Жексенбі, 22 Маусым 2025 19:36

Түркістан қаласы: жол-көлік инфрақұрылымы – экономиканың қозғаушы күші

Түркістан қаласының жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда қала аумағында 845 шақырым жол мен 875 көше бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Бұл туралы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының аралау барысында Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан баяндады. Биыл қосымша 138,5 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар толық орындалған жағдайда, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жетеді деп күтілуде.

Қаладағы негізгі көше желілерінің бірі – Тәуке хан даңғылы. Оның жалпы ұзындығы 5,16 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда даңғылда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні 2,3 шақырым бөлігіне жаңа асфальт жабындысы төселіп, жөндеу толық аяқталды. Жолдың ескі қабаты арнайы техникамен қырылып, орнына ірі және ұсақ түйіршікті жаңа асфальт салынуда. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында даңғыл бойындағы жол белгілері жаңартылып, қиылыстар мен кірме жолдарға да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары 45 күн ішінде толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілуі, қала және қала маңы аймағы халқының өсуі, бірқатар ірі кәсіпорындар қызметінің қайта жандандыруы және жаңадан салынуы жүк-жолаушылар тасымалына қызмет көрсетуді жақсартып, Түркістан станциясының теміржол көлігін одан әрі дамыту қажеттігін туындатады. Бұл орайда Түркістан қаласының жаңа бас жоспарында  экономиканың дамуы жүк тасымалдарын 2035 жылдың соңына дейін шамамен 3 есе ұлғайтуға алып келетіні, бұл жүк тиеу бойынша 800,0 мың тоннаға және түсіру бойынша 1 800,0 мың тоннаға жететінін айтылған. Түркістан қаласының бас жоспарында қаланың перспективалық шекарасынан тыс, Шойтөбе станциясында тағы бір теміржол жүк станциясы кешенін салу жоспарланған. Шойтөбе станциясы ауданында көлік-логистикалық орталық, сондай-ақ жалғау, көрме және қабылдау-жөнелту жолдары құрылысымен өнеркәсіптік аймақты орналастыру көзделген.

Станциялық теміржол кешені қала кәсіпорындарымен және жаңа әуежаймен, айналма жолдың оңтүстік жарты айналмасымен және қалалық магистральдармен байланысады, олар теміржол көлігімен жүк тасымалының өсіп келе жатқан көлеміне қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Есептік мерзімге «Түркістан – Шымкент» теміржол магистралінің барлық учаскесін электрлендіру ұсынылады. «Түркістан – Шымкент» теміржол магистралін (Арыс ІІ – Түркістан 108 км учаскесі) Түркістан қаласының көлік инфрақұрылымының шеңберіне электрлендіруді аяқтау кірмейді және бас жоспарда Түркістан облысындағы Жібек жолының туристік бағытын жаңғырту стратегиясы түрінде атап көрсетілген. Бас жоспарда теміржол вокзалын жолаушылар платформасы бар жаңа орынға, Шымкент бағытында 3 шақырымға көшіру көзделген. Жаңа теміржол вокзалының өткізу қабілеті тәулігіне 5000 жолаушыны құрайды.

Ұзындығы 16 шақырым "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық маңызы бар автожол учаскесі Түркістан қаласының аумағы арқылы өтеді. Есептік мерзімге бұл жол қалалық магистральға айналады. Бұдан басқа, Түркістан қаласына облыстық маңызы бар 3 техникалық санаттағы автожолдар жақындайды. Жүк және транзиттік машина ағындарын қоныстану аумақтарынан тыс шығару үшін бас жоспарда қаланың оңтүстік және солтүстік айналма жолдары қарастырылған. Бас жоспар ұсынған қаланы автожолмен айналып өту (Оңтүстік айналып өту) "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізі бойынша транзиттік автокөліктің үздіксіз және жоғары жылдамдықты қозғалысын қамтамасыз етеді.

Түркістан қаласында "Саяхат" автостанциясы және тәулігіне 1000 жолаушыға арналған автовокзал бар. Түркістан қаласының аумақтық дамуына, халықтың санының өсуіне және қаланың мәдени-рухани және туристік орталық ретінде маңыздылығының артуына байланысты экскурсанттар мен туристерді халықаралық, қалааралық және қала маңындағы автобус бағыттарымен тасымалдау көлемінің ұлғаюы болжанып отыр. Сыртқы жолаушылар автотасымалдарын ұйымдастыру мақсатында өңірлік, қазақстандық және халықаралық маңызы бар бағыттарды жүзеге асыратын 5000 жолаушыға арналған қазіргі заманғы халықаралық автовокзал құрылысы басталды. Қолданыстағы автовокзал мен автостанция қала маңындағы бағыттарға қызмет көрсету үшін сақталады.  Қалада қоғамдық жолаушылар көлігінің бір түрі – автобустар мен шағын автобустар пайдаланылуда. Қосалқы көлік – такси.  Перспективада көліктің негізгі түрі автобус болып қалады. Келешектегі даму аудандарын қаланың қазіргі бөлігімен және өнеркәсіптік аймағымен байланыстыратын қала ішіндегі жолаушылар көлігінің жаңа бағыттары ұсынылады. Түркістан қаласының тұрғындарына көліктік қызмет көрсетуді жақсарту үшін жолаушылар көлігінің жұмысын нақты ұйымдастыру, жылжымалы құрамды пайдалану құрылымында түбегейлі өзгерістер, шағын автобустар мен шағын сыйымдылықты автобустарды орташа және үлкен сыйымдылықтағы жайлы және бәсекеге қабілетті автобустарға ауыстырылады.

Бас жоспарда бір қабатты тозған тұрғын үйлерді ішінара бұзып, магистральды көшелерді барынша кеңейту көзделеді. Бос аумақтарды игеру жаңа көшелер мен жолдарды салуға және көлік ағындарын қайта бөлуге ықпал етеді. Жаңа жоспарлау құрылымының негізгі принципі айналасында алғашқы көлік айналмасы қалыптасатын тарихи орталықты бөлу болып табылады. Қаланың кейінгі құрылымы көше-жол желісінің тікбұрышты-радиалды жүйесін көздейді. Болашақта бас жоспарда ұсынылатын көше-жол желісінің тікбұрышты құрылымы Түркістан қаласының тарихи бөлігіндегі жолдардың радиалды жүйесімен өзара байланысты.   «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік халықаралық көлік дәлізін халықаралық маңызы бар айналма транзиттік магистраль – Оңтүстік айналма жолын құрап отырып, периферияға ауыстыру көзделіп отыр, бұл транзиттік автокөліктің үздіксіз және жоғары жылдамдықты қозғалысын қамтамасыз етеді.  Көшелер мен жолдардың жіктелуі және қызыл желілердегі параметрлер нормативтерге сәйкес қабылданған. Есептік мерзімге көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 1069,4 шақырымды, оның ішінде жалпы қалалық және аудандық маңызы бар – 273,2 шақырымды, жергілікті көшелер 766,7 шақырымды, айналма жол 29,5 шақырымды құрайды.

Түркістан қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұлғайғаны белгілі. Сонымен қатар, қала тұрғындарының саны 176 мыңға дейін өсті, Биыл, яғни 2025 жылы қала халқының саны 250 мыңға, ал, 2035 жылға қарай 350 мыңға жететін болады деп болжанып отыр. Тез өсіп келе жатқан қаланың барлық мұқтаждығы Түркістан қаласын дамыту бойынша ұсынылған жоспарда ескерілген. Ол қала тұрғындары мен оның қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Үкімет отырысында ұсынылған жоспар қаланың және Түркістан облысының атқарушы органдарымен және де орталық мемлекеттік органдармен келісілгені, қала инфрақұрылымын дамытудың тиісті схемалары әзірленгені, жоспарды қабылдау – Түркістан қаласын алдағы уақытта дамытудың нақты бағытын белгілейді.

Түркістан қаласының негізгі жоспарлау қаңқасы оны шығысында Шымкент мегаполисімен, батысында Қызылорда қаласымен және өңірдің басқа да қоныстарымен байланыстыратын басты автокөлік магистральдары болып табылады. Сондай-ақ қаланың жоспарлау құрылымында қала аумағы арқылы өтетін теміржол және жасанды су құрылысы – Арыс-Түркістан арнасы маңызды орын алады.  Тарихи-әкімшілік орталық Түркістан қаласының жоспарлы құрылымындағы басты элемент болып табылады. Қаланың тарихи бөлігінің негізі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, оның күзет аймағы және оған іргелес қоғамдық-әкімшілік орталығы. Қаланың ғасырлар бойы қалыптасқан жоспарлы құрылымы, ішіндегі көлік қозғалысы мен инженерлік коммуникациялар желісі, тарихи маңызы бар объектілер мен аймақтар оның сақталуға және сабақтас дамытылуға тиіс негізгі қала құрылысы құрамдастары мен тарихи құндылығы болып табылады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ежелгі қала орналасқан аудан жоспарлау құрылымындағы басымдық берілген элемент болып табылады, қаланың барлық көлік магистральдары сол жерде тоғысады.

Түркістан қаласының айтарлықтай өсуі «полиорталық» жүйесін қамтамасыз ете отырып, магистральға кіретін аумақтардың дамуымен қатар жүреді. Полиорталықты қаланы қалыптастыру қаланың жоспарланған алты ауданының әрқайсысында және әрбір қоғамдық орталықта жайлы тұрғын үй жағдайларын, жұмыс істеу, білім алу және демалу үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді. Қала құрылысын салу кезінде қала орталығында орналасқан өнеркәсіптік аймақтардың болуы ең маңызды болып саналады. Ұсынылған өнеркәсіптік аумақтарды қайта жаңарту неғұрлым қолайлы қала ортасын құруға, әлеуметтік инфрақұрылымды және ыңғайлы қоғамдық кеңістікті дамытуға мүмкіндік береді.

Иә, Бас жоспар еліміздің Жер, Экологиялық кодекстеріне, тиісті заңдарының және Қазақстан Республикасының қала құрылысын жобалау саласына қатысты басқа да заңнамалық актілері мен нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес әзірленді. Оны әзірлеуге Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 және "Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы" 2018 жылғы 29 қыркүйектегі № 762 жарлықтары негіз болды. Бас жоспарда бастапқы жыл – 2018 жыл, бірінші кезең – 2025 жыл, есептік мерзім – 2035 жыл болып жобалық кезеңдер қабылданды.

Бас жоспар аумақты әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiктік және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайларды ескере отырып дамытудың ұзақ мерзімді перспективаларын, сәулет-жоспарлау құрылымын қалыптастыруды, аумақты функционалдық қала құрылысы аймақтарына бөлуді, құрылысы салынған және салынбаған аумақтардың арақатынасын, жалпы қалалық мақсаттағы объектілерге қызмет көрсету және орналастыру жүйесін ұйымдастыру жөніндегі қағидаттық шешімдерді, жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтарын, резервтiк аумақтарды, кешенді көлік схемасын, көше-жол желісінің бас схемасын және жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді схемасын, аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердің қауiптi әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi шараларды айқындайды.

Сондай-ақ бас жоспар Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші кезектегі және перспективалы бағдарламаларын, қала аумағын түбегейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларын, қоғамдық, іскерлік, мәдени және сауықтыру орталықтарын дамыту, тұрғын, өндірістік және коммуналдық-қойма аумақтарын реконструкциялау және дамыту бағдарламаларын, тарихи құрылыс пен тарихи және мәдени мұра объектілерін сақтау, ұқыпты пайдалану және сабақтастықпен дамыту жоспарларын, рекреациялық аймақтардың аумақтарын дамыту бағдарламаларын және қалалық ортаны кешенді абаттандыру және эстетикалық ұйымдастыру жоспарларын әзірлеуге негіз болып табылады.    Республикалық маңызы бар Шымкент қаласынан 165 шақырым қашықтықта орналасқан және Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі болып табылатын Түркістан қаласы еліміздің оңтүстік облыстарын батыс және шығыс өңірлермен байланыстыратын республикалық маңызы бар автомобиль және теміржол магистральдарында орналасқан.

Бас жоспарда құрылыс индустриясы таяудағы жылдары қалада бірнеше жүздеген тұрғын үй кешені мен үйлер, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық объектілер, сауда кешендері, саябақтар мен гүлзарлар, инженерлік инфрақұрылым мен жолдар салу арқылы дамитыны айтылған. Мұндай құрылыс көлемі жергілікті құрылыс материалдарына сұраныстың бірнеше есе өсуіне алып келеді. Құрылыс индустриясының неғұрлым перспективалы бағыттары: сусымалы құрылыс материалдарының (құм, қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы, топырақ) өндірісі, тауарлық бетон, бетон және темір-бетон бұйымдары, кірпіш, көбік және газ бетоны, жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, терезе, есік, жиһаз өндірісі болады. Ал ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы құрылғылар өндірісі, фермаларға, жылыжайларға, көкөніс сақтау орындарына арналған жабдықтар өндірісі, нүктелі суару жүйелерінің, дақылдарды топыраққа отырғызбай өңдеу жүйелерінің, дрондар өндірісі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы перспективалы бағыттар ретінде аталып отыр.

35 елді мекен кіретін Түркістан қаласының қала маңы аумағы дәнді дақылдар, көкөніс және бақша өсіру бойынша облыста жетекші орын алады. Қала маңайы жылыжайлар саны бойынша облыста екінші орынға ие. Мал шаруашылығы да дамыған, онда негізгі бағыттар ірі қара мал мен ұсақ мал және түйе өсіру болып табылады. Түркістан қаласы осы бағыттарда ауыл шаруашылығы кластерінің өзегіне айналуы мүмкін. Өнімдері халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін ауыл шаруашылығын жеке қосалқы шаруашылықтардан шығару, дақылдарды топыраққа отырғызбай өсіру технологияларын одан әрі дамыту, саланы ынталандыру қажет. Сондай-ақ тұрғындар мен туристердің болжамды санына байланысты сауда экономиканың неғұрлым перспективалы салаларының бірі болып табылады. Ірі сауда орталықтарымен және супермаркеттермен қатар дәстүрлі базарлар дамуы тиіс. Осыған байланысты Түркістан қаласының базарларын сақтау және жаңғырту жоспарын әзірлеу маңызды. Тауар айналымының көлемі өскендіктен көлік-логистика жүйесі дамитын болады. Жүктерді тасымалдау екі бағыт, яғни қалаға азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, шикізат пен материалдарды әкелу және ауыл шаруашылығы өнімдерін, тамақ өнімдерін, тоқыма өнімдерін басқа өңірлерге жөнелту бойынша жүзеге асырылатыны көзделген.

Түркістан облыс орталығы болған 7 жыл мерзімде біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.

Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.

Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан» – дейді мамандар. Биылғы жылы қонақ үйлердің саны 60-тан асқан. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығып отыр.

Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы салынып, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.

Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды.

Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.

Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.

Түркістан қаласында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау арқылы 4 жыл ішінде келушілер саның бір миллион адамға жеткізу көзделген. Ең бастысы – өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Нәтижесінде облыс көлемінде былтыр қырықтан аса іс-шара өткізілді.

Түркістанда инфрақұрылым саласы жақсарып келеді. Тұрғындарды 100% таза ауыз сумен қамту үшін 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қалада 16 336 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Былтыр жыл соңында кәріз жүйесімен қамтылғандар 55,8%-ға жеткенін айта кетейік.  Жалпы сарқынды су желісімен қамтамасыз ету бойынша 17 жобаны іске асыру жоспарланған. Екі нысан алдыңғы жылы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 11 нысанның құрылысы жүргізілуде, ал, 4 нысан құрылысы республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 95% сарқынды су желісімен қамтамасыз етіледі.

Қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі күні қала тұрғындарының 98,0%-ы (40 мыңға жуық абонент) дербес шот ашып, «көгілдір отынды» пайдалануда.  Жол мәселесі де назарда. Биыл қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 59,1%-ға жеткізіп, қаладағы асфальт жолдарды 500 шақырымға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта қазір қала аумағында 4 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Облыс орталығында қазіргі кезде 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Оның 16-сы «Жолаушы» ЖШС-інің, 6 бағыты – «ТехПрофАвто» ЖШС-інің қарамағында. Екі тасымалдаушы мекеме сыйымдылығы жоғары 210 автобуспен қызмет көрсетеді. Жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 100%-ға жеткізілді. Қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі енгізілген. Одан бөлек, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жыл соңына дейін қала аумағында қосымша жаңа бағыттар ашылады деп жоспарлануда. 

Жалпы былтыр 49 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 23 ойын алаңшасы, 4 саябақ пен сквер бар. Түркі әлемінің рухани астанасының келбеті де назардан түспейді. Қала аумағындағы нысандарды күтіп ұстау жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ атқарады. Мердігер мекемелерді қосқанда бұл салада 2200-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Тазалау, суару, қоқыс шығару, жасыл желектерді күтуге арналған, саябақтар мен аллеялардағы аяқжолдарды тазалауға және ағаштарды бұтауға, жолақтарды сыпыру мен жууға арналған тағы да басқа жұмыстар жүргізетін үлкенді-кішілі 200-ден астам техника жұмыс атқарады.

Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында инвесторлардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар Түркістан қаласында, жалпы, облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.

Қала экономикасының өсім драйвері инвестиция тартымдылығы - соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Сонымен, дамудың жаңа сатысына көтерілген Түркістанның бас жоспары еншісінде 22370 гектар жер телімі бар.  Оған қала аумағының ішкі бөлігінде орналасқан тұрғын үйлер, кәсіпкерлік, әлеуметтік және басқа да көптеген нысандар көлік инфрақұрылымының қызыл сызығына енген. Көп қабаттан тұратын көп пәтерлі тұрғын үйлердің аумағына орналасқан. Осыған байланысты, Түркістан қаласы аумағының функционалдық аймақтарын салудың қала құрылыстық регламенті бекітілді. Бұл қала құрылыстық регламенті көп қабаттан тұратын көп пәтерлі тұрғын үйлердің аумағына еніп орналасқан нысандарға құжаттарды заңдастыруға мүмкіндікті қарастырды. Одан бөлек жер телімдерін заңдастыру барысында оң қорытындысы берілетін болады.

Үкімет қаулысымен бекітілген Бас жоспар негізінде жұмыс жалғасуда. Қала құрылысы құжаттамасы болғандықтан ол әртүрлі сатыдағы құжаттамалармен толығады. Алдымен қаланың бас жоспары әзірленсе, одан кейін қаланың егжей-тегжейлі жоспары жүзеге асырылатыны мәлім.  Ол әрбір аумаққа, әрбір тұрғын алабына нақты салынуға тиісті инженерлік құрылыс нысандары, техникалық экономикалық көрсеткіштері бәрі сарапталып, егжей-тегейлі көрсетілетін болады. Сондықтан жаңа бас жоспар бекітілген сәттен бастап, Түркістан қаласының аумағында  тұрғын үй, әлеуметтік, коммерциялық-іскерлік, өндірістік, өзге де режимдік аймақтарға бөлінді. Бас жоспарға сәйкес қалақұрылыс регламенті бекітілген. Қазір бұл құжат қолданысқа беріліп, заңды күшіне енген. Ендігі жерде осы бас жоспарға сәйкес Түркістан қаласы қарқынды дамуына даму қосып, елдегі ауыл шаруашылығы мен индустриясы қатар дамыған, әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан, өмір сүруге аса қолайлы үлкен шаһарға айналып келеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 32 рет