– Өңірімізде әлеуметтік нысандар ашылып, ауылдың инфрақұрылымы жақсара түсуде. Солардың бірін бүшін ашудамыз. Бұл жаңа өнер мектебі ауданның рухани дамуына, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін беретіні айқын. Жаңа нысанның құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. 870 миллион теңгеден астам қаржы халықтың игілігіне бағытталды. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы керек» деген ұстанымының нақты орындалуы, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
2025 жылдың сәуір айында басталған құрылыс желтоқсан айында толық аяқталып, өнерге құштар балалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. 300 орындық «Өнер мектебі» мекемесінде балалардың музыкалық білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Музыка ғимаратында мәдени іс-шараларды өткізуге арналған 150 орындық зал бар. Сонымен бірге кітапхана, топтық жаттығу, ұлттық сапаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған бөлмелермен және музыкалық аспаптар бөлмесімен қамтылған. Екінші қабатында дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесі және музыкалық үйірмелер, халық аспаптар бөлмесі, сахна, сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.
Бұл жаңа ғимарат – 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін, апатты жағдайда жұмыс істеген ескі мектептің орнына тұрғызылды. Соңғы жылдары ескі ғимаратта 400-ден астам бала білім алып, бұл көрсеткіш оның жобалық қуатынан 2-3 есе асып кеткен еді, ал 45 мұғалім тар, суық, ескірген бөлмелерде жұмыс істеп келген. Енді бұл мәселе толық шешіліп отыр. Темірландағы жаңа музыка мектебі – ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттардың өсіп шығуына жол ашатын ерекше жоба. Балалар енді музыка мен хореографияны заманауи студияларда, кең әрі жарық кабинеттерде меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам үшін нақты пайдаға айналуының жарқын мысалы.
Айта кетейік, елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат еліміздегі жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталған. Ал осы қор арқылы Түркістан облысында 30-ға жуық нысан мен жоба қаржыландырылуда. Оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамту, бір медициналық нысанды күрделі жөндеуден өткізу және өзге де жобалар бар. Заңсыз иемденілген активтерді елімізге қайтару – Үкіметтің әлеуметтік нысандарға инвестиция салудың экономикалық тәсілі ғана емес, бұл сонымен бірге әділдікті қалпына келтірудің бір қадамы болып саналады. Бір кездері мемлекеттің бақылауынан шығарылған осы қаражат арқылы бүгінде мектептер мен ауруханалар салынып, су жүйелері тартылып, сондай-ақ өңірлерге қолдау көрсету сынды қоғам алдындағы міндеттер шешіліп келеді.
Қазақстаннан заңсыз жолмен шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды. Оның ережелерін іске асыру үшін басқарушы компания – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылып, оған мемлекеттің еншісіндегі активтерді қабылдау, сақтау және сату міндеттері жүктелді. Аталған қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға тікелей аударылады. Қалған активтер (жылжымайтын мүлік, көлік және т.б.) ҚАБК басқаруына өтіп, сатуға қойылады. 2025 жылдың 27 маусымында Арнаулы мемлекеттік қорда жинақталған ақша 103,4 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте жиынтық түсімдердің көлемі 433,3 млрд теңгеге, ал шығыстардың сомасы 329,9 млрд теңгеге артқанын айта кетейік.
ҚАБК қазірдің өзінде 34 млрд теңге сомаға 48 активті сатты. Актив орналасқан елдің заңнамасына сәйкес шетелде мүлікті сатуды қоса алғанда, тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Тарихи-мәдени маңызы бар құнды нысандар (ерте темір дәуірі мен орта ғасырлардағы жәдігерлер) ғылыми зерттеулер үшін ҚР Ұлттық музейінің тұрақты коллекциясына берілді. Жалпы сомасы 318,1 млрд теңге болатын Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты 406 әлеуметтік маңыздағы жобаны қаржыландыруға бағытталады. Қаржыландырудың негізгі көлемі сумен жабдықтау (160,6 млрд теңгеге 230 жоба) және денсаулық сақтау саласына (100,4 млрд теңгеге 162 жоба) жұмсалды. Сондай-ақ білім беру (24 млрд теңгеге 10 жоба) мен спорт саласындағы (33,1 млрд теңгеге 4 жоба) жобаларды да қаржыландыру жоспарланған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат