Кеңес жұмысына Түркістан облыстық су спорты мектебінің директоры Денис Жарменов те қатысып, өңір спортының дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді. Мемлекеттік жаттықтырушы Даулет Сұлтанбеков кеңес барысында маңызды жаңалықты хабарлады. Оның айтуынша, 2026 жылы академиялық есу бойынша ел біріншілігінің алты чемпионатының төртеуі – сәуір, маусым, шілде және қыркүйек айларында Түркістан қаласындағы Олимпиадалық стандартқа сай есу арнасында өтеді. Сонымен қатар 2026 жылы Түркістан есу каналында байдарка және каноэ есуден бес негізгі Қазақстан чемпионаты (наурыз, сәуір, мамыр, маусым және қыркүйек айларында), сондай-ақ параканоэ бойынша Қазақстан чемпионаты (қыркүйек) ұйымдастырылады.
Ал 2026 жылдың 4-7 маусым күндері Түркістан алғаш рет байдарка және каноэда есуден U18 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатын, сондай-ақ параканоэ бойынша Азия чемпионатын қабылдайды. Бұл – ел тарихында тұңғыш рет өтетін бірегей спорттық оқиғалар.Триатлон федерациясы да 2026 жылға жоспарланған жарыстар тізіміне Түркістанды енгізіп отыр. Мамыр айында Қазақстан чемпионаты, ал тамызда Азия кубогы Түркістан есу арнасында өтеді. Қорытындылай келе, 2026 жылы Түркістан есу каналы Қазақстанның 11 чемпионатын, Азияның 2 чемпионатын (U18/U23), параканоэ чемпионатын, Азия кубогын қабылдайды.
Естеріңізге сала кетсек, биыл қыркүйек айында Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі жаңа спорттық нысан – «Ескек есу» арнасы пайдалануға берілген болатын. 100 гектар аумақта орналасқан кешен Орта Азиядағы теңдесі жоқ спорт және демалыс орталықтарының біріне айналмақ. Жаңа арна академиялық ескек есу, байдарка және каноэ спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, нысан қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орны ретінде де қызмет атқарады. Заманауи ландшафт дизайнымен жасалған жағалауда серуен аймақтары, веложолдар, демалыс алаңдары қарастырылған.Арна халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Ұзындығы – 2222 метр, ені – 260 метр, тереңдігі – 4 метр. Кешен автоматтандырылған жүйемен жабдықталған, 1000 орындық трибунасы, спортшыларға арналған жатақхана және қонақүйі бар. Сондай-ақ арна қаланың жасыл белдеуін суғаруға арналған ирригациялық жүйемен қамтамасыз етеді. Мұнда спорттың алты түрінен 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде дайындалады деп жоспарланған.
Арнада Азия және әлем чемпионаттарын өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар жыл бойы оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға жағдай жасалған. Мамандардың айтуынша, бұл жоба Түркістан қаласының туризмін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және спорттың бұқаралық сипат алуына үлкен үлес қоспақ. Халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндік беретін нысан өңір спортшыларының кәсіби шеберлігін шыңдауға да септігін тигізеді. Жаңа кешен Түркістанды тек тарихи-мәдени орталық қана емес, заманауи спорт пен туризмнің хабына айналдыруға бағытталған маңызды қадам саналады.
Осы тұста Түркістан облысындағы спорт саласының дамуы туралы да азды-көпті айта кетсек. Таяуда ғана Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кеңейтілген мәжілісі ұйымдастырылған болатын. Кездесуде 2025–2026 оқу жылына дайындық барысы және өңір спортының дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланған-ды. Жиынға басқарма басшысы Ғалымжан Худияров төрағалық етіп, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Басқосу барысында жоғары спорт жетістіктерін дамыту және мемлекеттік қызметтерді көрсету бөлімінің басшысы Жандос Керімбеков өңірдегі спорт саласының қазіргі ахуалы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста 101 мемлекеттік және 180 жеке спорт ұйымы жұмыс істейді, 92 мыңнан астам спортшы 63 спорт түрімен тегін шұғылдануда.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында спорт түрлерін дамытуға 708 миллион теңге бөлініп, оның басым бөлігі олимпиадалық спорт түрлеріне бағытталды. Биылғы жартыжылдықта облыс спортшылары әлемдік, құрлықтық және республикалық чемпионаттарда 909 медаль жеңіп алды. Аймақтағы 3540 спорт нысанының 86 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Жыл соңына дейін 54 жаңа спорт нысанының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Кеңесте мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 24 мың баланың тегін спорт секцияларына қатысып жүргені айтылды. Бұқаралық спорт пен инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Самат Үскенбаев көкпар ойындарын ұйымдастыру кезінде тіркелген тәртіп бұзушылықтарға тоқталып, алдын алу шараларын түсіндірді. Жиында қаржыландыру және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Маржан Қуанышева 2026 жылға арналған бюджеттік өтінімдер мен спорт мектептеріндегі қаржының тиімді игерілуі жөнінде баяндама жасап, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктегені белгілі. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Былтыр облыста 11 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы», Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені,«Ескек есу» арнасыпайдалануға беріліп, спортшылар тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау.
Жалпы, елімізде, соның ішінде Түркістан қаласында да спорт саласы, соның ішінде бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 6 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар. Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр. Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. Спорт — мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін көрсеткіш. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, жиырма жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.
Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.
Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба жемқорлардың жемсауында кетпес үшін барынша пысықталуда. Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол! Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат