Сейсенбі, 13 Мамыр 2025 20:02

Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім бар

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы Жарлығын іске асыру аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері мен жеке қабылдаулары басталды. Өңір басшысы алғашқы кездесуін Түркістан қаласында өткізіп, аймақты дамыту барысы туралы баяндады. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Мәдениет орталығы» ғимаратында өткен жүздесуде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты түрде тыңдауды тапсырды. Сондықтан өзім қызметке тағайындалғаннан бергі халықпен алғашқы кездесуімді киелі Түркістан қаласынан бастауды жөн көрдім. Тек қазақ халқының емес, түркі әлемінің астанасы болған Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы біз үшін өте маңызды. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына қол қойып, шаһарды, өңірді дамыту міндетін жүктеді. Өтініштер мен ұсыныстарыңызды мұқият тыңдаймыз. Көкейде жүрген мәселелерді елмен бірге талқылап, шешімін табу біз үшін өте маңызды. Мемлекет тарапынан Түркістанға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім бар. Аймақта жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 452,6 млрд. теңгені құрап, 22 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімі көлемі 34,8 млрд. теңгеге жетіп, 107 пайызға орындалды. Инвестиция көлемі 400 млрд. теңгені құрап, 20 пайызға артқан. Өзіндік кірістер 59,4 млрд. теңгені құрап, 20 пайызға ұлғайды. Салықтық түсімдер 39 млрд. теңгені құрап, 20 пайызға артты. Аймақта өндіріс орындарын ашу, өзіндік кіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тартуға басымдық беріліп, тиісті жұмыстар жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров жұртшылықты «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдап, тазалыққа, көгалдандыруға үлес қосуға шақырды.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өткен жылғы көрсеткіштер мен алдағы жоспарлары жөніндегі есебінен кейін сұрақ-жауап кезеңі басталды. Тұрғындар жол, кәріз жүйесі, баспана, жер, мектеп, кәсіпкерлікке қолдау және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Инфрақұрылым, әлеуметтік түйткілдерді тарқатты. Өтініштер мен сұрақтар бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылады.

Кездесуден соң аймақ басшысы Түркістан қаласының тұрғындарын жеке қабылдап, талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келген азаматтар сан түрлі мәселелерді ортаға салды. Көпшілікті тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу және коммуналдық мәселелер толғандырды. Азаматтарға баспана алу заңдылығы түсіндіріліп, жұмыстар ұсынылды. Кейбір мәселе сол мезетте шешілді. Көтерілген әрбір мәселе жіті зерделеніп, тек заң шеңберінде шешімін табады. Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасын табады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Экономика демекші, Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан.Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар.

Облыс орталығында халықты жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға орындалған. Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-эконо­микалық дамытудың 2021-2025 жылдарға ар­налған кешенді жоспарына сай облыс ор­та­лығында «Түркістан-арена» стадио­ны, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт ке­шені, «Тұран» футбол академиясы­ның ғи­мараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 тен­нис корты салынып, жалпы ұзын­­ды­ғы 51 шақырым веложол төселген. 

Түркістанда инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK Turkistan» өндірістік паркі бар.Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 млрд теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.

Түркістандағы көкөніс сақтау қоймасы3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырған. Сондай-ақ, жаң­быр­латып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехы жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK Irrigation» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қон­дырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығара­тын «Аqniet Holding» компаниясы кейінгі үш жылда 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KazMedPribor» компа­ния­сымен бірлесіп, медицина мекеме­леріне арналған жабдықтар жасалады.

Тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіре­тін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорны­ның өндіріс алаңы өз алдына бөлек әңгіме. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық «UBC Group» холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 млн еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK Turkistan» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы эконо­микалық аймағында іске қосы­латын екінші зауытқа 7,5 млрд теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде, айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Тағы бір өндіріс орны - «Turan Su» мекемесі.  2019 жылы құрылғанкәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігін­дегі ирригациялық жүйелер мен гидрология­лық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылы­ғы жұмысты тиімді ұйымдастырып, та­бысты еселеу арқылы қосымша инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыра бас­таған. Атап айтқанда, былтыр кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.

Облыс әкімінің айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңге болатын 145 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде, 20 мың­нан аса жаңа жұмыс орны пайда болады.

Бұған қоса ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр станса­ларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.

Об­лыс­та ауыл шаруашылығы дақылдары­ның өнімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, жылыжайларды көбейтуге және инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыруға ден қойылмақ. 2030 жылға қарай өңірде суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, аумағы 602 гектарды құрайтын жаңа жылыжай кешендері іске қосылады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.

Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.

Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан» – дейді мамандар. Биылғы жылы қонақ үйлердің саны 60-тан асқан. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығып отыр.

Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы салынып, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.

Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды.

Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.

Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.

Түркістан қаласында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау арқылы 4 жыл ішінде келушілер саның бір миллион адамға жеткізу көзделген. Ең бастысы – өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Нәтижесінде облыс көлемінде былтыр қырықтан аса іс-шара өткізілді. Жыл басында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі облыс орталығының тағы бір туристік ғимаратпен толығатынын хабарлады. Ол бірнеше қонақүй мен дәмхана және көрме орталығы орналасатын, жиырмадан аса шеберге арнайы шеберхана берілетін қолөнершілер қалашығы. Сонымен қатар, 2024 жылдың басынан бастап Түркістан мен Әбу-Дәби арасында бағасы қолжетімді әуе рейсі ашылды. Аптасына бірнеше рет қатынайтын бұл рейстің де өңір туризмі мен экономикасына айрықша үлес қосатыны сөзсіз. Тиісінше, туризмді өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде дамытуға да мүмкіндік мол болмақ. 

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 5 рет