Жұма, 15 Мамыр 2026 19:53

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің рухани мұрасымен танысты.

Мемлекеттер басшылары XIV-XV ғасырларға тиесілі cирек жәдігерлер көрмесін тамашалады. Ол Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде XIV ғасырдан бері сақталған қабірхананың ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, қаңылтырмен және алтын жалатылған жазулармен безендірілген. Сондай-ақ куфа мен сулус үлгісіндегі араб мәтінімен өрнектелген. Мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер мен айдаһар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді.

Көрменің ерекше сәулеттік элементі – кесене күмбезінің ұшар басында орналасқан көне кубба (мыстан жасалған). Залдағы аса құнды жәдігердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға жататын Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының қабіржапқышы. Оның бедерлі ою-өрнектері діни символизмді, геометриялық композицияны, каллиграфияны ұштастырады. Орталық Азиядағы ислам мәдениетінде қабіржапқыш рухани құрметтің белгісі саналады.

Сонымен бірге Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев түркі дүниесінің әйгілі рухани және тарихи-мәдени киелі орындарының бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.

Мемлекеттер басшылары ұлы ғұлама, әулие Қожа Ахмет Ясауи мен кесене аумағында жерленген басқа да белгілі тарихи тұлғалардың рухына зиярат етті. Президенттерге кесененің XIV ғасыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынғаны, көлемі жағынан әртүрлі 35 бөлмеден тұратыны жөнінде ақпарат берілді. Ғимараттың ішкі биіктігі 39 метрді, ал сыртқы биіктік өлшемі 41 метрді құрайды. Мәртебелі меймандар қабірхананы, орталық бөлмеде орналасқан қазандықты, тайқазанды және қола лауханы аралап көрді. Сондай-ақ экспозицияда түркі-ислам әлемінің белгілі ойшылдары мен шайырларының еңбектерінен тұратын 45 кітап қойылған. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет», Низамидің «Хамса», Науаидің ғазалдары, Бақырғанидың шығармалары, Фирдоусидің «Шахнама», Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүн» дастаны, сонымен бірге «Манас» жырының үзінділері және басқа да сирек кездесетін туындылар бар.

Тағы бір қоса кететін ақпарат, бүгін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары жаңа орталықтың қазығын қағып, іргетасын қалады. Кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу. Мұнда ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілмек.

Орталықтың архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді. Ал мазмұндық құрылымы жағынан экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді. Көрермендер тарихи оқиғаларды терең сезіну үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 62 рет