Жексенбі, 01 Маусым 2025 14:04

Түркістанда құны 200 млрд теңгені құрайтын мақта-тоқыма кластері құрылады

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов таяуда Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясының төрағасы Чжан Цихаймен кездесті. Кездесу барсында Түркістан қаласындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны талқылады.

Жоба мақта өсіруден бастап, иірілген жіп, мата, киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығаратын өндірістің толық кластерін құруға қауқарлы. Бұл кластерді құру үшін АЭА-тан 50 мың гектар жер бөлініп, 10 зауыт салу жоспарлануда. Оның ішінде 4 мақта өңдеу зауыты, 2 заманауи су үнемдеу технологияларын қолданатын тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт, сондай-ақ тігін және бояу-әрлеу фабрикасы бар тоқыма зауыттары болмақ. Инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд. теңгеден асады. Жоба аясында 4 мыңнан астам жұмыс орны, оның ішінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қазіргі уақытта кластердің инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылып, тоқыма фабрикаларының құрылысы басталды. Инвестор суару инфрақұрылымының құрылысын жүргізуде. Xinjiang Lihua компаниясының төрағасы Чжан Цихай қазан айында алғашқы дайын өнім өндірісі іске қосылатынын мәлімдеді. Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның экономиканы дамытудағы кластерлік тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, мақта-тоқыма кластерін құру ауыл шаруашылығын дамытуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізетінін айтты.

«TURAN» АЭА аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №693 Қаулысына сәйкес құрылған. Аймақтың негізгі миссиясы – Түркістан қаласының экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру, оны Түркі әлемінің рухани және іскерлік орталығына айналдыру. «TURAN» АЭА жалпы аумағы 3987 гектарды құрайды және 6 негізгі, қосалқы аймақтан тұрады.

Осы тұста айта кетерлігі, 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді.

Мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір – Түркістан облы­сының шаруалары соңғы жылдары баға мә­се­лесін жиі көтеріп жүргені де жасырын емес. Мақташылар көтеріп жүргенбұл мәсе­ле жергілікті билікке мәлім және облыс әкімі тарапынан тиісті шара­лар атқарылып жатыр. Дегенмен бұл облыс әкімдігі дең­гейін­де шешілетін мәселе емес екенін де ұмытпаған абзал. Сондық­тан да осы салада еңбек ететін 25 мың­ға жуық агроқұрылым, миллионнан астам тұрғын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, мақ­та­­шы­лардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пі­кір­лері ескеріле отырып, мемлекет тарапынан қол­дау болатынынан үмітті. Елордаға қа­рап елеңдеген диқандар Президент пәр­­ме­німен оң өзгеріс болатынына сенеді.

Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керектігі бұрыннан айтылып жүр. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Облыс билігі осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалуда. Осы бағытта өңір басшылығының жоспарлары да бар.

Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға облыстың әлеуеті толық жетеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайту – өңір басшыларының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің білі. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда Түркістан облысының болашағы зор деп айтуға әбден негіз бар.

Жалпылай айтқанда, Түркістанға инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Алдыңғы жылдың басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе тігін фабрикасын ашты. Тігін фабрикасы Түркістанның индустриалды аймағында салынған. Жобаны іске қосуға 700 миллион теңге жұмсалды. Өндірістің қуаттылығы айына 13 мың тоқыма бұйымдарын шығаруға бағытталған. Кәсіпорын әйелдер үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын талқылады. Тараптар жылдық тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, көрші елдің инвесторлары Түркістанның индустриалды паркінде газ плита мен су жылытқыш құрылғылар өндіруге ниеттіӨңір басшысының айтуынша, бүгінде Арнайы экономикалық аймаққа коммуналдық желі толықтай тартылған. Енді осы жерге іргедегі көршілер зауыт салатын болса, шарапатын қос тарап бірдей көрмек. Біріншіден, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі тұрмыстық техниканың бағасы тұтынушылар үшін әлдеқайда арзандауы мүмкін.

Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15% артты.  Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан.

Сала мамандары былтыр инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады. «Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткен жөн. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етері сөзсіз.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Түркістан қаласында биылғы жылдың 1-ші жарты жылдығында өнім шығарылымының көлемі 149,9 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырға 167,7%-ға өскен. Салада жұмыспен қамтылғандар 32016 адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды.  Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 17,8 млрд.теңгеге жалпы 1 454 жоба қаржыландырылды. Өнеркәсіптік жобаларды қолдау мақсатында 450 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып 270 млн.теңгеге қосымша 3 жоба (қаржыландырылды. Сондай-ақ, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді.

Түркістан қаласында еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша біраз жұмыстар атқарылып нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 10 096 азаматты белсенді шараларға тартылып, жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді, «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алды, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.

Қала аумағында аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылуда. Атап айтсақ, Өткен жылы 2242 отбасыға (12984 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар 30%-ға азайған. 2024 жылы кедейшілік деңгейі 5,6%-ды құрады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетіліп, өткен жылы 2,2 млрд.теңгеге 8179 құралдар алынып қолдау көрсетілді. 2025 жылы 2,5 млрд.теңгеге 9357 құралдар сатып алынып қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен деңсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» өткен жылы 4 883 адамға қызмет көрсеттіліп, қызмет алушылар 49%-ға артты. 2024 жылы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Отбасын қолдау орталығы» КММ ашылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары халыққа қолжетімді болу мақсатында қаламыздағы 26 әлеуметтік дүкендерге және 3 ірі сауда нүктелеріне әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары тұрақты түрде жеткізіледі. Сонымен қатар, өткен жылы қаланың халық көп шоғырланатын аумағында 23 рет азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында күнделікті көтерме сауда базарларына ірі супер маркеттерке, жеке дүкендерге тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Қала аумағында 85 мектеп бар болса, оның 38 мемлекеттік, 47 жекеменшік. Өткен жылы 12 мектеп пайдалануға берілді. 4 мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. Сонымен қатар, 7 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізсе, 2025 жылға 10 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Түркістан қаласындағы 148 мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар, оларда 1-6 жас аралығындағы 17420 бала тәрбиеленеді. Өткен жылы 984 орындық 11 жеке меншік балабақша пайдалануға берілді. 10 мемлекеттік балабақша ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы 2 балабақша ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленсе, 5 балабақшаның ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Түркістан қаласының экономикасын дамыту перспективасы өнеркәсіптің тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау Әлеуметтік-экономикалық даму сынды базалық салаларын қамтиды. Бұл орайда бас жоспарда тамақ өнеркәсібі Түркістан қаласы экономикасындағы әлеуеті ең жоғары сала болып табылатыны айтылған. Түркістан қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдің басқа өңірлеріне азық-түлік өнімдерін жеткізу шартымен бұл сала жалпы өңірлік өнімнің жартысынан астамын қалыптастыра алады. Қаланың екі көлік дәлізінің қиылысында орналасуы өнімді кез келген өңір мен елдерге жіберуге мүмкіндік береді.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 11 рет