Қала әкімі шетелдік инвесторларға Түркістан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті туралы жан-жақты ақпарат беріп, қалада бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар мен толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, Түркістанның еліміздің маңызды туристік және экономикалық орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
«Ruyada Development» компаниясының жетекшісі Аббас Хурисан Түркістан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері зор екенін және олар өз жобаларын дәл осы жерде жүзеге асырғысы келетінін атап өтті. Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту және жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Алдағы уақытта екі жақты келіссөздер әрі қарай жалғасатын болады.
Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.
Индустриалды аймақтың аумағы 190 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы құны 10,5 млрд. теңге болатын 954 жұмыс орнымен 21 жоба іске асырылған. Сонымен қатар алдағы жылдары құны 15,8 млрд. теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі жылдық орташа өсім 17 пайыз болады деп болжамдануда. Жеке инвестициялық жобалар есебінен құрылыс жұмыстарына құны 243,9 млрд. теңгені құрайтын, 2552 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 136 жоба қарастырылуда. Қаланың жалпы өңірлік өнімінің негізгі бөлігін көтерме және бөлшек сауда құрайды. Салаға 6 млрд. теңгені құрайтын, 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 жобаны ұйымдастыру көзделген.
Қаланы дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 млрд. теңге инвестиция тартылса, биыл 53,5 млрд. теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 млрд. теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілген.
2024 жылы қалаға 400,2 млрд.теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 20,3%-ға артқан. Оның ішінде жеке инвестиция 264,6 млрд.теңге, бюджеттік инвестиция есебінен 135,6 млрд.теңге. Түркістан қаласының жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда. Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп 22,2 мыңға жетті.
Ағымдағы жылдың 1-ші жарты жылдығында өнім шығарылымының көлемі 149,9 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырға 167,7%-ға өскен. Салада жұмыспен қамтылғандар 32016 адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 17,8 млрд.теңгеге жалпы 1 454 жоба қаржыландырылды. Өнеркәсіптік жобаларды қолдау мақсатында 450 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып 270 млн.теңгеге қосымша 3 жоба (қаржыландырылды. Сондай-ақ, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді.
Түркістан қаласында еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша біраз жұмыстар атқарылып нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 10 096 азаматты белсенді шараларға тартылып, жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді, «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алды, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.
Қала аумағында аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылуда. Атап айтсақ, Өткен жылы 2242 отбасыға (12984 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2023 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар 30%-ға азайған. 2024 жылы кедейшілік деңгейі 5,6%-ды құрады.Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетіліп, өткен жылы 2,2 млрд.теңгеге 8179 құралдар алынып қолдау көрсетілді. 2025 жылы 2,5 млрд.теңгеге 9357 құралдар сатып алынып қолдау көрсетілетін болады.Сонымен қатар, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен деңсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» өткен жылы 4 883 адамға қызмет көрсеттіліп, қызмет алушылар 49%-ға артты. 2024 жылы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Отбасын қолдау орталығы» КММ ашылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары халыққа қолжетімді болу мақсатында қаламыздағы 26 әлеуметтік дүкендерге және 3 ірі сауда нүктелеріне әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары тұрақты түрде жеткізіледі. Сонымен қатар, өткен жылы қаланың халық көп шоғырланатын аумағында 23 рет азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында күнделікті көтерме сауда базарларына ірі супер маркеттерке, жеке дүкендерге тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Қала аумағында 85 мектеп бар болса, оның 38 мемлекеттік, 47 жекеменшік. Өткен жылы 12 мектеп пайдалануға берілді. 4 мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. Сонымен қатар, 7 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізсе, 2025 жылға 10 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Түркістан қаласындағы 148 мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар, оларда 1-6 жас аралығындағы 17420 бала тәрбиеленеді. Өткен жылы 984 орындық 11 жеке меншік балабақша пайдалануға берілді. 10 мемлекеттік балабақша ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы 2 балабақша ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленсе, 5 балабақшаның ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Түркістан қаласының экономикасын дамыту перспективасы өнеркәсіптің тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау Әлеуметтік-экономикалық даму сынды базалық салаларын қамтиды. Бұл орайда бас жоспарда тамақ өнеркәсібі Түркістан қаласы экономикасындағы әлеуеті ең жоғары сала болып табылатыны айтылған. Түркістан қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдің басқа өңірлеріне азық-түлік өнімдерін жеткізу шартымен бұл сала жалпы өңірлік өнімнің жартысынан астамын қалыптастыра алады. Қаланың екі көлік дәлізінің қиылысында орналасуы өнімді кез келген өңір мен елдерге жіберуге мүмкіндік береді. Қаланың жеңіл өнеркәсібін елдің киім-кешек пен арнайы киімге деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету, "TURKISTAN" АЭА орналасқан фабрикаларға шикізат пен материалдар жеткізу, кейіннен оларды экспорттай отырып, мақта мен аң терісін өңдеу арқылы, яғни үш бағыт бойынша дамытуға болады. Бұрын қалада ірі тігін-трикотаж фабрикасы жұмыс істеген, оның қайта іске қосуға болады.
Бас жоспарда құрылыс индустриясы таяудағы жылдары қалада бірнеше жүздеген тұрғын үй кешені мен үйлер, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық объектілер, сауда кешендері, саябақтар мен гүлзарлар, инженерлік инфрақұрылым мен жолдар салу арқылы дамитыны айтылған. Мұндай құрылыс көлемі жергілікті құрылыс материалдарына сұраныстың бірнеше есе өсуіне алып келеді. Құрылыс индустриясының неғұрлым перспективалы бағыттары: сусымалы құрылыс материалдарының (құм, қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы, топырақ) өндірісі, тауарлық бетон, бетон және темір-бетон бұйымдары, кірпіш, көбік және газ бетоны, жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, терезе, есік, жиһаз өндірісі болады. Ал ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы құрылғылар өндірісі, фермаларға, жылыжайларға, көкөніс сақтау орындарына арналған жабдықтар өндірісі, нүктелі суару жүйелерінің, дақылдарды топыраққа отырғызбай өңдеу жүйелерінің, дрондар өндірісі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы перспективалы бағыттар ретінде аталып отыр.
35 елді мекен кіретін Түркістан қаласының қала маңы аумағы дәнді дақылдар, көкөніс және бақша өсіру бойынша облыста жетекші орын алады. Қала маңайы жылыжайлар саны бойынша облыста екінші орынға ие. Мал шаруашылығы да дамыған, онда негізгі бағыттар ірі қара мал мен ұсақ мал және түйе өсіру болып табылады. Түркістан қаласы осы бағыттарда ауыл шаруашылығы кластерінің өзегіне айналуы мүмкін. Өнімдері халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін ауыл шаруашылығын жеке қосалқы шаруашылықтардан шығару, дақылдарды топыраққа отырғызбай өсіру технологияларын одан әрі дамыту, саланы ынталандыру қажет. Сондай-ақ тұрғындар мен туристердің болжамды санына байланысты сауда экономиканың неғұрлым перспективалы салаларының бірі болып табылады. Ірі сауда орталықтарымен және супермаркеттермен қатар дәстүрлі базарлар дамуы тиіс. Осыған байланысты Түркістан қаласының базарларын сақтау және жаңғырту жоспарын әзірлеу маңызды. Тауар айналымының көлемі өскендіктен көлік-логистика жүйесі дамитын болады. Жүктерді тасымалдау екі бағыт, яғни қалаға азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, шикізат пен материалдарды әкелу және ауыл шаруашылығы өнімдерін, тамақ өнімдерін, тоқыма өнімдерін басқа өңірлерге жөнелту бойынша жүзеге асырылатыны көзделген.
Бас жоспарда, сондай-ақ болашақта Түркістан қаласында туристерге тартымды мәдени-танымдық объектілерді дамыту ұсынылған. Этно-мәдени кешен, тарихи-мәдени музей және Отырар алқабының археологиялық ескерткіштер саябағын құру, «зияратшылар ауылы», қонақүйлер, меймандостық индустриясы, халық кәсіпшілігі мен қол өнер мектебі, тарих-мәдени кешендер салынатыны айтылған. Тұрғын үй құрылысын дамыту, халықтың білім алуға, денсаулық сақтауға, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуге және инженерлік-көліктік инфрақұрылым объектілеріне қажеттілігін қанағаттандыру халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың және Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары болады.
Түркістан қаласы бойынша халықтың экономикалық белсенділігі 2018 жылғы 52 %-дан 2035 жылға қарай 60,72 % дейін өсуі болжануда. Жұмыспен қамтылғандар саны қала үшін мүлдем жаңа, яғни ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, баламалы энергетика, экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіру, іскерлік қызмет көрсету саласы және тағы басқа бағыттарда өседі. Бас жоспарда қала халқы санының болжамы БҰҰ-ның халықаралық стандартына сәйкес демографиялық болжау әдісімен орындалған. Яғни бастапқы жылға халық саны – 165 мың адам, 1-ші кезектегі халық саны – 250 мың, есептік мерзімдегі халық саны – 350 мың адам, болжамды кезеңге халық саны – 500 мың адамды құрайды.
Жалпы Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы мұнда жаңа тұрғын үй кешендері мен жаңа нысандардың құрылысы бір сәтке де тоқтаған емес. Қалада бүгінде «Feb Turkestan», «Yassy Green House», «Park View Residence», «DEL&Invet» секілді бірқатар компаниялар тұрғын үй кешендерін салуда. Түрлі сәулет үлгісінде салынған үш қабатты үйлер және коттедждер Түркістанның ажарын аша түспек. Тиісті сала мамандары әрбір үйдің құрылысы талапқа сай болуын мердігерлердерге жиі ескертіп отырады. Бүгінде шаһарда жыл соңына дейін бірнеше тұрғын - үй кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылатын болады.
Түркістан қаласының бас жоспарында әлеуметтік саланы дамыту, мектепке дейінгі мекемелермен, спорт залдарымен, бассейндермен, мәдениет үйлерімен, клубтармен және кинотеатрлармен қамтамасыз ету жолдары да жан-жақты есептеліп, жоспарланған. Яғни мектепке дейінгі, мектеп және медициналық мекемелер желісі қала құрылысы нормаларына сәйкес және перспективалы демографияны ескере отырып есептелген. Мысалы, 2025 жылға 5,7 мың орындық мектепке дейінгі мекемелер, оның ішінде 2,7 мың орындық 12 мектепке дейінгі мекеме және жаңа тұрғын үй кешендерінің коммуналдық үй-жайларында салынған 3 мың орындық 32 балабақша, 2035 жылға 15,74 мың орындық 53 мектепке дейінгі мекеме салу жоспарлануда. Бас жоспар бойынша 2025 жылға 15 мектеп (оның ішінде "Дарын" және "Назарбаев Зияткерлік мектебі"), мектептерге 900 орындық 3 қосымша құрылыс, барлығы 17,2 мың оқушыны қамту, 2035 жылға барлығы 40,1 мың оқушыға 28 мектеп, 10 қосымша құрылыс салу көзделген. Сондай-ақ бірінші кезекте 300 студентке арналған туристік бағыттағы колледж салу, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті аумағында 1000 орындық колледждің оқу корпусын салу, есептік кезеңге әкімшілік-іскерлік орталық ауданында 3000 студентке туристік бағыттағы университет салу ұсынылады.
2035 жылға қарай Түркістан қаласында әртүрлі құрылыс материалдарын шығаратын 89 жаңа кәсіпорын ашылатын болады. «Жібек жолы» форматын іске асыру – мультимодальды көлік-логистика орталығын іске қосу мақсатында бас жоспарда бөлшек сауда көлемінің өсу қарқынын анықтады, олар құрылыстың 1-кезеңінде – 48,9 млрд теңгені, есептік мерзімге – 147,8 млрд теңгені құрайды. Түркістан қаласы мен Түркістан облысы халықаралық саудаға белсене қатысады. Сауда балансының оң сальдосы өңір экономикасындағы бірқатар салалардың бәсекеге қабілеттілігі жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бұл отын-энергетикалық тауарлар мен химия өнеркәсібі өнімдерін өндіруге байланысты салалар болып табылады.
Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің экспорттық әлеуеті зор. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі, теміржол көлігі, транзиттік әлеуетті арттыру, «Шымкент – Түркістан – Кентау – Қызылорда» осін дамыту Түркістан қаласының көлік-логистика жүйесін дамытудың алғышарттары болып табылады. Болжамды кезеңде мультимодальды көлік-логистика орталығын, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің бойында жол жиегіндегі сервисті, А және Б класты қоймалар құру ұсынылады. Ал бас жоспардың «Қарапайым заттар экономикасының» дамуын ынталандыру бөлігінде түпкілікті импорт алмастырушы өнім өндіруге, қолөнерді дамыту үшін дайын өндірістік және инженерлік инфрақұрылымы бар индустриялық парк салуға бағытталған бағдарлама әзірлеу көзделген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шеңберінде 2035 жылға қарай қолөнер, тұрмыстық салада және қызмет көрсету саласында ұлттық және көркем кәсіпшілік бойынша 100 шағын жобаны іске асыру болжануда. Сондай-ақ 2-стратегиялық бағыт бойынша ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту және ауыл шаруашылығының қарқынын арттыру көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығын техникалық жабдықтаудың төмен деңгейі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың проблемасы болып табылады. Сондықтан алғашқы кезеңде: ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарының өндірісі, инновациялық өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы жүйелерінің өндірісі дамитын болады. Осы бағыт шеңберінде ауыл шаруашылығы машиналарының, инновациялық өсімдік шаруашылығы жүйелерінің, инновациялық мал шаруашылығы жүйелерінің өндірістерін дамыту жоспарланып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығымен айналысуға жарамды жерлердің шектеулі болуы, сондай-ақ су ресурстарының тапшылығы инновациялық технологияларды қолдануды қажет етеді. Осыған байланысты Бас жоспарда Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту ұсынылған. Дамудың бастапқы кезеңдерінде шағын тракторлар мен оларға аспалы жабдықтар өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беретін шағын ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру ұсынылады. Келесі кезеңдерде ірі тракторлар мен өздігінен жүретін басқа да техниканың өндірісін жолға қоюға болады. Есептік мерзімнің соңына қарай 23 кәсіпорын ашылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат