Осы атқарылған жұмыстың арқасында түркі жұртының қасиетті қарашаңырағы саналатын Түркістан қаласы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың әлеуетті орталығы ретінде ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге әзір екенін көрсетті. Президенттің айтуынша, шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген.
Мемлекет басшысы облыс және қала әкіміне еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің жауһары – көне Түркістан шаһарын дамыту мен абаттандыру жұмыстарына айрықша мән беруді тапсырды. Сонымен қатар Президент Қазақстанның абырой-беделі үшін адал еңбек еткен әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, коммуналдық қызмет жұмысшыларын, еріктілерді, сондай-ақ басқа да белсенділерді мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бейресми саммиттер мемлекет басшыларына еркін пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң ретінде қалыптасты. Биылғы бейресми саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырын тоғыстырған көне шаһар бүгінде түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталықтарының біріне айналып келеді. Саммиттің басты тақырыбы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» болды. Түркістан төріндегі алқалы жиынға ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттарының және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Түркістан төрінде өткен бұл маңызды кездесу түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық байланыстарды бекемдеп қана қоймай, түркі әлемінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға да серпін берді. Түркілер төріндегі маңызды басқосу Түркі әлемін біріктіріп, бауырластық пен бірліктің туы биік желбірете түсті.
Аталған ұйымның тарихына қысқаша тоқтала кетсек, Түркі мемлекеттері ұйымы (бұрынғы атауы – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі) 2009 жылы үкіметаралық ұйым ретінде құрылды. Оның басты мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайту. Құрылтайшы мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия – кейіннен 2019 жылғы қазанда Бакуде өткен 7-ші саммитте Өзбекстанның толыққанды мүше ретінде қосылуымен толықты. Венгрия 2018 жылғы қыркүйекте Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында өткен 6-шы саммитте бақылаушы мәртебесіне ие болды. 2021 жылғы қарашада өткен 8-ші саммитте Түрікменстан, 2022 жылғы қарашада Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және 2023 жылы Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫҰ) бақылаушы мүше ретінде қосылды.
Ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген мақсаттар мен қағидаттарды, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын – егемендіктің теңдігі, аумақтық тұтастық және халықаралық деңгейде танылған шекаралардың бұзылмауын, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау және тату көршілік пен достық қарым-қатынастарды дамыту секілді қағидаларды ұстанады. Ұйым бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, кең ауқымды ынтымақтастықты ілгерілетуге және мүше мемлекеттер арасындағы ортақ дамуға бағытталған әлеуетті ашуға ұмтылады. Түркітілдес мемлекеттерді біріктірсе де, ұйым ерекше бағытты ұстанбайды. Керісінше, түркітілдес елдер арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты тереңдете отырып, Еуразия құрлығында, әсіресе Орталық Азия мен Кавказ аймағында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған жаңа аймақтық құрал болуды мақсат етеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат