Жұма, 01 Тамыз 2025 17:05

Созақ көтерілісінің 95 жылдығына арналған тарихи-танымдық шара ұйымдастырылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Созақ аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Созақ көтерілісінің 95 жылдығына арналған «Созақ көтерілісі — батырлық пен бірліктің символы» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті.

Жиынды Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы ашып, халқымыздың азаттығы жолында жанын қиған ерлердің ерлігін ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол бұл шара өңір тарихына құрмет көрсетіп, ұмыт қалған ұлы тұлғаларды насихаттаудың жарқын көрінісі екенін атап өтті.

Іс-шара барысында «Созақ көтерілісі – тарихтың таңбасында» атты бейнеролик көрсетіліп, онда 1930 жылғы көтерілістің себептері мен қаһармандары жайлы деректер ұсынылды. Ақын, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Созақ үні» газетінің бас редакторы Мақсат Жеңісұлы арнайы баяндама жасап, көтерілістің шығу тарихы мен ұлт тарихындағы орнын кеңінен ашып көрсетті. Сондай-ақ, шарада көтеріліс куәгерлерінің ұрпақтары мен ауыл ақсақалдары Болат Искаков, Ізбасар Қуанышов, Бекполат Сегізбаев тарихи оқиғаның ел жадындағы орны туралы естеліктерімен бөлісті. Олар жастарды өткеннен тағылым алып, бірлікті сақтауға шақырды.

Аудандық өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Мухамеджан Бабаев пен аудандық мәслихат депутаты Жәдігер Әлібеков көтеріліс ерлерінің ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Іс-шараны Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Хантөреқызы қорытындылап, Созақ көтерілісінің тағылымын ұрпақ санасында сақтау қажеттігін айтты. Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұржамал Әбілжанқызы да көтерілістің саяси мәнін атап өтіп, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 186 рет