Аталған іс-шара аясында қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлеповтің төрағалығымен жиналыс өткізіліп, диктанттың мақсаты мен ұйымдастыру тәртібі түсіндірілді. Іс-шара барысында қатысушыларға халықтың қаржылық сауаттылығы мен мәдениетін арттыруға бағытталған қаржы пирамидалары мен алаяқтардың тұзағына түспеу жолдары және азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және құқықтық-қаржылық мәдениетті қалыптастыру түсіндірілді.
Диктантқа мектеп оқушылары мен колледж студенттері, педагогтар, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, қаржы саласының мамандары, сондай-ақ қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін азаматтар қатысты. Айта кетейік, қатысушылар онлайн платформада тіркеліп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап берді. 16 және одан көп дұрыс жауап берген азаматтар цифрлық дипломмен марапатталса, қалғандары арнайы сертификатқа ие болды. Диктанттың басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтық пен цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару, сондай-ақ қаржылық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.
Қаржылық сауаттылық: бұл не? Адамға жинақталған капиталын сақтауға және оны дұрыс пайдалануға көмектесетін білім жиынтығын қаржылық сауаттылық деп атайды. Егер жай сөзбен айтсақ, қаржылық сауаттылық адамға қолайлы өмір сүруге және жалақысы аз болса да, қажетті нәрсенің бәрін сатып ала алатындай ақшасын дұрыс басқаруға мүмкіндік береді.
Қаржылық сауатты адам деп кімді атауға болады? Ол – мынадай адам:
бюджетін жоспарлайтын, өз кірісі мен шығысы туралы нақты білетін;
ақшасын ақылға салынған шешімдер негізінде саналы түрде жұмсайтын, аяқастынан зат сатып алудан бас тартатын;
қауіпсіздік көпшігі бар, яғни қолында форс-мажор (мысалы, жұмысынан айырылу немесе жақын туысының ауыр дерті) жағдайында үйреншікті жайлылық деңгейі сақталатын сомасы бар;
қаржылық мақсаттары бар және осыны (демалыс, жаңа тұрғын үй сатып алу, ипотека ресімдеу және т.б.) ескере отырып, ақша жинайтын;
тұтынушы және салық төлеуші ретінде өз құқықтарын білетін;
алаяқтық схемалары туралы білетін, дербес деректер мен жинаған ақшасын қорғау әдістерін білетін.
Қаржылық сауаттылықтың «жоғары деңгейі» – нарықты зерттеу және оның құралдарын пайдалана алу, мысалы, инвестиция сала білу, аздап кіріс алып отыру. Қаржылық сауаттылықтың тек ересектер үшін ғана емес, балалар үшін де жақсы өмір сүрудің маңызды шарты екеніне назар аударыңыз. Бұл дағдылар балаға болашақта ақшамен дұрыс жұмыс істеуге көмектеседі. Қаржысын қалай басқаруды білетін балалар өздеріне сенімділігі артады. Бұл – олардың болашақтағы қаржылық еркіндігінің кепілі.Ересек адам үшін қаржылық сауаттылықты өзі үйреніп қана қоймай, сонымен бірге бұған баласын да тартуы маңызды.
Қаржылық сауатсыздықтың салдары қандай нәтижелерге алып келетіні белгілі. Жиған тергенін қаржылық пирамидаларға салып, алданып қалып жатқан жандар аз емес. Пирамида екенін қалай анықтауға болады? Қаржылық пирамида – бұл қалтағы түсудің түрлі жолын тапқан айлакерлердің табыс көзі, кәсібі. Пирамида екенін басында бірден аңғару қиын. Себебі, алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақыт бедеріне қарай бейімдеп, түрлендіріп келеді. Әйтсе де, өзгермейтін бір жүйе ол көпті құрғақ уәдесіне сендіріп, қолындағы қаржысын қымқырып кету.
Өзіңіз байланыс орнатқан ұйымның оңай пайданы көздеген мекеме емес екеніне былай көз жеткізуге болады дейді мамандар:мәселен, қатарға қосылған әр адамға ауқымды жобалар жайлы әңгімелеп, шет-шегі жоқ, сыйлықтар болатынын айтып сендіреді. Сонымен қатар, белгілі бір мөлшерде жарна салуын сұрайды. Салған қаржысын көп ұзамай бірнеше пайызбен еселеп қайтаратынына да уәде етеді. Сондай-ақ компанияға адам тартуды жүктейді. Сол арқылы пайдасының артатынын алға тартады. Кейіннен басқаларды сендіру үшін, алдынғы адамдарға белгілі бір пайызын береді. Алдындағылардың еңбексіз табыс тауып, жылдам ақшаға қол жеткізгенін көрген салымшы еріксіз компанияға адам тіркеуге кіріседі. Алдымен жақыны мен дос-жаранды төңіректейді. Оларға көзбен көргенін жеткізіп, шын мәнінде пайда табуға болады деп сендіріп бағады. Бірі үй аламын деп, енді бірі көлік мінемін деп ақшасын салса, тағы бірі несие алып береді. Ағайын-туыстың аузынан жырып берген қаржысын осылайша айлакердің қоржынына салады. Оңай ақшаға кенелемін деп жүргенде алаяққа алданып, көппен көңілі суысып, ағайынмен араға жік түседі.
Осындай жағдай орын алмас үшін, біріншіден салық басқармасына барып, немесе ғаламтор арқылы мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірін теріп тексеру қажет. Заң алдында тіркелген не тіркелмегеніне көз жеткізіп алу керек. Байқасақ, қаржысын еселеймін деп, қалтасынан қағылған қаншама жан бар қоғамда. Осындай қаржылық әрекеттің құрбаны болмас үшін, қаржылық сауаттылықты арттыру керек.
Дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Ал, қолда бар қаржыны қалай ұтымды жұмсауға болады? Бізде азаматтар ақшасын үнемдемейді, қаржылық сауаттылығы төмен болған соң, үлкен үстемелерге қарамай, құдды бір тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Ал, дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Сондықтан да бізде халықты осыған үйретуіміз керек дейді қаржы мамандары.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат