Түркістанда жол апатына ұшыраған көлік жанып кетті
Ордабасы аудандық полиция бөліміне 20.10.2022 жылы сағат 10:51 шамасында «Шымкент-Самара» тас жолында жол апаты орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Ақпарат алысымен оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты.
Анықталғандай, «Nissan Elgrand» автокөлігінің жүргізушісі Түркістан қаласына қарай бағытына қарай келе жатып, өзімен бір бағытта қозғалып бара жатқан «Mersedes Bens» маркалы жүк көлігіне, одан соң жол ортасындағы қоршауға соқтығысу арқылы жол-көлік оқиғасы орын алған.
Көлік сол жерде өртенген.
Салдарынан «Nissan Elgrand» көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Ал 1 жолаушы ауруханаға жатқызылған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Екі автокөлікте айыптұраққа қойылды. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жол апатының толық мән-жайы анықталуда.
ҚР Қылмыстық Кодексi 345-бапта «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы»:
Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.