– Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездесу барысында Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу мәселесін көтерген болатынсыздар. Мінеки, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров. Ал, Нұрлы жол елді мекенінің ауыл биі Әділхан Андасов ауыл тұрғындары атынан алғысын айтып, көпшілікті құттықтады.
Сарыағаш ауданындағы 0,10 гектар аумақта орналасқан жаңа медициналық нысанның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулаторияда жергілікті халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Нысан бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.Бұл – елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытындағы нақты қадам.
Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Осы тұста облыстағы медицина саласындағы оң өзгерістер туралы кеңірек айта кетсек. Бүгінде Түркістан облысы денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша кешенді және жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Таяуда ғана облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте медицина саласының негізгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев саланың 10 айдағы қорытындыларымен бөлісіп, оң динамиканы көрсететін нақты деректерді ұсынды. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты түрде сақталған. Ана өлімі 63,3%-ға, нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштер перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, алғашқы медициналық көмек жүйесінің күшеюі және тәуекел топтарына бақылаудың тиімді жүргізілуінің нәтижесі болып отыр. Атаулы жобалар қатарында «Даму және ерте араласу» орталықтары мен Облыстық балалар ауруханасында ашылған офтальмологиялық орталық ерекше орын алады.
Ауылдық жерлерде жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, 100-ден астам әйелге қолдау көрсетілген. Сонымен қатар облыс көлемінде күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау мақсатында виртуалды қарап шығу жүйесі енгізілген. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынған, ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 207 бала дүниеге келді, олардың 18-еуі егіздер. Медицина инфрақұрылымын жаңарту аясында 2025 жылы 34 медициналық нысан дайын ғимараттарды сатып алу арқылы пайдалануға берілетін болса, 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде. Кентау қалалық ауруханасында жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады, Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханалар толығымен жаңартылды. Түркістан қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана да ерекше назарда.
Ауылдық жерлердегі ауруханалар заманауи техникалармен жабдықталып, онкологиялық қызметті жетілдіру үшін 11 түрлі диагностикалық құрал-жабдық жеткізілді. Радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруға арналған PACS жүйесі енгізіліп, жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтау мүмкіндігі артты. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласқан, олардың 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген.2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына жалпы 40,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және халыққа қолжетімді медициналық көмек ұсынуға бағытталған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін басты назарға ала отырып, барлық іс-шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылуын тапсырды:«Біз үшін ең бастысы – тұрғындарға сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық қызмет көрсету. Медицина саласын дамыту бойынша берілген тапсырмалар нақты және жүйелі түрде орындалуы керек. Жоғары технологиялық жабдықтар енгізу, кадрларды тарту және сапалы дәрігерлік көрсету арқылы тұрғындарға сенімді әрі тиімді қызмет ұсына аламыз»- деді ол. Жалпы, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласындағы кешенді дамуы – өңірдің экономикалық дамуына тікелей серпін беріп, халықтың өмір сапасын арттыруға, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңартуға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында денсаулық сақтау саласы да басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Соңғы жылдары облыс аумағында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, жаңа нысандар салу және қолданыстағыларын күрделі жөндеуден өткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Әсіресе шалғай елді мекендер мен ауылдық округтерде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейін көтеру басты назарда тұр. Бұл – медициналық көмекті халыққа барынша жақындатудың тиімді жолы.
Түркістан облысында қазіргі таңда 900-ге жуық медициналық мекеме жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі – жаңадан бой көтерген нысандар, ал қалғаны – заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртылған денсаулық сақтау ұйымдары. Облыста тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алдыңғы қатарлы технологиялар мен цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелердің 73 пайызы медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Бұл жүйе дәрігер мен пациент арасындағы байланысты оңтайландырып, қағазбастылықты қысқартуға, емдеу үдерісін жеделдетуге және науқастың жағдайын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық денсаулық паспорттары, электронды рецептер мен онлайн-консультация қызметтері де белсенді түрде іске қосылуда. Мұның барлығы медициналық қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттырып отыр.
Облыстағы ауруханалар мен емханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Қазіргі заманғы диагностикалық құрылғылар, зертханалық жабдықтар мен бейнеэндоскопиялық аппараттар науқастарды ерте кезеңде анықтауға және емдеудің тиімді әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларда УДЗ аппараттары, ЭКГ құрылғылары, жасанды тыныс алу аппараттары және өзге де қажетті медициналық техника жеткізілген. Бұл жабдықтар сапалы диагностика жүргізіп, күрделі ауруларды дер кезінде анықтауға зор мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелерде қызмет сапасын бақылау жүйесін жетілдіруде. Медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, үздіксіз оқыту, ішкі аудит және пациенттермен кері байланыс орнату – сапаны арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Медицина қызметкерлері республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, үздік тәжірибелермен бөлісуде. Облыста заманауи симуляциялық орталықтар ашылып, ондағы технологиялар арқылы медициналық кадрлар тәжірибелік білімдерін жетілдіруде.
Аймақта жедел медициналық көмектің сапасы да елеулі түрде артып келеді. Жаңа реанимобильдер, толық жабдықталған жедел жәрдем көліктері ауылдық жерлерге жеткізіліп, жедел көмек көрсету уақыты бұрынғыға қарағанда едәуір қысқарды. Бұл өз кезегінде аурулардың асқынуын болдырмауға және адам өмірін сақтап қалуға зор үлес қосуда. Медициналық бригадалар спутниктік байланыс, GPS-навигация жүйелерімен қамтамасыз етілген, бұл – жолдағы медициналық көмекті жедел әрі тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Халықтың денсаулығын сақтау бағытында профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Скринингтік тексерулер, екпе науқандары, салауатты өмір салтын насихаттау, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу – облыс деңгейінде тұрақты ұйымдастырылып отырған іс-шаралардың қатарында. Осы профилактикалық бағыттағы қызметтердің нәтижесінде өңірде жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, қант диабеті және тыныс алу жүйесінің аурулары бойынша көрсеткіштер тұрақтанып келеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат