Төтенше жағдайларды жою басқармасының жұмысы Департаменттің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілуде. Жыл басынан бері Басқарманың ішкі құжат айналымына 178 құжат түсті, оның 70-і бақылаулы құжаттар. Жыл басынан бері төтенше жағдайларды жою бағыты бойынша 6 бұйрық (2 күшейтілген, 2 штаб құрамы, 2 су тасқыны) жобасы әзірленіп, шығарылды.
Облыс әкімімен Түркістан облысы аумағындағы болуы мүмкін ТЖ алдын алу және жою мақсатындағы облыстық төтенше жағдайларды жою іс-қимыл жоспары бекітілді (28.02.2023 ж.).
Сондай-ақ, облыспен шектескен аумақтағы ықтимал авариялар, дүлей апаттар және зілзалалардан туындайтын төтенше жағдайлар салдарын жою мәселелері бойынша Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының ТЖД бірлесіп әрекет ету жоспарлары келісілген түрде қайта бекітілді (14.02.2023 ж.).
Сонымен қатар аудан, қалаларда төтенше жағдайларды жою бірлесіп әрекет ету жоспарлары бекітілді. Осы бекітілген жоспарларға талдау жүргізіліп, қызметтік жазба дайындалуда. Айта кететін жайт, Ордабасы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі әлі күнге дейін төтенше жағдайларды жою жоспарын бекітіп, ұсынған жоқ.
Ағымдағы жылы облыс аумағындағы республикалық, облыстық жолдарда ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты 5 жағдайда,18 рет (4-республикалық, 14-облыстық) уақытша жолдардың жабылуы мен кептелістері орын алып, Департаментпен жолда қалып қойған 99 адамды (10 бала) құтқару, 18 бірлік автокөлікті (12 жеңіл автокөлік, 4 жүк автокөлік, 2 автобус) сүйреп, тартып шығару және 204 адамды(111 бала) эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, күрделі метеожағдайларда, қар құрсауында қалып зардап шеккендерге көмек көрсету үшін дайындыққа келтірілген 12 жылыту бекеттері қолданылды (жылу, тамақ, медициналық көмек).
Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылдың 1-2 ақпанда басталған жаңбыр, Қаратау жотасындағы қалың қарды лезде ерітіп, су басу жағдайлары орын алды.
Арыс, Кентау қалаларында (Қарнақ) және Бәйдібек (Мыңбұлақ, Қосбұлақ, Шаян, Таңатар, Ынтымақ, Ақбұлақ, Шақпақ, Бірлік), Сауран (Бабайқорған, Абай, Үлғілі, Орангай, Майдантал, Шаға), Ордабасы (Темірлан, Шұбар, Бадам, Шұбарсу), Созақ (Шолаққорған) аудандарында еріген судың салдарынан 21 елді мекенде 234 аула аумағын су басты.
Департаменттің күш-құралдарымен су басқан аула аумағынан 204 адам (Қарнақ ауылы - 11, Сауран - 187 (111 бала), Бәйдібек - 6) және 790 бас ұсақ мал эвакуацияланды. Барлық эвакуацияланған адамдар туыстарының үйлеріне жайғасты. Соған қарамастан, халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт (жалпы орта мектептер) дайындалды. Жалпы 121 аула аумағынан 20 мотопомпаның көмегімен 4968 текше метр су сорылды (Сауран - 83 ауладан 2090 м3; Кентау қ. - 12 ауладан 610 м3; Бәйдібек -23 ауладан 1068 м3; Ордабасы - 3 ауладан 1200 м3). 22 учаскеде жол төсемі арқылы судың толып өтуі тоқтатылып, Полиция департаменті қызметкерлерімен елді мекендерде кезекшілік ұйымдастырылып, 8 уақытша бекеттер қойылды (16 техника, 48 қызметкер жұмылдырылды).
Сондай-ақ, облыстық маңызы бар «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» бағытындағы КХ-3 автожолының 3 жерінен су бұзып өтуіне байланысты уақытша 117-179 шқ аралығы жабылды. Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылында Бозарық каналының арнасынан су тасып өтіп, каналға жақын орналасқан қораны су басып, нәтижесінде 43 ұсақ мал және 1 ірі қара мал өлгендігі анықталды.
Департаментте жедел штаб құрылып, «Жедел желі» ұйымдастырылды (су басу қаупі туралы 4 қоңырау келіп түсті және оларға психологиялық көмек көрсетілді, сондай-ақ жолдардағы жағдайды нақтылау үшін 7 қоңырау түсті).
ТЖД және ЖАО күштерімен үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 18 мың 300 дана құм салынған қапшықтар дайындалды.
ТЖ жою жұмыстарына жалпы:
443 адам (ТЖД - 118, ЖАО - 265, ҚР ҚМ - 50, «ҚазАвтоЖол» АҚ - 10);
71 бірлік техника (ТЖД - 20, ЖАО - 46, ҚР ҚМ - 2, «ҚазАвтоЖол» АҚ - 3);
43 мотопомпа (ТЖД - 34, ЖАО - 9);
1 жүзу құралы (ТЖД);
«Қазавиақұтқару» мекемесінің МИ-8 тікұшағы аэровизуалды шолу жұмыстарын жүргізуге жұмылдырылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың арасында зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.
Айта кететін жағдай Арыс өзеніндегі судың деңгейін бақылау үшін қосымша 3 уақытша бекет қойылды (Арыс қаласына, Ордабасы ауданында Батыр ата кентіне, Отырар ауданында Көкмардан кентіне).
Арыс, Отырар аудандарының ТЖ бөлімдері су басу кезінде жергілікті әкімдіктермен бірлесе жұмыс жүргізуінің нәтижесінде, Арыс, Бөген өзендерімен Қабылсай арнасына жақын орналасқан елді мекендерге су басуға жол берілмеді.
Ал, Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандары Департаментте құрылған штабқа мәліметтерді кешіктіріп, су тасқынына дайындық туралы Департаменттің бұйрықтарын мүлдем басшылыққа алмай, мәліметтерді төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел дайындалатын құжаттамалар нысандарына сәйкес ұсынбады. Сондай-ақ, аудандағы жағдайға мониторинг жүргізбей, су басқан жерлердің картографиялық мәліметтерін сызған жоқ.
Бәйдібек ауданы жергілікті атқарушы органнан 200 адам, 20 техника жұмылдырылды деп ақпарат ұсынды, алайда ЖАО жұмыстарын көрсете алмады. Мыңбұлақ елді мекеніндегі суда қалған (жигули) автокөлікпен құтқарылған адамдар туралы және облыстық маңызы бар «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» бағытындағы КХ-3 автожолының 3 участігін су бұзып өткені туралы ақпараттарды әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін сұраныс арқылы ұсынды. Адамдарды кім құтқарғаны туралы нақты ақпарат бере алмады.
Сауран ауданы атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты әлі күнге дейін толық жинақтамаған.
Сауран ауданы аумағында орын алған жағдайға байланысты Сауран ауданы әкімінің а.ж. 3 ақпандағы «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» № 1 шешімі шығып, келтіріген шығындар анықталып, қазіргі таңда қаржы қарау жұмыстары жүргізілуде.
ҚР ТЖМ-нің 2023 жылғы 30 қаңтардағы және облыс әкімдігінің 2023 жылғы 15 ақпандағы № 14/1773 «Көктем-2023» РКШОЖ іс-шараларын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастырушылық нұсқаулығына сәйкес а.ж. 2-3 наурыз аралығында облыстағы ықтимал ТЖ бойынша практикалық түрде дайындық жұмыстарын көрсете отырып, командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.
Ағымдағы жылдың 25-28 наурыз аралығында Республикалық Терроризмге қарсы орталығы мен Түркістан қаласында оқу-жаттығу өткізілді. Полиция департаментінің жедел басқару орталығында облыстық жедел штаб құрылып өткізілді. Департаменттен 30 қызметкер, 6 техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысында сын-есткертпелер болған жоқ.
Облыстық терроризмге қарсы жедел штабымен қала аудандарда командалық штабтық оқу-жаттығулар өткізілді.
Ағымдағы жылдың 29 наурыз күні Түркістан халықаралық әуежайында Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерімен бірлескен түрде оқу-жаттығу өткізілді. Шартты түрде Радардан жоғалған тік ұшақты іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, Дағдарыс жағдайлары басқармасымен әуежай арасындағы ақпарат алмасу пысықталды. Оқу-жаттығуға 4 техника, 20 қызметкер жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысында кинологиялық есеп, шұғыл кезекшілер жақсы жұмыс істеді. Ал, жедел құтқару жасағының психологы мен Апаттар медицинасы орталығының Түркістан облыстық филиалының дәрігерлері, зардап шеккен адамдарға алғашқы көмекті дұрыс көрсете алмады. Азаматтық авиация комитетінің бақылаушы дәрігері тарапынан сын-ескертпелер жасалды.
Ағымдағы жылдың 21 наурыз сағат 22:47 уақытта Түркістан облысы аумағында 2-3 балдық жер сілкінісі тіркелді. Эпицентрі Ауғаныстан аумағында, Алматы қаласынан 848 шақырым жерде. Осыған орай, Департаментте шұғыл топ жиналып, жедел штаб құрылып, «Қауырт желі» жұмыс жасады. Кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшілерімен Түркістан қаласы, Жаңа қала м/а тұрғындарына дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шұғыл топпен қала, аудандардан ақпараттар жиналып Министрлікке жолданды. Ватсап желілері арқылы тараған «қайтымы қатты болады» деген жалған ақпаратқа Мақтаарал ауданы әкімдігімен жалған ақпарат таратқан әскери бөлім қызметшісі анықталып, халықтан кешірім сұратылды. Ал, Мақтаарал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі, жалған ақпарат бойынша мүлдем жұмыс істемей, бізде жоқ деген жауаппен шектелуде.
Жыл басынан бері облыс аумағында 7 іздестіру-құтқару жұмыстарына шығу тіркеліп, оның 5-інде нәтижелі көрсеткіш болып, жоғалған адам денелері табылып, судан шығарылды. Қазіргі таңда, 2022 жылдың 26 маусымда Төлеби ауданы, Ханарық елді мекеніне жақын орналасқан Ақсу өзеніне суға батқан Үндістан елінің 2 азаматына ағымдағы жылдың 14 наурызынан бастап қайта іздестіру-құтқару жұмыстары басталды.
Дегенмен 2021, 2022 жылдардағы Төлеби, Қазығұрт аудандарындағы сәуір, мамыр айларындағы су басу жағдайларын ескеріп, келесіні ұсынамын:
- күштер мен құралдарды тұрақты дайындықта ұстауды;
- ЖАО суға түсуге арналған арнайы резеңке костюм, резеңке етік алуды ұйымдастыру;
- суға кету фактілері орын алғанда, іздестіру жұмыстарын оңтайландыру үшін, өзен, каналдарға қоюға темір сетка дайындауды;
- іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және төтенше жағдайлар салдарын жою барысында жұмылдырылатын қызметкерлер техника қауіпсіздігін қатаң сақтауды.
Түркістан облысы ТЖД ТЖЖБ бастығының міндетін уақытша атқарушы а.қ. майоры Исахожа Елеусизов төтенше жағдайлар орын ала қалған жағдайда бірінші кезекте не істеу қажеттігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Төтенше жағдайлар кезінде төмендегідей шараларды қолға алып, әрекет ету керектігін айтты:
Алғашқы қажеттілік жиынтығын дайындаңыз (дұрысында, екі бірдей жиынтық)
Алғашқы жәрдем дәрі қорабы.
Құтылардағы консервіленген азық-түліктер және пластик шишалардағы ауыз су. (бір құты кофе мен бір қорап шай, тұз салынған қорапша алуға да болады).
Транзистор қабылдағыш және электр қол шамы.
Қабылдағыш пен қол шам үшін қосалқы батареялар жинағы.
От жағатын жағдайға арнап – герметикалық қораптағы сіріңке, оттық және қағаз.
Құрал-саймандар мен ас үй жабдықтары – тым болмаса шаппалы бәкі, қасықтар, шанышқылар, екі-үш табақ және саптыаяқтар, консерві ашқыш, жеңіл туристік балта.
Медициналық көрсеткіштер бойынша отбасы мүшелері жүйелі түрде қабылдайтын дәрілер (нұсқау бойынша оларды тоңазытқышта сақтау қажет болмаған жағдайда).
Тағы бір осындай жиынтықты автокөліктің жүксалғышында сақтаған артық болмас еді.
Отбасылық құжаттар мен ақшаны кез-келген жерге тастамай, өзіңіз оңай табатындай белгілі бір орынға сақтаған жөн.
Өздеріңізге қандай киімдердің қажет болатынын ойластырыңыз да, төтенше жағдайлар үшін отбасы мүшелерінің әрқайсысына арнап, біраз киім, аяқ киім: жазға – су өтпейтін, қысқа – жылы киімдер мен аяқ киімдер дайындап қойыңыз. Шатыр мен ұйықтауға арналған қаптар болғаны дұрыс.
2. Сізге мыналарды білген жөн:
Қатер төнген жағдайда қай жерге паналайсыз.
Орныңызда қалуға болмайтын жағдайда қандай жолмен эвакуацияланасыз.
Алғашқы ойлағаныңыз бұғатталған болса, тағы қандай шегіну жолдары бар.
Қалай эвакуацияланасыз – машинамен, қайықпен немесе басқадай жолмен. Қолайсыз сәтте машина бұзылып қалған жағдайда не істейсіз.
Үйде немесе басқадай орында бас сауғалауға тура келсе, қолыңызда қандай заттар болуы тиіс.
Эвакуация кезінде қандай заттарды ала кетесіз.
3. Артық ештеңе алмаңыз.
Алайда, мынаны есте ұстаңыз: көбірек тамақ, ауыз су және дәрі-дәрмек, бір-екі бастапқы қажеттілік жиынтығын алған жөн.
4. Эвакуация кезінде қалдырып бара жатқан бағалы бұйымдарыңыз бен жәдігерліктеріңізді жедел түрде жинау және сақтау үшін алдын ала орын дайындаңыз.
5. Үрейлі хабарламалар қабылдауға дайын болыңыз.
Алғашқы үрейлі хабарламаларды ала салысымен, осыған кірісіңіз. Ол – үш минуттан бес минутқа дейін тоқтамастан созылатын сирена дыбысы. Оның мағынасы мынадай: барлығыңыз радио мен теледидарды қосып, оларды қайда не болып жатқаны туралы хабарламалар алу үшін жергілікті толқынға бағыттаңыздар.
6. Төнгелі тұрған ТЖ бойынша әрекет жоспарын нақтылап, алғашқы қажеттілік жиынтығын тексеріңіз.
Жаңалықтарды тыңдай отырып, төтенше әрекет етудің өзіндік жоспарын ойыңызда реттеп шығыңыз да, оның хабарламада айтылып жатқан төтенше жағдай кезінде қалай жүзеге асатынын елестетіп көріңіз. Бұнымен бір мезгілде алғашқы қажетілік жиынтығыңыздың жинаулы екенін тексеріп, тағы да қандай заттар керек болатынын бағамдаңыз. Егер БАҚ төтенше қызметтер нұсқауларын беріп жатқан болса, міндетті түрде құлақ түріп, жеке жоспарыңызды соған сәйкестендіріңіз.
7. Үрейлі хабарлама алған соң байланыс желілеріне күш түсірмеңіз.
Егер де телефоныңыз бар болса, жақындап қалған төтенше жағдай кезінде онымен туыстарыңызға, достарыңыз бен таныстарыңызға қоңырау шалмауға тырысыңыз. Төтенше жағдай кезінде телефон арқылы тек төтенше қызметтерге қоңырау шалыңыз, оларға жаралылар жайлы хабарлап, қандай да бір жаңа төтенше жағдай немесе оның төну қаупі туралы айтыңыз. Бірақ қандай жағдай болса да, жөнсіз қоңырауларға жол бермеңіз.
8. Күнделікті өмірде туыстарыңызға нұсқау беріп, үйретіп қойыңыз.
Дұрысы, оған дейін, күнделікті бос уақытта туыстарыңыз бен жақындарыңызға олар тұрып жатқан өңірде қандай қауіптердің кездесуі мүмкін екені және азаматтық қорғау органдары мен БАҚ-тың төтенше жағдай болады деген хабарын алған сәтте өздерін қалай ұстауы керектігі жайында қарапайым тілмен түсіндіріп қойғаныңыз абзал. Ол үшін сізге алуан түрлі төтенше қызметтер әзірлеген нұсқаулықтар қажет болады. Осындай нұсқауларды адамдар санасына біртіндеп сіңіре отырып, сіз ерте ме, кеш пе, шындап қауіп төнген жағдайда ешкімге хабарласып, ескертуге мәжбүр болмайтын жағдайға жетесіз.
9. Мейлінше қажеттілік тумаса тұрғылықты орныңызды тастамаңыз.
Апаттың жақындап келе жатқаны туралы ақпарат алғанда, мейлінше қажеттілік тумайынша, ешқайда кетпеңіз. Су тасқынының ағынына, ормандағы өрт орамына немесе қатты боранға тап болған автокөліктерде опат болған жолаушылар саны тым көп. Ал бәрібір кетуге мәжбүр болсаңыз, радионы қосып, жаңалықтарға құлақ түріңіз.
10. ТЖ аймағында қалған үйге қайтқанда сақ болыңыз.
Үйлерге кірмеңіз. Апат кезінде ғимаратқа зақым келген болуы мүмкін, онда оның астында қалуыңыз ғажап емес. Төтенше қызметтердің міндеті – ТЖ аймағындағы ғимаратты қарап шығып, адамдардың оларға қайта кіруіне болатынын не болмайтынын анықтау.
Егер де ғимаратқа кіруге мәжбүр болсаңыз, жолыңызға ешқандай жағдайда алаумен немесе шырақпен жарық түсірмеңіз. Темекі шекпеңіз.
Үйде немесе үйдің айналасында газдың немесе химиялық заттардың иісі шықпайтынына көз жеткізіңіз. Күдікті иістерді сезсеңіз, төтенше қызметтерге хабарлаңыз.
Үзілген сымдардан (оның ішінде телефон сымдарынан) аулақ болыңыз. Кез- келген мұндай сым қанқұйлы қауіп көзі болып табылады.
Азық-түлік қорларыңызды пайдалануға асықпаңыз, әуелі тексеріңіз: олар уланған (химиялық заттармен уланбағанның өзінде өңезденуі мүмкін) немесе бұзылған (мәселен, олар тоңазытқышта жатып, ұзақ уақыт электр қуаты болмаған жағдайда) болуы ықтимал.
Су жүргізу құбырларынан алынған немесе құдық суын пайдаланбас бұрын ойланыңыз. Суды пайдалану немесе (қажетіне қарай) оны зарарсыздандыру жөніндегі төтенше қызметтердің нұсқауларына міндетті түрде құлақ асыңыз.
Егер де құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан аймаққа тап болып, бірақ сіздің көмегіңіз қажет болмаса, онда ол жерден кеткеніңіз дұрыс.
Мейлінше қажеттілік туған жағдайда болмаса, ешқайда кетпеңіз. Жолдар бүлінген немесе бұғатталған болуы ықтимал. Мәселен, күшті желден сынған ағаштар құлап, жолдағы автокөліктерді басып қалған немесе жолда кенеттен терең ойпаттар пайда болған жағдайлар бар. Дүлей апаттан кейін көпірлер әсіресе қауіпті болып келеді.
Егер сонда да жолға шығуыңызға тура келсе, онда барынша сақтық танытыңыз, жылдамдық арттырушы болмаңыз. Жол үстінде автокөлік жүргізушілері үшін қауіп тудыратын бүлінулерге кезіккен болсаңыз, ол жөнінде тездетіп төтенше қызметтерге хабарлаңыз.
11. Туыстарыңыздың да қауіпсіз жерде екеніне көз жеткізіңіз.
Зілзала жағдайында телефонды пайдаланбаған жөн, алайда ең сындарлы сәттердің артта қалғаны ресми түрде мәлім болысымен, бірден туыстарыңызға қоңырау шалыңыз. Сізден хабар алмаған соң, олар ТЖ-ны жою штабына хабарласуы мүмкін, сөйтіп сізді із-түзсіз жоғалғандар қатарына енгізеді. Нәтижесінде сізді іздеуге жұмсалатын уақыт пен күшке әлдеқайда тағы біреулер мейлінше зәру болуы мүмкін.
Сондай-ақ, ТүркістаноблысыТЖДТЖЖБбастығыныңм.у.а. а.қ. майорыИсахожаЕлеусизов адамдар тұрғын үйлерге, пәтерлерге, қора-қопсы құрылыстарына, жеке гараждарға және басқа да тұрғын алаңдарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мынадай сақтық шараларын есте сақтауы керек дейді. Олар:
- үйдегі электр құрылғылар жарамды жағдайда болуы керек;
- қыздырғыш құралдарды тез жанғыш заттарға орнатуға немесе ағаш үстелдерге қоюға жол бермеу қажет;
- электр қыздырғыш құралдарды қолдану кезінде оларды қараусыз қалдыруға немесе балаларға тапсыруға болмайды;
- үйден шығар кезде немесе түнгі уақытта электр желісіндегі құрылғыларды қуат көзінен ажырату керек.
Сөндірілмеген, қараусыз қалдырылған электр құралдары үй-жайда өрт шығуының себебі болуы мүмкін.
Сонымен қатар, ошақ жағатын тұрғын үйлерде пеш жағудың өрт қауіпсіздігін сақтаған жөн. Отты жаққан кезде пештің ішіндегі температура 600-800 градусқа дейін жетеді, одан пеш қабырғалары және түтіндік қызады. Егер үйдің ағаш бөлшектері (еден, төбе басқа да жанғыш заттар) пештің қабырғаларына және түтіндікке тығыз тиіп тұрса жануы мүмкін.
Өрт болмау үшін пешті кірпіш немесе тасты негізге орналастырған жөн және пештің алдына ағаш еденнің үстіне өлшемі 50х70 см қаңылтыр қағып қойған жөн. Егер ондай болмаса, пештің аузынан түскен жанып жатқан көмірден өрт шығады. Пештің есігін жауып және қараусыз қалдырмаған жөн.
Түнгі уақытта ұйықтар алдында 1-2 сағат бұрын от жағуды тоқтатқан жөн (қатты отынмен, кемірмен жанатын пештерге байланысты). Бұл дегеніміз улы тұншықтырғыш газбен уланудың алдын алу және газбен жылытылатын қазандықтарға газбен жылыту құрылғылары істен шыққан кезде арнайы мамандарға көрсеткен жөн.
Өрт - әрдайым алапат, ауыртпалық, бақытсыздық. Соған қарамастан, көпшілік адамдар өрт кезіндегі қарапайым ережелерді білмейді. Бала күннен белгілі – «101-ге қоңырау шалу»-дың өзін үрей, байбалам кезінде естен шығарып, ұмытып кетіп жатамыз. Басты ереже - ешқашан үрейленіп, байбалам күйге түспеу! Өрт қауіпі өнеркәсіп пен мекемеде ғана емес, тұрмыста да кездеседі: - тұрғын үйде, жеке автокөлікте және көлікжайда да, саяжайлық аумақта және т.с.с. Сондықтан, өнеркәсіпте қамтамасыз еткендей, тұрғын жай және басқа орындарды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен (өрт сөндіргіш және т.с.с.) қамтамасыз ету қажет.
Пәтерлер мен тұрғын бөлмелерде:
- жанғыш заттар, жеңіл тұтанғыш заттар және газ баллондарды балкондарда және лоджияларда сақтауға;
- төсекте және арнайы темекі шегуге әзірленбеген жерлерде темекі шегуге;
- екі қабаттан жоғары үйлерде газ балондарын қолдануға;
- балкондар мен лоджиялардан темекі тұқылын лақтыруға;
- әзірленіп жатқан асты газ немесе тоқ плитасында қараусыз қалдыруға және тұрмыстық электр құрылғыларын (теледидар, үтік, шәйнек, шаш кептіру құрылғысы және т.с.с.) тоққа қосылған күйінде қалдыруға;
- балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады. Ең бірінші әрі міндетті ережені есте сақтаңыз: пәтерде түтіннің әлсіз иісі келген кездің өзінде, ашық жалынның өзін айтпағанда, «101» немесе «112» ге қоңырау шалу керек. Өртті өз күшімен сөндіру көп жағдайларда нәтижесіз болады да уақытты жоғалтуға себеп болады және ол өрттің едәуір өршіп таралуына әкеліп соғады.
Өрт сөндіру қызметіне хабарласқаннан кейін, ересектер мен балаларды, қарттар мен сырқат адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, жақын пәтерлердегі көршілеріңізді хабардар етіңіз. Пәтердегі немесе саты алаңындағы электр қалқанын қолданып электр көзін өшіріңіз. Ас бөлмесіндегі газ келетін жүйені жабыңыз. Егер сіздің үйіңіз түтін шығару жүйесімен қамтамасыз етілген болса , оны іске қосыңыз. Өрт сөндірушілердің келуін күтпей өртті қолда бар құралдармен – шелектегі сумен, өрт сөндіру құралымен, дымқыл тығыз матамен және т.с.с сөндіруге кірісіңіз.
Өрт шыққан кезде әркім білуге тиісті қауіпсіздік ережелері.
Өрт шыққанын білгенде…
Өрттің ауқымы кішкентай болса, крандағы сумен, болмаса қалың дымқыл матамен өшіруге тырысыңыз;
Өрт ауқымды болса, 101 нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекен-жайды, ненің қалай жанып жатқанын айтыңыз. Өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де беріңіз. Ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға керек. «Менен де басқалар хабарласқан шығар» деп отыруға болмайды;
Ғимараттағы барлық тоқ көздерін ажыратып, газ құбырларын жабыңыз;
Егер өрт көп қаббатты ғимараттың төменгі қабатында шықса, ғимараттың жоғарғы қабатына немесе төбесіне шығып, көмек күту керек;
Далаға шығу жолдарында от болмаса, тез арада ғимаратты тастап шығыңыз;
Өрт шыққан аумақтан өту үшін синтетикалық киімдерді шешіп, орнына жүн немесе мақтадан тігілген киім кию керек. Киімдерді сулап, басыңызға ішік, жейде, орамал сынды қалың дымқыл жамылғы жабыңыз. Дәл осылай мұрныңыз бен ауызыңызды да жабу керек. Ол түтіннен уланып қалудың алдын алады;
Есіктерді қатты жабыңыз. Себебі от оттегі келіп, жел соққан сайын өрши түседі;
Түтіннің арасынан еңкейіп, тізерлеп немесе бүк түсіп өту керек;
Пәтерден шықпас бұрын есіктің ар жағында оттың бар-жоғын тексеріңіз. Ол үшін есікке жақын барып, оның тұтқасы сияқты металды жерлерін ұстап көріңіз. Ол ыстық болса, есікті ашпаңыз. Керісінше, есіктің саңылауларын дымқыл матамен бітеп тастаңыз. Есіктің бер жағына су шашыңыз;
Ауыз-мұрныңызды дымқыл матамен жауып, пәтердегі барлық адамдарды балконға алып шығыңыз. Балкон болмаған жағдайда, терезені ашып, сырттағыларға белгі беріңіз. Олардың сізді естігеніне сенімді болсаңыз, барлық адамдарды алып, жуыну бөлмесіне кіріп, есігін ішінен мықтап жабыңыз. Ол жерде суды ағызып, үстілеріңіздегі барлық киімді сулау керек. Сол жерде көмек күтіңіз;
Өрт шатырда немесе жертөледе шықса, өрт сөндірушілерді шақырып, олар келгенше өрт шыққан аумаққа апаратын есік-терезелерді, люктарды жауып тастау керек;
Өрт шыққан үйден адамдарды эвакуациялау кезінде балалардың төсектің астына, сөрелер мен қуыстарға тығылып қалатынын естен шығармаңыз.
Не істеуге болмайды?
Киіміңізге от тигенде жүгірмеңіз. Ол оттың одан сайын өршуіне әкеледі. Одан да киімді шешуге тырысу керек, болмаса еденге жатып аунау керек. Егер жаныңыздағы адамның киімі жанып жатса, оны өшіру үшін үстіне дымқыл мата жабыңыз;
Терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты өршітеді;
Лифтті қолданбаңыз. Өрт кезінде электр тоқтары өшірілетін болғандықтан, лифт кез келген жерде тоқтап қалуы мүмкін;
Қорқынышқа бой алдырып, жоғарғы қабаттан секіруге болмайды.
Зардап шеккендерге алғашқы көмек
103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз;
Күйік алған адамдардың үстіндегі киімін шешуге болмайды. Күйген жеріндегі киімін қиып, теріге жабысқан күйі қалдыру керек. Күйікті спирттелген немесе марганец ерітіндісіне батырылғын матамен жабады;
Өте үлкен күйікке шалдыққан адамды үлкен матаға немесе төсек жаймасына орап, ыстық сусын беріп, жылылау керек;
Түтінге уланған адамды таза ауаға алып шығу қажет.
Өрттің алдын алу үшін:
Үйде темекі шекпеңіз. Толық сөндірілгеніне көзіңіз жетпей терезеден лақтырмаңыз;
Тамақ істеп жатқанда газ плитасын қараусыз қалдырмаңыз;
Электр тогы мен газ құбырларын үнемі тексеріңіз. Қандай да бір ақау барын байқасыңыз, бірден арнайы мамандарға хабарласыңыз;
Өртке арналған сатылар мен төтенше жағдайда шығатын есіктерді жаппаңыз;
Өрт сөндіргішті қолданып үйреніңіз және оны отбасыңыздың мүшелеріне де көрсетңіз. Себебі, өрт шыққанда оның нұсқаулығын оқып тұруға уақытыңыз болмайды;
От жағуға арналған сіріңке, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
Балаларыңызға Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттатыңыз:
Өрт сөндірушілер — 101
Полиция — 102
Жедел жәрдем — 103
Газ апатынан құтақру қызметі — 104
Құтқару қызметі — 109
2023 жылдың бірінші тоқсанында Түркістан облысының аумағында орын алған оқиғалар
1) Ағымдағы жылдың 12 қаңтар сағат 08:57 шамасында Сауран ауданы, Майдантал ауылынан 8 адам шығып, хабарсыз кеткен. Алайда, арадан біршама уақыт өткен соң сағат 09:21 шамасында хабарсыз кеткен 8 адам табылып, жұмылдырылған жеке құрам мен техника бөлімге қайтарылды.
2) Ағымдағы жылдың 24 ақпанында Бәйдібек ауданы, Жүзімдік ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан, Арыстанды өзенінің жағалық сағасын бойлап, аңшылыққа шығып жоғалып кеткен 1985 ж.т. Н.Б.Аймаханбетовке іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылды. Іздестіру-құтқару барысында арнайы сүңгуірлік құралдар мен қайықты қолдана отырып және де арнайы «су тырмасы» құралымен су түбін сүзу арқылы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 27 ақпан мен 6 наурыз аралығында тоқтаусыз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде а.ж. 6 наурыз күні сағат шамамен 11:45-те Н.Б.Аймаханбетовке ұқсас адам денесі табылып, судан шығарылып, Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлеріне сот-медициналық сараптама тағайындау үшін берілді. Сот-медициналық сараптама нәтижесінде табылған адам денесі Н.Б.Аймаханбетов екендігі анықталды.
3) Ағымдағы жылдың 3 наурыз сағат 13:00 шамасында Сарыағаш ауданы, Жібек жолы а/о, Қызылсарқырама е/м, Жаңа қоныс көшесі н/з үйдің тұрғыны 2011 ж.т. Ә.Б.Мұхамаджан үйінен белгісіз себептермен шығып кеткен. Алайда, а.ж. 4 наурыз шамамен сағат 12:35 сол ауылдың шетіндегі жылыжайдан тұрғындар тапқан.
4) Ағымдағы жылдың 17 наурызда Түлкібас ауданы, Еңбек ауылының маңында ағып жатқан Арыс өзеніне құлап кеткен 2018 ж.т. Н.Н.Серікке іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Іздестіру-құтқару барысында арнайы сүңгуірлік құралдар мен қайықты қолдана отырып және де арнайы құралдармен су түбін сүзу арқылы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 17-26 наурыз аралығында тоқтаусыз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде а.ж. 26 наурыз күні сағат 13:40-тар шамасында Н.Н.Серіктің денесі табылып, судан шығарылды.
5) Cонымен қатар, ағымдағы жылы 22 наурызында сағат 08:20-дан бастап Түлкібас ауданы, Еңбекші ауылы, Машат өзеніне суға батқан 2020 ж.т. Д.Д.Төребекті іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, сағат 09:10-дар шамасында суға кеткен баланың денесі табылып, судан шығарылды.
6) Ағымдағы жылдың 25 наурызда Түркістан қаласының маңынан ағып өтетін Арыс-Түркістан каналына абайсызда құлап кеткен 2012 ж.т. И.Б.Ескермеске іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Іздестіру-құтқару барысында арнайы сүңгуірлік құралдар мен қайықты қолдана отырып және де арнайы құралдармен су түбін сүзу арқылы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 29-30 наурыз аралығында тоқтаусыз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде а.ж. 30 наурыз күні сағат 10:10-дар шамасында И.Б.Ескерместің денесі табылып, судан шығарылды.
7) Ағымдағы жылдың 13 наурызда Ордабасы ауданы, Б.Исаханов ауылынан 13 шақырым жерден ағып өтетін Арыс каналына құлап кеткен 2017 жылы туған Б.Б.Айтуовқа іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Іздестіру-құтқару барысында арнайы сүңгуірлік құралдар мен қайықты қолдана отырып және де арнайы құралдармен су түбін сүзу арқылы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 13-28 наурыз аралығында тоқтаусыз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде а.ж. 28 наурыз күні сағат 13:55-тер шамасында Б.Б.Айтуовтың денесі табылып, судан шығарылды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат»