Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Булегенов баяндама жасап, қаланың 2025 жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырды. Әзімбек Пазылбекұлы рейтинг нәтижесі жай ғана формализм емес, нақты нәтиже мен жүйелі жұмыстың көрсеткіші екенін айтып, әр бөлім өзіне тиісті индикаторларды 100% орындауды қамтамасыз етуі қажет екенін қатаң ескертті.
Сонымен қатар, Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов инвестициялық жобалардың жүзеге асуы мен әлеуметтік дүкендер мен азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын баяндады. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында жалпы құны 447,8 млрд теңгені құрайтын 132 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде арнайы экономикалық аймақта 9, индустриалды аймақта 23 жоба іске асуда.
Ал бағаны тұрақтандыру мақсатында 82 жәрмеңке ұйымдастырылып, тұрақты мониторинг жұмыстары нәтижесінде 159 дүкенге 15%-дан асқан үстеме үшін әкімшілік шаралар қолданылған. Қала әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруді, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруды, сондай-ақ халықпен тиімді кері байланыс орнату қажеттігін атап өтті.
Бүгінде Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Өткен жылы облыс орталығының жалпы өңірлік өнім көлемі 421,7 млрд теңгені құраған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен дайындалған «Түркістан қаласының Ерекше мәртебесі» туралы Заң жобасы Парламент Мәжілісінде мақұлданып, шаһарға биыл наурыз айында ерекше мәртебе берілгені белгілі. Бұл заң киелі Түркістан қаласының одан әрі дамуына оң ықпал етпек. Облыс басышылығы жұмысты күшейтіп, тиімді жобаларды қолға алу керектігі жөнінде нақты тапсырмаларды берген.
Жалпы, Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар.
Облыс орталығында халықты жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға орындалған. Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Түркістан қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табатыны сөзсіз.
Түркістан жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.
Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп 22,2 мыңға жетті. Салада жұмыспен қамтылғандар 32016 адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 17,8 млрд.теңгеге жалпы 1 454 жоба қаржыландырылды. Өнеркәсіптік жобаларды қолдау мақсатында 450 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып 270 млн.теңгеге қосымша 3 жоба (қаржыландырылды. Сондай-ақ, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді.
Жұмыспен қамту саласына келер болсақ, Түркістан қаласында еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша біраз жұмыстар атқарылып нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 10 096 азаматты белсенді шараларға тартылып, жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдаужәне еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді, «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алды, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.
Қала аумағында аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылуда. Атап айтсақ, Өткен жылы 2242 отбасыға (12984 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар 30%-ға азайған. 2024 жылы кедейшілік деңгейі 5,6%-ды құрады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетіліп, өткен жылы 2,2 млрд.теңгеге 8179 құралдар алынып қолдау көрсетілді. 2025 жылы 2,5 млрд.теңгеге 9357 құралдар сатып алынып қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен деңсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» өткен жылы 4 883 адамға қызмет көрсеттіліп, қызмет алушылар 49%-ға артты. 2024 жылы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Отбасын қолдау орталығы» КММ ашылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары халыққа қолжетімді болу мақсатында қаламыздағы 26 әлеуметтік дүкендерге және 3 ірі сауда нүктелеріне әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары тұрақты түрде жеткізіледі. Сонымен қатар, өткен жылы қаланың халық көп шоғырланатын аумағында 23 рет азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында күнделікті көтерме сауда базарларына ірі супер маркеттерке, жеке дүкендерге тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласын дамытудың негізгі басым бағыты туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 млрд.теңге инвестиция тартылса, өткен жылы 61,9 млрд.теңге тартылды. 2024 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1,1 млн.адамға жетсе, оның ішінде шетелдік туристер 23,2 мың адамға жетті. Шаһарда жалпы 3048 төсек-орыны бар 1372 нөмірлік 68 орналастыру орындары тіркелген. Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары, қолөнершілер қалашығы, ескек есу каналының құрылысы жүргізілуде, құрылыс жұмыстары аяқталса бұлда өз кезегінде қалаға келетін туристердің санын арттыруға мүмкіндік береді.
2024 жылы Әлемнің халықаралық қолөнер қалалары ұйымының басшылары Түркістан қаласына іссапары ұйымдастырылып, қолөнер саласының даму потенциалы таныстырылды. 2025 жылы Түркістан қаласында «WCC International» ұйымы басшыларының басын қосып, Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесі статусын алу бойынша іс-шара өткізу жоспарланып отыр. «Визит орталығы» ғимаратынан туристерге ақпарат беру орталығы ашылып, онда 3 тілді жетік меңгерген мамандар қызмет көрсететеді. Әуежай және темір жол вокзалынан ақпарат беру орталықтарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Салаға алдағы жылдары құны 145 млрд.теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүкіндік беретін 13 жоба іске асыру жоспарлануда.
2024 жылдың 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 млрд.теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда, Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. ұрғын үй кезегіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 3026 азамат шығарылды. Соңғы 3 жылда 7136 адам тіркелсе, 3686 адам кезектен шығарылды. 2025 жылы барлығы 944 пәтер берілетін болады. Сондай-ақ, «Отбасы банк» арқылы 58 тұрғын үйдің 3076 пәтері сатылды. 2025 жылға 2127 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үй пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Тұрғын үйлерді жекешелендіру бойынша Заң 2025 жылы 21 қаңтарында күшіне енді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз бір қатар санаттаға азаматтар ала алады.
Түркістан қаласы электр қуатымен толық қамтамасыз етілген. Халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2 нысанның (Айбергенов көшесі бойындағы 35-0,4 кв кабель желілерін салу; Бірлік 2 және жобадан тыс қалған 7 нысанды электрмен қамту) құрылысы жүргізілуде. 1 нысанның (Түркістан қаласындағы электр қондырғылары мен электр желілерін қайта жаңғырту) құрылысына ЖСҚ әзірленсе, Бекзат м/а «220/110/10 кВ 2х160 МВА қосалқы станциясы» нысанына ЖСҚ әзірленуде. Бұл өз кезегінде жаңадан ашылған ірі өндіріс орындарына және жаңа абоненттерді сапалы электрмен қамту мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні көгілдір отынды қала тұрғындардың 98,0% дербес шот ашып пайдалануда. Қаладағы жаңадан қоныстанған аумақтардағы тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 1 нысанға ЖСҚ әзірленуде. Қала тұрғындары ауыз су жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Өткен жылы 2 нысанның ЖСҚ әзірленуде. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен 36,5% қамтылған. Жалпы бүгінгі таңға 13 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде, өткен жылы 2 нысан (пайдалануға тапсырылды. Қосымша 3 нысанға ЖСҚ-сы әзірленуде. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 87% сарқынды су желісімен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, №1 сарқын су тазарту имаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілгені белгілі. Осыған сай жер аумағы 22370 га, Тұрғын аймақтар 4148 га-дан 6996 га; қоғамдық аумақ 609 га-дан 1739 га; өндірістік аймақ 330 га-дан 610 га; рекреациялық аймақ 1791 га-дан 5930 га ұлғаяды. Алдағы уақыттарда қалада тағы бірнеше нысандар бой көтереді, олар Көрме орталығы, Этно-мұражай орталығы, Филармония, Балалар мен жасөспірімдер орталығы. Бүгінгі таңда қалада тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 86404 адам тұр. Қала тұрғындарын тұрғын үй салу үшін жермен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 16,9 млрд.теңге болатын 300 га және 180 га аумаққа инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2000 аса азаматқа жер телімі үлестіріледі.
Бас жоспар демекші, Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес құрылыс индустриясы таяудағы жылдары қалада бірнеше жүздеген тұрғын үй кешені мен үйлер, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық объектілер, сауда кешендері, саябақтар мен гүлзарлар, инженерлік инфрақұрылым мен жолдар салу арқылы дамитыны айтылған. Мұндай құрылыс көлемі жергілікті құрылыс материалдарына сұраныстың бірнеше есе өсуіне алып келеді. Құрылыс индустриясының неғұрлым перспективалы бағыттары: сусымалы құрылыс материалдарының (құм, қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы, топырақ) өндірісі, тауарлық бетон, бетон және темір-бетон бұйымдары, кірпіш, көбік және газ бетоны, жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, терезе, есік, жиһаз өндірісі болады. Ал ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы құрылғылар өндірісі, фермаларға, жылыжайларға, көкөніс сақтау орындарына арналған жабдықтар өндірісі, нүктелі суару жүйелерінің, дақылдарды топыраққа отырғызбай өңдеу жүйелерінің, дрондар өндірісі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы перспективалы бағыттар ретінде аталып отыр.
35 елді мекен кіретін Түркістан қаласының қала маңы аумағы дәнді дақылдар, көкөніс және бақша өсіру бойынша облыста жетекші орын алады. Қала маңайы жылыжайлар саны бойынша облыста екінші орынға ие. Мал шаруашылығы да дамыған, онда негізгі бағыттар ірі қара мал мен ұсақ мал және түйе өсіру болып табылады. Түркістан қаласы осы бағыттарда ауыл шаруашылығы кластерінің өзегіне айналуы мүмкін. Өнімдері халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін ауыл шаруашылығын жеке қосалқы шаруашылықтардан шығару, дақылдарды топыраққа отырғызбай өсіру технологияларын одан әрі дамыту, саланы ынталандыру қажет.
Сондай-ақ, тұрғындар мен туристердің болжамды санына байланысты сауда экономиканың неғұрлым перспективалы салаларының бірі болып табылады. Ірі сауда орталықтарымен және супермаркеттермен қатар дәстүрлі базарлар дамуы тиіс. Осыған байланысты Түркістан қаласының базарларын сақтау және жаңғырту жоспарын әзірлеу маңызды. Тауар айналымының көлемі өскендіктен көлік-логистика жүйесі дамитын болады. Жүктерді тасымалдау екі бағыт, яғни қалаға азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, шикізат пен материалдарды әкелу және ауыл шаруашылығы өнімдерін, тамақ өнімдерін, тоқыма өнімдерін басқа өңірлерге жөнелту бойынша жүзеге асырылатыны көзделген.
Түркістан облыс орталығы болған 7 жыл мерзімде біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.
Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.
Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан» – дейді мамандар. Биылғы жылы қонақ үйлердің саны 60-тан асқан. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығып отыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат