– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жаһан жұрты елімізді өнеріміз, мәдениетіміз арқылы танып біледі» деп атап өткен болатын. Сондықтан мәдениет саласына қолдау көрсетудің маңызы зор. Биылғы 13 наурызда Мақтаарал тұрғындарымен өткен кездесуде халық тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілген болатын. Сіздер құрылысы басталып, қаржының толық бөлінбеуіне байланысты тоқтап қалған екі мәдениет үйінің құрылысын аяқтау туралы ұсыныс бердіңіздер. Бұл – Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округіндегі мәдениет үйлері. Аталған нысандарды өз бақылауыма алып, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражат толық қарастырылды. Нәтижесінде бүгінде бұл мәдениет ошақтары халық игілігіне табысталуда. Сонымен қатар А.Қалыбеков ауылдық округіндегі бір мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықпен кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Мырзакент кентіндегі орталық саябақты қайта жаңғырту еді. Халықтың осы өтініші де назардан тыс қалмай, бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жоба толық жүзеге асырылды. Ауылдарды, өңірді дамыту жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәдениет үйінің құрылысын «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС жүргізген. Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Жер телімінің жалпы алаңы – 1 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 1 273 шаршы метр. Конкурстық құны – 794 002,7 мың теңге. Нысанның ашылуымен 70-тен астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Мұнда түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелер, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар ғимарат ішінен заманауи талаптарға сай кітапхана да ашылып, оқырмандарға есігін айқара ашты. Спорттық үйірмелерге де орын қаралған. Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 10 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Аталған мәдени мекемелерде жастар мен оқушылар би, домбыра, қолөнер, эстрада және тағы басқа бағыттар бойынша өз өнерлерін шыңдап келеді.
Жалпы, Түркістан облысында мәдениет саласында негізгі 6 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетіліп келеді. Олар: театр саласы, концерттік ұйымдар, музей, кітапхана, тарихи-мәдени мұралар, тілдерді дамыту және ономастика салалары. Аталған бағыттар бойынша жауапты басқармаға қарасты 24 мәдениет мекемесі бар. Таяуда осы мекемелердің жұмысын жандандыру, мәдениет пен руханият салаларының әлеуетін көтеру мәселелері облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде сарапталған болатын. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға жұмысты жандандыру керектігін айтты.
– Мәдениет саласы – облыстың рухани дамуының тірегі. Сондықтан мәдениетімізді дамыту үшін жүйелі кемшіліктерді уақытында анықтап, нақты шешім қабылдаумыз керек. Облыс көлемінде өтетін іс-шаралардың концепциясын қайта қарап, креативті идеяларды пайдалана отырып, ұсыныс енгізу қажет. Мәдениет саласын дамыту бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуді, аудан, қалалардағы кітапханалар, мәдениет үйлері мен клубтардың жағдайына тұрақты мониторинг жасап, кезең-кезеңімен шешуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңірдегі үш театрда биылғы 9 айда 15 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 245 спектакль қойылып, 35 мың көрермен қамтылды. Жыл соңына дейін театрларда тағы 15 жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылады. Түркістан облысында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешені қызмет көрсетіп келеді. Екі концерттік ұйымда биыл 145 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 85 500 көрермен қамтылды.
Облыстағы 24 музейде 2025 жылдың 9 айында 552 көрме, 5983 экскурсия, 482 көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Музейге келушілер саны 205 178 адамды құрап, 2024 жылғы 9 аймен салыстырғанда 5%-ға артып отыр. Биыл музейлерде 2167 жәдігер жинақталып, жалпы жәдігер саны 178 134-ке жеткен.Қазіргі уақытта облыста 388 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. 9 айда 9987 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 23985 дана жаңа кітаппен толықтырылды. Жалпы кітап қоры 6 054 726 данаға жетіп отыр. Кітапханадағы оқырмандар саны 351 096 адамды құрап, 2024 жылғы 9 аймен салыстырғанда 2,5%-ға артқан.
Облыс бойынша биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 мәдениет нысанында (Бәйдібек – 1, Мақтаарал – 2, Түлкібас – 1, Сауран – 1, Кентау – 1, Төлеби – 1) құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар биыл 9 нысанның (Сауран – 1, Түлкібас – 2, Сарыағаш – 3, Келес – 1, Ордабасы – 1, Жетісай - 1) құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, 2026 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласындағы 500 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда, «Artsport.kz» ақпараттық жүйесі арқылы облыс аумағында 221 өнім беруші арқылы 676 үйірмеде 18 575 бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынған.
Түркістан облысы – руханияттың, тарихи жады мен мәдени құндылықтардың алтын діңгегі. Облыс мәртебесін алғаннан бергі жеті жылда бұл аймақ көз ілеспес қарқынмен дамып, мәдениет пен өнер саласында тың серпінге ие болды. Осы ретте өңірдегі мәдени саясат, шығармашылық жобалар мен халықаралық бастамалар туралы азды-көпті айта өтсек. Ұлттық құрылтайдың биылғғы IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдениет саласының маңызына ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында да бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, өңірде мәдениет нысандарын жаңғыртуға, ауылдық жерлердегі клубтардың жағдайын жақсартуға, жаңа шығармашылық орталықтар мен ансамбльдер ашуға баса мән беріліп келеді. Сонымен қатар, театрлардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, балалар мен жасөспірімдердің өнерге қолжетімділігін арттыру мақсатында нақты жобалар іске асып жатыр. Мәдениетке бөлінетін қаржы көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Бұл – саланың дамуына жол ашатын маңызды алғышарт. Сонымен бірге кадрлық әлеует те күшейтіліп жатыр. Жас мамандарды тарту, тәжірибелі мамандардың еңбегін қолдау басты назарда.
Соңғы жылдары елімізде мәдениет пен өнер саласына мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп келеді. Бұл, сөзсіз, руханият майталмандарына, өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісі. Бүгінде Түркістан облысында кино және анимация саласын дамыту мақсатында арнайы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта жүйелі еңбек етіп келе жатқан мекеменің бірі – «Оңтүстікфильм». Бұл шығармашылық ұйым «Сақ» киностудиясымен бірлесіп, бірқатар анимациялық туындыны көрерменге ұсынды. Мысалы, «Қошқар мен теке», «Оқсыз оқиғасы», «Отырарды қорғау», «Ордабасы – бірлік туы», «Бәйдібек би», «Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт» сынды анимациялық фильмдер – жас ұрпақты елжандылыққа, рухани құндылықтарды қастерлеуге баулитын дүниелер. Бұл туындылар бүгінде республикалық «Balapan» мен «Qazaqstan» телеарналары арқылы тұрақты түрде көрерменге жол тартып, көпшіліктің оң бағасын алып жүр. Алдағы уақытта Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тұлғасын балаларға кеңінен таныту мақсатында арнайы тәрбиелік мәні бар анимациялық фильм түсіру жоспарланған. Бұл жоба – ұлттың рухани коды мен тарихи жадысын жас буын санасына сіңіруге бағытталған игі бастама болмақ.
Өткен жылы күзде Түркістан музыкалық-драма театры жанынан жаңа ұлттық ансамбль құрылды. Ал биыл көктемде, ұлыстың ұлы күнінде, Наурыз мейрамының онкүндігі аясында ұжым алғаш рет сахнаға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ансамбльдің жетекшісі – белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова. Бұл ансамбль – республикалық және халықаралық сахналарға лайықталып құрылған кәсіби ұжым. Барлық ұлттық аспаппен толық жабдықталған. Әсіресе оркестр құрамына ерекше көңіл бөлінген, заманауи талапқа сай, арнайы театр логотипі бейнеленген аспаптармен қамтамасыз етілді. Бұл – сыртқы сән емес, ішкі рухтың көрінісі. Ансамбльдің репертуары ұлттық мұраға, төл өнерімізге негізделген. Сахнада орындалған туындылардың арасында I Халықаралық аспаптық музыкалық шығармалар байқауының үздік шығармалары да бар. Ансамбльдің шығармашылық кеші Түркістан ғана емес, Астана қаласында да жоғары деңгейде өтті. Мұны Түркістан өнерінің шекарадан асып, елге ортақ рухани құндылыққа айнала бастауының бір нышаны деп айтуға болады.
Театр – тек сахнадағы қойылым емес, көрерменмен арадағы үнсіз диалог, сана мен сезімнің түйісетін тұсы. Адам әр қойылым сайын тек рухани байып қана қоймайды, сонымен қатар эстетикалық талғамы мен мәдениеті де кемелдене түседі. Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы кәсіби театрлардың жай-күйіне арнайы тоқталып өтті. Бұл – театр өнеріне деген мемлекеттік көзқарастың айқын көрінісі. Қазір Түркістан облысында үш кәсіби театр жұмыс істейді. Оның бірі – Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры. Жарты ғасырдан аса тарихы бар бұл ұжым – өңірдің өнер шежіресін жасаған қара шаңырақтардың бірі. Екінші – Түркістан қаласындағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры, ол да өзіндік бағыт-бағдары қалыптасқан іргелі өнер ордасы. Үшіншісі әрі ең жас театр – Түркістан музыкалық драма театры. Бұл ұжым аз уақытта биік белеске көтеріліп үлгерді.
Өткен жылы осы үш театрда 16 жаңа қойылым сахналанған, биыл 15 жаңа премьераны көрермен назарына ұсыну жоспарланған. Театрлардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, кәсіби деңгейі үнемі көтеріліп келеді. Репертуары бай, өз көрермені бар, шығармашылық ізденісі де тоқтаған емес. Мысалы, IV маусым шымылдығын ашқан драматург Байділда Айдарбектің «Вальс королі» спектаклі ел көлемінде зор сұранысқа ие болып, «Kazakhstan Ticketon Awards – 2025» байқауында «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» аталымын жеңіп алды. Бұдан бөлек, «TMDT LIVE» жобасы аясында төрт труппа – драма, вокал, балет және ұлттық ансамбль бір сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық синтездің үздік үлгісін көрсетті. Бұл – нағыз өнер мерекесіне айналған кеш болды. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай сахналанған «Қара сөз» пластикалық спектаклі ерекше ықыласқа ие болды. Бұл қойылым көрерменмен жаңа бір терең диалог орнатып, рухани әсер сыйлады.Театр үшін гастрольдық сапар – шыңдалудың, танылудың жолы. 26– 28 маусым күндері, театр ұжымы Астана қаласында өнер көрсетіп, «Шейх Санан», «Түркістан» ансамблі және «Вальс королі» қойылымдарын сахналады. Елордалық көрерменнің қошеметі ұжым үшін үлкен шабыт әрі кәсіби дамуға тың серпін болғаны анық. Түркістан облысындағы театрлар республиканың түкпір-түкпіріне гастрольдық сапармен барып, ұлттық кеңістікке шықты. Тіпті халықаралық сахналарда да өнер көрсетіп үлгерді. Бұл – Түркістан театрының өрісі кеңейіп, рухани миссиясы тереңдеп келе жатқанын көрсетеді.
Түркістан бүгінгі таңда бүкіл елге мәдени серпін беріп отырған шығармашылық аймаққа айналды. Облыстағы мәдениет саласының даму қарқыны соңғы жылдары ерекше үдеп келеді. Бұл бағытта жүйелі жоспарлар түзіліп, нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Алдымен, ерекше атап өтетін жоба – «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі. Бұл – өңірдің әр түкпірінен шыққан дарынды өнерпаздарды бір алаңға тоғыстырып, олардың шығармашылығын кең аудиторияға ұсынуға бағытталған кең ауқымды мәдени алаң. Фестиваль аясында апта сайын концерт, көрме, түрлі шеберлік сабағы ұйымдастырылады. Бұл өнер көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, шабыт пен шығармашылық синтез алаңы десек те болады. Республикалық деңгейдегі «Түркістан дауысы» байқауы – ұлттық ән өнерін насихаттауда айрықша рөл атқарып келеді. Қазақ әндерін нақышына келтіріп орындайтын жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылығына қолдау көрсетуді мақсат тұтқан бұл байқау – музыка әлеміндегі жаңа есімдерді таныстырады.
Тағы бір маңызды мәдени оқиға – «Заман мен мәдениет диалогіндегі Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум. Ауқымды ғылыми форумға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы келіп қатысты. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жүзеге асты. Ел Президенті Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында: «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аудару қажет. Ол үшін өз еліміздегі және шетелдегі ғалымдарды тартып, арнайы симпозиум өткізу керек», – деп атап өткен болатын. Сол бастама бүгінде нақты іске айналды. Симпозиум аясында Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапониядан келген жүзге жуық ғалым бас қосып, Ясауи ілімінің түрлі қырын ғылыми тұрғыда зерделеді. Бұл – Ясауи мұрасын жаңа деңгейде, жаһандық зияткерлік кеңістікте қайта тануға бағытталған маңызды қадам. Ғылыми секция, тақырыптық баяндама мен пікірталас – барлығы осы рухани қазынаның өзектілігін тереңнен аша түсті.
Тағы бір айта кетерлігі, түркістандық айтыскер ақындар республикалық командалық айтыстың финалына жолдама алып отыр. Бір жылдан аса уақыт бойы еліміздің әр өңірінде өткен бұл жыр додасында облыстың намысын қорғаған ақындар, жыршы-термешілер, әнші-күйшілердің дайындығы жақсы деңгейде өтті. Қазір Түркістан облысы бойынша 258 мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетеді. Бұл – әрбір елді мекенде өнер мен руханиятқа жол ашатын маңызды орта. Алайда оның бәрінің жағдайы біркелкі емес екені де белгілі. Осыған байланысты шалғай ауылдардағы мәдениет ошақтарының жағдайына мониторинг жүргізіліп, нақты мәселелер анықталып отыр.
Мониторинг нәтижесінде Жетісай мен Шардара аудандарында орналасқан екі мәдениет нысаны күрделі жөндеуді қажет ететіні белгілі болған. Бүгінде бұл нысандарда жөндеу жұмысы басталып, жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне тапсырылмақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жеті жаңа мәдениет нысанының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысандар Бәйдібек, Мақтаарал, Түлкібас, Сауран, Кентау, Түркістан қаласы аумақтарында бой көтеріп отыр. Жыл соңына дейін бұл мәдениет үйлері де пайдалануға беріліп, өңірдегі мәдени нысандардың саны 265-ке жететін болады.
Кітап – ұлттың рухани иммунитеті. Руханияттың алтын тамыры саналатын кітапхана – тек оқу орны емес, сана мен парасат, зерде мен ізденістің тоғысқан кеңістігі. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде өңірде 387 көпшілік кітапхана халыққа тұрақты түрде мәдени-танымдық қызмет көрсетіп келеді. Оның екеуі – облыстық деңгейдегі іргелі кітапханалар. 2025 жылға қарай оқырман саны 219 623 адамға жетіп отыр. Бұл – кітапқа деген қызығушылықтың төмендемегенінің, қайта жаңғыра бастағанының дәлелі.Жыл басынан бері кітапханаларда 6 630-дан аса көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Бұған түрлі жастағы оқырман тартылды. Сонымен қатар облыс кітапханаларының кітап қоры 6 060 018 данаға жетіп, жыл сайын 20 001 дана жаңа кітаппен толықтырылып отырады. Бұл – мазмұнды әдебиетті оқырманға үздіксіз жеткізуге бағытталған нақты қолдау.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы тек кітап оқу ордасы емес, әдебиет пен өнердің іргелі алаңына айналған. Жыл бойына мұнда кездесу, тұсаукесер кеші, әдеби-сазды жиын ұйымдастырылып, қаламгер мен оқырман арасында мазмұнды диалог орнап келеді. Мәселен, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен жас ақын Диана Баратовамен кездесу өтті. Осы жиында «Көлеңкедегі қасірет» атты кітабының тұсауы кесіліп, ұмыт бола бастаған детектив жанрына жаңаша дем берілді. Бұл – жанрлық әртараптандырудың алғашқы сәтті мысалы.Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдазымның халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленуі – өңірдегі әдебиеттің сапалық деңгейін көрсетсе, Сайлаухан Жоланов, Мұқағали Кенжетайұлы, Арайлым Мұратәлиева, Дәурен Тілеухан сынды ақын-жазушылар республикалық додаларда топ жарып жүр. Бақытжан Алдиярдың «Аналардың анасы» атты әдеби-сазды кеші де әдебиетсүйер қауымның ықыласына бөленді. Ал Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына орай ұйымдастырылған апталықта оқырман мен ақын арасындағы байланыс тереңдей түсті. Сонымен қатар Серікбол Ермахан, Ербек Бакиев, Абдулла Жұмашов, Ләззат Мырзаш, Жорбек Ғалымжан, Қанат Әбілқайыр сынды қалам иелерімен өткен кездесу – әдебиет айдынын кеңейте түскен іс-шаралар. Жеке брендіге айналған «Түнгі кітапхана» жобасы да жалғасын тауып, Мұқағали, Фариза, Абай жырларын жаңа буынмен қайта үндестіріп келеді. Бұл жобаның аясында өткен «Түн. Табиғат. Поэзия», «Сіз күткен көктем…», «Жауһар жырдың жаршылары» сияқты кештер – руханиятқа серпін берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап елімізде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытып, оларды өнер мен мәдениетке баулу бағытында жүйелі қадамдар жасалып келеді. Түркістан облысында бұл бастаманың жемісті жүруі үшін облыстық мәдениет басқармасы мен «QazTiQet» ЖШС арасында үш жыл мерзімге тегін басқару жөнінде келісімшарт түзілді. Ал жобаның ұйымдастыру, бағыттау жұмысы «DamuBala.kz» платформасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – цифрлық жүйе арқылы әділдікті қамтамасыз етіп, ата-ана мен баланың қатысуын жеңілдеткен тиімді әдіс. Өңірде аудандық, қалалық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жанынан ашылған үйірмелерде мыңдаған жас дарын өнердің әр саласына бет бұрып келеді. Домбыра үйреніп, сурет салатын, қолөнерге бейімделіп, театр өнерін меңгеріп жатқан жас буынның қатарын көргенде көңілің марқаяды. Бұл – ұлттың өнері мен мәдениетін болашаққа жалғар алтын көпір. Шығармашылық тапсырыс тек бір бағдарламаның атауы ғана емес, баланың дарынын ашуға, оның рухани әлеуетін дамытуға бағытталған игі тетік. Сол арқылы жас ұрпақ өнерге ғана емес, ұлттық құндылықтарға да бет бұрып, өзінің болмысын, табиғатын таниды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат