Сәрсенбі, 28 Мамыр 2025 12:38

Түркістан қаласында 2025 жылға жоспарланған инвестиция көлемі 490 млрд теңгені құрайды

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте дербес бөлімдердің индикаторлық көрсеткіштері бойынша рейтинг және қала ішіндегі кемшіліктерді ретке келтіру мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Пердебайұлы Түркістан қаласы әкімдігіне тікелей бекітілген 76 нысан индикаторларының көрсеткіштерімен таныстырды. Жиын барысында Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы қалаға түскен инвестиция көлемі туралы баяндап, 2024 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 400,2 млрд теңгені құрағанын, ал 2025 жылға жоспарланған инвестиция көлемі 490,0 млрд теңгені құрайтынын жеткізді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы: «Салалық мекеме басшылары мен дербес бөлім басшылары, сіздердің жұмыстарыңыз енді осы көрсеткіштердің орындалуы арқылы бағаланатын болады. Сондықтан, әрбір мекеме басшысы көрсеткіштердің орындалуын экономика және қаржы бөлімімен келісіп, нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырамын», – деп атап өтті.

Қала ішіндегі кемшіліктерді ретке келтіру жұмыстары бойынша Ұйымдастыру-инспекторлық және бақылау бөлімінің басшысы Ердәулет Мақсатұлы баяндама жасап, қала жолдарының жай-күйі мен оның тазалығы, кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстарын білдірді. Түркістан қаласының әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, бақылауды күшейтуді тапсырды.

Түркістан қаласының экономикалық өсім драйвері инвестиция тартымдылығы - соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Бүгінгі таңда, алдыңғы жылы – құны 4,9 млрд. теңгенi құрайтын 7 жоба индустриалды аймақта iске қосылып, 199 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар: 1) «Techtronic-Stroy»ЖШС-ң «Тауарлы бетон және асфальто бетон өнімдерін жасау» жобасы, құны 600 млн теңге, 20 адам жұмыспен қамтылған. 2) «ГОКТУРК» ЖШС-ң «Шлакоблок, брусчатка және бордюрлы тастар жасау» жобасы, құны 250 млн теңге, 19 адам жұмыспен қамтылған. 3) «Euroblock Production» ЖШС-ң «Газобетон және полтстирол блоктарын жасау» жобасы, құны 113,8 млн теңге, 20 адам жұмыспен қамтылған. 4) «Grand Stroy Kaz» ЖШС-ң «Тауарлы бетон және темір бетон бұйымдарын жасау» жобасы, құны 1млрд. 500 млн теңге, 30 адам жұмыспен қамтылған. 5) «Алем Бетон – 1» ЖШС – 2 кезеңіндегі «Тауарлы бетон және асфальто бетон бұйымдарын жасау» жобасы, құны 700 млн теңге,  45 адам жұмыспен қамтылған. 6) «Grand MIKS» ЖК (3- ші кезең) «Жиһаз жасау» жобасы, құны 800 млн теңге, 35 адам жұмыспен қамтылған. 7) «Қазақстан 2030 – Қытай» ЖШС-ң «Шұлық жасау» жобасы, құны 1 млрд теңге, 30 адам жұмыспен қамтылған.

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе тігін фабрикасын ашты. Тігін фабрикасы Түркістанның индустриалды аймағында салынған. Жобаны іске қосуға 700 миллион теңге жұмсалды. Өндірістің қуаттылығы айына 13 мың тоқыма бұйымдарын шығаруға бағытталған. Кәсіпорын әйелдер үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын талқылады. Тараптар жылдық тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, көрші елдің инвесторлары Түркістанның индустриалды паркінде газ плита мен су жылытқыш құрылғылар өндіруге ниетті. Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Арнайы экономикалық аймаққа коммуналдық желі толықтай тартылған. Енді осы жерге іргедегі көршілер зауыт салатын болса, шарапатын қос тарап бірдей көрмек. Біріншіден, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі тұрмыстық техниканың бағасы тұтынушылар үшін әлдеқайда арзандауы мүмкін.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында инвесторлардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар Түркістан қаласында, жалпы, облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.

Былтыр жыл соңында Түркістан облысының әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста облыс орталығында жаңадан салынатын жобалар таныстырылып, құрылысы жүріп жатқан жаңа нысандардың сәулетіне қатысты талқылау өткізілген болатын. Түркістан қаласында салынатын жаңа ғимараттардың сыртқы әрлеу жұмысы, ішкі дизайны мен сыртқы көрінісіне қатысты сәулеттік үлгілер ұсынылды. Оған жауапты басқарма басшылары, сәулетшілер, қала әкімдігі мен өзге де мекемелердің басшылары қатысқан еді.

Сол кездегі облыс әкімі Д.Сатыбалды әрбір нысанның құрылысы тұрақты бақылауда болатынын айтып, жаңа нысан салуға бел буған жеке инвесторларға бастаған құрылысты орта жолдан аяқсыз тастауға болмайтынын қатал ескертіп, сапа мен құрылыс мерзімінің қатаң сақталатынын жеткізген-ді. – Түркістанда бизнес ашуға келген жеке кәсіпкерлер өз істеріне аса жауапкершілікпен қараса игі. Мемлекеттен жерін алып, бастаған істі орта жолдан аяқтаусыз қалдыруға жол берілмейді. Түркістанның әрбір нысаны талапқа сай болуы тиіс. Басталған құрылыс мерзіміне сәйкес уақытта аяқталуы қатаң бақылауда болады. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары үйлесімді атқарылуы тиіс Құрылыс саласының соңғы технологиялары қолданылған жөн, – деген болатын облыс әкімі.

Бүгінде Түркістан қаласындағы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» мен мәдени-рухани орталық маңындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда. Мәселен, бір кәсіпкер Түркістан қаласында автосалон салуға ниетті. Жоба іске асқан жағдайда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер араға уақыт салып, кәсібін ұлғайтуды көздейді. Енді бір жоба – сауықтыру орталығы. Кәсіпкер оның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, абаттандыруына атсалысатын болды. «Жаңа қала» аумағында құрылысы басталған 9 қабатты 7 көпқабатты тұрғын үй кешенінің қастебіне қатысты бірнеше үлгі ұсынылды. Мамандардың ұсыныстары тыңдалды.Баспаналардың қасбеті ұлттық нақышта безендірілуі тиіс. Сонымен бірге отырыста модульді үйлер салу, жекеменшік емхана салу, спорт кешенін салуға ниеттілер өздерінің жобаларын таныстырды.

Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Алдыңғы жылы және былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілуі, қала және қала маңы аймағы халқының өсуі, бірқатар ірі кәсіпорындар қызметінің қайта жандандыруы және жаңадан салынуы жүк-жолаушылар тасымалына қызмет көрсетуді жақсартып, Түркістан станциясының теміржол көлігін одан әрі дамыту қажеттігін туындатады. Бұл орайда бас жоспарда  экономиканың дамуы жүк тасымалдарын 2035 жылдың соңына дейін шамамен 3 есе ұлғайтуға алып келетіні, бұл жүк тиеу бойынша 800,0 мың тоннаға және түсіру бойынша 1 800,0 мың тоннаға жететінін айтылған. Түркістан қаласының бас жоспарында қаланың перспективалық шекарасынан тыс, Шойтөбе станциясында тағы бір теміржол жүк станциясы кешенін салу жоспарланған. Шойтөбе станциясы ауданында көлік-логистикалық орталық, сондай-ақ жалғау, көрме және қабылдау-жөнелту жолдары құрылысымен өнеркәсіптік аймақты орналастыру көзделген.

Станциялық теміржол кешені қала кәсіпорындарымен және жаңа әуежаймен, айналма жолдың оңтүстік жарты айналмасымен және қалалық магистральдармен байланысады, олар теміржол көлігімен жүк тасымалының өсіп келе жатқан көлеміне қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Есептік мерзімге «Түркістан – Шымкент» теміржол магистралінің барлық учаскесін электрлендіру ұсынылады. «Түркістан – Шымкент» теміржол магистралін (Арыс ІІ – Түркістан 108 км учаскесі) Түркістан қаласының көлік инфрақұрылымының шеңберіне электрлендіруді аяқтау кірмейді және бас жоспарда Түркістан облысындағы Жібек жолының туристік бағытын жаңғырту стратегиясы түрінде атап көрсетілген. Бас жоспарда теміржол вокзалын жолаушылар платформасы бар жаңа орынға, Шымкент бағытында 3 шақырымға көшіру көзделген. Жаңа теміржол вокзалының өткізу қабілеті тәулігіне 5000 жолаушыны құрайды.

Ұзындығы 16 шақырым "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық маңызы бар автожол учаскесі Түркістан қаласының аумағы арқылы өтеді. Есептік мерзімге бұл жол қалалық магистральға айналады. Бұдан басқа, Түркістан қаласына облыстық маңызы бар 3 техникалық санаттағы автожолдар жақындайды. Жүк және транзиттік машина ағындарын қоныстану аумақтарынан тыс шығару үшін бас жоспарда қаланың оңтүстік және солтүстік айналма жолдары қарастырылған. Бас жоспар ұсынған қаланы автожолмен айналып өту (Оңтүстік айналып өту) "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізі бойынша транзиттік автокөліктің үздіксіз және жоғары жылдамдықты қозғалысын қамтамасыз етеді.

Түркістан қаласында жасыл аймақтар құру көзделуде. Бұл орайда жасыл аймақтарды суаруға тәулігіне 210,67 мың текше метр тазартылған ағынды суларды пайдалану көзделген.  2025 жылғы бірінші кезеңде суармалы сумен жабдықтау және ирригациялық арналар объектілерін салу және қайта жаңарту бойынша әзірленетін жұмыс жобаларын іске асыру көзделген. Ал  2035 жылы есептік мерзімге суағармен суару орнына дейін және су құю-жуу машиналарының цистерналарын толтыру үшін су ағызатын пункттер құрылғысымен өнімділігі 121,64 мың м3/тәулігіне дейін тазаланған және зарарсыздандырылған сарқынды сулардың сорғы станциясын жобалау және салу,  2050 жылы болжамды мерзімге суағары бар тәулігіне 173,77 мың м3/тәулігіне дейін өндірілген тазартылмаған сарқынды сулардың сорғы станциясын суару орындарына дейін және цистерналарды суару шиналарына құю үшін суағар пункттерін орнату арқылы кеңейту жоспарланған.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 6 рет