Бейсенбі, 08 Мамыр 2025 13:40

«Отырар ауданының 90 жылдығы», «Ш.Қалдаяқовтың туғанына - 95 жыл» аясындағы іс-шараларға дайындық қызу жүргізілуде

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай Қарақоңыр ауыл округінде халықпен кездесіп, есеп берді. Аудан басшысы өткен жылы іске асқан жобалар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Соның ішінде қазақ халқының маңдайына біткен белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың балалық шағы өткен Шәмші ауылында биыл ауқымды іс-шаралар өтеді деп жоспарлануда. «Отырар ауданының 90 жылдығы», «Ш.Қалдаяқовтың туғанына - 95 жыл» аясындағы іс-шараларға дайындық жұмыстары басталып та кеткен.

Бұған дейін ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бірнеше мәселе көтеріліп, бұл бағыттар бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда Ш.Қалдаяқов ауылындағы Көктем, Әділет, А.Паржанов, А.Махатов, Ш.Қалдаяқов көшелеріне асфальт төселсе, Арыс елді мекеніндегі У.Ілясов көшесін орта жөндеу, Ш.Қалдаяқов елді мекеніндегі Қайнар көшесі мен Бестораңғыл елді мекеніндегі Д.Шырынбеков көшесін, Қостүйін елді мекеніндегі Әшірбеков, Ержанов көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл жоғарыда аталған мерейтойлар аясында Ш.Қалдаяқов елді мекеніндегі Үшқоңыр, Талап, Парасат, А.Жармұхамедов көшелері мен елді мекенге кіре беріс көшені орта жөндеу жұмытары атқарылмақ. Сонымен қатар 2025 жылы облыстық бюджет есебінен Ш.Қалдаяқов ауылындағы шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысын толық аяқтау үшін қаржы қаралса, балалар ойын алаңшасын салу жұмыстары да атқарылатын болады.

Жиында ауыл тұрғындары мектепке балаларды тасымалдайтын қоғамдық көлік берілсе, ауылдың ішіне арық тартып үйіргелік жерлерге ағын су жеткізуді, мектеп ауласындағы ұңғымадан ауыз су тарту жұмыстары жүргізілсе, электр жарығы, Дүтбаев көшесіне аяқжол салу, көпірді жөндеу, көшелерді жарықтандыру және жол бойына тазалық жұмыстары жүргізілсе деген талап-тілектерін жеткізді.

Кездесуден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әлеуметтік және басқа да қажеттіліктер бойынша қойған сауалдарына жауап берді.  Аудан басшысы кездесуде және жеке қабылдауда көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтып, әр сала бойынша жауапты бөлім мен мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.

Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 95 жыл толатыны белгілі. Осыған орай Отырар ауданында ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Осы тұста Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолынан деректер келтіре кетуді жөн санап отырмыз. Қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Оның әндері Қазақ елінің қай өңірінде де жиі айтылып, әнсүйер қауым арасына барынша кең тараған.

Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білген сазгер 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды. Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры да осы.

Сазгер әндері әсіресе, 1960-1970-ші жылдардағы жастардың аузында жүрді.  Жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан түрлі ұлыстың да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе, күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша мәшһүр болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.

Шәмші Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соны леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.

Ендігі жерде құрылғанына биыл 90 жыл толып отырған Отырар ауданының құрылу тарихына, аудан тарихындағы елеулі оқиғаларға,  мұнда қызмет еткен азаматтардың еткен еңбектеріне, ауданның табиғаты мен ерекшеліктеріне де шолу жасай кетсек.

Отырар ауданы - Түркістан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Батысында Қызылорда облысымен, шығысында Ордабасы, оңтүстік-шығысында Арыс қалалық әкімдігіне карасты аумақпен және Сарыағаш, келес аудандарымен, оңтүстік, оңтүстік-батысында Шардара ауданымен шектеседі. Жер аумағы 18,1 мың километр, (облыстың 15,4%-ы). Тұрғын халқы 53 мыңнан астам. Аудан аумағындағы 43 елді мекен 11 ауылдык округке біріктірілген. Әкімшілік орталығы — Шәуілдір ауылы. Әкімшілік-аумақтық бөлінісінің тарихи қалыптасуы Ауданның казіргі әкімшілік-аумақтық шекаралары XX ғасырдың алғашкы ширегінде қалыптаса бастады. Оған дейін осы аумақ Түркістан генерал-губернаторлығының құрамындағы Сырдария облысына(орталығы — Ташкент қаласы) қарады. Құрылымы 1867 жылы шілдеде бекітілген "Жетісу және Сырдария облыстарын Уакытша баскарудың Ережесіне" сәйкес анықталды да, оған бұрынғы Сырдария желісінің аудандары, сонымен қатар Ресейге қосылған Қоқан хандығының 7 уезі (Әулие ата, Қазалы, Құралы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Ходжент) және 2 аудан (Жызақ, Ұратөбе) енгізілді. Қазан революциясынан кейін аудан аумағында қайтадан кұрылымдык өзгерістер басталды. 1920 жылы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін құру туралы декрет қабылданды. Қазақ халқының көп бөлігі қоныстанған Жетісу және Сырдария облыстарының аумағы Түркістан АСКР-інің құрамында калды. 1924 жылы 11 қазанда Республикалық Коммунистік Партияның Орталық Комитетінің қаулысымен Орта Азия Кеңестік республикаларының межеленуі мақұлданып, нөтижесінде Әулие ата, Ақмешіт, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездері және Ташкент уезінің 10 болысы, Мырзашөл уезінің 2 болысы, Самарқанд облысының 6 болысы бар Сырдария облысы Қазақстан құрамына енді. Кейінгі жылдары губернаторлық, округтік бөлініс кезінде аудан аумағындағы қазіргі ауылдык округтер мен елді мекендер — ұжымшылар ретінде біріге бастады. Сөйтіп, бүл өңірде алғашқы бес ұжымшар ұйымдастырылды. Олар: "Абад", "Кеңес", "Жаңаарық", "Отырар", "Қызыл Түркістан". 1932 жылы "Талапты", "Қарғалы", "Қоғам", "Байылдыр", "Ынталы" ұжымшарлары құрылды. 1934 жылы 27 желтоқсан күні № 106 бюро қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданып, Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің 1935 жылы 16 ақпандағы бюро қаулысында Түркістан және Шәуілдір аудандарының шекаралары белгіленді. Крупская атындағы, "Интернационал", Құлымбетов атындағы, "Ақтөбе", "Беларық", "Сталинабад", "Кеңес", "Отырар", "Қызыл Түркістан", "Талапты", "Ынталы", "Қоғам", "Байылдыр", "Қарғалы", "Ногин" (казіргі Д.Алтынбеков), "КСРО-ның 60 жылдығы" кеңшарлары кұрылды. Жер серіктестіктері, ұжымдық шаруашылыктар: Маякум, Құмқөл, Шеңгелді, Ақкөл, Балтакөл, Жаңашару, Aқынтоға, "Овцевод", "Ызакөл", "Сарыкөл", т.б. елді мекендер жаңа аудан құрамына енді.

Шәуілдір аудандық ұйымдастыру бюросының 1935 жылғы 22 наурыздағы №3 қаулысымен С.Боранбаев аудандық газеттің редакторы болып бекітілді. Және де газетті «Социалистік Шәуілдір» деп атау жөнінде шешім қабылданды. Осы шақтарда Отырар өңіріне кеңестік білім беру мен дәрігерлік көмек келе бастады. Ауданда тұңғыш бастауыш мектеп 1926 жылы Темір стансасында ашылды. Онда алғашқы ұстаз – Бегім Басов болды. Ауданда қазір 46 мектеп бар, оның 21-і типтік мектептер. Оларда 1798 ұстаз қызмет етеді. Шәкірттер жүрегіне жол тапқан Кішмат Досанов, Құтым Ордабаев, Сейіт Есенбаев, Бекболат Нәдіров, Келдебек Жабатаев, Қалжан Махатов, Күләйхан Шәріпова, Қожахмет Партаев, Құрманбай Әлшериев, Алма Мұғжанова, Орынбек Дербісов, Аймахан Жанатаев, Сұлтан Барлыбаев, Иманбек Махатай, Қуатбай Өкшебаев сияқты көптеген ұстаздардың ерен еңбектері ғасырлар бойы айтыла береді.

Ауданның орталық ауруханасы 1935 жылы ашылды. Оның алғашқы бас дәрігері Н.Сергеева, кейіннен 1936 жылы көрнекті ғалым Естөре Оразақов болды. Бүгінде ауданымызда 51 медициналық ошақтар бар, оның ішінде 8 аурухана, 14 емхана, 29 медициналық тірек бар. Бұл орайда Әліхан Көкішеев, Жұмахан Әбдешов, Бегалы Қалымбетов, Тас Мұсаев, Төле Сыздықов, Роза Махатова, Жолдасбек Тұрсынбаев сияқты елге сыйлы дәрігерлеріміздің қызметі кейінгі жас мамандарға үлгі-өнеге деп білеміз. Тағы бір маңызды жайт, 1935 жылы ауданда мақтадан бүкілодақтық кө­лемде рекордтық өнім алынды. Бір топ озат колхозшылар 1936 жылы Мәскеуде өткен екпінді колхозшылар­дың Бүкілодақтық съезіне қатысып, марапаттар алып қайтты. Мұнымен қатар ауданға жас ақын Асқар Тоқмағамбетов көшіп келді. Уақыттың қиындығына қарамастан, ол өлеңдер, мақалалар, фельетондар жазды. Керек десеңіз, Асқардың Шәуілдір халқының өмірінен жазған романы да бар. Бір ғана бұл емес, ақын Ғали Орманов «Шәуілдір» деген поэма жазды. Шәуілдірде бұл жылдары атақты жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров те болды. Оның қарымды қаламымен 1935 жылдың 23 қазанында орталық «Правда» газетін­де шәуілдірліктердің өнегелі істері жөнінде үлкен очерк жарияланды.

Иә, бұл отырарлықтардың жаңа өмірге деген, туған жерді түлетуге деген зор құлшынысының үлкен өрлеуге ұласқан жылдары еді. Ұлы Отан соғысы кезінде 3371 отырарлықтар майданға аттанды. Сол бір сұрапыл жылдарда аудан халқы асқан төзімділік танытты. Елдегілер майданға азық-түлік өнімдерін, жылы киімдер, мыңдаған сом ақша жөнелтіп тұрды. Соғыс жылдарында «Ақтөбе» колхозында тұрған атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз майданға 100 мың сом қаржы жөнелтіп, Амангелді Иманов атындағы соғыс ұшағын жасатты. Өз кезегінде соғыс жылдарында екі адам – Сейітқа­сым Әшіров пен Темірбек Ибрагимов Кеңестер Одағының Батыры атанды. 1946 жылы ауданда мәдениет бөлімі ашылып, оның алғашқы меңгерушісі Рысқұл Қасымбеков болды. Қазір 1 мәдениет сарайы, 4 мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб, 25 кітапхана халыққа қызмет етуде. Өзінің 75 жылдық тарихында колхоздастыру, зұлмат аштықтың азапты күндері, репрессия, соғыс, со­лақай саясат, осының бәрін бастан өткізген ауданымызда 1957 жылы барлық қолхоздар таратылып, совхоздар құрылды. Алайда кейбір солақай үстірт кеткен саясат салқыны ауданымызға зиянын тигізбей қалған жоқ. Айталық, 1962 жылы ірілендірілген өндірістік-аумақтық басқармалар ұйымдастырыл­ды. 1963 жылы бірінші қаңтарда бұрын­ғы Шәуілдір ауданы негізінде жұртқа кеңінен танылған «Қызылқұм ауданы» ұйымдастырылды. Сондағы басшылық тарапынан «орталығы – Арыс қаласы, келешекте Байырқұм ауылы болады» деп шешілді. Осы орайда айта кетейік, бұл шешім Шәуілдір халқына ауыр тиді. Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбжаппар Жылқышиев  аудан орталығын қайтадан Шәуілдірге көшіру керек деп бастама көтерді. Сөйтіп, 1963 жылы бұрынғы Шәуілдір ауданының негізінде Қызылқұм ауданы ұйымдастырылды. Аудандық газет енді «Қызылқұм» деген атпен шықты.

Тәуелсіздіктің арқасында 1991 жылдың 18 қаңтарында Қызылқұм ауданы – Отырар ауданы болып өзгертілді. Орталығы тағы да Шәуілдір болды. Аудандық газет «Оты­рар алқабы» деген атпен шыға бастады. «Жақсының жақсылығын айт» де­мекші, газеттің өзіндік қайталанбас дәстүрлерін қалыптастыруда және жас тілшілерді тәрбиелеуде Сабыр Қамбаров, Тоқтасын Қысмұратов, Молбай Бабашев, Әуелхан Есжанов, Сейділдахан Елбасиев, Абылай Бейсенбиев, Икрамхан Бәкіров, Қойшыбай Мамасерік, Оразбай Мұратов сияқты журналистердің еңбегі орасан зор болды. Облысқа, республикаға танымал қаламгерлер – Жұмамұрат Тұяқбаев, Ілес Мыңбай, Аманхан Әлім, Көпен Әмірбек, Нұрлан Кенжеғұлов, тағы басқа да талантты азаматтардың арқасында аудан аса зор рухани мүмкіндікке ие болды. Сондықтан да отырарлықтар тәуелсіздігімізді қалай қадірлейтін болса, көне Отырарды да солай қастерлеп келеді. Өйткені әр мемлекеттің тарихы сол жерді мекен еткен халықтың өткені мен кеткенінен құралатыны айтпаса да белгілі.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақ елінің тарихы үлкен бір том десек, көне Отырар тарихы соның алып тастау­ға болмайтын мағыналы бір тарауы еді. Жаңарған өңір Әрине,75 жыл тарих үшін зулап өте шыққан сәт қана. «Осы уақыт ішінде ауданның рухани келбеті қаншалықты өзгерді» десек, бұл салада Елбасымыз бен Үкіметіміздің қамқорлығын айқын сезіне түсесіз. Әсіресе, әне бір жылдары тасқын судан зардап шеккен маяқұмдықтар қазақстандықтардың ұйымшылдығының арқасында қоныс тойын тойлағанын әлі ұмытқан жоқ.

Отырар ауданынан 2 Кеңестер Одағының Батыры, 22 Социалистік Еңбек Ері, жүзден астам ғұлама ғалымдар, партия, мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер адамдары, еңбектің небір дүлдүлдері өсіп шықты. Әсіресе, әл-Фараби бабамыз бен Әнұранымыз­дың авторы Шәмші Қалдаяқовтың есім­дері қазақ деген халық барда ұмытылмақ емес. Ал сатира сардары Көпен Әмірбек – отырарлықтардың мақтанышы. Сондықтан да олардың және ауданның мерейтойларын өткізудегі мақсат – елдің рухын көтеру, жігерін шыңдау әрі көне Отырардың бүгінгі таңда жеткен жетістіктерін, келешегін, өркендеу мен өрлеу жолындағы баянды батыл қадамдарын халыққа жеткізу. Осы арқылы көпшілікке бабалар рухы сіңген Отырар топырағының қасиетін сезіндіріп, жастарға туған өлке тұнған рухани байлық иесі екенін білдіріп, отансүйгіштік сезімін ояту.

Отырар ауданының табиғаты туралы да сөз қозғай кетсек. Тұран ойпатының орта тұсында орналасқан аудан жері негізінен жазық келеді. Оның басым бөлігін Сырдария өзенінің орта ағысымен Қызылқұм құмды алқабы алыл жатыр. Қызылқұмда көптеген құдықтар (Қасымбет, Дүйсенбай, Дәуренбек, т.б.), қыстаулар (Есенгелді, Босаға, Орынбай, т.б.) бар. Қаратау жотасының батысын және Қызылқұмның шығысын ала сексеуілді тоғайлар көмкерген. Сырдария аңғары мен Қызылқұмда Балақарақ, Мұрынқарақ, Қарақ, Қыл, Тастөбе, т.б. ежелгі тау жұрнақтары сақталған. Олардың кейбіреуінің пішіні төрткүлді келген. Қызылқұмның орта тұсында сусымалы шығыр құмнан тұратын Үрме өңіді орналаскан.

Отырар ауданының жер қыртысын Тұран плитасының эпигерциндік құрылымынан (Сырдария депрессиясы) түзілген. Ӏргетасы мезокайнозой дәуіріне жатады. Оның терендігі ауданның оңтүстігінде 2000 метр, ал Сырдарияның оң жағалық аңғарында 1500 метрдей. Эпигерциндік платформаның антиклиналь осі ауданның шығыс бөлігінде (Қаратау жотасы маңында). Сырдария аңғарына дейінгі (шығыс бөлігі) орта және төмені төрттік жүйенің тау жыныстарынан тұрады. Тектоникалық құрылымы жағынан Қызылқұм бөлігі бірнеше құрылымдык қабаттан тұрады. Бүл өңірдің жер қыртысы бірнеше жарылыстармен қиылған палеозойдың магмалық шөгінді жыныстарынан құралған.

Қабаттар өз кезегінде Қызылқұм өңірінің палеозойлық табанын жаңартып, өте жалпақ белдерге (Кемпір, Балтакөл, Босаға, Шөл-Шардара, т.б.), науаларға (Жауғаш, Арыс, Келес) бөлген. Жер асты суы жоғары бор шөгінділерінің құмды қат-қабатында. Палеоген-неоген сулы кешендегі су қабаттары 800—100 метр тереңдікте кездеседі және оның температурасы 50—75°С. Литологиялық тұрғыдан қабат құмды-саздақты. Бор қабатындағы (1800-2900 метрде) су температурасы 100°С, Юра қабатында (2900- 3200 метрде) 150°С-қа жетеді. Суы кремнийлі-термальді, минералды суларға жатады. Жер асты сулары Арыс, Қызылқұм және Оңтүстік Қаратау артезиан алаптарына тиесілі.

Суының кермектілігі: Қызылқұмда 3—5 г/л, Арыс—Сырдария аралығында 5—8 г/л. Жер асты грунт сулары 2—5 метр терендікте (Сырдария, Арыс өзені аңғарында), Қызылқұм өңірінде 5—8 метр, кейде 8—12 метр тереңдікте кездеседі. Артезиан сулары негізінен палеоген-неоген кабаттарында (30—50, кейде 80—105 метр). Отырар ауданының жер қойнауынан графит, тас көмір, алтын, уран, құрылыс материалдары барланған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

 

Оқылды 11 рет