Шымкент: Тәуелсіздік рәміздерін ұлықтаған байқау жеңімпаздары марапатталды

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге арналған «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жастар және қала тұрғындары қатысып, мемлекеттік рәміздер ұлықталды.

Форумның ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек рәміздерге деген құрмет егемендіктің белгісі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Қасиетті Отанға, туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілік оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар. Оларды қадірлеу – біздің азаматтық борышымыз», – деді.

Шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Мемлекеттік Әнұранмен басталған форумда мемлекеттік рәміздерге арналған көрме өткізілді. Қала әкімінің орынбасары мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтіп, олардың ел тарихының, мәдениетінің және руханиятының көрінісі екенін жеткізді.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Алтеев те сөз сөйлеп, жастарға мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті туралы ой қозғады. Ол: «Еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы – Республика күні баршамыз үшін маңызды. Әрбір қазақстандық Отанымыздың өркендеуі үшін өз үлесін қосуы керек. Бұл мерекеде жастардың патриоттық сезімдерінің артқаны көрініп тұр», – деп, патриоттық тәрбиенің маңызды екенін айтты.

Форум барысында мемлекеттік рәміздерге арналған шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. «Үздік іс-шара» номинациясы бойынша бас жүлдені - Төлеген Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы жеңіп алды. Мектеп оқушылары әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған бейнеролик дайындап, жобаға зор үлес қосты.

Форумның соңында Шымкент опера және балет театры мен «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары мерекелік концерт қойып, форумды ерекше көңіл-күймен аяқтады.

Республика күніне арналған бұл шара жастардың патриоттық сезімдерін нығайтып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етті.

Шымкент: «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» атты байқау өтті

Шымкент қаласында ұлттық мейрам саналатын Республика күнін тойлау басталып кетті. Мереке қарсаңында қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» атты байқау өтті. Басты мақсат-мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. 

Шымкентте Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған байқау өтті

Биыл Қазақстанның кәсіби сурет өнерінің шебері, дарынды суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толды. Оның қолтаңбасы бар үш мыңнан астам картина қазақ көркемсурет өнерінің баға жетпес қазынасына айналды. Өз заманында ғана емес, ғасырлар өтсе де, Қастеевтің туындылары өз көркемдігін және маңыздылығын жоғалтпай келеді. 

Шымкенттегі кәрістер қауымдастығы 35 жылдығын атап өтті

 «Достық» үйінде Шымкент қаласының кәрістер қауымдастығына 35 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Іс-шара Шымкент қаласындағы корейлер туралы мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер көрмесінен басталып, «Шымкент және Түркістан өлкесінің корейлері бұрынғы және қазіргі уақытта» кітабының тұсаукесері және кәріс  шығармашылық ұжымының концертімен жалғасын тапты.

Шымкентте қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтуде

Қаладағы Көрме орталығында «Халық мұрасы – халық қазынасы» қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтуде. Іс-шараның басты мақсаты –қолөнер шеберлерін халыққа таныстыру, оларға өз тұтынушысымен дидарласып, іскерлік, сауда-саттық қарым-қатынас жасауға ашық алаң ұсыну, сондай-ақ, өскелең ұрпаққа ұлттық қолөнерді дәріптеу, насихаттау. 

Отырар ауданында керамика өндірісі және ағаш ұқсату шеберлерінің республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Бүгін қазақ өркениетінің алтын діңгегі Отырарда «Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі және ағаш ұқсату өнері» тақырыбында республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қазақ елінің өнер майталмандарының арасын жақындата түсетін, ынтымағын нығайтатын, дәстүрлі өнерін ұштастыратын ауқым іс-шараны Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директоры Айбек Жандосов ашып беріп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.