Шара Түркістанды түркі әлемінің орталығы ретінде алыс-жақын елдерге танытуға, қаланың туристік әлеуетін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Республикалық форум аясында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: дамуы мен болашағы» атты пленарлық отырыс ұйымдастырылып, Италиялық-Қазақстандық сауда қауымдастығының вице-президенті Олжас Шынтаев модераторлық етті. Форумда Түркістанның әлемдік туристік картасында өз орнын алуы үшін жаңа идеялар мен стратегиялық шешімдер ұсынылды. Жергілікті билік, кәсіпкерлер және халықаралық серіктестер өзара пікір алмасып, ой бөлісті. Жиында Түркістандағы Түркия Республикасының Бас консулы Илкер Пак та құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыс «Түркістанның ішкі және келу туризмін дамытуда тиімді стратегиялық шешімдер» тақырыбындағы панельдік сессияға жалғасты. Онда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңының тетіктері және жоспарлар» тақырыбында, Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева «Түркістан облысында қытайлық туристердің сұранысын арттыру жолдары: Қытай нарығымен жұмыс істеу стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов «Түркістан облысының туристік әлеуеті және даму бағыттары» туралы ақпарат берсе, «SkyWay» туристік компания басшысы Әсем Қозбағарова «Дестинацияларды ілгерілету: Туризм маркетингіндегі жаңа тәсілдер мен стратегиялар» бойынша, «Qazaq Oner» орталығының негізін қалаушы, қолөнер шебері Айгүл Жансерікова «Қолөнер және туризм: Жергілікті өнердің туристік тартымдылығын арттыру» тақырыптарында баяндап, қатысушылармен пікір алмасты.
2024 жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл мәртебе өңірдің халықаралық аренада танылуына және туристік ағынның артуына ықпал етті. 2025 жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заңның қабылдануы – өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін тарихи оқиғаға айналды. Түркістанның жаңа мәртебесі оның инфрақұрылымын, мәдениетаралық байланыстарын және экономикалық жағдайын жақсартуға айтарлықтай әсер етпек.
Жалпы айтқанда, Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.
Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.
Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.
Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан» – дейді мамандар. Биылғы жылы қонақ үйлердің саны 60-тан асқан. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығып отыр.
Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы салынып, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.
Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды.
Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
Түркістан қаласында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау арқылы 4 жыл ішінде келушілер саның бір миллион адамға жеткізу көзделген. Ең бастысы – өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Нәтижесінде облыс көлемінде былтыр қырықтан аса іс-шара өткізілді. Жыл басында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі облыс орталығының тағы бір туристік ғимаратпен толығатынын хабарлады. Ол бірнеше қонақүй мен дәмхана және көрме орталығы орналасатын, жиырмадан аса шеберге арнайы шеберхана берілетін қолөнершілер қалашығы. Сонымен қатар, 2024 жылдың басынан бастап Түркістан мен Әбу-Дәби арасында бағасы қолжетімді әуе рейсі ашылды. Аптасына бірнеше рет қатынайтын бұл рейстің де өңір туризмі мен экономикасына айрықша үлес қосатыны сөзсіз. Тиісінше, туризмді өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде дамытуға да мүмкіндік мол болмақ.
Сондай-ақ, Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құру жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров таяуда осынау «Күлтөбе қалашығына» барып, мамандардың жобаға қатысты ұсыныстары мен пікірлерін тыңдаған болатын. Жобаға жауаптыларға шетелдің осы бағыттағы тәжірибелерін зерделеп, тиімді тұстарын алуды, жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
Бүгінде Күлтөбе қалашығының металл конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған. Жан-жағына инфрақұрылым тартылған. Аталған жұмыстар ЮНЕСКО талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығында қабылдау орталығы, музейі бар ғимараттар салу ұсынысы енгізілген. Ол ғимараттарда Қаңлы дәуірі, Орта ғасырлар, Қазақ хандығы дәуірінің археологиялық ескерткіштерімен қатар сол кезең туралы мәліметтер жұртшылыққа ұсынылмақ. Сонымен бірге интерактивті қабырғалар орнатылып, технологияның соңғы үлгілері қолданысқа енгізілуі мүмкін.
Жалпы бұл жобаның тұжырымдамасы әлі де талқыланып, тиісті шешім қабылданады. Болашақта Түркістан қаласы тағы бір тарихи және туристік орталықпен толығады деп күтіліп отыр. Тарихы тереңде жатқан қалашық көпшілікке дәріптеліп, осында табылған ежелгі тұрақтар, жәдігерлер туристер назарына ұсынылады
Қазір ел аумағындағы туризм жайлы сөз қозғағанда бірден Түркістанның ойға оралатыны анық. Себеб, құрылғанына 7 жыл толған өңірде дәл осы саланы дамытуға айрықша басымдық берілген. Оның үстіне алдыңғы жылдың соңында тарихы тереңге бойлаған Түркістан шаһары «Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» атанған болатын. Бұл жаңа келбетке ие болған қалаға ғана емес, тарихи-мәдени мұраға бай, табиғаты тұмса тұтас өңірге де ерекше ықпал ететіні белгілі.
Ендігі жерде Түркістанда туризм саласы қалай өркендеп жатыр деген сауалға жауап іздеп көрсек. Осыдан жиырма бес жыл бұрын бір жарым мың жылдық мерейтойын атап өткен көне шаһар бұрыннан ілім-ғылымның, руханият пен мәдениеттің, сауда-саттық пен саяхатшылардың нағыз ордасы болған. Өңірдегі жүздеген тарихи мұраларды айтпаған күннің өзінде, Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзі-ақ күллі адамзат үшін баға жетпес жәдігер болып саналады. Дегенмен, Түркістан өңірі бұл деңгейде тоқтап қалмай, күн сайын заман талабына сай өркендеп келе жатыр десек, қателеспейміз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Түркістан өңірінде емдеу және сауықтыру туризмі де ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге көтерілген. Оның басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқаны да көпшілікке мәлім болар. Енді Сарыағаштың курорттық аумағы одан сайын дами түспек. Бүгінде аталған ауданда жетпістен астам емдеу-сауықтыру орталығы мен алпысқа жуық шипажай халыққа қызмет көрсетіп жатыр екен. Алдағы уақытта осы орталықтарға Түркістандағы туризм және меймандостық университетінің алғашқы түлектері жұмысқа тартылмақ. Одан да өзге жұмыстарға басымдық берілетін болады.
Өңірдің туризмін шет мемлекеттерге таныстыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр наурыздың басында Берлин қаласында өтетін дәстүрлі ITB Berlin 2024 көрмесіне түркістандықтар да қатысып қайтты. Делегация құрамындағы белді ұйымдардың өкілдері өңірдің туризмінен хабар беріп, туризм саласының әлеуеті жайлы түсіндірген. Сонымен бірге, Самарқандағы форумға да, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуына да Түркістан облысының өкілдері қатысты. Қазір Түркістан қаласында туризм бағытын ілгерілетіу үшін түрлі бастамалар қолға алынған. Жаңадан салынып жатқан нысандардың келбетіне, идеологиялық мәніне, сапасына қатаң бақылау жүргізіліп жатыр. Соның арқасында сәуір айындағы көрсеткішке сәйкес, өңірге табан тіреген шетелдік қонақтардың саны едәуір көбейген. Алдыңғы жылы облыс көлеміндегі туристік жолдардың сапасын жақсарту мақсатында 10,6 миллиард теңге бөлініп, жеті жоба аске асырылған. Ал, 2024 жылы бұл бағытқа 17,6 миллиард теңге, қаралып 19 жоба жүзеге асырылды. Алдыңғы жылы облыстағы туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция салынып, жиырма бес нысан іске қосылып, 350-ден аса жұмыс орны құрылған. Ал, былтыр құны 20 миллиард теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаның жұмысы басталып, 500-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ірі жобалардың қатарында жоғарыда аталған Қ.А.Ясауи кесенесі аумағындағы «Күлтөбе» қалашығы да бар. Облыс орталығында көлемі 11,8 гектарды құрайтын аумаққа аквапарк, вилла бой көтеретін 5 жұлдызды қонақ үй салу да көзделіп отыр. Аталған жобаның құны жүз тоқсан миллион АҚШ доллары. Одан бөлек, ұлттық спортқа қызығушыларды тарту үшін жүз гектарға жуық аумаққа атшабар салынбақ.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы тарапынан туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.
Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда. Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда. Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат