Сәрсенбі, 13 Мамыр 2026 13:58

Түркістан: облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Magister Art» компаниясының президеніт Ренато Сапоритомен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров италиялық «Magister Art» компаниясының президенті Ренато Сапоритомен кездесті. Кездесу барысында құрылыс, мәдениет, креативті индустрия және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын таныту, туризм әлеуетін арттыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өңірде туризмді дамыту және инвестиция тартуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Өңірімізде инвестиция тарту, өндірісті дамытуға басымдық берілген. Оған қоса туризм мен мәдениет, руханият салалары да назарда тұр. Жаңа сәулеттік жобалар, жаңа бағыттар бойынша ұсыныстарды талқылауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Ренато Сапорито: «Уақыт бөліп, арнайы қарсы алғандарыңызға рахмет. Қазақстанға келген сайын өзімді бақытты сезінемін. Қарқынды дамып келе жатқан ел. Ұсыныстарды қарастырып, көмегімді көрсетуге, әріптестік орнатуға ниеттімін»,- деді. Кездесу барысында Түркістан облысында мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру, тарихи нысандарды цифрлық форматта таныту, халықаралық көрмелер ұйымдастыру және шығармашылық индустрияны дамыту мәселелері айтылды. Қос тарап алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, «Magister Art» – цифрлық технологияларға басымдық беретін, мәдени және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін инновациялық компания. Компанияның негізгі миссиясы – ұлттық мәдени мұраны насихаттау және кеңінен таныту. «Magister Art» компаниясының бас кеңселері Милан мен Рим қалаларында орналасқан және халықаралық операциялық бөлімшелері бар. Компания «Дизайн және архитектура», «Медиа», «Бренд дизайны және коммуникациялар», «Операциялық қызмет», «IT» және «Редакциялық әрі бизнес-стратегиялар» секілді негізгі департаменттері арқылы кең ауқымды кешенді шешімдер мен «дайын жоба» форматындағы жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады.

Президент халыққа Жолдауларында креативті индустрияның ел экономи­касындағы маңызын бірнеше рет атап өтті. Осы уақытта арнайы жобалық кеңсе жұмыс істеді. Саланы дамыту тұжы­рымдамасы қабылданды, оны инсти­туционалдық тұрғыда қалыптастыру мен бизнеске қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде елдегі креативті индустрия 12 бағыт бойынша дамып, 43 экономи­ка­лық қызмет түрін қамтиды. Бұл салаға зергерлік өнер, кино, анимация, сән индустриясы, телебағдарламалар, халықтық кәсіпшілік, IT мен ойын әзірлеу сияқты шығармашылықты коммерцияландыруға болатын бағыттар кіреді. Елде креативті индустриямен айналысатын, тіркелген субъектілер саны 45 597, ал олардың ел экономикасын­дағы жалпы қосылған құн үлесі 1%-ды құрайды.

Былтыр жыл басында Президент креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңға қол қойды. Ол заңнамалық өзгеріс­тер институционалдық негіздерді қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту мен басым салаларды қолдау шарасы секілді үш негізгі бағытқа шоғырланған. Бұл заң креативті индустрияны қол­дау және дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қамтиды. Уәкілетті және жергілікті атқарушы орган құзыретін кеңейту, Үкіметтің креативті индустрия­ны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындауы, мемлекеттік қолдау мен креативті индустрияны ынталандыру ережесін әзірлеу мен бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін бекіту маңызды.

Мәдениет және өнер саласын цифрлық трансформациялау деректерді талдаудың заманауи технологияларын, оның ішінде жасанды интеллектіні енгізу және үлкен деректерді өңдеу есебінен шығармашылық жобалардың сәтті шығуын болжауды көздейді. Бұл ретте кинотеатрдағы кассалық түсім туралы бұрмаланған дерекке жол бермеу мен кірісті бөлудегі ашықтықтың болмауын жою есебінен көлеңкелі айналымға қарсы іс-қимыл бойынша шара қабылданып жатыр.

Бүгінгі таңда креативті тауар мен қызметтің әлемдік экспорты 250 млрд доллардан асты. G20 Insights зерттеу компаниясының болжамына сәйкес 2030 жылға қарай креативті экономиканың үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 10%-ын құрауға тиіс. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында креативті индустрияны дамытуды қолдау шараларының топтамасын әзірлеуді тапсырды. Тиісті заңнамалық база қабылданды. Іске асқан шара нәтижесінде елдегі креативті экономика 2019 жылдан бері 3 еседен астам өсті.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 49 рет