2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді, сонымен бірге өңір халқы үшін тұрақты табыс көзіне айналады.
– Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция, – деді Нұралхан Көшеров.
Сапар аясында облыс әкімі алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағына барды. Мұнда 9 гектар аумаққа 24 жоба орналаспақ. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер жобасын бастап кеткен. Аталған аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орындары – 600-ден асады.
10 гектар жерге орналасқан Қарашық өндірістік аймағында 20 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылысқа кірісті. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны – 4,5 млрд теңге, жұмыс орындары – 170.Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім өндіріп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Ал «ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына жөнелтуде. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Материалдар Түркиядан жеткізіледі, ал жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, біліктілігін арттыруда.Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да инвестициялық жобалар қатар жүріп жатыр.
Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар – аймақтағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашуда. Жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етуде.
Жалпы, өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 млрд теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті.
Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат.
Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров. Өндірістік аймақтарды аралау барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.
Сауран ауданында өндірістен бөлек ауыл шаруашылығы да қарқынды дами бастаған. Ауыл шаруашылығының құрамдас бөлігі болып табылатын балық шаруашылығы ерекше даму үстінде. Мәселен, балық шаруашылығын дамыту мақсатында ауданға қарасты Үшқайық ауыл округінде ауқымды жұмыстар бастау алды. Жаңа кәсіпкерлік нысандарының қатарында балық өсіруге арналған кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда арнайы бассейндер қазу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі таяуда ғана құрылыс алаңында болып, кәсіпкерлермен тілдескен де болатын. Ол өз сөзінде аудан тарапынан инфрақұрылымдық жүйелерді тарту, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге қолдау көрсету және жалпы жобаның табысты жүзеге асуына ықпал ету үшін жан-жақты қолдау болатынын жеткізген.
Жалпы, Сауран ауданында шағын және орта бизнесті дамыту – аудан экономикасын тұрақты дамытуға серпін береді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Жергілікті нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етеді. Аудан басшылығы жергілікті өндіріс орындарын қолдауды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып, кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасауды көздеп отыр. Үшқайық ауылында басталған бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етпек.
Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ.
Сонымен қатар, аудан әкімінің айтуынша өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады деп күтілуде.
Ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар көп, соған байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар болса, олардың 13 келісім-шарт бойынша және 19 лицензиямен жұмыс жасауда. Өңдеу өнеркәсібінде 8,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда тамақ өнімдерін өндіру саласында екі өндіріс орны жұмыс жасайды. Өнім көлемі 549,6 млн.теңгеге жеткізілді. «Тұран» шаруа қожалығы сүт өнімдерін шығарса, «Яссы Құс» шаруа қожалығы жұмыртқа өндіреді. Өзге де бейметалл минералдық өнімдерін өндіру саласында 8 өндіріс орны жұмыс жасайды. Өнім көлемі 5,4 млрд.теңге құрады.
Бүгінгі таңда «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС-не тиесілі кірпіш зауытының жұмысы уақытша тоқтап тұр. Алдағы уақытта өндіріс орнын іске қосу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Ауданда құрылыс саласында «Бинэкс» ЖШС күйдірілген кірпіш шығарады. «Әзірет Жол» ЖШС, «Яссы құрылыс» ЖШС, «Тас жол» ЖШС асфальт төсейді. «Ныш-Ер» ЖШС стандартты құрылыс кірпішін шығаруға бейімделген. «Фахри Стройбетон» ЖШС, «Досан-Ата» ЖШС, «Euro Beton STD» ЖШС тауарлы бетон өндіреді. Сауран ауданында соңғы жылдары жиһаз өндіру саласында өнім көлемі 752 млн теңге, ең ірілерін атап айтсам «Так Мебель» ЖШС, «DIVALUX» ЖШС, ЖК «Хабибулла Ата», ЖК «SEM-BRAND» жиһаздарын қазақстандық тұрғындар ғана емес, алыс-жақын шетелдердің зор сұранысына ие. Олардың бірқатары республикалық, халықаралық көрмелерде топ жарып жүр.
Іске асырылған жобалардың ең ірілеріне ерекше тоқталып кетсек, Үшқайық ауылдық округінен «Иманқұл ата» шаруа қожалығы – балық шаруашылығын дамытуға 600 млн.теңге жұмсады. Осылайша он жұмыс орны ашылды. Қарашық ауылынан «Тұран» шаруа қожалығы – мектеп құрылысы, жобаның құны – 1440,0 млнт.теңге бөлді. Онда 30 адам жұмыспен қамтылды. Шаға ауылынан «БНК АГРО» ЖШС сүт тауарлы ферма құрылысы және өндіру ғимарат құрылысын бастап кетті. Жобаның құны 840,0 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан «Tемір ата» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салуда. Жобаның құны – 450,0 млн.теңге тұрады.
Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Sauran Plast» қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенін құрылысын бастады. Жобаның құны – 675 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан жеке кәсіпкер «Абдусаттаров» — Сапар орталығын баттандырды. Бұл жобаның құны – 97 млн.теңге тұрады. Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Байжанова» — техникалық және жол сервисі орталығының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150,0 млн.теңге болады. Иассы ауылдық округінен жеке кәсіпке «ӨЗЕН» — Демалыс аймағы бөлініп, жобаның құны – 101 млн.теңгеге бағаланып отыр.
Шаға ауылынан «Turkistan Fruit» ЖШС — 400 гектарға қара өріктен жеміс шырынын тікелей сығу өндірісін жүзеге асырады. Жоба құны — 8,5 млрд.теңге тұрады. Жоба 2022-2026 жылдары жалғасын табады. Шорнақ ауылынан ЖК «Sauran Plast» — Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс қалтасын шығаратын өндірістік кешенін бастайды. Жоба құны — 500 млн.теңге тұрады. Өндіріс іске қосылған кезде 15 адам жұмыспен қамтылады. Шыпан ауылынан ЖК «ASIABRAND» — Отбасылық, тұрмыстық жиһаз жасау өнеркәсібін бастайды. Жоба құны — 800 млн.теңгеге жоспарланып отыр. Өндіріс жұмысын бастаған кезде 20 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Теке ауылынан ЖК «ND PLAST TURAN» — тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобасына 300 млн.теңге жұмсамақ.
Шойтөбе ауылынан «ІDEAL TURKESTAN» ЖШС — Жұмсақ жиһаз өнеркәсібіне құны — 500 млн.теңге жұмсап, 50 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. . Бостандық ауылынан «Ныш Ер» ЖШС — Демалыс орны және қонақ үй құрылысын бастайды. Жоба құны — 2,2 млрд.теңге тұрады. Еңбекші Диқан ауылынан ЖК «ӨЗЕН» — Демалыс орны. Жоба құны — 350,0 млн.теңге болады. Жоба іске асқан кезде 35 жұмыс орындары ашылады. Қаражон ауылынан ЖК «Ердаулет» демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 350 млн.теңге тұрады. Демалыс орны іске кіріскен кезде 85 адам жұмыс орындарымен қамтылады. Шорнақ ауылынан «Sayazhai» ЖШС — Жол бойындағы «Бауырсақ» қызмет көрсету орталығын ашты. Жоба құны 424 млн.теңге тұрады. Мұндай 20 адам жұмыспен қамтылған. Абай ауылынан «SAKETAU Resort» ЖШС — Отбасылық демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 150 млн.теңге тұрады. Шойтөбе ауылынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС — 20 МВт күн электр станциясының құрылысын бастайды. Жоба құны — 8 млрд.теңге тұрады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат