Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасап, жоспарларды толық орындамаған бөлімдердің қызметіне талдау жасады. Аудан әкімі өз сөзінде:— Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Әр бөлім басшысы өзі жауапты саланың көрсеткіштері үшін тікелей жауап береді. Талдау, нақты шешім және нәтижелі әрекет қажет. Кемшіліктерді жасырып қалмай, себептерін ашық айтып, түзетуге кірісуіміз керек, — деп атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – этносаралық қатынастарды нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы болды. Бұл жөнінде ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Қалеке баяндама жасап, аудандағы этностар арасында жүргізіліп жатқан іс-шаралар жөнінде айтты. Мәжіліс барысында аудан басшысы сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, жоспарлардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Сауран ауданы еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына белсенді үлес қосып отырған аймақтардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін басым бағыт ретінде белгілеген болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, шағын және орта бизнесті дамыту – ел экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудың маңыздылығын атап өтіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен энергия тиімділігін арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын. Сонымен қатар, Президент кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, бюрократиялық кедергілерді азайту, және өңірлік бизнесті дамыту үшін жүйелі қолдау көрсетуді тапсырған еді. Бұл бағыттағы тапсырмаларды іске асыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлі ерекше. Осыған байланысты, Сауран ауданының әкімдігі өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым мәселелерін назарда ұстап отыр.
Жиын барысында ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары да өз округтеріндегі кәсіпкерлік нысандардың энергиямен қамтылу жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл өз кезегінде жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлер арасында байланыс нығайып келе жатқанын білдіреді. Парламент пен Үкімет те бұл салада тиісті заңнамалық және қаржылық қолдау тетіктерін жасап отыр. Энергетика саласын цифрландыру, электр желілерін жаңарту, энергия үнемдеу стандарттарын енгізу – мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тармақтарына айналды. Түркістан облысында да бұл үрдістер кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы тұрғыда, өңірлік деңгейдегі нақты шешімдер мен кездесулер — Президент саясатының жергілікті деңгейде орындалуының айқын дәлелі.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын ескере отырып, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, энергия тапшылығын азайту, электр желілерін күшейту, жарық беру сапасын арттыру және бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жөнінде жауапты бөлімдерге нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар, электр энергиясын жеткізуші мекемелермен бірлесіп, техникалық мәселелерді жедел шешу бойынша келіссөздер жүргізу тапсырылды. Мұндай кездесулер өңірлік дамудың маңызды құралдарының бірі болып табылады. Олар Мемлекет басшысының «тыңдаушы мемлекет» қағидасын жүзеге асырудағы нақты көрініс. Бұл қағида бойынша, халықпен кері байланыс орнатып, олардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу — барлық деңгейдегі билік органдарының басты міндеті.
Сауран ауданында өткен кәсіпкерлермен кездесу — Президент бастамалары мен мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде табысты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Энергиямен қамту – экономиканың қозғаушы күші, ал кәсіпкерлік – сол энергияны тиімді пайдаланып, қоғам игілігіне айналдыратын негізгі сала. Сондықтан мұндай диалогтар мен нақты қадамдар – ел дамуының берік іргетасы болып қала бермек.
Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар мен кәсіпкерлік нысандар аудан экономикасына тың серпін беріп қана қоймай, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашып келеді. Жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етіп жатыр. Атап өтерлігі, өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 миллиард теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 миллиард теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті. Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілу үстінде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау һәм инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат.
Сауран ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады, осылайша ауылдан жас кадрлардың кетуі азаяды.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бірқатар шараны қамтиды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әртүрлі мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Аталған тұжырымдамадан күтетін нәтиже – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат