Семинарға облыстық мәдениет және туризм басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Темірханұлы мен мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Мадина Өтепова, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров пен ардагерлер алқасы, аудандық мәслихат депутаттары, аудан, қаладағы мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары қатысты. Семинарда сөз алған облыстық мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы: - Өткізіліп отырған семинардың маңыздылығы жоғары. Ономастикадағы өзекті мәселелерді қоғам болып талқылау үшін бас қосып отырмыз. Салаға қатысты ұсыныстарыңызды тыңдап, ескеруге дайынмын,-деді.
Алдымен бөлім басшысы Жанар Жұмабекованың ономастика бойынша жасалынған жұмыстардың есебі тыңдалды. Ономастика бойынша ауданда едәуір жұмыстар жасалынған. Екшелейтін болсақ, Сауран ауданында 12 ауылдық округ, 36 елді мекен бар. Он екі ауылдың атауы тарихи жер, су атауларымен аталады. 35 елді мекеннің 5-і кісі есімімен аталса, 28-і тарихи жер, су атауларымен аталады. Аудан бойынша 510 көше бар. Олардың 345-і кісі есімімен, 165-і тарихи жер су атауларымен аталады. Бөлім басшысының айтуынша 2022 жылы 21 атауы жоқ көшеге атау берілген. Үкімет қаулысына сәйкес 12 мектептің атауы ауыстырылған. Өткен жылы Ескі Иқан ауылдық округіне қарасты бір елді мекен құрылып, елді мекенге "Мәшһүр Жүсіп" атауы берілді. Жібек жолы ауылдық округіне қарасты идеологиялық атауы ескірген "30 разъезд" деп аталатын елді мекенге "Ескі Сауран" атауы берілді. Сонымен қатар, Жанар Жаңабекқызы есептік баяндамасында жаңадан 2 елді мекен құрып, атауын беру, тағы 15 атауы жоқ көшелерге атау беру мен 9 мнктептің атауын қайта ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Баяндамадан кейін салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметовтың айтуынша ономастика тек тарихи жер су атауларын берумен ғана айналысу қажет. Тарихи сананы жаңғыртуға басты міндет алда тұру қажеттігін тілге тиек етті. Көшеге кісі атауын беруде де абай болған жөн. Сонымен қатар, жеке коммерциялық нысандардың атаулары да көңіл көншітпейді. Ардагерлер алқасынан түскен ұсыныстың бірі осы мәселе болды. Жеке кәсіпкердің алдымен қазақ тіліне деген құрметі болуы қажет. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов басқарма тарапынан осы мәселе қадағаланса деген ұсыныстарын айтты.
Аудан әкімінің орынбасары семинарды ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Жаңадан құрылған ауданда ономастикалық жұмыстар қарқынды жүргізілетінін жеткізді. -Алдағы уақытта аудан орталығында жаңа нысандар бой көтеріп, жаңа көшелер салынады. Байырғы Сауран қалашығын билеген хандар мен билердің аттары берілуі мүмкін. Қоғамның талқысына саламыз, - деді Мақсат Асылбекұлы. Семинар соңы қызу пікірталаспен жалғасты. Көкейде жүрген сұрақтарын, қойып, тиісінше жауаптарын алды. Ұсыныстар ескерусіз қалмайды. Көтерілген өзекті мәселелерге ден қойылатын болады деді ұйымдастырушылар.
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екеніне назар аудара келіп: «Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», деді.
Мемлекет басшысының бұл тұжырымы – қазіргі кезде ономастика саласында қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделеудің нәтижесінде дер кезінде қабылданған әрі көпшілік көкейіндегіні дөп басқан шешім. Себебі аталған салада әркім «өз бетінше түйе айдап» жүргені, кейбір қолында билігі мен байлығы бар ағайындардың айрықша атсалысуымен «қолдан жасалған тарихи қаһармандардың» көпшілік енді ғана естіп жатқан есімдерін көшелер мен елді мекендерге беру «дәстүрі» әлі де жалғасып келе жатқаны белгілі. Осы орайда Президент: «Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет», деп нақты да нығарлай айтты. Бұған қоса, қолданыстағы заңнама, әсіресе еліміздің теріскей өңірлерінде ономастиканың өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге мүмкіндік бермей тұрғаны анық. Сондықтан да Мемлекет басшысы ұсынғандай, ономастика саласындағы келеңсіз көріністердің түп-тамырына түпкілікті балта шабу және ұзақ жылдар бойы түйіні тарқатылмай келе жатқан маңызды проблемаларды шешу үшін бұл іс кешенді де дәйекті түрде бір орталықтан атқарылғаны жөн.
Жер тарихы – ел тарихы. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, тағдыры, танымы сол халық қойған елді мекен, жер-су атауларында жатыр. Халық берген әрбір атау – сол жердің тарихи құжаты, халықтың жады, атадан балаға қалған рухани мұрасы. Ономастика бойына ұлтымыздың рухани құндылықтары мен ізгі мұраттарын жинақтаған тіліміздің, жалпы ұлттық мәдени кеңестігіміздің мазмұнға бай маңызды бөлігі.
Қазақ елінің жер-су атауларының барлығы ата-бабаларымыздың әлеуметтік өмірінен, халқымыздың рухани өресі мен философиясынан тікелей хабар береді. Бұл атауларда жатқан ұлттың тарихы мен салт-дәстүрі, ата-бабамыздың ұлттық танымы туралы құнды мәліметтер өскелең ұрпақтың туған өлкесіне қатысты білімі мен дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырады.
Ономастика – тәуелсіз еліміз үшін жас, жаңа ғылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында: «Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты иә белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі ескерілуі керек» – деп аталған сала да шешімін таппаған мәселенің шаш етектен екенін алға тартты.
Иә, шынымен де соңғы жылдары еліміздеелді мекен, әсіресе, көшелер атауларын өзгерту кезінде көпке танымал емес жекелеген кісі есімдерін беруге ұмтылушылық белең алды. Міне, осы кемшілікті ескере отырып, бүгінгі күні біздеономастика мәселелерін байыпты шешуді қамтамасыз ету мақсатында ұмыт қалған тарихи-географиялық атаулар, еліміздің ірі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімін беру туралы шаралар қолға алынуда.
Ономастикалық бірліктер – әр халықтың тарихи-мәдени ұлы мұрасын өз бойында «ғаламның тілдік бейнесі» негізінде сақтаушы, жеткізуші және танытушы қазына. Себебі, жер-су атауларының мазмұнында халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани және мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы, салт-санасы, тағы басқа құндылықтары айшықталған.
Бұл туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Жер – анасы, ел – баласы деуге болады. Ел айтқан әңгімені ел мекені, ел бесігі жер де айтады. Көз жіберсең, көңіл тоқтатсаң, тыңдап көрсең көпті айтады... алдымыздағы, айналамыздағы көп өзен, өлке, қойтас, қырқа, бұлақ, шалғын – барлығы да қазақ халқына сүйікті, қымбат болған көп-көп өлеңнің туған ұя, тербелген бесігіндей. Жер әңгімеші, жер әңгімеші болған соң – ел әңгімеші» деп бекерге айтпаған.
Сондықтан да жер әңгімесін тыңдап, атамекеніміздің табиғатын аялап, оның біздерге жеткізген мұрасын көздің қарашығындай сақтап, игілікке жарата білейік.Мемлекеттік тіл төңірегіндегі мәселелер біздің ұлтжандылығымызға, намысшылдығымызға үлкен міндет жүктеп, ынтымақ пен берекеге үндейді. Әр уақыт осы мақсат биігінен көріну – біздің зор азаматтық парызымыз.
Әрине, еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында ономастика саласында сең орнынан қозғалғандай серпіліс жасалып, бірталай іс тындырылғанын бекерге шығаруға болмайды. Елді мекендер мен көшелердің жаңа заман талабына сай келмейтін атауларының бірсыпырасы өзгертіліп, қазақшаланды. Соның ішінде кеңес заманында коммунистік идеология ерекше үстемдік құрған солтүстік және шығыс өңірлер – Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар ауданы мен қаласының коммунистік атаулары ауыстырылды. Әйткенмен, бұл іс кейін заңнаманың өзгертілуіне байланысты тығырыққа тіреліп, көптеген елді мекеннің патшалық отарлау және кеңестік тың көтеру кезінде берілген ескі атаулары әлі күнге сақталып қалып отыр.
Елді мекендер атауларының өзгертілмеуінің екінші себебі – қолданыстағы заңнамада. Өйткені бір кезде ономастика мәселелерін жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар елді мекендер тұрғындарының пікірін сұрамай-ақ, өздері бірлесіп шеше-тін. Мұның аяғы қазағы қалың өңірлерде шенеуніктер мен оларға ықпалы жүретін бай-бағландардың «атасының атына – ауыл, көкесінің атына – көше беруіне» әкеліп соққаны мәлім. Осыған орай, 2013 жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің атауларын ауыстыру үшін тиісті аумақ халқының пікірін сұрау міндеттелді. Алайда бұл өзгеріс солтүстік өңірлердегі орыстілді тұрғындар көбірек қоныстанған елді мекендердің күні өткен атауларын жаңартуда үлкен кедергі тудырып отыр. Шынтуайтында, мұндай елді мекендер атауларын өзгерту үшін тұрғындар жиналысын өткізіп, оларды өзара пікірсайысқа түсіріп, екіге жару этносаралық татулыққа сызат түсіретін теріс факторға айналды. Ономастика саласында бітпес дауға бастаған «Дайрабайдың көк сиыры», міне, осы болып тұр. Демек, ономастика саласындағы түйіндерді тарқату үшін аталған заңды қайтадан қарау керек. Сөйтіп, Ата заңда Қазақстан – байырғы қазақ жерiнде құрылған, біртұтас мемлекет екені атап көрсетілгенін ескере отырып, ономастика мәселелерін бір орталықтан шешу шараларын заңдастыру қажет.
«AQ-QARA.KZ»