– Бүгін Мақтаарал өңірінде сүйінші жаңалық болып жатыр. Ауданда тағы да заманауи мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл – мемлекетіміздің білім мен ғылымға бағытталған стратегиялық саясатын көрсететін мәні зор оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарлы қадам. Мақтаарал ауданында ашылып отырған 1500 орындық жаңа мектеп – ауылдағы балаларға жасалған үлкен қолдау. Бұл заманауи білім ордасында оқушылардың терең білім алуына, шығармашылықты дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда келешектің ойлы, парасатты және бәсекеге қабілетті жастары тәрбиеленеді. Бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасатын айбынды ордасы. Мақтаарал – еңбекқор халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан қасиетті мекен. Бүгін бой көтерген жаңа білім ұясы – осы өңірдің адами капиталын жақсартып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа белеске жетелейді. Бізге білімді, отаншыл, рухы биік, жаңашыл буын керек. Міне, жаңа мектеп сол асыл міндетті орындауға қызмет етеді. Бұл – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан ұстаздарымыз үнемі ізденіп, сапалы білім берулері керек. Сіздерді жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мақтааралдың білімге құштар жастары ғылым мен мәдениеттің биік шыңдарын бағындырып, елге қызмет ете берсін! – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.
Жобаның құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Ал ғимарат 14 710 метр аумақта орналасқан. Сыйымдылығы – 1500 бала. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «BCN Group» ЖШС компаниясы жүргізді. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Спорт залы, мәдениет залы, асхана, акт залы, оқу бөлмелері мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері бар. Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасымен 29 білім ұясы салынды.
Мемлекет басшысы білім мен адами капиталды дамыту – экономикалық өсудің негізгі тірегі екенін ерекше атап, осы бағыттағы нақты шараларды қолға алуды тапсырғаны белгілі. Сол тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында облыста білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған «Келешек мектептері» жобасы белсенді жүргізілуде. Жоба аясында жалпы 23 мың орындық 29 мектеп салу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 28 мектеп пайдалануға беріліп, қалған бір мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Жаңа мектептер қазіргі заманғы білім беру стандарттарына сай, оқушыларға ыңғайлы және қауіпсіз оқу ортасын қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Сонымен қатар, облыста жергілікті бюджет есебінен 17 мектеп салынып жатыр, оның 4-і биыл пайдалануға берілсе, қалғандары келесі жылға өтпелі. Сонымен бірге 41 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде, қазіргі уақытта 25 мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Білім саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – Түркістан қаласында Оңтүстік Кореялық «Woosong University Kazakhstan» университетінің ашылуы. Университет IT мамандарын даярлауға бағытталған және 2 мың студент қабылдау мүмкіндігіне ие. Қала әкімдігі 100 грант бөлді, қазіргі таңда 108 студент білім алуда, сонымен қатар Оңтүстік Кореядан келген 70 студент тәжірибе алмасу мақсатында оқу процесіне қатысып отыр. Мұндай бастамалар жасанды интеллект пен IT технологияларды білім беру жүйесіне интеграциялауға мүмкіндік беріп, оқушылар мен студенттердің заманауи дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі түбегейлі жаңғыртылуда. Облыста 50 колледжде 46 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Биыл колледжді бітірген 14 806 түлектің 79 пайызы жұмыспен қамтылып, олардың 5 мыңы – жұмысшы мамандық иелері. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 9 мыңға жуық грант бөлінген.
Түркістан облысында 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту үшін 5200-дей жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында жобамен 52 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады. 912 мемлекеттік мектептегі бастауыш сыныбындағы 224 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы облыс ұстаздары шетелдерде және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында мұғалімдер біліктілігін көтерді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, педагог білімін көтеру жөніндегі тапсырмалары орындалуда. Өңірде білім саласына жаңа тәсілдерді енгізу, пән кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасады.
Сондай-ақ, Түркістан облысында білім саласындағы ашықтық пен цифрландыруды жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасауда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен салаға нақты тапсырмалар беріліп, цифрлық теңсіздік пен жүйесіздікті жою басты міндет ретінде белгіленген. «Цифрлық Қазақстан» стратегиясына және заңнамаларға сәйкес пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатқан платформалар білім сапасын арттыруға бағытталған. Олар оқу үдерісін бақылау, кәсіби бағдар беру, оқушылардың жетістігін талдау, халықаралық зерттеулерге дайындық пен сыртқы бағалау жүйелерін енгізуді көздейді. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиясы оқу процесін автоматтандыру мен жекелендіруді қамтамасыз етеді. Облыс әкімінің айтуынша, білім саласындағы маңызды қадамдар бір ғана басқарманың емес, барлық аудан мен қала әкімдерінің ортақ жауапкершілігі болуға тиіс.
– Білім – мемлекеттің болашағы мен өркениеттің негізі болғандықтан, бұл саладағы ашықтық, әділеттілік пен инновация қоғамның басты талабы мен басым бағытына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді білім саласына батыл енгізуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында жұмыстар жандандырылады. Ашықтық пен есептілік басты талапқа айналуы тиіс, өйткені әр ата-ана баласының қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына алаңдайды. Сондықтан бұл бағытта тек басқарма емес, әр аудан мен ауыл әкімдігі де белсенді жұмыс істеуі қажет,– дейді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Білім беру жүйесіндегі бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыру маңызды мәселе. Қазіргі жүйелер арасында бірыңғай байланыс орнату қажет, себебі бұл білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Білім басқармасы IT-мамандар санын арттыру, биометриялық сәйкестендіру жүйелерін енгізу және мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру ұсынылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде бақылау жүйелері орнатылып, бейнебақылау камералары Полиция департаментінің басқару орталығына қосылды. Сонымен қатар, әлеуметтік әмиян арқылы 220 мың оқушыға тегін ыстық тамақ беру жұмыстары жалғасуда. Платформалар тиімділігі оқу жылының бірінші жартыжылдығында қорытындыланып, нақты нәтиже бойынша таңдалады. Сонымен қатар цифрлық қолтаңбаны биометриялық сәйкестендіру арқылы қолдану, мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру, білім беру ұйымдарын бала санына қарай қаржыландыру және турникеттер арқылы бірыңғай есеп жүйесін енгізу ұсынылуда. Түркістан облысы білім беру жүйесін жаңғыртуда ашықтық пен тиімділікті басты ұстаным етіп, цифрлық трансформацияны кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Бұл жұмыстар мұғалімдер мен оқушылардың оқу-тәрбие процесіне оң ықпал етуі тиіс.
Бүгінгі таңда тұжырымдамалық түрде білім беру жүйесі негізгі үш бағыт бойынша жүргізілуде: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру.Қазақстанда мектептік білім беруді цифрландыру оны реформалау үрдісіндегі басты тенденциялардың бірі болып табылады. Болашақ мектептерінің көрінісі көбінесе барлық пәндердің бұлтты білім беру жүйесіне біртіндеп көшуімен байланысты. Бүгінде мектеп кітапханалары ақпараттық және компьютерлік орталықтарға айналды. Оқу үрдісі әрбір білім алушының идентификаторымен байланыстырылатын болады, бұл бағалау және бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мектептерді цифрландыру осы үрдіске қатысатын барлық ойыншыларға: оқушыларға, олардың ата-аналарына, мұғалімдеріне, білім беру жүйесінің әкімшіліктеріне ыңғайлы және тиімді құралдарды жасауды білдіреді. Сонымен қатар, оқу үдерісін цифрландыру, адамның адамдық қарым-қатынасының оңтайлы теңгерімі және виртуалды ортада нақты және цифрлы әлемді синтездеудің бір түрі болып табылатыны маңызды. Сонымен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын цифрлық платформа құру мақсаты Цифрлік Қазақстан -2020 Елбасымен ұсынылған бағдарламаны жүзеге асыруға белсенді түрде қатысады. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат