Дүйсенбі, 04 Мамыр 2026 11:06

Түркістан облысы: Нұралхан Көшеров «Қазқайтажаңарту» мекемесінің басшысымен кездесті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Олжас Шарияздановпен және аталған кәсіпорынның Тараз филиалының директоры Нуртулла Бекбергеновпен кездесті.

Кездесу барысында Сауран қалашығы аумағында орналасқан қос мұнара жобасы талқыланды. Тарихи мұнараларды дәл сол заманғы технологиямен қайта қалпына келтіру мәселесі көтерілді. Облыс әкімі тарихи ескерткіштерді қорғау, туризмді дамыту маңызды іс екеніне тоқталды.  – Түркістан – киелі орындар мен тарихи ескерткіштерге бай өлке. Осы мұраны ұтымды пайдалану, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және туризм саласын дамыту – бізге жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін Түркістан облысынан бірқатар көне қалашықтар ұсынылды. Атап айтқанда, Күлтөбе, Отырар және Сауран қалашықтары халықаралық деңгейде танылып отыр. Бұл бастама өңірдің тарихи маңызын арттырып қана қоймай, туристік әлеуетін де жаңа деңгейге көтереді, – деді Нұралхан Көшеров.

«Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Олжас Шариязданов Сауран қалашығы мен осы аумақтағы тербелмелі қос мұнараға байланысты ұсыныстарын жеткізді. Дәлірек айтсақ, нысанды ғылыми және тарихи негізде қалпына келтіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Сауран қалашығының тарихи-мәдени құндылығын арттырып қана қоймай, оның туристік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сонымен қатар тарихи ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, оларды қорғау талаптарын қатаң сақтау қажеттігі де айтылды.  Кездесу барысында қос тарап жобаларды жан-жақты зерделеу жөнінде уағдаласты.

Жалпы, Сауран қалашығы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 44 км жерде орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Координаттары: 43˚31.106΄, 067˚46.337΄. Бұл кейінгі ортағасырлық Сауран қаласы осыдан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан ерте ортағасырлық Қаратөбе-Сауран (IV-XIVғғ.) қаласының өмірін жалғастырған қала.Сауран туралы алғашқы жазба деректер Х ғасырдың І-жартысына жатады. Ол туралы әл-Истахри («Книга путей стран») және әл-Макдиси хабарлаған. Одан кейін 976 жылы жазылған араб географы ибн Хаукалдың еңбектерінде және «Худуд-ал-алам» (Хғ.) анонимдік географиялық шығармаларында кездеседі. ХІІІғ. шығармаларынан армян патшасы Гетум І-нің жолжазбасында, ибн  әл-Асирдің және Якуттің («Словарь стран») еңбектерінде  аталынған. Бұл еңбектер негізінен Қаратөбе-Сауран (IV-XIVғғ.) қалашығы тарихына қатысты.

XV-XVIғғ. жазба деректерінде Сауран туралы көптеген жазбалар кездестіруге болады. Ол туралы XVғ. басы мен І-жартысындағы —  Му΄ин ад-дин Натанзиде («Аноним Искандера»), «Таварих-и гузида-ий нусрат-намеде», Молла Шадидің «Фатх-намесінде», Камал  ад-дин  Бинаидің «Шайбани-намесінде» және XVIғ. Рузбихан Исфаханидің «Михман наме-ий Бухарасында», Зайн ад-дина Васифидің «Бидаи΄ ал-вакаи΄»,  Хафиз Таныштың «Шараф-наме-ий шахи» еңбектерінде айтылады. Орыс деректерінде Сауран туралы алғашқы жазбалар XVIIғ. жатады. Ортағасырлық деректердегі мәліметтерге сүйенсек Xғ. Сауран 7 қамал қорғанымен қоршалған, рабады қала қабырғаларының ішінде орналасқан. Сауран қыпшақтарға қарсы салынған оғыздардың шекаралық қаласы (қамал) болған. XIIIғ. басында тағы да, «Испиджабпен қатар харадж төлемейтін», шекаралық қала, ал XIIIғ. ортасында үлкен қала ретінде айтылады. XIVғ. деректерінде Сауран Ақ Орданың құрамындағы (кейде астанасы) қала ретінде  аталады. ал, XV- XVIғғ. авторлардың еңбектерінде қазақ хандығы мен шайбанидтердің Түркістандағы билік үшін күресіне байланысты әңгіме болады.

Қазіргі таңда кейінгі Сауран қаласы  солтүстіктен оңтүстікке қарай 850м, шығыстан батысқа қарай 660м созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3- 6 метрге дейін жетеді. Оған солтүстік және оңтүстікте беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360м. Қамал қабырғалары 2-3мертлік стилобатқа (топырақ жал) кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында – биіктігі 6м. Қамалдың сыртынан тереңдігі 4-5м, ені 15-20м., болатын ор қазылған. Қаланың құлдырауы Сырдария өңірінің қалаларындағыдай XVIIғ. 80-жылдарынан басталады. XVIIIғ. ортасында П.И.Рычков Сауран туралы «Түркістан маңындағы кішігірім мекен» — деп жазады. XIXғ. І-жартысында қала толығымен өмірін тоқтатады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 65 рет Соңғы рет өзгертілді: Сәрсенбі, 13 Мамыр 2026 14:14