Жексенбі, 11 Мамыр 2025 16:55

Сауран ауданы: Үшқайықта балық өсіру шаруашылығы қолға алынуда

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, жаңадан бой көтергелі жатқан өндіріс орындарын аралады. Кәсіп бастаушы азаматтар өз жобаларын таныстырып, аудан экономикасын дамытуға қосатын үлестері туралы баяндады.

Ауыл шаруашылығының маңызды салаларының бірі – балық шаруашылығын дамыту мақсатында Үшқайықта ауқымды жұмыстар бастау алды. Жаңа кәсіпкерлік нысандарының қатарында балық өсіруге арналған кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда арнайы бассейндер қазу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі құрылыс алаңында болып, кәсіпкерлермен тілдесті. Ол өз сөзінде аудан тарапынан инфрақұрылымдық жүйелерді тарту, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге қолдау көрсету және жалпы жобаның табысты жүзеге асуына ықпал ету үшін жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бүгін Үшқайық ауылдық округіне арнайы жұмыс сапары барысында бой көтеріп жатқан өндіріс аймағымен танысты. Жаңа кәсіпкерлік нысандары құрылып, өндірістік қуаттылықты арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асуда. Жаңа өндірістік аймаққа 18 гектар жер телімі бөлінді, онда 37 жоба жүзеге асады. Бұл жобалардың негізгі бағыты – жиһаз өндірісі, шлакоблок шығару, шеге өндіру, қоқыс қалтасын (пакет) шығару, есік жасау, тігін цехы, сүт өнімдерін өңдеу және пластикалық есік-терезелер өндірісі.

Аудан әкімі құрылыс алаңында болып, кәсіпкерлермен кездесіп, олардың жоспарларымен танысты. Кәсіпкерлер өз ісін дамытудағы басты мәселелерді көтеріп, аудан басшылығынан қолдау сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі инфрақұрылымдық жүйелерді тарту, қажетті құжаттарды рәсімдеу және өндірісті жандандыруға барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту – аудан экономикасын тұрақты дамытуға серпін береді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Жергілікті нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етеді. Аудан басшылығы жергілікті өндіріс орындарын қолдауды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып, кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасауды көздеп отыр. Үшқайық ауылында басталған бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етпек.

Жалпы, Сауран ауданында балық шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар істеліп келеді. Балық шаруашылығымен айналыса бастаған кәсіпкерлердің де қарасы көбейе түскен. Мәселен, Сауран ауданы Ибата елді мекенінің тұр­ғыны, жеке кә­сіп­кер Жасур Муминов арнайы бассейнде балық өсіреді. Мем­лекеттік «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы аясында 2,5 па­йызбен 8,5 млн теңге несиеге 16 текше метрлік 4 бассейн, балық жемі және қажетті жабдықтар мен 10 грамдық шабақтар сатып алған. Бір бассейнде 1500 форель балығының шабағын өсіріп жатыр. Он грамдық шабақты тауарлық деңгейге, яғни 350 грамға жеткізу үшін кемінде 6 ай бағып, күтеді. Тауарлық дең­гей­ге жеткенде бір бассейнде шамамен 500 кило балық өсіп шығады. Балықшылардың айтуынша, форель шабағының біреуі нарықта 80-100 теңге, тауарлы балықтың бір килосы 2800-3000 теңге болады екен. Бүгін­де бес азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпкер жылына 4 тонна балық сатуды межелеп отыр. «Сирек кездесетін кәсіпке бейімделу де оңай емес. Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға аталған бағдарламаның мүмкін­дігі мол, алдағы уақытта бұл істі одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр­мыз», дейді Жасур Муминов.

Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республикада көшбасшы болып отыр. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі тағы да тапсырма берді. Түркістан облысының әкімінің тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады дейді мамандар. Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, облыс әкімдігімен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Яғни, 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін – 2 есеге, 7,0 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін – 100% дейін жеткізу көзделген.

Бағдарлама аясында, кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіліп берілген 2 балық шаруашылығы су айдындары балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына ауыстырылды. Сондай-ақ бағдарлама бойынша биылғы жылы 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды. Конкурстық негізде резервтегі көлде-тауарлы балық өсіру мақсатындағы 2 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны бекітіліп берілді.

2023-2024 жылдарға облыс аумағындағы орналасқан кәсіпшілік балық шаруашылығы су айдындарына 3070 тонна квота бөлініп, балық аулау жұмыстары жүргізілді. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Жасанды балық өсіру шаруашылықтарын құру бойынша қызығушылық танытқан бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға шаруашылық құру алгоритімін түсіндіру жұмыстары жергілікті атқарушы орган және балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, тұрақты жүргізілуде. Айта кетейік, облыста республикалық және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының саны – 112 бірлік. Оның ішінде 25 су айдын кәсіпшілік балық шаруашылығы үшін және 69 су айдын көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген.

Балық өсіру шаруашылықтарының экономикалық тиімділігін жоғарылату – бүгінде еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланған болатын. Түркістан облысының су айдындарының орналасуы мен климаттық жағдайлары балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңірлердің бірі болып саналады. 

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 7 рет