Премьерада театр залында бос орын болмады – аншлагпен өтті. Бұл – шымкенттік көрерменнің өнерге деген құрметі мен талғамының жоғары екенін көрсетеді.
«Мөлдір махаббат» – ғашықтық сезімі туралы ғана емес. Бұл – халқымыздың қилы кезеңдердегі тағдыры мен рухани ізденісін, ұлт ретінде жоғалмай, қайта түлеген бейнесін көрсететін терең философиялық қойылым.
Кешегі мен бүгінгі арасына көпір салған бұл қойылымда сахнадағы әрбір қимыл, әрбір үн, әрбір жарық пен көлеңке – ішкі әлемнің дауысын дөп басып жеткізгендей әсер қалдырды. Декорация мен жарықтың үйлесімі, жүрекке жеткен авторлық әуендер — бәрі-бәрі көрерменді сол дәуірге сапар шектіріп, шынайы махаббат пен ар тазалығының құнын сезіндіре білді.
Киіз үйдің сахнада тігіліп, кейін құлауы – тұтас бір дәуірдің аяқталуын, бірақ соның астарынан жаңғыруға бет алған рухтың үнін білдіреді. Тіпті сахнадағы үнсіздіктің өзі – тарихтан сыр шертетін сөз. Осындай терең мағыналы қойылым арқылы театр ұжымы ел жадындағы тарихи шындық пен рухани сабақтастықты көркем түрде жеткізе білді.
Бұл — жай ғана қойылым емес, жас режиссердің батыл қадамы, өнерге адал жүректің жемісі. Бүгінгі театр сахнасында шынайылық пен сыр, сезім мен салауат үндесті.
Айта кетейік, қойылым 10 және 11 шілде күндері де сахналанады, өнерсүйер қауымды Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына шақырамыз!
Өнер – ұлттың жаны.
Ал рухани жаңғыру – бүгінгі ұрпақтың парызы. Шымкент қаласы әкімдігі осындай мәдени жобаларды қолдауға әрдайым дайын.