Бадам ауыл округінде өткен кездесуде аудан басшысы ең алдымен ауданның экономикалық даму барысына тоқталды. - Бұл тұрғыда жергілікті бюджет кірісін арттыру жұмыстары сәтті жүзеге асуда. Ивестиция тарту өнеркәсіп саласын күшейту бағытындағы қадамдар нақты нәтиже беруде. Оң өсім бар. Ауданымыз бюджеттік көрсеткіштер бойынша облыста әлеуетті аудандармен бәсекелесіп, 5 орында тұр. Өндіріс саласы жандана түссе бұдан да жоғары мәрелер күтіп тұр. Әлеуметтік салаға келсек білім саласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа мектеп салу, күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, мектептердің материалдық техникалық базасын нығайту бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Аудандағы мемлекеттік 67 мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылған. Төрткүл ауылындағы 300 орындық мектеп жыл соңына пайдалануға берілсе, Қызыл жар ауылындағы 300 орындық, Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектеп құрылыстары жаңа оқу жылына дейін және жыл соңына дейін пайдануға беріледі. Сонымен бірге «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ақбұлақ ауылынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысы тамыз айында, Елшібек батыр және Ынтымақ ауылдарындағы 200 орындық мектептер де жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Көлтоған ауылындағы Е.Ерназаров мектебі күрделі жөндеуден өтсе, тағы 21 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл да 8 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Жалпы жас өркендердің білім биігіне өрлеуіне барынша мүмкіндік жасалуда. Нәтиже де көңіл толтырады. Оның бір айғағы кеше ғана Республика көлемінде алғашқы болып мүмкін болатын 140 балды біздің ауданымыздың мектеп-гимназиясының оқушысы Абілхан Жәнібек шәкіртіміз алып отыр– деді аудан әкімі Азат Оралбаев.
Денсаулық саласында ауданда барлық денсаулық сақтау нысандары жаңартылған. Аудандағы орталық аурухана толықтай заманауй медициналық құрылғылар және құрал жабдықтармен қамтылған.Мәдениет саласында қазіргі таңда 44 мәдениет ұйымдары халыққа қызмет етуде. Бадам ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталуда. Темірланда 300 орындық музыка мектебінің құрылысы жүргізілуде. Мәдениет нысандарында қажетінше ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл аудан басшысының аудан көлеміндегі шаруалар бойынша мәлімдеген мәліметтердің бірқатары. Бұдан да бөлек әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы көрсеткіштер мен жоспарларға толық тоқталып өткен аудан әкімі келесі кезекте нақты кездесу өтіп отырған Бадам және Бөржар ауыл округтеріндегі хал-ахуалды кеңінен саралады.
Аталған ауыл округтеріне қарасты ауылдардағы көптеген мәселелер оң шешімін тауып отыр. Тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылған. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Газ саласы оңтайлы шешімін табуда.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары тарапынан жұртшылықты толғандырған мәселелер де көтерілді. Жиында ауыл тұрғындары елді мекендердегі су арналарын тазалау, бетондау, көшелерге асфальт төсеу, жайылым жер, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, ветеринариялық шаралар, әлеуметтік көмектер секілді бірқатар мәселелерді айтып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Күрделі мәселенің басым бөлігі электр жарығы төңірегінде болды. Сол мезетте аудан басшысы ауданның барлық электр жүйесі сенімгерлікке берілген «Оңтүстік Жарық» ЖШС өкілдеріне мәселені жедел шешуге нақты тапсырма беріп, орайы келмеген тұстарын өз тарапымыздан үйлесіреміз деді.
Аудан басшысы әрбір азаматтың көкейкесті сұрақтарына толыққанды жауап беріп, аталған мәселелерді шешу бағытындағы нақты жоспарларды ортаға салды. Сонымен қатар, кездесуде аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің және мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Көкейдегі мәселелерге қатысты тұшымды жауап алған ауыл азаматтары табысты атқарылған жұмыстар мен атқарылатын міндеттерге оң бағаларын беріп, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Айта кетсек, аудан басшысының өз ұсынысымен бұл кездесулер жылдағыдан бөлек форматта өтуде. Жиындар жұртшылыққа қолайлы, барынша ашық жағдайда өтуі үшін ғимарат сыртындағы ашық алаңдарда ұйымдастырылып отыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат