Сондай-ақ көрмеге еліміздің кітап нарығында өзіндік орны бар жетекші отандық баспалар да қатысуда. Атап айтқанда, «Атамұра», «Алматыкітап баспасы», «Қасым» баспа үйі, «Мазмұндама», «Меломан» сияқты баспалар өздерінің таңдаулы өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған ауқымды шарада кітапсүйер қауымның қарасы мол. Мұндағы қатары тізілген ақ шатырларға отандық және шетелдік баспалардың кітаптары қойылып, келушілер назарын ерекше аударды. Жәрмеңке барысында оқырмандарға кітаптар баспа бағасымен ұсынылып қана қоймай, кейбір басылымдар кітаптарды сыйға тартты.
Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, оқырман талғамын қалыптастыру мақсатында өткен көрмеде қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романы, Несіпбек Айтұлының «Ләйлі-Мәжін» дастаны, Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы, және «Саха поэзиясының антологиясы» сынды кітаптарының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов күнделіктері таныстырылды. Көрмеге келушілерге белгілі ақын, жазушы, айтыскер Баянғали Әлімжанов, жазушы, ақын Ұларбек Дәлейұлы және басқа да авторлармен шығармашылық кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында Баянғали Әлімжанов балаларға арналған 100-ден астам кітапты мектептер мен кітапханаларға сыйға тарту етті.
Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын үш күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Балалар алаңында кітап оқу, арнайы шеберлік сағаттары тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізілуде. Көрме алаңында подкаст форматында Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасы талқыланды. Шығарманы «КітапХан» жобасының негізін қалаушы Хамит Ердехан таныстырып, қатысушылар пікір білдіріп, туындыға өзіндік бағасын берді.
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу. Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі.
Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ, оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс. Демек, кітап оқу, бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ.
Ғалымдар ұлттық, классикалық әдебиеттерді оқу адам миының жақсы жұмыс істеуіне көмектесетіндігін дәлелдеген. Шығармаларда суреттелген өлмес идеялар ауру тудырған негатив ойлардан тазартып, мидың жұмысын жандандырып, жаңғыртып, өміршең ойлармен жаңаша ойлантып, айналасында болып жатқан оқиғаларды шынайы түсіне бастауы арқасында өмірге деген құлшынысы арта түсетін болады. Кітап – адам жанының емшісі. Кез келген кітапты оқығанда, оның міндетті түрде жақсы, не жаман әсері болады. Әсіресе көркем шығарманың оқырманға берер эстетикалық әсері зор.
Шаршағанда, не болмаса стреске түскен жағдайда әдеби шығарма оқысаңыз сұлу сөздің, көркем табиғаттың, кемел кейіпкердің, асыл армандардың, асқақ идеялардың шынайылықпен көркем кестеленуі ойыңды бірте-бірте сергітіп, жаныңды жадыратып, ерекше бір сезімге, күйге бөлейді. Қазіргі заманның өзгешелігінен туындап жататын психологиялық қиындықтарды библиотерапиямен реттеу кең өріс алып келеді. Психологтар стресті жағдайда өзің ұнататын жазушының кітабын оқуға кеңес береді. Жақсы кітаптағы өміршең ойлар жаныңды мазалап жүрген келеңсіз ойларды қуып қана қоймай, мәселені шешуге көмектесетін жақсы жолды да көрсетеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат