Кездесу аясында Жүйнек ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрлан Әмзеев 2025 жылдың бес айындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауылдың даму қарқыны мен жоспарлы жобалар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, есептік кезеңде ауылдық округте бірқатар оң өзгерістер мен маңызды жобалар жүзеге асырыла бастаған.
Жүйнек ауылдық округінде биыл жалпы құны 4,28 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл жобалар негізінен ауылды көркейту, инфрақұрылымды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Нәтижесінде, 267 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауылішілік 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында 200 орындық балабақша, заманауи спорт кешені, газ және электр жарығы желілері салынуда.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде: – Жүйнек ауылдық округі – ауданымыздағы әлеуетті аумақтардың бірі. Инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар ауыл өмірін жақсартуға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деп атап өтті.
Сауран ауданы – соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша облыста алдыңғы қатарда келе жатқан өңірлердің бірі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өндіріс, инфрақұрылым және туризм салаларындағы оң өзгерістер аймақтың әлеуетін арттыруда. 2025 жылдың басынан бері Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласында 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы таяуда аудан әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында мәлімдеген болатын. Ауыл шаруашылығы өндірісінің артуына биыл іске асырылатын 13 ірі инвестициялық жоба айтарлықтай үлес қосады. Жалпы құны 16,4 млрд теңгеге бағаланған бұл жобалар агросектордағы жаңа серпіннің бастауы болмақ.
Мәселен, Шаға ауылдық округінде келесі жылы іске қосылатын «Eco-Chicken» ЖШС құс фермасы – 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастағанда, облыс ғана емес, еліміздің барлық аймақтарына құс етін экспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС 700 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесін орнатуда. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы саласымен қатар, өңірлік өндірістік әлеуетті дамыту мақсатында ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, жалпы құны 209,3 млрд теңге болатын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ал 2025 жылдың соңына дейін өңірде 30 өндірістік нысан ашылып, медициналық жиһаз, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдері шығарыла бастайды. Бұл жобаларға тартылатын инвестиция көлемі 100 млрд теңгені құрап, 1 500 адам жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облысының маңызды бағытының бірі – туризм саласы. Сауран ауданында орналасқан 54 тарихи нысанның 3-і республикалық маңызға ие. Өткен жылы өңірге 100 мыңға жуық турист келген. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Туризмді одан әрі дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл арқылы 164 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінде минералды су көздерін тиімді пайдалану үшін 20 гектар жер телімі бөлініп, емдік-сауықтыру және демалыс аймағы құрылатын болады. Жоба аясында 14 нысан іске асырылып, қосымша 5 млрд теңге инвестиция тартылады.
Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту да басты назарда. Бүгінгі таңда Сауранға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су жүйесімен қамтылған. 2024 жылы Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы және Егізқара ауылдарының су жүйелері ретке келтіріліп, тәулік бойы үздіксіз су беріледі. Электр жүйесін жаңарту аясында былтыр 56 трансформатор ауыстырылып, 17 шақырым электр желісі жаңартылды. Биыл тағы 17 трансформатор орнатылып, қосымша 13 шақырым желі жаңартылады.
Табиғи газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандағы газбен қамту көрсеткіші 43,3%-ды құрайды. Жыл соңына дейін қосылатын 1 790 жаңа абонент арқылы бұл көрсеткіш 45,6%-ға жетеді деп күтілуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының әлеуетін арттыруда Сауран ауданының қосып жатқан үлесі зор. Агросектордағы инновациялық жобалар, өнеркәсіптің дамуы, инфрақұрылымның жақсаруы және туризм саласындағы серпілістер – өңірдің тұрақты әрі жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін нақты көрсеткіштер. Бұл – Мемлекет басшысының өңірлердегі экономикалық өсімді қолдау саясатының нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды.
Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Ауданда 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.
Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек.
Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек. Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн.
Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда, KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн.
Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс», — деп Үкіметке тиісті құрылым басшыларына нақты тапсырма берген болатын.
Осы орайда Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңға ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің саны жеті мыңға жуықтады. Кәсіпкерлердің өндірістік қуатын қолдауға бағытталған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген 7-8% несиемен қамтамасыз етілді. Атап айтар болсақ банк несиелерін субсидиялау бойынша 19 жобаға 1 990,5 млн.теңге жұмсалды. Банк несиелерін кепілдендіру бойынша 11 жобаға 625,2 млн.теңге бөлінді.Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5% несиелендіру бойынша «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 191 адам 1 267,3 млн.теңге несие алған.
Сауран ауданында экономикалық өсімге тигізер әсері мол туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар болған. 2021 жылы наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырған еді. Бұл – ауданның, туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Иә, дәл Түркістанның іргесінде аса құнды тарихи қаламыз тұр. Сауранды туристік бағытқа енгізіп, тұрақты түрде насихаттау керектігі әртүрлі жиындарда айтылып жүр. Салынып жатқан «Сапар орталығында» осы қала туралы толық мағлұмат беріліп, туристерге сапалы материалдар мен жәдігерлер ұсынылуы тиіс. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін туристерді осы жаққа да бағыттаған жөн. Сауранның туристік әлеуетін арттыру бойынша жоспар, іс-шара бекітілген. Жол, инфрақұрылымын реттеу жүйелі түрде атқарылып келеді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр. Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев Сауран қалашығының тарихынан туралы «Бұл Орталық Азиядағы ең жақсы сақталған тарихи қалалардың бірі» деп атап өткен болатын. Арнайы суландыру жүйесі болған. Көне құдықтардың орны сақталған. Тарихшы осы аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жақын тұста көгалдандыру керектігін айтады.
Жалпы, Түркістаннан Сауран қалашығына бұрылатын қысқа бағыт ашылмақ. Тиісті қүрылыс басталады. Бұрын саяхатшылар Сауранға бару үшін Қызылорда облысының аумағына өтіп, қайтып келетін болса, енді тарихи қалаға баратын жол қысқара түспек.Айта кетейік, Сауран туралы алғашқы жоба деректер Х ғасырда жазылған. Тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Бүгінде «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы аумағынан «Сапар орталығының» құрылысы қолға алынған. Бөлінген жер көлемі – 1 гектар, құрылыс аумағы – 968,41 шаршы метр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат