Сәрсенбі, 25 Маусым 2025 15:14

Түркістан қаласы: заң талабына сай қойылған сыртқы жарнама – тұтынушы құқығын сыйлаудың көрінісі

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлегеновтің төрағалығымен қала аумағындағы рұқсатсыз және ретсіз орналастырылған сыртқы жарнамаларды ретке келтіру бойынша мәжіліс өтті. Жалпы, сыртқы жарнамалардың заң талабына сай орналастырылуы – тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың, сыйлаудың бір түрі ретінде есептеледі. Жергілікті халықтың түсінуіне қиын, тіл заңдылығы сақталмаған, бейберекет орналастырылған жарнамалар тұтынушы құқын бұзып қана қоймай, қала келбетіне де кері әсерін тигізері анық.

Аталған келелі жиында 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы таныстырылып, алдағы кезеңге қойылатын нақты міндеттер нақтыланды. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес, сыртқы жарнама саласында кешенді жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, жыл басынан бері сыртқы жарнама бойынша салық тізіміне енгізіліп, жолданған жалпы сома 32 910 308 теңгені құрады.

Мониторинг нәтижесінде қала аумағында 386 жарнама нысаны анықталып, кәсіпкерлерге заң талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 26 нысан заң талаптарына сәйкес ресми тіркеуге алынып, 360 жарнама нысаны жойылды. Сонымен қатар, 327 жарнама нысаны сәйкестендіріліп, Мемлекеттік кірістер басқармасына тұрақты түрде жолдануда. Мәжіліс соңында қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов сыртқы жарнамаларды заңдастыру, қала келбетін сақтау, рұқсат беру тәртібін сақтау және бейберекет орналастырылған жарнама нысандарын жою бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Қазіргі  уақытта  кез келген қаланың іші толған жарнама. Әсіресе, көпшілік жиі жүретін базарлардың, сауда орындарының маңындағы көрінген жерде жөн-жосықсыз ілінген жарнамадан аяқ алып жүре алмайсың. Себебі, жарнама дегеніміз – бизнесті табысты жүргізудің, сенімді қалыптастырудың, өнім мен тауарды танытудың және беделді көтерудің бірден-бір қозғалтқыш механизмі. Сондықтан да  қай елде болмасын жарнама бизнесі  қаржы табудың  және бедел көтерудің ең тиімді жолы болып табылады.

Әуелі, сәтті шығарылған бір ғана жарнамамен бизнесі өрге дөңгелеп, миллионер атанғандар немесе саясат сахнасына, билік басына келгендер де аз емес. Осы орайда, қала ішінде қаптаған жарнамалардың қайсысы заңды, зайсысы заңға қайшы, соны ажырата білеміз бе?Сыртқы жарнаманы орналастыру үшін қойылатын шарттар мен талаптар қандай?

Сіз ғимараттың сыртына орналастырғыңыз келетін ақпарат егер жарнамалық сипатта болса, яғни  тауарды сатып алуға, жұмыс немесе қызметке шақыратын сипатта болған жағдайда  жарнамаға рұқсат алу қажет болады. Бағасын, мекенжайын, электрондық поштасын, сайт және телефонның байланыс нөмірлерін көрсету жарнама деп  танылады.

Маңдайша жазуында, сөрелер мен терезелердің ішкі ресімделуінде, жұмыс режимі туралы ақпаратта ерекшелік болады. Жарнама екі тілде болуы тиіс: мемлекеттік және орыс тілдерінде. Мәтіндер келесі тәртіпте орналастырылады: сол жақ немесе жоғарыда - мемлекеттік тілде,   оң жақ немесе төменде – орыс тілінде, әріп көлемі бойынша бірдей жазылады.  Егер Сіз жарнамалап отырған қызмет лицензиялауға жататын болса,  онда лицензияның нөмірі мен берілген күнін және осы лицензияны қай орган бергенін  көрсету қажет.

Қандай жарнамаға тыйым салынады?

Емшек сүтін алмастырғыштар, электрондық казино, интернет-казино,   темекі және темекі өнімдері, этиль спирті мен алкоголь өнімдері, қаржы (инвестициялық) пирамида қызметі туралы жарнамаға тыйым салынады. Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауға,сондай-ақ құқыққа қарсы өзге де әрекеттi (әрекетсiздiктi) қоздырмауға тиiс.

Жарнама:

жолдың көлік-пайдалану сапасын төмендетпеуі;

көлік құралдарының қозғалыс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзбауы;

жол белгiлерiне және нұсқағыштарға ұқсас болмауы, олардың көрiнуiн немесе қабылдау тиiмдiлiгiн нашарлатпауы;

жол пайдаланушылардың көзін қарықтырмауы;

жол белгісінде, оның тірегі немесе қозғалысты реттеуге арналған кез келген басқа құрылғыда орналаспауы;

жол қозғалысын реттеу құралдарын көруді нашарлатпауы немесе олардың тиімділігін төмендетпеуі;

ішкі және сыртқы жарықтандыруда жол белгілерінің фотометриялық сипаттарынан жоғары бейнелеу бөлшектерінің жарықтығына ие болмауы;

жасанды жарықтандыруы жоқ жол белгілері бар жолдардың учаскелерінде тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырмауы;

көлік айналымы, автомобиль жолдарының қиылыстары мен қосылу, теміржол өтпелері мен жасанды құрылыстар көрінетін есептік қашықтықтан жақын аймақта орналаспауы тиіс.

Жосықсыз, өтірік, көрінеу жалған, жасырын, әдепсіз жарнамаға тыйым салынады.

Мәдениет және тарих, өнер ескерткіштеріне, мемлекеттік мекемелерде Жарнама орналастырылуға жол берілмейді.

Жарнама туралы Заңның 6 бабының талаптарына сәйкес, тіркелмеген діни ұйымдар мен діни оқу орындарын, электрондық казино мен интернет-казиноны жарнамалауға да қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар жарнама Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және өзге де құпияларды пайдаланылмауға тиіс.

Жоғарыда айтып өткен мазмұндағы жарнамалардың салдары ұлт араздығына, басқа да берекесіздік пен дүрбелеңге әкелетін болса, ол үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қаралатынын да ұмытпаған жөн.

«Жарнама туралы» заңның 17 бабының 1,2,3 тармақтарында  мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті  айқындалған. Айталық, мемлекеттік органдар жарнама туралы заңнаманы бұзушыларға жауаптылық шараларын қолданады, жеке немесе заңды тұлғалардың жарнама қызметі мәселелері бойынша өтініштерін қарайды. Ал жергілікті атқарушы органдар (республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары) елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыруға рұқсат береді, жеке немесе заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарнама қызметі мәселелері бойынша өтініштерін қарайды, жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Теледидар мен радиодағы жарнама

Жүгіртпе жол және әлеуметтік жарнамадан басқа теледидар мен радиодағы жарнама, көлемі күніне жалпы хабар тарату көлемінің 20 пайызынан аспауы керек. Қазақ тіліндегі жарнама көлемі 50 пайыздан кем болмауы керек. Жарнаманың дыбыс қаттылығы хабардың дыбысынан жоғары болмауы керек. Ресми баяндамалар, бiлiм беру, балаларға арналған бағдарламалар және діни бағдарламалар жарнамаға үзілмеуі керек. Ұлттық аза тұту күндері жарнама беруге тыйым салынады.

Интернеттегі жарнама

Интернеттегі кез келген жарнама жалпы жарнамаға қойылатын талаптарға сай болуы керек, яғни сенімді және рұқсат етілген болуы керек. Әрбір жарнама шығармасы «Жарнама» деп белгіленуі керек. Сонымен қатар, жарнама берушілер пайдаланушы деректерін қорғау ережелерін сақтауы керек. Жарнама туралы ақпарат, оның ішінде таргеттелген жарнама, жарнама берушіде соңғы орналастырылған күннен кейін бір жыл бойы сақталуы тиіс.

Сыртқы жарнама

Сыртқы жарнама — бұл ғимарат сыртында орналыстырылған кез келген жарнама ақпараты. Плакаттар, стендтер, жарықты таблолар, билбордтар, бағыт көрсеткіштер, афишалар, штендертер, тіпті дүкен витриналарының сыртқы безендіруі мен жеңілдіктер мен акциялар туралы жарнама плакаттары жарнама болып саналады. Кәсіпкерлер билборд иесінің рұқсат құжаттары бар екеніне көз жеткізуі керек, әйтпесе әкімдік жарнаманы алып тастайды. Жол бойындағы сыртқы жарнама жол белгілеріне ұқсамауы керек, жолдың көрінуін нашарлатпауы керек және жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілердің жүруіне бөгет жасамау керек.

Сыртқы жарнаманы орналастыру үшін алынатын төлем

Сыртқы жарнамаға салық салынады. Салық мөлшері жарнама объектінің көлеміне байланысты — баннер аумағы неғұрлым үлкен болса, салық соғұрлым жоғары болады. Мысалы, кәсіпкер айына ауданы 2 шаршы метрден кем дүкен витринасындағы жарнамаға 1 АЕК (2025 жылы 3 932 теңге) төлейді. Егер бизнес объектісі орналасқан ғимараттың қасбетінде жүгіртпе жол бар экран болса, онда кәсіпкер айына 2 АЕК (7 864 теңге) төлеу керек болады.

Егер жарнама объектісінің бірнеше жағы болса, онда есепке әрбір жағы алынады. Қала ішіндегі сыртқы жарнаманың құны объектінің түріне және қаланың республикалық, облыстық немесе аудандық маңызы бар санатына байланысты. Жергілікті үкімет жарнамаға базалы мөлшерлеменің екі есе мөлшерінен аспайтын жоғары мөлшерлеме орната алады.Төлем ай сайын келесі айдың 25-не дейін төленеді.

Салық берешегі пайда болмауы үшін сыртқы жарнаманы маңдайшадағы атаудан ажырату маңызды. Мысалы, «Уют» сантехника дүкені» — ол атау, ал «Уют» жоғары сапалы бүкіл үйге арналған еуропалық сантехника дүкені» жарнама болып есептеледі, сондықтан оған салық салынады. Егер маңдайшада акциялар мен жеңілдіктер туралы ақпарат болса, онда бұл да жарнама болып саналады.

Сыртқы жарнамаға жатпайтын мәтіндер:

маңдайшадағы атау;

жұмыс режимі туралы ақпарат;

арнайы бөлінген жерлерде орналастырылған іс-шаралардың афишалары;

валюта бағамы туралы ақпарат;

витриналар мен терезелердің ішкі безендіруі.

Көліктегі жарнама

Жарнаманы көлік сыртына арнайы рұқсатсыз немесе төлемсіз орналастыруға болады. Бірақ көлікті тек жарнама мақсатында ғана емес, көлік құралы ретінде де пайдалану керек. Жарнамасы бар көлік жол қауіпсіздігіне кедергі немесе қауіп төндірмеуі керек, ал жарнама дыбыссыз, көрнекі болуы керек. Арнайы техникаға немесе қауіпті жүктер тасымалдайтын көліктерге жарнама орнатуға болмайды.

Заңды бұзғаны үшін тартылатын жауапкершілік

Әкімдік айына екі рет субъектіге бармай-ақ профилактикалы бақылау ұйымдастыра алады және кәсіпкерге қателерді жою туралы ұсыныстар жібере алады. Кәсіпкер жіберілген ұсыныстарды 10 күн ішінде жою керек, ал қателермен келіспеген жағдайда, бес күн ішінде әкімдікке наразылық жолдай алады. Алғаш рет жасалған қате ескертумен шектеледі, ал егер бір жыл ішінде қайталанса, кәсіпкерге айыппұл салынады.

Жарнамалауға тыйым салынған тауарларды жарнамалағаны үшін салынатын айыппұл:

жеке тұлғаларға — 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңге),

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 120 АЕК (471 840 теңге),

орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 170 АЕК (668 440 теңге),

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 450 АЕК (1 769 400 теңге).

Жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз жарнамаға, сондай-ақ жалпыұлттық аза тұту күндерінде берілген жарнамаға және басқа да заңнаманы бұзған жарнамаға салынатын айыппұл:

жеке тұлғаларға — 35 АЕК (137 620 теңге),

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (393 200 теңге),

орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК (786 400 теңге),

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 400 АЕК (1 572 800 теңге).

Тілдерге қойылатын заң талаптарды бұзғаны үшін салынатын айыппұл:

жеке тұлғаларға — 20 АЕК (78 640 теңге),

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (393 200 теңге),

орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (589 800 теңге),

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 400 АЕК (1 572 800 теңге).

Мұндай жарнама берген компания мемлекет алдындағы әкімшілік жауапкершіліктен басқа, тұтынушылар немесе бәсекелестер алдында заңды жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Кез келген жарнаманы берерде заңға сәйкестігін тексеру керек. Жарнаманың қандай болуы керектігін және оны қалай тарату керектігін білу арқылы кәсіпкерлер айыппұлдарға ұшырамай, бәсекелестермен әділ күресе алады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 39 рет