Конкурс «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы көпір алаңдарында ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты — Түркістан қаласының тарихи-мәдени болмысын, рухани келбетін және ұлттық нақышын көркем бейнелеу арқылы қаланың эстетикалық келбетін арттыру, заманауи көркемдік бағыттағы мәдени жобаларды дамыту. Байқауға кәсіби суретшілер мен әуесқой қылқалам шеберлері қатысып, барлығы онға жуық үміткер өз жұмыстарын ұсынды. Бағалау қорытындысы бойынша І орынға Ташимбетов Хусан, ІІ орынға Шериев Қанат, ІІІ орынға Төрехан Абылайхан Қанатұлы лайық деп танылды. Байқау жеңімпаздарына сәйкесінше 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық, iPhone және бағалы сыйлықтар табысталды.
Ендігі жердеТүркістанда туризм саласы қалай өркендеп жатыр деген сауалға жауап іздеп көрсек. Осыдан жиырма бесжыл бұрын бір жарым мың жылдық мерейтойын атап өткен көне шаһар бұрыннан ілім-ғылымның, руханият пен мәдениеттің, сауда-саттық пен саяхатшылардың нағыз ордасы болған. Өңірдегі жүздеген тарихи мұраларды айтпаған күннің өзінде, Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзі-ақ күллі адамзат үшін баға жетпес жәдігер болып саналады. Дегенмен, Түркістан өңірі бұл деңгейде тоқтап қалмай, күн сайын заман талабына сай өркендеп келе жатыр десек, қателеспейміз.
Қазір ел аумағындағы туризм жайлы сөз қозғағанда бірден Түркістанның ойға оралатыны анық. Себеб, құрылғанына 7 жыл толған өңірде дәл осы саланы дамытуға айрықша басымдық берілген. Оның үстіне алдыңғы жылдың соңында тарихы тереңге бойлаған Түркістан шаһары «Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» атанған болатын. Бұл жаңа келбетке ие болған қалаға ғана емес, тарихи-мәдени мұраға бай, табиғаты тұмса тұтас өңірге де ерекше ықпал ететіні белгілі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл нааурыз айында Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
Түркістан қаласында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау арқылы 4 жыл ішінде келушілер саның бір миллион адамға жеткізу көзделген. Ең бастысы – өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Нәтижесінде облыс көлемінде былтыр қырықтан аса іс-шара өткізілді. Жыл басында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі облыс орталығының тағы бір туристік ғимаратпен толығатынын хабарлады. Ол бірнеше қонақүй мен дәмхана және көрме орталығы орналасатын, жиырмадан аса шеберге арнайы шеберхана берілетін қолөнершілер қалашығы.
Өңірдің туризмін шет мемлекеттерге таныстыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр наурыздың басында Берлин қаласында өтетін дәстүрлі ITB Berlin 2024 көрмесіне түркістандықтар да қатысып қайтты. Делегация құрамындағы белді ұйымдардың өкілдері өңірдің туризмінен хабар беріп, туризм саласының әлеуеті жайлы түсіндірген. Сонымен бірге, Самарқандағы форумға да, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуына да Түркістан облысының өкілдері қатысты. Қазір Түркістан қаласында туризм бағытын ілгерілету үшін түрлі бастамалар қолға алынған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат