Жұма, 16 Қыркүйек 2022 15:00

Түркістан қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 127 азамат тұрақты жұмыс орнына жолдама алды

Түркістан қалалық «Жұмыспен қамту» орталығының ұйымдастыруымен кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге екі жүз елуден аса тұрғын келді.

Онда 333 мекемеден 941 бос жұмыс орны ұсынылды. Олардың 352-сі – 35 мекеменің қоғамдық негізде, 189-ы – 106 мекеменің тұрақты негізде, қалғаны жеке кәсіпкерлердің сұранысы бойынша жасалды.

Атап айтқанда: 127 азамат тұрақты бос жұмыс орындарына жолдама алса, жастар санатындағы 23 түлек жастар практикасына, 15 азамат қоғамдық жұмыс орындарымен қамтылды. Шара қорытындысымен 165 тұрғынға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Сонымен қатар, жәрмеңкеге қатысқандардың барлығына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталмыш бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жастар да қатысты. Олар өздеріне қажетті ақпарат- кеңестермен бірге , ең бастысы жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Бұл жұмыссыздар санын азайту үшін ұйымдастырылған үшінші жәрмеңке. Шара жалғасын табады. Жәрмеңкеде неше үміткер жаңа жұмыс орындарына орналасқаны ертең белгілі болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жыл басында өткен ҚР Үкіметінің отырысында Министрлер Кабинетінің мүшелерін Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамту саласындағы тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар еткені белгілі. Министр Үкіметінің кеңейтілген отырысында Президент Министрлер Кабинетінің негізгі міндеті – экономикалық өсімді қалпына келтіру және қазақстандықтардың нақты табысын арттыру екенін ерекше атап өткенін еске салды. Осыған байланысты, министр тапсырмасы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тетіктері кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа кредит беруге микроқаржы ұйымдарының қатысуын жандандыру бөлігінде, сондай-ақ Жұмыспен қамту жол картасы жұмысқа орналастыру туралы деректерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу бөлігінде жетілдірілді. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылғы наурыз айының соңына дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына мемлекеттің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен микроқаржы ұйымдарын құру бөлігінде өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары соңғы қарыз алушыларға номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6% - дан аспайтын микрокредиттер беретін болады», деді Шәпкенов.

Сонымен қатар, министр жергілікті атқарушы органдар "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп қарыз алушылардың жобаларын сүйемелдеуді ұйымдастыруды тұрақты негізде қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Еңбекминінің басшысы сондай-ақ жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа тәсілдер мен тетіктерді қамтитын 2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек 2.0» ұлттық жобасы әзірленетінін хабарлады. «Ағымдағы жылы біз жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру және микрокредит беру бойынша жаңа тәсілдерді толық қарап, әзірледік. Тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі шараларды күшейту үшін күрделі, ағымдағы жөндеу жөніндегі жобалар алынып тасталды және ұзақ мерзімді тиімділікке баса назар аудара отырып, құрылыс және реконструкциялау жөніндегі жобалар іріктелді», деп хабарлады министр. Оның айтуынша, биыл 27 мың жұмыс орнын құрумен 331 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 40% немесе 10 мыңнан астам жұмыс орны – тұрақты.

Сондай-ақ, Серік Шәпкенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде адамдарды бірнеше рет қайта енгізуге және еңбек шарттарын тіркеуге жол бермеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Жұмысқа орналастыру туралы деректерді автоматты түрде қайта тексеруді қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігі міндетті зейнетақы жарналарының түсімдеріне автоматтандырылған бақылау орнату бөлігінде, ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандық қамту бөлігінде өз ақпараттық жүйелерін пысықтайды. 2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі - Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Осы орайда кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту жобалары мен оқыту шаралары туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында айтылады.

Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың мәліметінше, аталған ұлттық жоба шеңберінде бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген. Ол үшін 2022 жылға республикалық бюджеттен 33,2 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд теңге қарастырылған.

«Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. Оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр», – деді департамент директорының орынбасары.

Жұмыс орындарын көбейту

Руслан Тілеубаевтың мәліметінше, Ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 2,5 млн жұмыс орны құрылады.

Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орны – 803,7 мың, уақытша жұмыс орны – 1 727,9 мың.

Ал биыл, яғни 2022 жылы 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады.

Оның ішінде 335 мың тұрақты жұмыс орындары, 660 мыңы уақытша болмақ.

«Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 5 жыл ішінде 100 мың тұрақты және де 630 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оның басым бөлігі жеке бизнес нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол.

Жұмыспен қамту

Сонымен қоса жастарды жұмыспен қамтуға тоқталсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Бұл жобалармен 140 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Ал зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылмақ, оның шеңберінде 20 мың адам қолдау алады.

Бұдан басқа, департамент директоры орынбасары «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын іске асыру арқылы 60 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылғанын айтып өтті.

Ал, жұмысынан айырылған азаматтарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы арқылы тағы 415 мыңға жуық уақытша жұмыс орны берілмекші.

«Осы жобалардың көпшілігіне қатысу үшін жақын орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Не болмаса, Электронды еңбек биржасы немесе Электронды үкімет порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам және жұмыссыз ретінде тіркелу қажет», – деді Руслан Тілеубаев. Ол сондай-ақ, осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оларды іске асырудағы кемшіліктер ескерілгенін, оларға сәйкес әрбір нысаналы топтың қажеттіліктерін ескере отырып, өзгерістер енгізілгенін де еске салып өтті.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру барысында барлығы 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. 3,5 млн адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 1,7 млн адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасады. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсмі 27,1% деңгейіне жетеді.

Кәсіпкерлікке оқыту

Жалпы, кәсіпкерлікке оқыту шаралары аясында аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі. Департамент директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың сөзінше, мастер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады.

Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 мастер-жоспар әзірленеді. «Мастер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», – деді ол. Департамент директоры орынбасарының айтуынша, аталған жоба шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ. «Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал жеңілдікті шарттармен микробизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», – деп толтықтырды Руслан Тілеубаев.

Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді. Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов биыл аталған жоба «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асатынын атап өтті. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді. Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.

Кәсіпкерлердің дағдыларын дамыту

Кәсіпкерлердің қажеттілігі бойынша дағдыларын дамыту жөніндегі міндет шеңберінде Ұлттық жобада жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес, оқу ұйымдарында да, тікелей жұмыс орындарында да білім беру, сондай-ақ талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту көзделіп отыр. «Осылайша, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша білім беру ұйымдарында оқу үшін өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, өңірлік бөліністе сұранысқа ие кәсіптер бойынша қажеттілікті жыл сайын айқындау көзделетін болады. Жыл сайын 11 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Олар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүруге материалдық көмекпен, тұрумен және медициналық тексеруден өтумен қамтамасыз етіледі», – деді Руслан Тілеубаев.

Жыл сайын 5 мыңға дейін адам жұмыс орнынынан оқуға жіберіледі. Олар оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызығушылық танытқан жағдайда тұрақты жұмысқа қабылданады. Талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту skills.enbek.kz платформасында жүзеге асады. Онда сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн курстардың легі қалыптасады. Жыл сайын 20-35 мың адамды оқыту жоспарланған. «Электронды еңбек биржасында түйіндеме орналастыру немесе бос жұмыс орындарын іздеу кезінде өтінім беруге және курстан өтуге болады. Ізденушіге тиісті өтінім беру жеткілікті. Курс аяқталғаннан кейін және жұмыс беруші талап ететін дағдыларды игергеннен кейін жұмыс іздеуші дағдыларды игеру туралы сертификат алады және ашық бос орынға өтінім қалдырады», – деп атап өтті Руслан Тілеубаев. Оның мәліметінше, 5 жыл ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 205 мың азамат қамтылмақ. Ал 2025 жылға қарай оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 52-ден 80%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

Жалпы, мемлекет билігі жұмыссыздықпен күресу үшін әртүрлі бағдарламалар түзіп,  жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп келеді. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында құрылған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру былтыр 51%-ға ұлғайтылып, республикалық бюджеттен 104,2 млрд теңге бөлінді. Осыған орай елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,9%-дан, оның ішінде негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесін 20%-дан асырмау, өнімсіз жұмыспен қамтылғандар санын 11%-дан төмендету, ал белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік өсімін 10%-ға өсіру жоспарлануда. Сонымен қатар, 700 мың, оның ішінде «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 1,5 мың адам жұмыспен қамтылатын болады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын «тиімділігі төмен» деп сынға алған болатын. Оның айтуынша, 2020 жылы «Еңбекке» алдымен 131 млрд, кейін қосымша 50 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 437 мың азамат жұмысқа орналасып, оның 73%-ы, яғни 319 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Аталған жұмыспен қамту бағдарламасынан басқа «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» әзірленіп, оған 1 трлн теңге бөлінді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жол картасы аясында 6,7 мың инфрақұрылымдық жоба негізінде 239 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде нақты жұмысқа орналасқандар саны күмән туғызады», – деді Айгүл Нұркина. Мәжіліс депутаты Қазақстанда «тек қағаз түрінде жұмысқа орналасудың» бар екендігін ескерте отырып, осындай 15 мың жағдай тіркелгенін еске салды. Жобаны қаржыландыру барысында бір жұмыс орнын құруға орташа есеппен 4 млн теңге кететінін сөзге кірістірген депутат: «Бағдарлама қатысушылары құрылған жұмыс орындарының санын жұмсалған қаражатқа сәйкестендіру үшін әртүрлі қулықтарға баруға мәжбүр болады. Мұндай тәсілдермен азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі жуық арада шешілмейді», – деді.

Осындай шикіліктерді тізбектеген депутат Үкіметтен күн тәртібіндегі мәселелерді май шаммен қарап, «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді сұрады: «Шаралар тұрақты жұмыс орындарын құруға және тиісінше еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге бағытталған болуы керек. Сондай-ақ, жұмыс берушілер мен аталған бағдарлама қатысушыларына салық және зейнетақы жарналарын төлеу мониторингінің бүкілхалықтық жүйесін құру қажет. Мұндай жүйе автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз етіп, жалған және бейресми жұмыспен қамту фактілерін болдырмайтындай болуға тиісті. Салық төлемдері мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеу туралы заңнаманы бұзған кәсіпорындардың жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуына жол бермеу шараларын қабылдау керек».

Оған дейін бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Айталық, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша атқарылған жұмысты сынаған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданып, оған 1 трлн теңге бөлінген. Бұл қаржының 98,2%-ы игерілген. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарған. Алайда, жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейтіні анықталған.«Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40%-ға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Мен бұған дейін осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма бердім», – деді Мемлекет басшысы. Президент дағдарысқа қарсы шаралардың тағы бір кемшілігі – бюджетке түсетін салықтың аздығын сөз етіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 млрд теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз!» деп атап өтті.Мемлекет басшысы жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап ете отырып, осы жұмысқа, қажет болса, құқық қорғау органдарын да тарту қажеттігіне тоқталды.

Былтыр Үкімет басшысы ауыл шаруашылығында жол карталарын дайындауды тапсырғаны белгілі. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Үкіметтің алдында ауыл шарушылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу үшін үлкен экожүйелер құру, субсидиялау жүйесін реформалау, ветеринарлық-фитосанитарлық қызмет пен аграрлық ғылымды одан әрі дамыту міндеті тұр. «Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстық әкімдіктермен бірлесе отырып, екі апта ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жол карталарын дайындауды тапсырамын. Әкімдер осы жобалардың іске асырылуын айрықша бақылауға алатын болсын. Ауыл шаруашылығы министрлігіне білім министрлігімен бірлесе отырып, аграрлық ғылым мен білімді дамыту, осы сала бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамту сияқты мәселелерді қарастыруды тапсырамын», – деген-ді премьер-министр. Премьер-министр шоғырландырылған ұсыныстар әзірлеу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасын ауыл шаруашылығы субъектілерімен талқылау қажет екендігіне баса тоқталды. «Біздің мақсатымыз – өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, астық, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер мен қант) өндіру және қайта өңдеу үшін экожүйелер құру. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жоспарымыз ойдағыдай болуы осыған байланысты», – деп түсіндірген сол кездегі премьер-министр Асқар. «Осы шараларды іске асыра отырып, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өнімнің экспортын екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, аталған саладағы өнімнің жалпы көлемін 1,3 есеге көбейту керек. Соған сай 2023 жылға қарай ішкі нарықтағы маңызды азық-түлік тауарлары 100% отандық өнімдермен қамтамасыз етілетін болады. Әкімдер өнімнің негізгі түрлерінің бағасын тұрақтандыру үшін бақылауды күшейтіп, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау керек», – деді премьер-министр. Қойылған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін бес жыл ішінде жалпы көлемі 4 трлн теңгеден асатын 400-ге жуық инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыруға және ауылдарда 500 мыңға дейін жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жыл сайын шамамен 70-80 жоба іске қосылады деп күтілуде.

Жұмыссыздық мәселесі бұрыннан күн тәртібінде еді. Әлемдік экономикаға ауыр соққы болған пандемия біздің елге де салмақ салып, ел экономикасы 2,6%-ға төмендеген. «Дегенмен, Үкімет дағдарыс кезінде тыңғылықты жұмыс істеді деп айтуға болады. Үкіметтің алдындағы міндет – экономиканың даму қарқынын қалпына келтіру. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтты. Басты мақсаттың экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту және қазақстандықтардың табысын арттыру екендігі де жиын барысында тілге тиек етілді. Азаматтардың өмір сапасын арттырудың бүгінгі күндегі басты мәселе екендігіне баса тоқталған Мемлекет басшысы «Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халық игілігіне арналуы тиіс», – деп түйіндеді. Президент тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі «балық орнына қармақ беретін» ауқымды шараларды қолға алды. Жоғарыда жазғанымыздай, алдағы бес жылға ол үшін қыруар қаржы да бөлініп отыр. Енді жергілікті атқа мінерлер, яғни бұл бағдарламалардың жүзеге асуына жауаптылар бұрынғыдай көзбояшылыққа салынбай, Президенттің өзі айтқандай, «азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыруды» қоюлары керек. Сонда ғана жұмыссыздық мәселесі шешімін табады.

 

Ал енді, Қазақстан Респбуликасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңында қазақстандықтарды жұмыспен қамту ісі бойынша қандай негізгі ұғымдар пайдаланылатынына кеңірек тоқталып өтсек. Аталған Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) әлеуметтiк жұмыс орны – халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшiн олардың жалақысын субсидиялау арқылы жұмыс беруші құратын жұмыс орны;

2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыссыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы не қандас мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал осы Заңда көзделген жағдайларда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу туралы, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;

3) бос орын – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым);

4) еңбек нарығы – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;

5) әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұсыну мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

5-2) еңбек ресурстарын болжамдау ұлттық жүйесі – жұмыс күшіне болжамды тұрғыдан сұранысты және ұсынысты айқындауға мүмкіндік беретін, қолданылатын әдістер мен тәсілдер кешені;

6) еркiн таңдап алынған жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еңбекке, кәсiп пен қызмет түрін таңдауға қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы өздерi таңдап алған қызметi;

7) жалақыны субсидиялау – халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне жұмыс берушінің ақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу;

7-1) жалдамалы жұмыскер – еңбек шарты бойынша жұмысты орындайтын не тәртіптемені және жұмыс істелген уақыт не өндірілген тауардың бірлігі үшін не көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеуді тапсырыс беруші айқындайтын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;

 8) жаңа жұмыс орны – жаңа мекемені (ұйымды), кәсіпкерлік субъектісін (тоқтату арқылы құрылғаннан басқа) құруға байланысты құрылған немесе жұмыскерлердің санын арттыру, сондай-ақ жұмыскердің жаңа білімін, дағдылары мен ептілігін талап ететін өндіріс технологияларын жаңғырту немесе өзгерту арқылы құрылған жұмыс орны;

9) жастар практикасы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі;

 9-1) жеке практикамен айналысатын адам – жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат және кәсіпқой медиатор;

10) жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi – еңбек делдалдығын көрсететін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген жеке немесе заңды тұлға;

11) жұмыс күшi – жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық;12) жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар – жұмыспен қамтылмаған немесе жұмыссыз болып табылмаған адамдар;

12-1) жұмыспен қамтылған адам – ақы үшін немесе мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру және сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы кіріс алу жолымен қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;

13) лайықты жұмыс – кәсіптік даярлығына, еңбек өтіліне және бұрынғы мамандығы бойынша еңбек тәжірибесіне, денсаулық жағдайына, жұмыс уақытының режиміне, жұмыс орнына көлiктiң қолайлығына сәйкес келетін, соның ішінде уақытша сипаттағы жұмыс;

14) жұмыс орны – еңбек қызметі процесінде жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде оның тұрақты немесе уақытша болатын орны;

15) жұмысқа орналастыру – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;

16) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жұмыссыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарды жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың және халықты жұмыспен қамтамасыз етудің, мемлекеттік қолдаудың Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылатын шаралары;

17) халықты жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, жалақы немесе кіріс әкелетін жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруына байланысты еңбек қызметі;

18) жұмыспен қамтудың жеке картасы – жеке бас деректері, жұмыспен қамтылу тарихы, ұсынылатын және іске асырылатын іс-шаралар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсаттары және олардың орындалуы көрсетілетін құжат;

19) жұмыссыз адам – жұмыс іздеуді жүзеге асыратын және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға;

20) жұмыссыздық – жұмыс күшінің бiр бөлiгiнiң еңбек нарығында қажет болмауынан туындайтын әлеуметтiк-экономикалық құбылыс;

21) жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау – Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi;

22) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;

23) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – адамның кәсіптік білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысқан іс-шаралар кешені;

24) кәсіптік оқыту – осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде жаңа мамандықтар (кәсіптер) алу мақсатында білім беру ұйымдарында не жұмыс берушілер ұйымдарының жанындағы білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қамтитын оқыту;

25) корпоративішілік ауыстыру – Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан және әрекет ететін, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдің аумағында құрылған заңды тұлғада басшы, менеджер немесе маман лауазымында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды осы заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған филиалдарына, еншілес ұйымдарына, өкілдіктеріне еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен уақытша ауыстыру;

26) қоғамдық жұмыстар – халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн әлеуметтiк пайдалы бағыттағы еңбек қызметiнiң түрлерi;

27) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры – әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, асыраушыдан айырылған жағдайда, отбасы мүшелерін – асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға;

28) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындары – мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған жұмыс орындары;

30) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасында жұмысқа өз бетінше орналасу үшін экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптер бойынша біліктілік талаптары және білім деңгейі сәйкес келетін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға берілетін белгіленген нысандағы құжат;

30-1) тәуелсіз жұмыскер – дара кәсіпкерлерді, жеке практикамен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын (қатысушыларын) және акционерлік қоғамның құрылтайшыларын, акционерлерін (қатысушыларын), өндірістік кооператив мүшелерін қоспағанда, өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын жеке тұлға;

31) ұзаққа созылған жұмыссыздық – ұзақтығы он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық;

32) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган – өңірлік еңбек нарығындағы ахуалға негіздей отырып, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бағыттарын айқындайтын ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi;

33) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

34) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

34-1) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі – халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне көрсетілетін қызметтерді халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт негізінде беруіне бағытталған іс-шаралар кешені;

35) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

36) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушінің тартуына рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті саны;

37) шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсат – Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тарту үшін жұмыс берушiге жергілікті атқарушы орган беретiн белгiленген нысандағы құжат;

38) "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталы - еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын ақпараттық жүйе.

Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.

2. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктерге қолданылады.

3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады және халықаралық шартта оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады.

3-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарыХалықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат толық, өнімді және еркін таңдап алынған жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған және:

1) жұмыс күшін дамыту, оның ұтқырлығын арттыру;

2) ұлтына, жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, саяси ұстанымына, дінге деген көзқарасына және кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, еңбек ету бостандығына және қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығын іске асыруда тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету;

3) азаматтардың еңбек және кәсiпкерлiк бастамашылығын қолдау, олардың өндірістік, шығармашылық еңбекке қабiлетiн дамытуға жәрдемдесу;

4) еңбек нарығының қажеттіліктеріне және оның даму перспективаларына сәйкес кадрлар даярлауға бiлiм беру жүйесiн бағдарлау;

5) жұмыс іздеуде қиындық көріп жүрген адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асыру;

6) жаппай жұмыссыздықтың алдын алу және ұзаққа созылған жұмыссыздықты қысқарту;

7) жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау;

8) еңбек нарығына қатысушылардың күш-жігерін біріктіру және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды іске асыру кезінде олардың әрекеттерінің келiсілуі;

9) халықты жұмыспен қамту орталықтары және жұмыспен қамтудың жекеше агенттiктерi арқылы еңбек делдалдығын ұйымдастыру;

10) iшкi еңбек нарығын шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлеу арқылы қорғау;

11) жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық iс-шараларды жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайтын шаралармен үйлестіру;

12) мемлекеттiк органдардың халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететiн шараларды әзiрлеу мен iске асыру жөнiндегi қызметiн үйлестiру мен реттеу және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

13) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегi және шетелдiктердiң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қызметiне байланысты мәселелердi шешудi қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешуде халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру;

14) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатпен келісілген, жұмыс орындарын және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құруды ынталандыратын қаржы, салық және инвестиция саясатын жүргізу арқылы іске асырылады.

Жұмыспен қамтылған адамдарға мыналар жатады:

1) жалдамалы жұмыскерлер, сондай-ақ ақы төленетін өзге де жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдар;

2) дара кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметті жүзеге асыратын, жалдамалы жұмыскерлерге жатпайтын жеке тұлғалар;

5) шаруашылық серіктестіктерінің құрылтайшылары (қатысушылары) және акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары, акционерлері (қатысушылары), сондай-ақ өндірістік кооперативтердің мүшелері болып табылатын жеке тұлғалар;

6) тәуелсіз жұмыскерлер;

7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүргендер.

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өз құзыретi шегiнде:

1) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді жүзеге асырады;

2) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

3) жұмыс күшіне болжамды қажеттіліктерді айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

4) жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжайды, еңбек нарығының жай-күйі туралы Қазақстан Республикасының Үкіметін хабардар етеді;

5) экономиканың кадрларға қажеттігінің болжамын әзірлейді және оны мүдделі орталық атқарушы органдармен келіседі;

6) мыналарды:

қоғамдық жұмыстарды;

әлеуметтік жұмыс орындарын;

жастар практикасын;

кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

7) мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібін әзірлейді және бекітеді;

8) мүгедектігі бар адамның жұмыс орнының стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

9) мыналарды:ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды;бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібін әзірлейді және бекітеді;

10) кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу бойынша шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

11) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тәртібін әзірлейді және бекітеді;

12) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;

12-1) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингін ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

12-2) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарттың үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;

12-3) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингіне қатысуға үміткер жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;

13) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

14) әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін қалыптастыруды қамтамасыз етеді;

15) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтары, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары нысандарын әзірлейді және бекітеді;

16) халықты жұмыспен қамту орталығының үлгілік жарғысын әзірлейді және бекітеді;

16-1) халықты жұмыспен қамту саласында бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесін және тарифтердің шекті деңгейін әзірлейді және бекітеді;

18) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді әзірлейді және бекітеді;

19) өңірлердің (аудандардың, қалалардың және облыстардың) жұмыспен қамту картасын қалыптастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;

20) жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;

21) шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға өз бетінше жұмысқа орналасу үшін оның біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтамаларды беру немесе ұзарту қағидаларын, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

21-1) мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша маусымдық шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін кәсіптердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

22) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу қағидаларын әзірлейді;

23) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөледі;

24) жұмыспен қамтудың жеке картасының нысанын және оны жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

25) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;

26) әлеуметтік келісімшарттың үлгілік нысандарын әзірлейді және бекітеді;

26-1) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі шеңберінде ұсынылатын, көрсетілетін қызметтердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

26-2) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыруға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асыру, жұмыс орындарын құру туралы мәліметтерді ұсыну қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

26-3) жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

26-4) "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталын қолдап отыруды ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

26-5) еңбек ресурстарын болжамдау ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

11-бап. Халықты жұмыспен қамту орталығы

      1. Халықты жұмыспен қамту орталығы:

1) халықты жұмыспен қамтудың жай-күйін бағалауды және дамуын болжауды, халықты еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етуді жүзеге асырады;

2) осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыруды жүзеге асырады;

3) өтініш жасаған адамдарды осы Заңның 13-бабына сәйкес жұмыс іздеушілер ретінде тіркейді;

4) жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік төлем тағайындау үшін тізбесін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды Мемлекеттік корпорацияға жібереді;

5) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді;

6) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, жұмыс іздеп жүрген адамдарды және жұмыссыздарды лайықты жұмыстың бар екендігі туралы міндетті түрде хабардар ете отырып, оларға лайықты жұмыс таңдауда жәрдемдеседі;

7) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асырады;

8) бос орындардың есебін жүргізеді;

9) жұмыспен қамтудың жеке картасын жүргізеді;

10) әлеуметтік келісімшарттар жасасады;

11) жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және өтініш жасаған өзге де адамдарға еңбек делдалдығын көрсетеді;

11-1) алып тасталды – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

11-2) тіркелген жұмыссыздарға қатысты бюджет қаражаты есебінен және көрсетілген қызметтер үшін олардан төлемақы алмай, халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады;

11-3) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарттың іске асырылу барысын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады;

11-4) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініштерін қабылдайды;

12) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.

2. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

11-1-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия

1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияны (бұдан әрі – өңірлік комиссия) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында жергілікті атқарушы орган құрады.

2. Өңірлік комиссия облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді және атқарушы органдарының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейіндегі кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің және облыс, республикалық маңызы бар қала, астана өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың өкілдерінен қалыптастырылады.

3. Өңірлік комиссия облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.

4. Өңірлік комиссияның қызметі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге және оларды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға бағытталған.

Жұмыссыздық нарықтық экономикада типтілік құбылыс. Себебі, жұмыс күшіне сұраным, оны сатып алуға жұмсалатын капитал көлеміне тәуелді. Сондықтан капитал көлемінің азаюы, жұмыс күшіне деген сұранысты төмендетеді. Мұндай жағдай, нарықтық экономикадағы қорлану заңының іс-әрекетінің нәтижесі объективтік заңдылық. Осы заңның нәтижесінде қосымша жұмыс күшін өндіріске тарту жай жүреді және капиталдың органикалық құрылымының өсуінің әсерімен өндірістегі жұмысшылар қысқарады – нәтижесінде жұмыссыздар армиясы пайда болады. Ағылшын экономисті А.Пигу “Жұмыссыздық теориясында” мынадай тезис дәлелдеді, — “еңбек рыногында бәсекелестік жүреді ”. Бұл, еңбекке бағаның көтерелуін әкеп соғады. Сондықтан көптеген экономистердің айтуы бойынша кәсіпкерлер жоғары көлемді жалақыны білікті маманға төлеу, егер сол маман өнімнің шығару құнын көбейтсе, соның есебінен еңбекке жоғары өнімділігі нәтижесінде кәсіпкерлердің жұмысшы персоналын қысқартуға мүмкіндігі болады. Бұл дәрежеде мынадай принцип жүреді:

“Ыңғайлысы, 1 жұмысшы ұстап, оған жақсы жалақы беру, 5-6 адамға төмен жалақы беруге қарағанда. Пигу өз кітабында көп жақсы, нақты өз ойын былай деп қарастырған: “Жалпы ақшалай жалақының қысқаруы жұмысбастылық жағдай жасай алады. Мұндай трактовканы дәлелсіз деп қарастырамыз, ол жалақысы аз жұмысшылардың жұмыссыздық армиясына қосылуы”, “толуы” дегенді растайды. Тұрпайы саяси экономика жұмыссыздықты теңдік жағдайынан “кездейсоқ” ауытқу деп қарастырады. Алайда, капитализм тарихындағы аса күйзелісті болған 30-жылдардағы дағдарыс тұғызған шым-шытырық оқиғалардың ықпалымен ағылшын экономисі Д.Кейнс капитализм тұсында жұмыссыздықтың лажсыз сипатта болғанын мойындайды. Жұмыссыздықтың болуын ол өндіріс құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарына жиынтық сұранымның жеткіліксіздігінен байланыстырады. Бұл ретте Д.Кейнс өндірістің объективті заңдылықтары мен қайшылықтарын елемей, кәсіпкерлер мен тұтынушылардың психологиялық мінез-құлық дәлелдеріне, жиынтық сұранымды мемлекеттің ынталандыруы арқылы “жұмыспен толық” қамтамасыз етуге болады.

Кейнстің ізбасарлары оның концепциясының түрлі жақтарын соның ішінде жұмыссыздыққа және оның бағасының серпінділігімен өзара байланысына қатысты жақтарын дамытып, толықтыра түседі. Бір жағынан, нақты жалақы мен баға дәрежесінің өзгеруі және екінші жағынан, жұмыссыздықтың абсолютті көлемі арасындағы олар (арасындағы) анықтаған кері тәулділік “сұранымның молшылығы” жөніндегі Кейнстің теорияның рухында түсіндіріледі. Экономикалық сілкіністер, шиеленіскен экономикалық құрылымдық дағдарыстар, кейнсшілдік түсініктерге қарамастан жаппай жұмыссыздықпен ұштасатын, бақылауға келмейтін созылмалы инфляция кейнстің теориялық негізі ретінде пайдаланған мемлекеттік монополистік реттеу практикасының да негізсіз екенін ашып көрсетті.

Қазіргі кезде де даусыз болып қала береді. Қазіргі неоконсерватизмнің жақтаушылары жаппай жұмыссыздықтың негізінде рыноктік бәсекеден тыс факторлардың әсерінен болатын жалақының қатаң жүйесін жояды. Жұмыссыздық өз еркімен де болуы мүмкін, жұмыс орны болса да жұмысшыға жалақы деңгейі ұнамайды, немесе еңбек сипаты көңілдегідей емес (ауыр, қызықты емес), еңбектің маңыздылығы, қызығушылығы төмен. Амалсыздан, болатын жұмыссыздық жалақы белгілеудегі рыноктік тепе-теңдіктің сатысын белгілеумен байланысты, мұнда жұмысшы күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың арасында алшақтық болады.

Қазіргі экономикалық теорияда жұмыссыздықтың ерекше мынадай түрлерін қарастырады; ерекше бөледі:

Фрикциондық жұмыссыздық — адамдар бір жұмыстан басқа жұмысқа, бір жерден басқа жерге жұмыс іздеумен ауысуын айтамыз. Құрылымдық жұмыссыздық — өндірістік қуаттың жетпеуінің нәтижесінде болады: жеке саланың дамуының кері пропорционалды болуынан және ескі саланы жабу мен жаңа саланы дамытудың нәтижесі ретінде қараймыз. Циклдық жұмыссыздық — өндірістің құлдырауынан туындайды, яғни экономикалық циклдің осы фазасымен байланысты. Құрылымдық және фрикциондық (экономикалық) жұмыссыздықтар оның “табиғи” деңгейін білдіреді. Бұл жағдайда инфляция орташа көлемде жүреді. Циклдің факторлар жұмыссыздықты “табиғи” деңгейден жоғарылатады. Егер, жұмысбастылық толық болған жағдайда жұмыссыздық деңгейі “Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі” деп айтылады. Және тағы бір жұмыссыздық түрі бір нақты аумақта жұмысшы күшінің сұраныс пен ұсыныс арасындағы сәйкессіздік нәтижесінде туындайды. Ол тең емес экономикалық аумақтың дамуына ықпал етіп қалыптасады, және де демографиялық, тарихтық, мәдениеттік тағы басқа да өзгеше факторлар әсер етеді.

Жалпы ең негізгі жұмыссыздық – фрикциондық, құрылымдық, циклдық болып келеді. Жалпы жұмыссыз деп статистиклық тексеру кезінде жұмыссыз болып, бірақ жұмыс іздеп және жұмысқа кіруге дайын адамдарды айтады. Шетелдік мамандар жұмыссыздықтың себептерін талдай отырып, оның әр түрлі нысандарын тудыратын нақты факторларын қарайды. Жұмыссыздықтың мынадай нысандары болады: жасырын функционалдық, маусымдық, құрылымдық, технологиялық, институтционалды, ерікті, жасырын тағы басқа.Жасырын жұмыссыздық — өндірісте және мемлекеттік ақпаратта артық жұмысшылардың қолданылуы. Қазіргі болмыста олардың жұмыстарын аз жұмысшылардың қолданылуы. Қазіргі болмыста олардың жұмыстарын аз жұмыс күшімен атқаруға болады. Институтционды жұмыссыздық еңбек рыногының институтынан, құрылысынан, ұсыныс пен сұранысқа ықпал ететін факторлардан туады. Ерікті жұмыссыздыққа әр себеппен, өз еркімен жұмыс істегісі келмейтін адамдар жатады. Маусымдық жұмыссыздық – жұмыс күшінің тек маусымдық кезеңде жұмыс жасауы: бұл кейбір өндіріс саласында кездеседі, әсіресе қайта өрлеу өнеркәсібінде т.б. Технологиялық жұмыссыздық – адамдарды машинамен ауыстырудың нәтижесі, біліктілікті өзгертуді немесе басқа мамандықты игеруді талап етеді.

Жұмыссыздық – экономикалық белсенді халықтың бір бөлігінің еңбек рыногында талап етілмеумерінен туындайтын әлеуметтік-экономикалық құбылыс; адамдар жұмыс істеуге қабілетті және жұмыс істегілері келетін, бірақ жұмыс табылмайтын хал-жағдай. Жалпы жұмыссыздық – үш критерийге қатар жауап беретін адам жұмыссыз болып есептелетін кездегі жұмыссыздық, олар:

а) істейтін жұмыс (табысты жұмыс) жоқ,

б) белсенді түрде іздеп жүр,

в) белгілі бір уақыт аралығында жұмысқа кірісуге даяр (қағида бойынша, екі аптаның ішінде)

Ресми жұмыссыздық – маусымдық ауытқуларға түзетусіз, мемлекеттік органдарда тіркелген жұмыссыздардың жалпы саны. Жасырын жұмыссыздық (бүркемелі) – жұмыс істеглері келетін, бірақ жұмыссыз ретінде тіркелуді, әдетте, жәрдемақы алуға құқылы еместігінен пайдасыз көретін жұмыссыздардың жалпы саны. Созылыңқы жұмыссыздық – 12 айға және одан ұзақ уақытқа созылатын жұмыссыздық. Өнеркәсібі дамыған елдердегі жұмыссыздықтың себептерін талдай отырып шетел авторлары олардың жекелеген түрлерін тудыратын нақты факторларын қарастырады. Мысалы, АҚШ-ы Конгресі экономикалық статистика бойынша комиссияның жүргізген зерттеуі жұмыссыздықтың 70 түрін атаған. Олардың әрқайсысының өзінің ерекше “себептері” бар. Экономистер барлық жұмыссыздықтың түрлерін негізінен екі топқа жіктеп қарайды. Жұмыссыздықтың бірінші тобына – “жиынтық сұранымның жеткіліксіздігінен”туындауын жатқызады, алдыменен циклдық жұмыссыздықты айтамыз. Жұмыссыздықтың екінші тобына – “жиынтық сұраным өзгерісімен байланысты емес: фрикциондық, құрылымдық, технологиялық және басқа түрлерін” жатқызамыз. Кез келген жұмыссыздықтың болуы – қоғам үшін ең ауыр экономикалық және әлеуметтік сілкініс. Батыс ғалымдарының пікірі бойынша, адамды жұмыссыз деп есептегенде, ол тек жұмыстан айырылып қана қоймай, өзінің абыройын да жоғалтады. Шетелде жұмыстан айырылуды психологиялық зақым ретінде бағалап, тек ең жақын туысқаны қайтыс болғанда алатын стресс деңгейінде қаралады.

 

 

 

Оқылды 438 рет