Дүйсенбі, 12 Мамыр 2025 19:24

Сауран ауданында тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылды

Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылды. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «UBC Group» президенті Игорь Гуменный, өндіріс жөніндегі вице-президент Игорь Бурдыленко, коммерция жөніндегі вице-президент Александр Гуменный, «UBC Group» холдингінің зауыттары мен бөлімшелерінің басшылары, шет мемлекеттердің және еліміздің серіктес компанияларының жетекшілері қатысты.

Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.– Бүгін біз тек облысымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Әлемдік деңгейдегі үздік компанияның зауыты Түркістан облысында іске қосылуда. «UBC Group» компаниясының тынымсыз еңбегі мен осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан команданың жұмысының нәтижесінде жаңа өнеркәсіптік тоңазытқыштар зауытын ашып отырмыз. Бұл бастамалар тікелей Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асуда.

Мұндай заманауи өндіріс орнын ашу – Түркістан облысы үшін тек маңызды экономикалық қадам ғана емес, сонымен қатар өңірдің инновациялар және заманауи технологияларға дайын екендігінің көрсеткіші. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірімізге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек. Бұл бастама – шет елдермен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Біз жаңа жобаларға, жаңа инвесторларға ашықпыз және қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді Түркістан облысына инвестиция құюға шақырамын. «UBC Group» басшылығы мен ұжымына осындай маңызды жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысын таңдап, көрсеткен сенімдері үшін алғыс айтамын. Жаңа зауыт Түркістан облысының жаңа мүмкіндіктер, инновациялар және тұрақты дамуының символына айналсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«UBC Group» басшысы Игорь Гуменный 2023 жылы өндірістік алаңдарын Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдап, жаңа зауыт салу үшін бірқатар аймақтың арасынан Түркістан облысы таңдалғанын айтып өтті. Көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғысын жеткізіп, тоңазытқыштар өндірісі жобасының сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді. Екі ел арасындағы бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімде компания барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, зауыттың құрылысын бастады. Жобаға сәйкес, бір шаңырақ астында өндірістік цехтар, қоймалар, әкімшілік және кеңсе ғимараттары орналасатын заманауи кәсіпорын бой көтереді. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 30 миллион еуроға дейін жетеді.

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 40 мың дана сауда тоңазытқышын шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоба толық іске қосылғанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс орнының ашылу рәсімінен кейін қонақтарға зауыт аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Өндіріс барысы көрсетіліп, жаңа зауытта өндірілген өнімдер таныстырылды.

Сондай-ақ, 100-ден аса отандық және шет мемлекеттің бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды бизнес-форум өтті. Халықаралық форумға қатысушылар қатарында Украина, Түркия, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және еліміздің ірі компания иелері мен өкілдері бар. Айта кетейік, UBC Group – тоңазытқыш жабдықтарын өндіру саласында жұмыс істейтін және сәтті дамып келе жатқан Украинаның ең ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі. Компанияның тұтынушылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал брендтер мен ірі корпорациялар.

Соңғы жылдары Сауран ауданына инвестиция тарту мақсатында аудан әкімі бірнеше елге барып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізіп, меморандумдар жасасып келеді. Мәселен, былтыр жыл соңына қарай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен арнайы делегация Түркия Республикасына іссапармен барып қайтқан болатын. Конья қаласының Қаратай ауданында болып, бауырлас қала ретінде меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.

Сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасады делінген. Делегация Конья қаласының Қаратай ауданында сауда және өнеркәсіп, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстарды нығайтып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және текстиль өндіру бағытында әріптестік орнату негізінде кездесулер өтеді.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екендігін атап өткен болатын. Түркістан облысының әкімі аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Осы тапсырманы негізге ала отырып, Сауран ауданы әкімдігінің бастамасымен бизнес өкілдерінен құралған делегациясы былтыр қазан айының соңына таман Қытай Халық Республикасына арнайы іс-сапармен барған-ды. Сапардың негізгі мақсаты – облысқа инвестиция тарту, екі жақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу болып табылады.

Саурандық кәсіпкерлер бірінші кезекте сол тұста сапарын Чыңду ауданының Шиньжин қаласындағы «СITICO» өндірістік зауытының жұмысымен танысудан бастады. Онда зауыттың әлеуеті таныстырылып, барлық мәліметер ұсынылды. Әлем бойынша ең табысы мол бизнестің түрі болып табылатын балық шаруашылығына қажетті өнімдер өндірілуде. Атап өтетін болсақ, зауытта 60-тан астам балық жемдерін әзірлеуде. Аталмыш нысанның қуаттылығы жылына 500 мың тонна балық жемдерін өндіреді. Ішкі нарықта сұраныс жоғары болғандықтан өнімдерін импорттаумен қатар шет ел мемлекеттеріне де эспорттауда.

Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары.

Сауран ауданында 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 7 рет