Бұл жөнінде ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен өткен кездесуде айтып өтті. Сондай-ақ аймақты сумен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
-«Біздің министрлік Созақ ауданына тұрақты түрде су жіберуге ниетті. Ол үшін бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл Шу өзенінің суын сауатты бөлу мен реттеудің нәтижесінде Созақ ауданына су әдеттегіден 1 айға ерте келді. Қазірдің өзінде өткен жылдан 300 млн текше метрге артық су жібердік. Біз бұнымен тоқтамаймыз. Жуырда секундына 85 текше метрден су жіберуді жоспарлап отырмыз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов. Жуантөбе ауылының аумағында өткен жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және су шаруашылығы мамандары қатысты.
Жиында Фурманов каналының жай-күйі де сөз болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков 120 шақырымдық айналма каналдың құрылымын қалпына келтіру, тазарту және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқандығын мәлімдеді. Бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында екенін және аталған жұмыс шілде айында басталатындығын да атап өтті.
Айта өтейік, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 триллион теңге қажет екенін мәлімдеді.«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 триллион теңге қажет», – дейді министр.
Естеріңізде болса, былтыр жыл басында Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданған-ды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.
Тасымалдау кезіндегі судың өнімсіз шығынын 50-ден 25%-ға дейін төмендету, ал қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 миллион гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Осының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданы 1,3 миллион гектарға дейін өседі, шамамен 2,1 текше шақырым су үнемделеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде.
Бүгінде «hydro.gov.kz» цифрлық платформасын құру жұмыстары аяқталуда, онда су объектілері, гидротехникалық құрылыстар, су шаруашылығы бассейндері мен учаскелері, гидропосттар және т.б. жинақталған бірыңғай Су кадастры қалыптастырылатын болады. Оны биылғы ІІІ тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр.Сонымен қатар министр Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделгенін айтты.
Премьер-Министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. «Оны іске асыру су ресурстарына мониторинг жүргізу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді», – дейді Үкімет жетекшісі.
Үкімет басшысының сөзінше, тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. «Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ын өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ға дейін көтеру жоспарлануда», – деді Премьер-министр. Сонымен қатар Премьер-Министр елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу қарқыны төмен деңгейде қалып отырғанын айтты. «Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет», – дейді Премьер-Министр. Жалпы, Үкімет басшысы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керектігін айтты. Атап айтқанда, Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастырудың маңызы зор.
Келесі кезекте – трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу. Үкімет басшысы көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу аясында келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс екенін атап өтті. «Жалпы, Тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараны сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге оны тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – дейді Премьер-Министр. Сонымен бірге, Үкімет басшысы Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылғанын айтқан болатын.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат