Индустриялық аймақтағы ірі жобалардың бірі – көкөніс сақтау қоймасы. Қойма 3,5 мың тонна көкөніс және 500 тонна бакалея өнімдерін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – Сауран өңірінің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған маңызды нысандардың бірі. Сонымен қатар, делегация «BNK Group» компаниясының жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс цехтарын аралады. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен заманауи ауыл шаруашылығы техникасын өндіреді.
Бұдан бөлек, делегация мектеп және медицина мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» серіктестігінің жұмысымен танысты. Компания «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 50-ге жуық білім беру мекемесін қажетті жабдықтармен қамтып үлгерген. Сапар аясында қонақтар тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндірістік алаңына да барды. Бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы әрі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Түркі әлемі делегациясының бұл сапары – Сауран ауданының халықаралық әріптестік бағытындағы беделінің артқанын көрсетеді. Мұндай кездесулер бауырлас елдер арасындағы сенімді нығайтып, өзара тиімді жобалардың жүзеге асуына тың серпін береді.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.
Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары.
Сауран ауданында 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Жалпы, жиһаз өндірісі кәдімгідей жолға қойылған Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс істейді. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.
Сауран ауданында еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасау жергілікті билікке парыз десек те болғандай.
Бүгінде Сауран ауданындағы өндірістік паркінде 10 кәсіпорын өз жұмысын бастады. Сонымен қатар тағы 29 жаңа өндіріс орны жыл соңына дейін іске қосылып, онда 1 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Туризм саласында 254 инвестициялық жоба іске қосылып, мұнда 4162 жаңа жұмыс орны құрылады деп көзделуде. Айта кетсек, мұнда 54 тарихи нысан бар, өткен жылдың көрсеткішімен ауданға келуші туристер саны 100 мыңға жуықтаған. Сауран ауданының өндірістік әлеуеті жоғары. Ауданға қарасты 5 елді мекеннен өндірістік алаңдар ашу көзделуде.
Сауран ауданының негізгі даму драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Биыл өлкеде сүт фермалары, мақта өңдеу зауыты, мал бордақылау алаңы, көкөніс сақтау қоймалары сынды бірқатар ірі жобалар іске асқан.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат