Бүгінде Түркістан қаласында 18 медициналық ұйым қызмет атқарады. Қала бойынша 269 285 тұрғын медициналық ұйымдарға тіркелсе, оның 219 135-і сақтандырылған, ал 48 792 тұрғын сақтандырылмағаны анықталды. Сонымен қатар, қала тұрғындарының 87%-ы мобильдік қосымшаны белсенді қолданып, жыл басынан бері электронды қабылдауға жазылу саны 863 421-ге жеткен. Электрондық медициналық жазбалар көлемі 1,3 миллионнан асып, электрондық денсаулық паспорттарының қамтылуы 98,9%-ды құрайды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мемлекеттің ең басты байлығы - адам өмірі мен денсаулығы екенін, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті. - Қаламыздағы денсаулық сақтау жүйесі кризистік жағдайда болмауы тиіс. Әрбір тапсырма нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Бүгін көтерілген мәселелердің әрқайсысы бақылауда болады. Біз тек талқылап қоймай, оларды шешу үшін нақты қадамдар жасауымыз қажет. Қажетті құрал-жабдықтармен толықтыруды тез арада қолға алу керек. Уақыт күттірмеуі керек. Адам өмірінен асқан байлық жоқ. МӘМС жүйесін де кеңінен түсіндірік, жүйелі дамыту керек. Егер емханаларыңызда мәселе болса, осында айтыңыздар. Бірге шешімін табайық, – деді қала басшысы. Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы орындаушылық тәртіптің маңыздылығына тоқталып, хаттамалық тапсырмалардың уақытылы орындалуы мемлекеттік басқару сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіш екенін атап өтті. Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына қызмет көрсету мәдениетін арттыруды, инфрақұрылымды жақсартуды, кадрлық әлеуетті күшейтуді және цифрландыруды жалғастыруды тапсырды.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, өңір тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, дәрігерлермен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу — басты басымдықтардың бірі. Облыс аумағында қазіргі таңда 24 564 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 5 447 дәрігер және 19 117 орта медициналық қызметкер бар. Дегенмен, 282 бейінді дәрігерге тапшылық бар. Бұл мәселені шешу үшін медициналық мамандарды тарту және қайта даярлау шаралары жүргізілуде. Медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша өткен жылы өңірде 58 алғашқы медициналық көмек көрсететін нысан орнына 25 жаңа нысанның құрылысы басталып кетті. Атап айтсақ, 20 дәрігерлік амбулаторияғ 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт.
Қазіргі таңда 30 нысанның құрылысы басталып, 13 нысан бойынша конкурс аяқталу үстінде. Барлық мекемелер инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі. Цифрландыру және жабдықтау жұмыстары бойынша облыстағы медициналық мекемелердің 73%-ы медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Сонымен қатар 400 мың тұрғын электронды денсаулық паспортын пайдаланады. Медициналық жабдықтармен қамту деңгейі — 85,22%. 2025 жылға арналған құрал-жабдық сатып алуға 10,3 млрд теңге қарастырылған. Сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстары ауылдық өңірлерде де жалғасады. Сонымен, шалғайдағы елді мекендер үшін 13 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, бұл тұрғындарға жергілікті жерде медициналық қызметті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл салада біліктілікті арттыру өте үлкен маңызға ие. Соңғы жылдары 3 000-нан астам дәрігер шетелдік жетекші клиникаларда білім алып, тәжірибе жинақтады. Бұл өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға зор үлес қосуда.
2025 жылға дейін облыста 10 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынбақ, оның ішінде облыстық көпбейінді аурухана, симуляциялық орталық, ана мен бала орталығы, жедел жәрдем станциясы және стоматологиялық емхана бар. Бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Бұл нысандардың құрылысы жергілікті өндірушілердің материалдары мен жабдықтарын пайдалану арқылы жүзеге асырылуда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат