Бейсенбі, 15 Мамыр 2025 18:49

Сауран ауданында шетелдік инвесторлармен маңызды кездесу болып өтті

Бүгін Сауран ауданы әкімдігінде шетелдік инвесторлармен жұмыс бабындағы кездесу өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, сондай-ақ тиісті бөлім басшылары қатысты.

Кездесу аясында Ухань қаласынан келген «Wuhan Commercial Biotech Co., Ltd.» ғылыми-техникалық компаниясының өкілдері өз жобаларын таныстырды. Аталған компания 2010 жылы құрылған. Негізгі бағыты — биологиялық және полимерлік материалдардан жасалған бір реттік медициналық бұйымдарды өндіреді. Компания медициналық өнімдер өндірісі бойынша 61 мемлекеттік патентке ие жоғары технологиялық кәсіпорын ретінде танылған.

Кездесу барысында шетелдік инвесторлар Сауран ауданының Иассы өндірістік аймағынан арнайы жер телімін көрді. Алдағы уақытта бұл аумақта бір реттік медициналық қолғаптар өндіретін зауыт ашу көзделіп отыр. Аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев өз сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталып, инвесторларға барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жобаның іске асуы өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады деп күтілуде.

Соңғы жылдары Сауран ауданына инвестиция тарту мақсатында аудан әкімі бірнеше елге барып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізіп, меморандумдар жасасып келеді. Мәселен, былтыр жыл соңына қарай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен арнайы делегация Түркия Республикасына іссапармен барып қайтқан болатын. Конья қаласының Қаратай ауданында болып, бауырлас қала ретінде меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.

Сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасады делінген. Делегация Конья қаласының Қаратай ауданында сауда және өнеркәсіп, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстарды нығайтып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және текстиль өндіру бағытында әріптестік орнату негізінде кездесулер өтеді.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екендігін атап өткен болатын. Түркістан облысының әкімі аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Осы тапсырманы негізге ала отырып, Сауран ауданы әкімдігінің бастамасымен бизнес өкілдерінен құралған делегациясы былтыр қазан айының соңына таман Қытай Халық Республикасына арнайы іс-сапармен барған-ды. Сапардың негізгі мақсаты – облысқа инвестиция тарту, екі жақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу болып табылады.

Саурандық кәсіпкерлер бірінші кезекте сол тұста сапарын Чыңду ауданының Шиньжин қаласындағы «СITICO» өндірістік зауытының жұмысымен танысудан бастады. Онда зауыттың әлеуеті таныстырылып, барлық мәліметер ұсынылды. Әлем бойынша ең табысы мол бизнестің түрі болып табылатын балық шаруашылығына қажетті өнімдер өндірілуде. Атап өтетін болсақ, зауытта 60-тан астам балық жемдерін әзірлеуде. Аталмыш нысанның қуаттылығы жылына 500 мың тонна балық жемдерін өндіреді. Ішкі нарықта сұраныс жоғары болғандықтан өнімдерін импорттаумен қатар шет ел мемлекеттеріне де эспорттауда.

Делегация тарапынан компанияның дайын өнімдерін шығару бойынша жұмыстарымен тәжірибие алмасты. Балық өнімдерін өндірумен айналысуға ниетті бизнес өкілдеріне компанияның қолданып жатқан жабдықтарының тиімділігі мен жабдықтардың технологиясы бойынша ақпараттарымен бөлісті.

Боро-Тала қаласындағы Арасан ауданының кәсіпорындарын аралап көрді. Балық шаруашылығы, саңырауқұлақ өндірісі мен тәтті жүгері өндірісінің жұмыстарымен танысты. Қытайдағы аква мәдениет негізінен жергілікті халықтың күріш өсіруі кезінде дамыған. Қытай әлі күнге дейін әлемде бұл кәсіп саласы бо­йынша алдына жан салмай келеді. Себебі, қазір әлем бойынша ең та­бысы мол бизнестің түрі осы балық ша­­руашылығына тиесілі. Аталған қалада балық өсіру кеңінен қолға алынған. «Салқын су» балық шаруашылығында бекіре, форель, янтарь балық түрін өсіреді. 30 жылдан астам дәл осы кәсібпен айналысқан шаруа қожалығында бекіре балығының ұзындығы 4-5 метрге дейін жетіп, салмағы 90 келіден асатын балықтар бар.

Делегациясының іссапары әрі қарай Қарабұқа ауылында жалғасқаны белгілі. Аумақта жүгері өсіру және өңдеу әлеуеті жоғары. Онда ауқымды «Шин ноң» тәтті жүгері өндіріс кооперативі жүгеру зауыты жұмыс істеп тұр. 350-400 гектар жерге жүгері егіп, бір маусымда экспортқа шығарады. Делегация құрамына өнімді өсіру мүмкіндігі түсіндірілген болатын. Сонымен қатар, «Кен юань» саңырауқұлақ өндірісінің жұмысы таныстырылды. Қытай Халық Республикасында 22 түрлі саңырауқұлақ өнімдерін тұтынса, мұнда оның 11 түрі өсіріліп, сатылымға шығарылады.

Сапардың екінші күні саурандықтар мақтаны тереңдетіп өсіру, тұқым өндіру және оны өңдеу, жіп шығару технологиясымен танысқанын естеріңізге сала кетейік. Арасан қаласының шаһар басшылығымен екі жақты кездесу өткізіп, Түркістан облысына келуге шақырды. Нәтижесі бойынша Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алдағы уақытта бірнеше зауыт-фабрикалар жұмыс істейді деген жоспар бар.

Осы орайда атап өтерлігі, былтыр наурыз айында да Түркістан облысының делегациясы Түркия Республикасының өндіріс орындарымен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізген-ді. Сол тұстағы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес шетелдік инвестицияны тарту, өндіріс орындарын құру және өндірістердегі жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысынан құралған делегация Түркия еліне іссапар жасады. Іссапарды Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырды. Оның құрамында «Turkistan Invest» инвестиция тарту және экспортты дамыту» агенттігі, «Turan» арнайы экономикалық аймағының, Кентау және Арыс қалалары, Отырар, Созақ және Сауран ауданы әкімдіктері және бизнес өкілдері бар.

Делегация Измир және Конья қалаларының Сауда және өнеркәсіп палатасы басшылығы, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, одан әрі «В2В» форматында келіссөздер жүргізді. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту бойынша кәсіпкерлік саясатты жүргізуге жауапты Сауда- экономикалық байланысты дамыту палаталарымен меморандумдарға қол қойылды. Іссапар барысында құрамында 197 компания жұмыс істейтін «Избаш», 250 компания қызмет ететін «Есбаш» еркін экономикалық аймақтары жұмысымен және кәсіпорындарымен танысты. Кәсіпті кеңейту тұрғысында Түркістан өңірінде өндіріс ошақтарын құру бойынша ұсыныстар білдірілді.
Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындары технологияларымен танысты. Олардың қатарында «Akaylar Derі» тері өңдеу зауыты, «Hidromek» ауыл шаруашылығы техникаларын және құрылғыларын өндіру зауыты, «Abalioglu yagi» күнбағысы майын өндіру зауыты, жаңбырлатып және тамшылатын суару жүйелерін өндіретін «Elit plastic», «Sertsan Plastik», «Ercanlar Plastik», «OpalPivot», «Akona plastik» компаниялары, «RTM Tarım Kimya» кіші, ірі қара және құстарға арналған жем шығару зауыты, кептірілген жемістерді өндіретін «Pinar Kuruyemis», Түркия елінің үштен бір бөлігін ет өнімдерімен қамтамасыз ететін консервіленген дайын ет өнімдерін өндіретін «Konaet» компаниялары бар.

Түркістан облысында жыл басынан 196,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 2025-2028 жылдары аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 110 инвестициялық жоба іске аспақ. Нәтижесінде 19 783 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде, биыл 322 млрд теңгеге 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 6 908 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Бүгінде өңірде қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалдық аймақ ашылған. Одан бөлек, биыл 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды. Оның ішінде, бес бірдей индустриалдық аймақтары бар. Бұл аймақтарда құны 129 млрд теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылы 17 жоба іске қосылады. Сондай-ақ, қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалдық аймақты ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Бұл, өз кезегінде 6 040 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде 11 жоба іске қосылып, жұмысын бастап кетті. Сонымен қатар, биыл тапсырылатын 29 ғимараттың құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталып, 26 жоба іске қосылмақ.
Сонымен қатар, облыста жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Осы ретте, 2025 жылы 26,3 млрд теңгеге 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 4 рет