Түркістандық шаруа қозықұйрық өсіріп, табысқа кенеліп отыр

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауыл округінің тұрғыны Бақкелді Рахинбаев атаулы әлеуметтік көмектің арқасында үйінен кәсіп ашып, қыруар пайдаға кенеліп отыр. Нақтырақ айтсақ, былтыр ол атаулы әлеуметтік көмек арқылы 500 мың теңге алып, үйінің қонақ бөлмесіне 600 қапшық қозықұйрық ұрығын орналастырған. Алғашқы кезде аптасына 500-600 келі қозықұйырық жинап, әр келісін 1200 теңгеден өткізіпті. Сөйтіп, небәрі 3 айда барлық несие қарыздарын жауып тастаған. Ал қазір аптасына 300 келіден өнім алып, келісін 500-600 теңге аралығында саудалауда.

Түркістанда қоғамдық институттарды дамыту жайы талқыланған жиын өтті

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен Еуразиялық интеграция институты бірлесе отырып, «Ұлттық кеңестің аймақтық аспектілері. Мақсаты. Бағыты. Шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің мақсаты - өңірлік контексте елді әлеуметтік жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылау, қоғамдық институттарды одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Түркістан облысында автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Биыл Түркістан облысында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 590,2 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, негізгі басымдылық облыс аумағындағы халқы тығыз әрі шекара маңында орналасқан оңтүстік аудандардың (Шардара, Мақтаарал, Жетісай және Келес) автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мәселесіне көңіл бөлінуде.

Өмірзақ Шөкеев шетелдік құрылысшылармен кездесті

 

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы құрылыс алаңдарын аралап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Sembol construction» түрік компаниясы қолға алған «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешен құрылысшыларымен кездесті. Шетелдік инвесторлар жан-жақты көрсетіліп жатқан қолдау үшін аймақ басшысына алғыстарын айтты. Өмірзақ Естайұлы Түркістанның дамуына үлес қосқан құрылысшылар еңбегінің елеулі екеніне тоқталды.

Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы "Жасыл белдеу" аумағын аралады

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан маңында қалыптасқан «Жасыл белдеу» аумағын аралап, қыста егілген ағаштардың көктегенін көріп шықты. Орман алқабында бірнеше тал егіп, көктемгі ағаш отырғызу науқанын ашып берді. Қала маңына егілген жасыл желектің аумағы 8 мың гектарға жуық алқапты алып жатыр. Алдағы уакытта оның көлемін екі есе арттыру көзделген.

Сарыағаштық шаруалар құлпынай егуді бастап кетті

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылдық округінде 18 гектар құлпынай жайқалып тұр. Сәуір айында алғашқы өнімін бере бастайды. Қазір мұнда 30-ға жуық жергілікті ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған.

Құлпынай егу ісін «Абдураман» шаруа қожалығы осыдан 7 жыл бұрын 10 соттық жерге егуден бастаған. Жыл сайын нәзік дақылды өсірудің қыр-сырын меңгеріп, шетелден ұрық алдырып, мол пайдаға кенеліпті. Соның нәтижесінде бүгінде қожалық құлпынай көлемін 18 гектарға жеткізіп отыр.

Былтырғы жылы қожалық бас-аяғы 150 тонна өнім алыпты. Өндірілген өнімді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларымен қатар, облыстың Сарыағаш, Қазығұрт аудандарына саудалапты.

«Біз көп іздендік. Шетелдерге көп шығып, Сарыағаш ауданының климатына қолайлы сорттарды әкеле бастадық. Өткен жылы жалпы құны – 50 млн теңгені құрайтын жоба аясында 18 гектар жерге тамшылатып суару әдісін ендірдік. Бұл жоба толық іске асса, жылына 350 тонна өнім алуға болады. Сондай-ақ, 45 адамды жұмыспен қамтитын боламыз», – дейді қожалық төрағасы А.Шымбергенов.

Айта кетейік, құлпынай дақылы Түркістан облысында көп егіле бермейді. Дегенмен әрекет түбі – берекет, қожалық осыны ескеріп, тәуекелге бел буып, ірі көлемде шығын шығаруда. Алдағы жылдары қожалық құлпынайды жылыжайда өсіріп, 6 ай бойы өнім алуды жоспарлап отыр.