрметті аудан тұрғындары! Егер азаматтармен белгіленбеген орындарда суға түсу деректері анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364 бабына сай әкімшілік шара қолданылатынын ескертеміз» - дейді отырарлық төтеншеліктер. Сондай-ақ, Отырар аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен орман-дала өртінің алдын алу, онымен күрес ережелері туралы кеңінен түсіндіріп берді.

Суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шаралары

I. Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары

- Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.

- Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.

- Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар.

- Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.

- Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз.

- Қоршау белгілерінен, буйлардан тысқары аумаққа шықпаңыз.

- Техникалык ескерту белгілерінің, буйлардың және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.

II. Көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіптері
Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіпі мол, себебі инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ағын суда: Іш-сүзегі 183 тәулік, дизентерия 12-92, оба 4-92, туляремия 7-31, бруцеллез 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді.

III. Аяқ-қол тырысуы (судорога) болғанда сіздің іс-әрекетіңіз

Суық суда шомылу қол-аяқтың тырысып қалуына әкеліп соғады.

- егер тырысу болғанда жүзуді тоқтатып суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз, сабырлық сақтаңыз.

- Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз.

- Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз, немесе аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз.

- Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.

IV. Су иірімінен шығудың тәсілдері

- Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз.

- Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз.

- Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып жағаға қарай жүзіңіз.

V. Суда қатты шаршаған кездегі іс-әрекет

Суда ұзақ шомылу шаршап - шалдығуға әкеліп соғады.

- Егер суда шарашасаңыз немесе тоңсаңыз тез арада жағаға қайтыңыз. Сабыр сақтаңыз.

- Әлсін - әлсін шалқалай жатып дем алыңыз, күшіңізді үнемдеңіз, өзіңізді және уақытты бақылау үшін, жаймен дауыстап санаңыз.

- Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз шалқалай жатып қолыңызды бұлғап көмекке шақырыңыз.

VI. Суық судың қауіптілігі

Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс болады (5-7С 2-ші дәрежелі гипотерамия). 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады.
Организімнің жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60
минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3
минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады. Сондықтан суық суда әрбір секунд қымбат.

VII. Судағы қатерге ұшыраған адамға алғашқы көмек

Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсеткенде мүмкіндігінше тездетіп оттегі жетімсіздігін қолдан дем алдыру тәсілін қолдану арқылы жойыңыздар.

- қатерге ұшыраған адамды судан алып шыққаннан кейін оның киімін беліне дейін шешіп, демалу жолдарының жоғары жағын және асқазанын судан босатуға кірісу;

- қатерге ұшыраған адамның аузын азу тістерінінің әр жағынан саусақпен қармай, немесе қол орамалмен, не дәке оралған пышақ жүзімен, шай қасықтың сабымен немесе жалпақ темір заттпен ашу керек.

- Ауыз ішін шырыш пен балдырдан тазалау керек.

- Қатерге ұшыраған адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің бүгілген аяғының үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып баса беру. Ең жеңіл және тиімді тәсіл - «ауыздан - ауызға» немесе «ауыздан - мұрынға» ауа үрлеу. Қатерге ұшыраған адамды бетін жоғары қаратып жатқызып, бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, басын мүмкіндігінше шалқайту. Бас бармақпен және сұқ саусақпен қатерге ұшыраушының мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 дем салу керек. Қатерге ұшыраушының жүрек соғуын ұдайы қадағалап отыру керек. Егер жүрек соғуы тоқтап қалса қолдан дем алдыру мен қатар, жүрекке тікелей емес массаж әдісін қолдану керек, ол үшін: қатерге ұшыраушының жүрек түсына бір алақанды қойып екіншісін айқастыра салу керек, екі колдың да саусақтары көтеріңкі болу қажет, дене салмағын пайдалана, төс сүйекті омыртқа жотасына қарай 4-5 см қысады, жиілігі минутына 70-72 рет.

Есте сақтаңыздар!

Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы - суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.

Балаларға арналған судағы қауіпсіздік ережесі

Су – адам үшін қауіпті апат. Тіпті тыныш ағып жатқан тынық судың өзі қауіпсіз сияқты көрінгенімен, оның да өзіндік қауіптілігі бар.  Әдетте, жүзе алмайтын балалар  белден жоғары келетін, судың терең жеріне бара бермейді, сондықақтан  суда жүзе алмайтын балалар емес, өзін жақсы жүзе аламын деп санайтын балалар судағы қайғылы жағдайларға ұшырап жатады.

Балаларға арналған судағы қауіпсіздік» тақырыбы балаларға ереже тәртібін оқытуға және жазатайым жағдайлардың санын азайтуға бағытталған. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар шомылу кезінде үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Сәл үлкенірек жастағы жеткіншек балалар, өздері су айдынына шомылуға барған кезде де, суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған, су астындағы терең ой-шұқырлары жоқ, қатты су ағысы, иірімі немесе толқыны жоқ жерлерде шомылуы қажет. Көптеген жазатайым оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алады.

Едәуір ересек балалар суда жүзе білу және суда өзін дұрыс ұстау ережелерін біліп қана қоймай, судағы қиын жағдайларда өзін ұстай білу машығын да меңгеруі қажет. Олар егер аяқтың тырысуы болған жағдайда, өзін қалай ұстау керектігін, суға батып бара жатқан адамды шамалауды, оған  алғашқы медициналық көмек көрсетуді және т.б. білуі қажет. 

Балалардың судағы қауіпсіздігі туралы ата-аналар нені білуі керек?

суға тамақтанғаннан кейін біржарым сағаттан соң шомылуға болады;

егер судың температурасы +16 °С төмен болса, суға түсуге болмайды, себебі судың суықтығынан аяқ-қолдың тырысуы немесе естен айырылу жағдайлары болуы мүмкін;

су температурасы +17 °С-ден +19 °С-ге дейін және ауаның температурасы  +25 °С болған жағдайда, суда 10-15 минуттан артық шомылуға болмайды;

суға тек қана суға түсуге арналған қауіпсіз, арнайы жабдықталған жерлерде түсу керек. Егер сіз жабайы табиғи жерлерде шомылуды шешсеңіз, суы таза, тереңдігі 2 м аспайтын, судың түбі қиыршық тасты немесе құмды жерді және ағысы жай 0,5 м/с жоғары емес орынды таңдағаныңыз жөн (тексеру үшін суға жаңқа немесе таяқ тастаңыз). Әрқашан су түбін тексеру қажет және шомылып жатқан балаларды қадағалаңыз. Балалар су жағасында шомылулары қажет. Ешқашан шалшық суға түспеңіз;

Егер сіз мас күйде болсаңыз, балаларды суға жібермеңіз, олар қараусыз қалып қойған жағдайда, қайғылы жағдайға ұшырауы мүмкін.

Балалардың судағы қауіпсіздігінің негізгі ережесі:

Белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайды, ол болмаған жағдайда жағадан алыс жүзбеу керек;

Кемеге жақын жүзуге болмайды;

Таяз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды;

Қайық, айлақ, көпір үстінен және арналмаған жерлерден секіруге болмайды;

Күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгірістен соң суға секіруге болмайды, себебі естен айырылып қалу немесе жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Алдымен сумен шайынып алу керек;

Дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды;

Қарсыласыңды суда ұстап тұру ойынымен ойнауға болмайды, себебі жолдасың тұншығып және есін жоғалтуы мүмкін.

Ата-аналар назарына!

Сіздер үшін, ата-аналар! Құрметті ата-аналар!

Жазғы мезгіл – балалар үшін нағыз демалатын шақ болса, су – балалар организімінің сауықтырылуына қажет бірден-бір құралы болып табылады. Алайда, суға шомылудың пайдасын, тек   қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жағдайда  көруге болады. Осыған байланысты жазғы мезгілде суға шомылудың барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақыра отырып, балаларға суға шомылу барысында өздерін  қалай ұстау қажеттігін ескертіп, ата-ананың қарауынсыз қалдырмауларыңызды өтінеміз! Өкінішке орай, ата-аналар тарапынан  жасалған  немқұрайлық  орны толмас жағдайларға  апарып жатады. 

Балаларыңызды сақтаңыздар!

Қоршау белгісінен әрі жүзуге тыйым салынады!

Тыйым салынған орындарда суға түсуге тыйым салынады!

Балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады!

Суда түсерде камераны, допты, тақтайшаны қолдануға тыйым салынады!

Суда ойнауға тыйым салынады!

 Жалған дабыл беруге тыйым салынады!

Өтіп бара жатырған катерге, қайыққа жақын жүзуге тыйым салынады!

Көпірден, айлақтан, қайықтан, катерден суға секіруге тыйым салынады!

Тамақ ішкен бойда суға түсуге тыйым салынады!

Суға мас күйде түсуге тыйым салынады!

Таныс емес жерге сүңгуге тыйым салынады!

Орман және дала өрттерінің алдын алу

Құрғақ және ыстық ауа райына байланысты өрттің болуы қауіптілігі неғұрлым жоғарылайды. Ауа райының ысып кетуі салдарынан табиғат аясында демалушылардың отты абайсыз қолдануы және басқа да жағдайлардың,  өрттің алдын-алу шаралары ұйымдастырылады. Қатерлерді орманды, дала алқаптарда өрттердің себептері әртүрлі: демалыс орнында қараусыз жағылған күйінде қалдырылған от шоғы, сөндірмей тастап кеткен темекі тұқылы, майланған, тез жанғыш заттарды және қоқысты қалдырып кету себептерінен туындайды.

Табиғатта өрттің себепкері болмас үшін жас ағаштың қылқан жапырақтарының, бүлінген орман учаскелерінің, шымтезекті батпақтың маңында, қурап қалған шөп орнында, ағаштардың астында отты жақпау керек. Отты тек қана арнайы белгіленген орындарда жағу қажет. Орманнан, дала алқабынан, демалыс орындарынан кеткен кезде отты толық сөндіру, топырақпен көму немесе үстінен су құйып, жанғыш заттарды, қоқысты, сөндірілмеген темекі тұқылын тастамау керек.

Құрметті тұрғындар!

Жоғарыда аталып өткен кез-келген себеп өрттің болу қаупіне себеп болатынын ескере келе қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелеріне немқұрайлы қарамай, табиғат аясында өрт қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Орман және дала алқаптарында кез келген алқаптың немесе орманның жануын байқаған кезде оны сөндіруге кірісу қажет, егер өз күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, өрт шыққан жерді анықтап тиісті органдарға хабарлау керек.

Табиғи өрттердің белең алуының басым көпшілігі адамдардың алаңғасарлық, немқұрайлық және мәдениетсіздік әрекеттеріне байланысты. Ойланбай тасталған темекі тұқылы, сөнбей қалған от – осының барлығы орны толмас үлкен қайғыға соқтырады. Ең бастысы - табиғи өртті ескерту, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, ұқыптылық.
Сондықтан, табиғи өрттің алдын алу және материалдық зардап шекпеу мақсатында келесі маңызды ержелерді естеріңізге саламыз:

- жазғы маусымда құрғақ, ыстық және желдi ауа-райында ауылдық елдi мекендер мен саяжайлық ауылдарда, бақшалық учаскелерде от жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргiзуге жол берiлмейдi;

- желді күндері қоқыс қалдықтарын жақпаңыздар, жаққан алаудың толық сөнгеніне көзіңізді жеткізіңіз;

- елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары, ашық қоймалар мен құрылыстардың, ғимараттардың өртке қарсы қашықтығы, сондай-ақ тұрғын үйге, саяжайға және басқа да құрылыстарға жақын учаскелер жанармай қалдықтарынан, қоқыстан, құрғақ шөптерден, жапырақтардан дер кезінде тазартылып тұруы қажет;

- өрт пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ержелерін сақтау мақсатында жасөспірімдер мен балалар арасанда әңгіме жүргізіңіз;

- темекі тұқылын және жанып жатқан отты мұқият өшіріңіздер.
Егер Сіз, табиғи, дала өртін немесе жану оқиғасын байқасаңыз, немқұрайлық танытпай, тез арада өрт сөндіру бөліміне «101» телефон нөмірі арқылы хабарлаңыз.

Естеріңізде болсын! Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаған кінәлі тұлғалар жасаған құқық бұзушылығының ауырлығына сай Қазақстан Респуликасының заңнамаларына, яғни Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы және қылмыстық кодекстеріне сәйкес тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат»

Оқылды 325 рет