– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде.Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанның құрылысы басталып, бүгінгі таңда 102-нің құрылысы аяқталуда. Қалғаны 2026 жылғы өтпелі. Бүгін ашылып отырған нысан стандарттарға сай әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Спорт нысаны бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен бірге бокс, күрес спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жаңа нысан Жетісай ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осы ретте бүгінгі нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт нысанынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде үстел теннисі қарқынды дамып жатқанын айтты. Жетісайдағы спорт нысанынан чемпиондар шығарына сенім білдірді. Облыс әкімі спорт нысанын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Сайыпқырандарға сәттілік тіледі. Асықата кентіндегі 1 гектар аумақта орналасқан, құны 1 млрд теңгені құрайтын орталықта бір мезетте 200 адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, 30 орындық жатақхана мен асхана орналастырылған. Барлық талаптарға сай салынған ғимаратта енді республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізуге болады.
Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың намысын айқындайтын саланы дамыту мақсатында 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлер есебінен 5 спорт нысаны бой көтерген. Ал, өткен жылы мемлекет қаржысына – 6, жеке инвестиция есебінен 4 спорт нысаны қолданысқа берілген. Биыл жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Қазіргі таңда көптеген елді мекендерде спорт алаңдарының жетіспеуі тұрғындардың дене белсенділігіне кедергі келтіреді. Ал спорт нысандары көбейген жағдайда әрбір азамат, әсіресе балалар мен жастар, өз тұрғылықты жеріне жақын маңда спортпен айналысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл спортты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға жол ашады. Спорт нысандарының көбеюі халық денсаулығын нығайтуда маңызды рөл атқарады. Жүйелі түрде спортпен айналысатын адамдар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары, семіздік, қант диабеті сияқты дерттер сирек кездеседі. Ашық және жабық спорт алаңдарының қолжетімді болуы тұрғындарды белсенді өмір салтына тартып, аурудың алдын алуға ықпал етеді. Нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме де азаяды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін спорт нысандарының маңызы зор. Мектеп маңында немесе елді мекендерде салынған спорт алаңдары жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Спортпен айналысқан жасөспірім тәртіпті, жауапкершілікті және мақсатқа ұмтылғыш болып қалыптасады. Сонымен қатар спорт нысандарының көп болуы жастарды зиянды әдеттерден, құқық бұзушылықтан және әлеуметтік теріс қылықтардан сақтаудың тиімді құралы болып табылады.
Спорт нысандарын көбейту әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайту арқылы ауыл тұрғындарына да сапалы спорттық жағдай жасауға болады. Ауылдық жерлерде салынған қарапайым спорт алаңдарының өзі тұрғындардың дене белсенділігін арттырып, қоғамның әлеуметтік өмірін жандандырады. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сапасын жақсартуға әсер етеді.Экономикалық тұрғыдан алғанда, спорт нысандарының көбеюі де пайдалы. Жаңа спорт кешендерінің салынуы құрылыс саласының дамуына серпін беріп, жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар спорттық іс-шаралар, жарыстар мен турнирлер өткізу арқылы өңірдің туристік тартымдылығы артады. Спорт индустриясының дамуы шағын және орта бизнестің өркендеуіне де мүмкіндік береді. Спорт нысандары кәсіби спорттың дамуына да жол ашады. Заманауи талаптарға сай салынған стадиондар мен спорт кешендері болашақ чемпиондарды даярлауға мүмкіндік береді. Дарынды спортшылардың қабілетін ерте анықтап, жүйелі түрде жаттықтыру арқылы елдің халықаралық ареналардағы жетістігін арттыруға болады. Бұл мемлекет беделінің көтерілуіне және жастардың спортқа деген қызығушылығының артуына ықпал етеді.
Сонымен қатар спорт нысандары қоғамдық өмірдің орталығына айналады. Мұндай орындарда бұқаралық спорттық шаралар, отбасылық жарыстар, денсаулық фестивальдері өткізіліп, тұрғындар арасында бірлік пен татулық нығаяды. Ашық спорт алаңдары адамдарды біріктіріп, қоғамда белсенді әрі сергек орта қалыптастырады. Қорытындылай келе, спорт нысандарын көбейту – халық денсаулығын нығайтудың, жастарды тәрбиелеудің және қоғамды дамытуының тиімді жолы. Қолжетімді әрі сапалы спорт инфрақұрылымы салауатты ұлт қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан спорт нысандарын салу мен дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беруге тиіс, ал әрбір азаматты спортпен шұғылдануға ынталандыру – ортақ міндет.
Түркістан облысында дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі «Жол Картасы» облыс әкімімен әзірленіп, бекітілді. Жол Картада спорт саласының негізгі 3 бағыты қамтылған. Атап айтқанда, бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды дамыту, спорт резервін қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортын дамыту бағыты. Биылғы жылдың 10 айында дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып халықтың 42,4%-ын құрады (2025 ж. жоспар 42,5%). Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп 32,9%-ды құрады (2025 ж. жоспар 33%).
Спортпен шұғылданушыларды арттыру бағытында 2025 жылға мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 млрд 400 мың теңге бөлініп, 167 өнім берушіде 24 480 бала шұғылдануда. Облыста 101 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұлғалар бар, оның ішінде спортпен және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 44 мың адам, соның 6 мың 800 немесе 15,5%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады (2025 ж. жоспар 15%). Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғындары спортпен шұғылдануда. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында жыл басынан бері облыс аумағында 3 200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5%-ға өскен. Бүгінгі таңда бұқаралық спорттың танымалдығын арттыру мақсатында Түркістан қаласында республикалық деңгейдегі кешенді жарыстар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек Кубогы» республикалық спартакиадасы өтіп, 2000-нан астам студент қатысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы» және «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай жүгіруден «Бірлік жарысы» өтіп, 6 мыңнан астам адам қамтылды. Жоғары оқу орындары арасындағы ХІІІ жазғы Универсиада ойындары өткізіліп, 79 оқу орнынан 4 мыңнан астам студент қатысты. Футболдан әуесқой командалар арасында тұңғыш рет Түркістан облысының чемпионаты ұйымдастырылып 186 командадан 3,3 мыңға жуық ойыншы тартылды. Бұқаралық спортты насихаттауға демеушілер де тартылуда.
Облыс аумағында демеушілер есебінен жүлде қоры 124,2 млн теңгені құрайтын (халықаралық, республикалық және облыстық, жаппай көкпар 241 іс-шара тізбесі бекітіліп, бұған 35 мыңға жуық спортшыны тарту жоспарланды. 10 айдың қорытындысымен 186 спорттық іс-шара өткізіліп, 27 мыңға жуық спортшы тартылды. Атап айтқанда, «Халық» қайырылымдық қоры» демеушілігімен «Ауыл спорт» ойындары, облыстық мәслихат демеушілігімен кіші футболдан депутаттар арасындағы облыс чемпионаты, «Түркістан Марафон-2025» іс-шаралары ұйымдастырылып, өткізілді. Түркістан марафонына 3 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде: 19 елден келген 368 шетел азаматы. Одан бөлек, 2025 жылғы қыркүйек айында Алматы облысында өткен «Ақ бидай» республикалық VІІІ ауыл спорты ойындарында Түркістан облысы жеңімпаз атанды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат