Бейсенбі, 05 Маусым 2025 21:18

Сауран ауданы: Иассыда кәсіпкерлікке жобаларға 149,7 млн теңге инвестиция тартылып, жылыжай, мал бордақылау алаңдары мен өндірістік нысандардың құрылысы басталды

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған кестеге сәйкес Иассы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауылдық округ әкімі Сыздық Пирметов алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша, ауылдық округтің жылдық бюджеті толық көлемде игеріліп, салық түсімдері 25,3 млн теңгеге жетті. 138 адам жұмыспен қамтылып, 106 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. 1329 гектар егістік жер толық игеріліп, 13 мың тоннадан астам мал азығы дайындалды. Ауыл шаруашылығы кооперациясына және кәсіпкерлікке бағытталған жобалар шеңберінде 149,7 млн теңге инвестиция тартылып, жылыжай, мал бордақылау алаңдары мен өндірістік нысандардың құрылысы басталды. Ауыз су жүйесін жетілдіру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Кездесу барысында тұрғындар ауыз су сапасы мен қысымының төмендігі, тұрғын үй салуға жер телімдерінің жетіспеушілігі, жол бойына бақылау камераларын орнату, мобильді байланыс антеннасын орнату, электр қуатының әлсіздігі және трансформатор қажеттілігі, сондай-ақ ішкі жолдардың жағдайы секілді мәселелерді көтерді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кездесуде тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын тыңдай келе: «Әрбір көтерілген мәселе – ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды сұрақтар. Біз бұл ұсыныстарды назарға алып, нақты шешу жолдарын қарастырамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар арқылы ауылдың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасын табады», – деді.

Дәл осы күні Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2025 жылдың І жартыжылдығында Оранғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуда ауылдың даму мәселелері мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері және дербес бөлім басшылары қатысты. Кездесу барысында округ әкімі Берік Қуандық 2025 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Оның айтуынша, ауылдық округте ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, салықтық түсімдер жоспары артығымен орындалып, мүлік салығы 102,7%, жер салығы 788,9%, көлік салығы 255,0% болып орындалды. Сонымен қатар, 247 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығы саласында 2 900 гектар жер игеріліп, 1,45 млрд теңге инвестиция тартылды. 169 шаруа қожалығы 2 975 гектар жерге егін егіп, ауылда 101 жеке кәсіпкер, 34 нысан мен 169 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде.

Тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірнеше маңызды мәселені көтерді. Атап айтқанда, көлік жолдарын жақсарту, жол белгілерін орнату, жаңа әлеуметтік нысандар салу, балалар алаңдарын көбейту, жер телімдерін бөлу мәселесін шешу және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету туралы ұсыныстар айтылды. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылда ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтіп, тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Ол көтерілген барлық ұсыныстар ескерілетінін және оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Сонымен қатары, Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округі, С.Қожанов елді мекенінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа білім ұясы пайдалануға беруге жақын. Қазіргі уақытта нысанда әрлеу жұмыстары мен мектепті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету шаралары қарқынды жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысын аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы барып көріп, құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуына назар аударды. Сапар барысында мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігі ескертілді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, нысанның айналасын абаттандыру және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар атқарылуда. Бүгінгі таңда мектеп аумағында автотұрақ, газ тарту, сумен жабдықтау, интернет желісіне қосу және сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстары аудан әкімдігі тарапынан толықтай орындалды. Жаңа білім ордасы іске қосылғанда, ауыл оқушылары үшін заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасы қалыптасады. Кеңейтілген сынып бөлмелері, пәндік кабинеттер, кітапхана мен спорт зал заманауи стандарттарға сай жабдықталатын болады.Аудан басшылығы мектептің жаңа оқу жылына дейін толықтай пайдалануға берілуін басты міндет етіп отыр.

Сауран ауданы әкімінің айтуынша өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.

Сауран ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика ми­нистрлігі 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын айттық. Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.

Жалпы, өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде.

Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, Сауран ауданында өнеркәсіптен бөлек, ауыл шаруашылығына ірі инвестиция тартылып, мақта өндірісіне жаңа технология енгізілмек. Шетелдік инвестор «Turkistan Golden Cotton Ageralular technology Co.Ltd» компаниясы жергілікті «ИС Жангир» ЖШС-мен бірлесіп, жер телімдерін ортақ пайдалану туралы келісім жасады. Таяуда аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шетелдік инвесторлармен жер телімінің басында кездесіп, олардың алдағы жоспарларын тыңдады. Жоба аясында мақта егісі заманауи тамшылатып суғару әдісімен жүзеге асырылатын болады. Жалпы жоба құны – 7 млрд теңге. Алғашқы бес жыл ішінде мақта өсіруге арналған жер көлемін 1000 гектардан 12 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Өндірістік қуаттылығының бірінші кезеңінде 50 мың тонна мақта өнімін шығару көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта екі тарап келісімшартқа қол қойып, іске кірісіп кетті. Мақта өсіру базасына жұмысшыларға арналған контейнерлер жеткізілді, ал жер өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба аймақтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және мақта өндірісінің сапасын арттыруға үлкен серпін бермек.

Орай келгенде айта кетерлігі, өткен жылы облыс әкімдігі мақта-тоқыма кластерін салу жобасын әзірледі. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылатын болады. Күтілетін нәтиже – 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, бюджетке жыл сайын шамамен 26,2 миллиард теңге түсім. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында Global Textile компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті. Сондай-ақ отандық тоқыма кәсіпорындарын қолдау үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық қамту үлесін 70 пайызға дейін арттыруды ұсынды. Содан кейін қорғаныс, білім беру, медициналық, теміржол және басқа салалардан тоқыма өнімдеріне сұраныс отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Елде тоқыма, тігін өнеркәсібімен қатар жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту да мақта саласын толыққанды дамыту үшін қажет. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын тұқыммен қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  7 мыңға  жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Сауран ауданына инвестиция тарту мақсатында аудан әкімі бірнеше елге барып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізіп, меморандумдар жасасып келеді. Мәселен, былтыр жыл соңына қарай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен арнайы делегация Түркия Республикасына іссапармен барып қайтқан болатын. Конья қаласының Қаратай ауданында болып, бауырлас қала ретінде меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.

Сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасады делінген. Делегация Конья қаласының Қаратай ауданында сауда және өнеркәсіп, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстарды нығайтып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және текстиль өндіру бағытында әріптестік орнату негізінде кездесулер өтеді.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екендігін атап өткен болатын. Түркістан облысының әкімі аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Осы тапсырманы негізге ала отырып, Сауран ауданы әкімдігінің бастамасымен бизнес өкілдерінен құралған делегациясы былтыр қазан айының соңына таман Қытай Халық Республикасына арнайы іс-сапармен барған-ды. Сапардың негізгі мақсаты – облысқа инвестиция тарту, екі жақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу болып табылады.

Саурандық кәсіпкерлер бірінші кезекте сол тұста сапарын Чыңду ауданының Шиньжин қаласындағы «СITICO» өндірістік зауытының жұмысымен танысудан бастады. Онда зауыттың әлеуеті таныстырылып, барлық мәліметер ұсынылды. Әлем бойынша ең табысы мол бизнестің түрі болып табылатын балық шаруашылығына қажетті өнімдер өндірілуде. Атап өтетін болсақ, зауытта 60-тан астам балық жемдерін әзірлеуде. Аталмыш нысанның қуаттылығы жылына 500 мың тонна балық жемдерін өндіреді. Ішкі нарықта сұраныс жоғары болғандықтан өнімдерін импорттаумен қатар шет ел мемлекеттеріне де эспорттауда.

Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары.

Сауран ауданында 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 21 рет