– Өздеріңіз білесіздер, Түркістан, Кентау қалалары мен бірнеше ауданда желдің екпіні бәсеңдемей тұр. Штаб құрамындағы департаменттер мен басқарма өкілдері жағдайды бақылауда ұстап, күрделі жағдай туындаса шұғыл әрекет ету үшін әрдайым тығыз байланыста болғаны жөн. Өзекті мәселелер, ұсыныстар болса, тыңдауға дайынмын. Ақылдасып, іс атқарайық. Әр мекеме, әр құрылым өзіне жүктелген міндетті талапқа сай атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауы тиіс. Екіншіден, алдағы демалыс күндері жүздеген адам өңіріміздегі таулы аймақтарға демалысқа шығады. Олар қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, өрт қаупі туындауы мүмкін. Ал мына дауылда өртті сөндіру қиын. Сондықтан демалыс орындары мен таулы аймақтарда бақылауға алынғаны дұрыс, – деді Бейсен Тәжібаев.
Штаб отырысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев 5 мамырдағы сағат 17:00-дегі ахуалды баяндады. Оның айтуынша, дауыл соғып жатқан аумақтарда мамандар жұмыс істеп жатыр. Жағдай бақылауда. Тиісті ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген.
– «Қазгидромет» мекемесі дауылды жел екпіні 6 мамырда да сақталады деп болжап отыр. Өңірде Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтары, Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты су қоймалар бар. Аталған басқармалар тарапынан да өртке, төтенше жағдайға қарсы кезекшілік күшейтілгені жөн, – деді ол.
Бүгінде Кентау қаласындағы мектептер қашықтықтан оқытуға көшірілді. Сауран ауданы мен Түркістан қаласындағы бірнеше мектепте де оқу онлайн жүйесіне ауыстырылған.
Түркістан облысында 4 мамырдан бастап ауа-райының күрт нашарлап, жел екпіні 21-24 м/с жетуіне байланысты 2 қалада Түркістан, Кентау қалаларында және Сауран, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарында электр энергиясының жаппай сөнуі, кейбір аудандарда ғимарат шатырларының желмен ұшу деректері тіркелді. Түркістан облысында желдің ең қатты екпіні таулы аудандарда кездесіп, 20-28 м/с көрсеткішіне дейін жетуде. Ал Түркістан қаласындағы ең екпінді жел қуаты 28 м/с болды.
Облыста электр жарығы сөнген аудан, қалаларда қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бәйдібек, Сайрам және өзге де аймақтардың басым бөлігінде электр желілері қалпына келтірілді. Қазіргі таңда электрге қосылмаған 1360 абонент қалып отыр. Мамандар бұл көрсеткіш сағат сайын өзгеріп жатқанын, электр мәселесінде аса түйткілді апат болмағанын, жағдай тез қалыпқа келетінін жеткізді. «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің бригадалары үздіксіз жұмыс істеп жатыр.
Ал шатыры ұшқан білім ұяларының мәселесі назарға алынып, есептеу-түгелдеу жұмыстары жүреді. Одан кейін толық қалпына келтіріледі.
Төтенше жағдай департаментінің өкілдері тұрғындарға шатырлардан, электр бағаналарынан, ағаштардан және желмен ұшып адамға зиян тигізетін заттардан алшақ жүру, балаларды мүмкіндігінше далаға шығармау, ашық жерде от жақпау керектігін ескертеді.
Дауыл мен құйын кезінде қалай сақтану керек?
Дауыл, қатты жел мен құйын - жаз мезгілінде жиі болатын метеорологиялық құбылыстар. Мұндай күндері қауіп-қатерден аман қалу үшін не істеу керек? Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кеңесін назарларыңызға ұсынамыз.
Дауылды жел — жиі болатын табиғи апат. Әсіресе, тундрадағы, мұз бен теңіздегі, таудағы қара дауыл қауіпті болады. Кез келген қатты жел қыста боран туғызып, жазда құм мен шаңды ұшырады.
Егер желдің күшеюі кезінде топ болып ашық далада қалсаңыз, бірден пана табуға кірісу керек. Бұл — апатқа ұшырағандар үшін әрі негізгі жалғыз қауіпсіздік шарасы.
Шөлде не шөлейтте ық жерге жатқан дұрыс. Ол тас, қалың бұта немесе, тіпті, өлген жануардың денесі болуы мүмкін. Киімді қымтап, құм мен шаңнан қорғану үшін шүберекпен тыныс жолдарын жабыңыз. Қасыңызда ауызсуы бар құты болғаны абзал .
Тауда шың, асу, шұңғыма шатқалдар сияқты аэродинамика жағдайы нашар, әсіресе, жел бағытына параллель жерлерден алыс кеткен жөн.
Мұндай кезде ықтасын, қалың орман, шомбал тау жынысы сияқты қауіпсіз орындарды іздеу қажет. Сөйте отыра тас құлауы мүмкін және қар көшкіні қаупі бар жерлерден қашу керек.
Дауыл кезінде мықты бекітілген шатырдың өзінен гөрі жақсылап салынған панада тығыла тұрған анағұрлым ақауіпсіз.
Құйын да — өмірге аса қауіпті апаттардың бірі. Оның дәл ортасындағы жылдамдығы 100 м/с-ке дейін барады, көлденең жылдамдығы сағатына 30-40 шақырымға жетуі мүмкін. Ол кезде бұтақ, ұсақ тас пен өзге де табиғи және жасанды қалдық үлкен жылдамдықпен жоғары көтеріледі. Өзге дауыл мен боран түрлеріне қарағанда құйын ондаған метрден жүздеген метрге дейінгі жіңішке жолақпен қозғалады. Сондықтан одан қашып құтылуға мүмкіндік бар. Ол үшін құйынның бағытын анықтап, соған қарсы кету керек. Егер құйынның тап ортасына түсіп қалсаңыз, жерге бекітілген заттан жақсылап ұстап, бетіңізді, әсіресе, көзіңізді матамен жабыңыз, үстіңіздегі кең, желбіреген киімнен құтылуға асығыңыз.
Егер боран, дауыл не құйын кезінде үйде болсаңыз, метеорологтар мен жергілікті азаматтық қорғаныс қызметінің кеңесіне құлақ асып, аулаңыздағы шаруашылық заттарын бекітіңіз. Әсіресе, бұл ұзын тақтай, шере, шифер, шатырға арналған қаңылтыр сияқты жеңіл, бірақ ауданы үлкен құрылыс материалдарына қатысты. Олар айналаға көптеген залал келтіруі мүмкін: электр желісін қиып, автокөліктің кузовын сындырып жібереді. Жел ұшыруы мүмкін осындай заттарды өзара байлап, ауыр затпен басып қою керек. Оны ағаштан салынған қора-қопсыға қою тиімсіз. Себебі мұндай қораның өзі желге шыдамауы мүмкін.
Ескі шаруашылық нысандарын шатырдан өткізіліп, екі ұшы жерге бекітілген сыммен қатайтып қою керек.
Шамамен желге қарсы беттегі терезені жақтаумен қорғаған абзал. Егер жақтау болмаса, тақтайды шегемен қағып қоюға болады. Керісінше, жел ұрмайтын жақтағы терезе мен есіктерді ашып, сол күйінде тіреп қою керек. Егер бұл әрекеттерді істемесе, үйдің іші мен сыртындағы атмосфералық қысымның түрлі болуынан ауа сиреп, есік пен терезелер ұшып кетеді.
Электр қуатын алдын ала өшіріп қою керек. Оның орнына майшам, батареялар мен «жарқанат» сияқты шамдарға арналған керосин қорын жинап қойыңыз. Сонымен қоса, керосин мен примус болғаны да жөн, себебі дауыл немесе құйын бірнеше сағатқа немесе күнге созылса, тамақ пісіріп ішуге болады.
Үйдің ішіне азық-түлік пен ауыз су қорын толтырып қою керек. Егер қыс мезгілі болса, отынды да жинап қойған дұрыс.
Дауыл, боран не құйын келе жатқаны туралы ақпарат түссе, сіз үйіңіздің беріктігіне күмәндансаңыз, жерасты бөлмеде немесе жерқоймада өмір сүретіндей жағдай (жерге төсейтін кілем, жылы киім, су, азық-түлік, жарық құрылғылары және күрек пен балта) жасап қою қажет.
Қар жоқ кезде дауыл тұрғанда ескі үйді тастап, аулада тез арада қазылған окоп-траншеяда болған дұрыс. Ол жел кезінде құлауы мүмкін бағана, қабырға сияқты нысандардан аулақ жерден қазылуы керек.
Қатты жел кезінде есік-терезе жанында тұруға болмайды, ал егер үйдің қабырғасында жарық пайда болса не үй шайқала бастаса, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын жасау керек. Мысалы, есік ойығына немесе бұрышқа тұру.
Дауыл кезінде далалық алқапта болсаңыз, ағаштардан аулақ тұрып, шұңқыр немесе жыра тауып алып, сол жерге басыңызды қолмен жауып жатыңыз. Кең киімнің түймелерін түгел тағып, оны сыртынан дененің бірнеше жерінен орап тастаған жөн.
Мекемелерде дауылдан сақтану жолдары
- болу мүмкін табиғат апаты туралы барлық персоналдарды құлақтандыру;
- алыс жолдарға жалғыз автомашиналардың шығуына уақытша тыйым салу;
- өндірістерде барлық сыртқы құрылыстарды тоқтату, барлық жүк тиеу-жүк түсіру жұмысарын тоқтату;
- жарылыс немесе өртке әкеліп соғатын электр энергиясымен қамтамасыз ету көздерін, барлық агрегаттардың және механизмдердің сөндірілуін ұйымдастыру;
- өрт сөндіру құралдарын және электр энергиясымен қамтамасыз ету авариялық көздерін дайындау;
- ТЖ пайда болғанда және қауіп-қатері төнгенде (бөлімшелер) авариялық-құтқару құрамаларын дайындыққа келтіру;
- жұмысшы персоналдар арасында тәуліктік күзет ұйымдастыру (бақылау қызметі);
- ауыз судың, медициналық көмек құралдарының қорын құру;
- ғимараттардың есіктерін, шатырдағы үйлердің, үй төбесіндегі терезелердің ауа тазартқыш саңылауларын жабу;
- үлкен терезелер мен витриналарды тақтаймен, қалқандармен қоршау;
- шыныларды тілімделген қағаздармен немесе матамен желімдеу;
- ауылдық жерлерде фермалардағы малдарға жем, су қорын дайындау;
- қолданған шаралар туралы қалалық (аудандық) ТЖ комиссиясына белгіленген тәртіп бойынша баяндау;
- жоғалған адамдар мен ауылшаруашылық малдарын іздестіруді ұйымдастыру;
- зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету және емдеу мекемелеріне жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру;
- қажет жағдайда қауіпті аймақтан адамдарды көшіру;
- барлық жұмыстарды тек топпен және бірнеше адамдар істейді;
- құтқару жұмыстарына жеке басшылық ету.
Дауыл жақындағанда не істеу керек?
Шаңды дауыл жақындағанда, терезе мен есіктерді мықтап жауып, бөлмеде болыңыз және малдарды қорада немесе оларға арналған орындарда ұстаған дұрыс. Сонымен қатар ғимарат ішінде болсаңыз – электр қуаты өшірілгеніне, газ желісінің шүмектері жабылғанына көз жеткізу керек.
Көшеде болсаңыз - қауіпті ғимараттардан, көпірлерден, электр желілерінен, ағаштардан аулақ болуыңыз керек. Өзіңізді паналаушы құралдардың (қораптар, фанер бөлшектері және т.б.) көмегімен ұшатын қоқыстардан қорғауға болады. Сонымен қатар ескірген ғимараттарға барып паналаудан сақтаныңыз, олар да қатты жел әсерін құлап кетуі мүмкін. Көлікте болсаңыз, онда көріну жоғалған жағдайда, жолдың шетіне шығу керек, қозғалтқышты өшіріп, жолаушылар салонының есіктері мен терезелерін мықтап жабыңыз. Қозғалтқыштың ауа сүзгісін матамен ораңыз. Егер сіз шаңды дауыл далада болсаңыз, киіміңізді мықтап қысып, көзіңізді шаң мен құмнан қорғайтын арнайы көзілдірікпен қорғаңыз. Егер олар жоқ болса, онда шаңның көзге түсу мүмкіндігін азайту үшін оларды қолдарыңызбен жабыңыз. Одан әрі ық орынды тауып яғни: бұталар, сексеуіл, тегіс емес рельефті пайдаланыңыз.
Шаңның тыныс алу жүйесіне түсуін шектеу үшін, дауыл кезінде бірнеше рет дәке, шүберек немесе қол орамалдан жасалған маска арқылы дем алған жөн. Мүмкін болса жеке қорғаныс респираторын қолданыңыз.
Дауыл - стихиялық апаттардың қауіпті түрлерінің бірі, ол халық шаруашылығына орасан зор зиян келтіріп, кейде адамдар арасында құрбандықтар тудырады. Дауылдың көзі - 12 және одан да көп балға жетіп, жылдамдығы 29 м/с-тан асатын күшті жел. Мұндай күшті дауыл өз жолында кездескендердің бәрін жайпай кетеді.
Дауыл жиі болатын аудандарда үйлер мен ғимаратуарды, әсіресе желдің әсеріне күшті ұшырайтын үй шатырларын, құбырларды және сым тіректерін салу кезінде қорғаныс шараларын алдып ала қарастыру қажет. Дауылды әлсірету үшін мынадай шаралар жүргізіледі: дауыл қаупі туралы хабар алысымен азаматтық қорғаныс жасақтары мен халық құбырларды, шатырларды бекітеді, шатыр астындағы жел көздерді жабады, электр беру жүйесін тоқсыздандырады, адамдар қорғаныс ғимараттарына паналайды, жануарларды беріктігі нашар қоралардан шығарып, сай-сала, жыраларға айдап апарады. Дауыл зардаптарын азаматтық қорғаным жасақтары жояды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат»