Жұма, 09 Маусым 2023 23:11

Ордабасы ауданында суға шомылу кезіндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша рейд өткізілді

Ордабасы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және №8 ӨСБ қызметкерлері, Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері, Жедел құтқару жасағы №3 құтқару бөлімшесімен бірігіп, рейдтік іс-шара өткізілді.

Іс-шара барысында демалушыларға «Суда шомылу кезіндегі, от жағу кезіндегі орман-дала өрттері,«Арыс» өзеніндегітыйым салынған жерлерге барып суға шомылу кезіндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу және адам өлімін болдырмау мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өзен жағалауында және түрлі демалыс орындарында демалушылар мен кәмелет жасқа толмаған жас өспірімдермен, ата-аналарға суда шомылу ережелерін қатаң сақтау керектігі туралы айтылып, арнайы жадынамалар таратылды.

Жазғы шілде басталмай жатып Түркістан облысында күн қатты ысып кеткені белгілі. Бүгіндері адамдар еңбек демалыстарына шығып, жастың да, кәрінің де су жағасына барып,  балаларымен, достарымен бірге табиғат аясында серуендеуге бет алады.  Су жағалауларында күнге қыздырынып, демалып, суға шомылып, ыстық құмға «пісу», салқын суға шомылғысы келетіні, суға түсудің жанға сондай жайлы екені анық. Алайда, адамдардың суда қауіпсіздік ережелері мен шараларын сақтамауы, жас балалардың суға шомыла білмеуі, мас күйінде суға шомылу орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады.

Суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында  қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында  Ордабасы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жоғарыда айтып өткеніміздей, Арыс өзені бойында рейд жүргізу және барлық су айдындарының жағасын аралау секілді профилактикалық іс-шараларды күн сайын жүргізуде. Және де аудан тұрғындары мен қонақтарына төмендегідей қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:

Жалпы суда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері:

- Ең алдымен рұқсат етілген жерлерде ғана шомылыңыз.

- Шомылатын орынға тыйым салынбағанын тексеріңіз.

- Шомылатын орынның тереңдігін біліп алыңыз.

-Тамақтанып болғаннан соң бірден суға беттемеңіз.

-Су ішінде алысып ойнамаңыз.

-Еш уақытта қараңғы уақытта, сондай-ақ, масайған күйінде шомылмаңыз.

-Егер жалғыз шомылсаңыз, жақсылап ой таразысына салыңыз, төтенше жағдай бола қалса, сізге кім көмектесетінін ойлаңыз.

- Тым ұзақ шомылмаңыз, тоңып қалуға дейін жеткізбеңіз, аяқ – қолыңыздың тырыспауын қадағалаңыз;

-Қоршау белгілерінен алыстап кетпеңіз.

-Шомылу кезінде судың суық болмауын байқаңыз. Себебі, суық суда тоңудың әсерінен өлім саны көп болады. Суық суға түскен адам 10 – 30 минутта суық өтіп қайтыс болады. Организмнің тез салқындауы ашыққан кезде, тым тойынған кезде, шаршаған кезде және адамның мас күйінде болады.

-Балаларға көңіл бөліңіз, үлкендердің қарауынсыз жеке қалдырмаңыз, шомыла білмейтін балаларды суға мүлдем жақындатпаңыз.

Суға бату-суға батқан адамдардың демалу жолдарына сұйықтықтың толып қалуының нәтижесінде демалу бұзылып, тұншығудың болуы. Зардап шеккен адамның терісі бозарады, беті мен ерні қарайып кетеді, дем алмайды, тамыр соғуы өте әлсіз болып (немесе мүлдем болмайды), аузы мен мұрын қуыстарында көпіршіктер ағады. Бұл кезде зардап шеккенді қараусыз қалдыруға болмайды. Кез келген  сәтте жүрегі тоқтап қалуы немесе бас миының және өкпесінің ісінуі өршіп кетуі мүмкін.

Зардап шеккен адамға көмек көрсетерде өз қауіпсіздігіңізді естен шығармаңыз. Сабыр сақтап, егер суға кетуші су бетінде болса, онда оны артқы жағынан ұстау қажет. Ал суға кетсе судың астынан іздеп, шашынан не қолынан тартып, су бетіне шығару керек. Өзіңіз не айналадағылардан  «Жедел жәрдем», яғни «103-ті» шақыртыңыз. Алғашқы медициналық көмекті 4-5 минут ішінде көрсетіп үлгеру керек.  Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсету мүмкіндігінше тездетіп оттегі жеткіліксіздігін қалпына келтіруден тұрады.

«Су - тілсіз жау». Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы - суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.Осы айтылған барлық қауіпсіздік шаралары мен ережелерін  қатаң сақтайтын болсаңыздар, өздеріңізді, барлық жақындарыңыз бен достарыңызды қауіп-қатерден аман алып қала аласыз. «Өз өмірің өз қолыңда» екенін ешқашан естен шығармаңыз.

Демалыс аймағында өрттің алдын алу жолдары

Қалай десек те жылдың ыстық мезгілі келді. Тұрғындар демалыс үшін табиғатқа шыға бастады. Алайда оларға табиғатта өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салып отырудың артықтығы жоқ дейді ордабасылық төтеншеліктер. От үлкен зиян келтіреді, кейде одан келетін шығынды есептеп шығу мүмкін емес, бірақ адам өмірі баға жетпес және ешқашан қалпына келмейді. Дала немесе орман өрттері жиі орын алатын себептердің бірі отты абайсыз қолдану болып табылады дейді мамандар.

Ордабасылық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының айтуынша, табиғатта демалу кезінде от жағуға, мангал жағуға тыйым салынады. «Сөндірілмеген от немесе шыны бөтелке өрт болуына себепшіл. Көптеген адамдар демалғаннан кейін табиғатты сақтамайды, шашыраңқы бөтелкелер, пакеттер, қағаздар және басқа да қоқыстар, сөндірілмеген от қалдырады, ал от жағу үшін ағаштардың жасыл бұтақтарын кесіп тастайды деп айтқым келеді. Демалыс орнынан кеткен кезде өшпеген отты сумен құйып тастау керек немесе топырақпен көміп тастау керек.Шыны, пластикалық бөтелкелер, консервілер, қоқысты өзіңізбен бірге алып кету керек немесе көміп тастау керек. Мұны балаларыңызға көрсетіңіз, олар өз кезегінде балаларына үйретеді» - дейді олар.

Өрт шыққан жағдайда дереу мемлекеттік өртке қарсы қызметті шақырудың "101" телефонына қоңырау шалыңыз. Сіздің уақтылы қоңырауыңыз үлкен өрттің алдын алады, біреудің өмірін сақтайды.

Орман – жер бетіндегі табиғи қорлардың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір типі. Құрамында бір-біріне жақын өскен ағаштардың бірнеше түрлері қатар өсіп, аймаққа әр беріп тұратын табиғи кешен. Адамдарға емдік әсер ететін, күші мен қайратын қалпына келтіретін, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің әртүрлілігінен эстетикалық ләззат алуға мүмкіндік беретін денсаулық қоймасы. Жасыл желек арасында, қаланың қапырығы мен шаңы, мазаны алар шуы жоқ таза ауада, кеудені керіп дем алуға болады. Гүл мен шөптің жұпар иісін жұтып, құстардың сайраған дауысын тыңдап, табиғаттың сұлулығына тамсанамыз. Ал, осы кереметтің бәрі бір сәтте өртпен аяусыз жойылуы мүмкін.

Орман өрті – абайсызда жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан, ауа температурасының өте жоғары болуынан пайда болады. Сондай-ақ, кейбір азаматтардың табиғат аясындағы демалыс кезінде жаққан бақылаусыз қалған от алауларының толық өшірілмеуі, сөнбеген темекі қалдықтары, құрғақ шөптің маңайында қалған шыны бөтелкелердің әсерінен де тұтанады. Көбінесе құрғақшылық кезеңдерде, ерте көктем мен күз мезгілінің аралығында пайда болатын апат.

Сондай-ақ, мемлекеттік орман қоры жерлерімен іргелес орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын егістік алқаптардағы жанатын өрттердің бақылаусыз қалуынанда өрт пайда болады.

Бұл өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің азаюына және жойылуына әсерін тигізеді. Ағаш қорын кемітумен қатар, оның өсуін нашарлатады. Жалын шарпыған ағаш қурайды, жел, дауылда сынғыш келеді. Өрт желдің күшіне, бағытына қарай өршиді.

Орманда пайда болған отты сөндіру үшін көбіне табиғи кедергілер – өзен, жыра, батпақ, жол және орманды, тоғайлы алқаптарда арнайы жүргізілген минералды жолақтар пайдаланылады. Өрт қаупі бар маусымдарда орман саласына қатысты мекемелерде арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылып, өрттің алдын алу шаралары жүргізіледі.

Табиғат аясындағы демалыста және басқа да уақыттарда өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек. Өрт оқиғасы байқалған жағдайларда құзырлы органдарға ертерек хабарлап, оның кең көлемде таралмауына ықпал жасауды әрбір азаматтың табиғат алдындағы міндеті екенін назарда ұстаған жөн.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат»

Оқылды 343 рет